Өткен апта Ресей энергетика министрі Сергей Цивилев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресейлік әріптесті Владимир Путиннің "жеке хатын" тапсыру үшін Астанаға келді. Оның қандай хат әкелгені жұмбақ болып қалды. Ақорда Қазақстан басшысы Цивилевті Путинмен келісім аясында қабылдағанын, кездесуде "Қазақстан мен Ресей серіктестігінің негізгі бағыттарының бірі – энергетика саласындағы әріптестіктің болашағы талқыланды" деп қысқа қайырды.
Одан бір апта бұрын Алматығы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ат басын бұрған. Онымен келіссөз барысында Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей инвестициясы туралы көп айтты. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша Мәскеу Қазақстан экономикасына салған инвестициясы жағынан бірінші орынға шыққан.
– Ресей бизнесімен арада бірлескен үлкен жоба өте көп, жақын арада жүзеге асатын мекеме саны 170-тен асып кетті, олар жақында жүзеге аса бастайды. Олар стратегиялық тұрғыда маңызды, себебі транспорт, логистика, энергетика, металлургия, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды, – деді Нұртілеу. – Соның ішінде, әрине, ең маңызды жобалардың бірі – Қазақстанда атом электр станциясын салу болмақ. Салалық министрліктердегі әріптестеріміз тиісті жұмысты атқарады деп үміттенемін.
Астана әзірге елде атом электр станциясын кім салатынын айтқан жоқ. Былтыр қазанда Қазақстанда атом электр санциясын салу бойынша референдум өтіп, ресми дерек бойынша, дауыс берушілердің 71 пайызы бұл идеяны қолдаған.
Қазір мердігер болуы мүмкін деген компаниялар арасында ресейлік "Росатомнан" бөлек, қытайлық CNNC, оңтүстіккореялық KHNP және француздық EDF бар.
Референдумда дауыс беруге барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "АЭС құрылысын халық қолдаса, оны қай ел салады?" деген журналист сұрағына "менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет" деп жауап берген. Референдумнан кейін премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бұл консорциумға ең көп дегенде бес ел кіреді деген болжам айтқан.
Қаңтарда Қазақстанның энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мердігер маусым айының соңында анықталып қалуы мүмкін деген. Бір аптадан соң үкімет делегациясы құрамында Астанаға келген "Росатом" төрағасы Алексей Лихачев өзі басқаратын корпорация Қазақстанда АЭС салуға дайын екенін айтқан.
"Біздің елдер үкімет басшылары кездесуінің контексінен байқағаным, біз ортақ шешімдер бағытында жұмыс істеп жатқан сияқтымыз" деді Лихачев.
БЕЛАРУСЬ ТӘЖІРИБЕСІ
Астана "Росатомды" таңдар болса, 2006 жылы әзірленіп біткен ВВЭР-1200 су реакторы қолданылуы мүмкін. Мемлекеттік корпорацияның бұдан басқа экспортқа шығаратын реакторы жоқ дейді Ресейдің атом энергетикасы саласын жақсы білетін ядролық физик (Азаттық бұл елде "жағымсыз ұйым" болып танылғандықтан маманның қауіпсіздігі үшін оның аты-жөні аталмайды).
Беларусьте бес жыл бұрын іске қосылған АЭС-ке осы типтегі реакторлар қолданылған. Ондағы ВВЭР-1200 – шетелде жұмыс істеп тұрған осы типтегі жалғыз модель. "Росатом" Түркияда салынып жатқан "Аккую" станциясына да осы реакторды қояды. Бұған қоса Бангладештегі "Руппур", Египеттегі "Әд-Дабаа" АЭС-теріне де осы реактор пайдаланылмақ.
– Беларусьтегі АЭС үкіметаралық келісімде көрсетілгенінен 2-3 жылға кешігіп салынды. Екіншіден, Беларусь АЭС-інің бірінші энергоблогы нашар болды. Алғашқы екі жыл күші 50 пайызға пайдаланылды. Яғни жаңа салынған энергоблоктың бос тұрды, жөндеу жұмыстары жүрді, ақаулар болды, – дейді ресейлік сарапшы.
