Accessibility links

Қазақстанның уран өнеркәсібіндегі ауыс-түйіс: Ресей Қытайға нені және не үшін сатты?


Қазақстандағы уран кеніштерінің бірі. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы таратқан сурет.
Қазақстандағы уран кеніштерінің бірі. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы таратқан сурет.

Желтоқсан айының ортасында "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы Қазақстанның уран саласындағы ірі шетелдік қатысушының бірі, ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы қазақстандық "Заречное" бірлескен кәсіпорнындағы үлесін Қытайға сатқанын хабарлады. Кәсіпорын осы аттас және сарқылып бітуге айналған уран кен орнын игереді. Сонымен бірге Ресей Қазақстанда уран өндіретін тағы екі бірлескен кәсіпорындағы үлесін сатқан болуы мүмкін. Азаттық бұл мәмілелердің жай-жапсарын қарастырып, астарына үңіліп көрді.

НЕНІ САТТЫ?

"Заречное" БК – Қазақстанның уран өнеркәсібі саласындағы айтулы кәсіпорын. 2001 жылы "Заречное" кен орнынан уран алу үшін ядролық энергетика циклының интеграциясы туралы келісімнен кейін құрылды. Кәсіпорынды құруға үш ел қатысты:

  • Қазақстан ("Қазатомөнеркәсіп" – 45%);
  • Ресей (үлесті "Росатомның" түрлі кәсіпорны бөліп алды: "ТВЭЛ" жанармай компаниясы – 20%, "Техснабэкспорт" сыртқы сауда компаниясы – 15% және "Атомредметзолото" тау-кен дивизионы – 10%);
  • Қырғызстан ("Қарабалта металлургия зауыты", қазіргі "Қарабалта тау-кен комбинаты" – 10%). 2007 жылы Қырғызстанның Қарабалта комбинатындағы мемлекеттік пакетін ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергтің холдингі 1,8 млн долларға сатып алды. 2019 жылы компанияның негізгі акционері ресейлік бизнесмен Владимир Попов екені айтылды. Сонымен қатар бір кездері Орталық Азия аймағындағы құрамында ураны бар кенді өңдеумен айналысқан ірі кәсіпорынның тапсырыс болмауына орай тоқтап тұрғаны туралы ақпарат пайда болды.

2007 жылы сол уақытта Шекаралық ынтымақ қауымдастығының стратегиялық жоспарлау қызметіне жетекшілік еткен Александр Собянин БК құрудың "стратегиялық маңызы" болғанын мәлімдеді.

"Заречныйды Ресейге беру Қазақстанның таңдауын яки ядролық ықтымақтасу саласында АҚШ-пен емес, Ресеймен бірге екенін көрсетеді", – деген Собянин.

Орталық Азия және Кавказ институтының дерегі бойынша, Ресей 14,5 млн долларға жуық қаржы құйып, кен орнын игеру шығынын толықтай жапқан.

Әйтсе де, "Қазатомөнеркәсіптің" жұмыс істеп тұрған кеніштері қатарында "Заречное" – ең шағыны. Оның үстіне, сарқылып бітуге жақын: кен орнын игеру 2028 жылы аяқталуы мүмкін. "Қазатомөнеркәсіптің" 2024 жылғы мәліметі бойынша, уран қоры 3,5 мың тонна деп бағаланған. Орта есеппен кен орны жылына 700 тонна уран алады.

"Қазатомөнеркәсіптің" хабарлауы бойынша, "Росатом" аясындағы "Ураниум Уан Груп" компаниялар тобы "Заречное" БК-дегі 49,98 пайыз акциясын SNURDC Astana Mining Company Limited компаниясына сатқан.

Оның түпкі иесі Қытайдың State Nuclear Uranium Resources Development (SNURD) мемлекеттік компаниясы, ол елдегі бес ірі энергетика компаниясының бірі, басқа да қызметімен қатар АЭС салуға және оны басқаруға лицензиясы бар State Power Investment Corporation (SPIC) корпорациясына тиесілі.

Мәміленің қандай сомаға жасалғаны жарияланған жоқ.

НЕНІ САТПАҚ?