Беларусьтің Островец қаласындағы АЭС құрылысы дау-дамаймен басталды. Ең даулысы 2016 жылы болды. "Островецтегі АЭС – қылмыс!" деген қоғамдық науқанның үйлестірушісі Николай Уласевич өз дереккөздеріне сүйеніп бірінші реактор корпусы құлағанын айтты.
Беларусь "Росатомнан" корпусты ауыстыруды талап еткен. Ресейлік корпорацияның айтуынша, салмағы 330 тонна болатын агрегат бүлінбеген және әлі қолдануға жарамды. Кейін құрылыс алаңына жаңа корпус әкелген. "Росатомның" айтуынша, Беларусь қоюға қарсы болған корпусты басқа жобаларға пайдалануға болады.
2020 жылғы 7 қарашада Беларусь басшысы Александр Лукашенко алғашқы энергоблокты салтанатты түрде іске қосты. Бірақ оны ертесінде-ақ өшіріп тастады. Ресми орындардың хабарлауынша, жоспарлы сынақ кезінде "жекелеген электротехникалық құралдарды алмастыру қажеттігі туған". Электроблок өшіп қалған мұндай жағдайлар кейін де болған.
2021 жылы желтоқсанда зерттеуші журналистер белорустық "Киберпартизан" хакерлік тобына сілтеме жасап бірінші энергоблокта 18 мың ақау табылғаны туралы құжатқа қол жеткізгенін айтты (материал жарияланға дейін ақаудың біраз бөлігі жөнделген).
Беларусьтегі АЭС-тің екінші блогы 2022 жылы іске қосылды. Халықаралық сарапшылардың iSANS бастамасы іске қосу барысындағы мәселелер туралы айтты, бұл жөнінде ресми түрде хабарланбаған еді. iSANS сарапшыларының айтуынша, "АЭС жұмысының ашық болмауы не оның жұмысына қатысты ақпаратты бұрмалау энергетика басшылығындағы қалыпты жағдайға айналған".
– Басқа елдердегі АЭС-терде де мұндай ақаулар болатыны рас. Бірақ олар дәл Беларусьтегідей қызығушылық туғызбайды. Себебі тақырып өте өзекті. Ашық пікірталас жүрді. Сондықтан ақауға қатты назар аударды. Оған себеп – Чернобыль апаты, – дейді беларустық саяси сарапшы, Азаттық радиосы Беларусь қызметінің журналисі Юрий Дракахруст.
1986 жылы Украина ССР-інде орналасқан Чернобыль АЭС-інде апат болып, бүлінген реактордан ауаға аса ауқымды радиоактивті отын тарады. Зиянды зат көрші жатқан Белорус ССР-інің аумағын түгел қамтыды. Қазақстанда АЭС-ке деген үрейге Семей полигонында ондаған жыл жүргізілген ядролық сынақ себепкер болса, Беларусьте ел Чернобыль апаты экономикасы мен халық денсаулығына үлкен зиян келтірді.
Беларусьтегі АЭС-ке қатысты пікірталаста қаржы мәселесі де көп сөз болды. Мәскеу Минскіге 10 миллиард доллар несие берді. 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіру үшін Ресей Беларусь жерін пайдаланған. Содан бері Мәскеу көршісіне ерекше жомарттық танытып, төлемдерді қайтаруды талап етпей келеді. Бірақ несиенің аты несие, оны бәрібір қайтаруға тура келеді дейді Дракахруст.
Беларусь электр энергиясын Еуропаға сатып пайдалаға кенеледі деген есеп те әлі дұрыс болмай тұр. Шекарасының түбінде АЭС салуға әу бастан қарсы болған Литва Беларусьтан электр энергиясын сатып алудан бас тартты және Еуроодақтың басқа елдерін де соған шақырды.
Беларусьтің өзінде соңғы жылдары электр энергиясы едәуір қымбаттады. Елдегі "Зеркало" ақпарат ресурсының мәліметінше, АЭС-тің алғашқы энергоблогы толық жұмыс істей бастаған 2021 жылдан бері 30 пайыздай қымбаттаған.
Ресейлік ядролық физиктің айтуынша, АЭС салып жатқан басқа елдерде де осыған ұқсас жайт болуы мүмкін. Атом станциясы беретін электр энергиясының құны басқа жолмен өндірілетін электр энергиясына қарағанда анағұрлым қымбат болмақ. Ол "Аккую" станциясын мысалға келтірді. Келісімнің шарттарына сәйкес, түрік жағы болашақта іске қосылатын АЭС-тен электр энергиясын киловатт-сағатына 12,35 доллардан сатып алуы тиіс. Есесіне Түркиядағы күн станцияларынан өндірілетін электр энергиясының құны 3-4 доллар.
РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІЛІК
Беларусь билігі АЭС салынғанға дейін бұл станция елдің Ресейден келетін газ және басқа да энергия көздеріне тәуелділігін азайтады деген. Іс жүзінде Минскінің шығыстағы көршісіне тәуелділігі азайған жоқ, және әңгіме тек энергетикалық тәуелсіздік туралы емес.
– Ресей жобалары бойынша АЭС салатындар оның отынына тәуелді. Оны алмастыру, басқа жақтан сатып алу мүмкін емес. Бұл одан сайын тәуелді ете түседі, – дейді Юрий Дракахруст. – Франция не Америка компаниясы салса да тәуелділік болар еді. Алайда Беларусь пен Қазақстанның Ресейге тәуелділігі онсыз да күшті, бұған тағы бір опция қосылса, бұл Қазақстанға не Беларусьқа қатты қиындық туғызуы мүмкін. Оның үстіне француз не Америка фирмаларымен салыстырғанда Ресей бизнесі, соның ішінде әсіресе "Росатом" сияқты корпорациялар Мәскеудің саяси мүдделерін көбірек назарға алады.
Қазақстан билігі болашақта АЭС-ті салатын елге тәуелді болып қаламыз дегенге келіспейді. Олардың айтуынша, мердігер "экономикалық тиімділік, технологиялық сенімділік, экологиялық қауіпсіздік және тиісті халықаралық стандарттар негізінде" таңдалады.
"Бұл – саяси емес, таза коммерциялық мәселе. Ал таңдап алынған компания не компаниялар тобы станцияны пайдаланбайды, тек оның құрылысымен айналысады" делінген үкіметтің АЭС құрылысына қатысты ресми сайтында.
РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯЛАР
Беларусьтегі АЭС құрылысы Ресей Украинаға соғыс ашардан бұрын басталған. Соғыстан соң Батыс елдері Ресейдің жеке тұлғалары мен компанияларға санкция сала бастады. Басқа компаниялардан айырмасы АҚШ пен Еуроодақ санкциялары "Росатомға" тікелей әсер еткен жоқ. Оның бір себебі – Батыс елдері Ресейдің байытылған уранынан және ядролық отынынан бас тарта алмайды, атом саласы өзара матасып жатыр.
Алайда, "Росатомның" өзіне санкция салынбағанымен, Ресей реакторларына құрал-жабдық жеткізуде тосқауылдар болды. 2024 жылы германиялық Siemens Energy Түркиядағы "Аккую" АЭС-і үшін "Росатомға" қажет құралды сатудан бас тарқаны үшін Ресей компаниясы Қытайдан балама іздеуге мәжбүр болды, соның салдарынан құрылыс кешеуілдеді.
Қазір "Росатом" соғысқа дейінгі келісімдер бойынша құрылысы жобаланған станцияларды салып бітіріп жатыр. Жаңа келісімшарттар жасалды ма, жоқ па, ол туралы ақпарат жоқ.
– "Росатомда" тапсырыс жоқ. Ресей Украинаға басып кірген соң және Запорожье АЭС-ін басып алуға алып келген әрекеттерден соң (2022 жылғы наурыздан бері бұл АЭС Ресейдің оккупациясында – ред.) "Росатомның" жағдайы қиындады. Оған Еуропада, бәлкім Венгриядан басқа үлкен тапсырыс болады деу қиын. Ал "Росатомға" қаржы ағыны, ресейлік салық төлеушілерінің ақшасына барар жол керек. Ресейдің өз ішінде қазір Ленинград, Курск және Смоленск АЭС-терінде бұрынғы Чернобыль типіндегі ескі реакторларды алмастыратын станциялар ғана салынып жатыр. Сондықтан корпорация шетелден тапсырыс іздеп жатыр, – деді ресейлік ядролық физик.
"Азаттық Азия" материалы ықшамдалып аударылды.
ПІКІРЛЕР