Сонымен бірге "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы "Росатом" Қазақстандағы тағы екі бірлескен кәсіпорындағы үлесін сатуы мүмкін екенін хабарлады.

Біріншісі – Солтүстік Хорасан кен орнын игерумен айналысатын "Хорасан-U". Бұл компанияның акциясының жартысы "Қазатомөнеркәсіп" компаниясына тиесілі болса (бұл жиынтық үлес пе, жоқ па, компания нақты мәлімет бермеді), "Ураниум Уан Груп" 30 пайызына иелік етеді. Бесінші бөлігінің иесі британдық Виргин аралында тіркелген Energy Asia Holdings Ltd компаниясы. "Қазатомөнеркәсіп" Азаттыққа берген жауабында оның үлесі 50 пайыз екенін айтты. Компанияның берген мәліметі бойынша, қалғаны жапон инвесторларына тиесілі.

2024 жылы Солтүстік Хорасанның уран қоры 33 мың тоннаға жетті. Ол игеру 2038 жылы аяқталады деген болжам бар.

Ресейдің үлесі Қытайға өтуі мүмкін екінші кәсіпорын – "Қызылқұм" ЖШС, ол да Солтүстік Хорасан кен орнында, Хорасан-1 учаскесінде уран алады.

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы оның жылдық өндірісін жеке-дара көрсетпей, уран алу көлемі "Хорасан-U" көрсеткішімен бірге деп мәлімдеді. Ашық деректерге сәйкес, "Қызылқұмның" уран алуға лицензиясы жоқ, ол "Хорасан-U" алған уранды қайта өңдеумен айналысады.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, қазір бұл серіктестікке "Қазатомөнеркәсіп" (компания жанама иелік етуді қосып, жиынтық үлесін 50 пайыз деп көрсеткен) және Energy Asia Limited пен Нидерландта тіркелген, "Росатомның" "Ураниум Уан" компаниясына тиесілі UrAsia London Limited иелік етеді. Оның қолында 30 пайыз акция бар.

Тағы да қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бұл үлесті энергетика нысандарын, соның ішінде атом станцияларын салумен және оларға қызмет көрсетумен айналысатын Қытайдың ірі энергетика корпорациясының бірі China General Nuclear Power Group (CGN) сатып алуы мүмкін.

МӘМІЛЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ УРАН САЛАСЫНДАҒЫ РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙ ҮЛЕСІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Ресей активін Қытайға беру келісімдері, соның ішінде әсіресе мәміле туралы хабарлама тарауы Қазақстанның уран өндіру саласындағы Қытайдың мүмкіндігін аша түсетіні сөзсіз.

"Заречныйдың" үлесін сатып алғанға дейін Қытай уран өндіру саласындағы орта деңгейлі екі компаниясы арқылы бес қазақстандық кен орнына қатысқан еді. China General Nuclear Power Group мемлекеттік компаниясы – "Орталық" БК (49 пайыз акция, кәсіпорын "Мыңқұдық" кен орнының "Центральное" учаскесінде уран алады) және Семізбай мен Иіркөл кен орындарында уран алатын "Cемізбай-U" тең құрылтайшысы.

Мұнымен бірге ядролық энергетика саласындағы ірі ойыншы ретінде Қытай "Қазатомөнеркәсіп" әлем нарығына шығаратын уранды сатып алатын негізгі елдер қатарында. 2024 жылдың 9 айының дерегі бойынша, ақшаға шаққанда Қытай Қазақстаннан 540 млрд теңгенің өнімін сатып алған, ал жалпы сату көлемі 1,1 трлн теңге болған.

Бұл саладағы әріптестіктің тереңдей түскенін Қытай мен Қазақстан басшылары көп жылдан бері айтып келеді. Ол 2021 жылы ядролық отын өндіретін "Үлбі-ЖБҚ" зауыты түрінде көрініс тапты. Қараша айында "Қазатомөнеркәсіп" Қытаймен екі ірі жеке келісім жасағанын хабарлады, атап айтқанда: CNNC Overseas Limited компаниясымен уран концентратын сатып алу-сату бойынша спот келісімі және China National Uranium Corporation Limited корпорациясымен уран концентратын сатып алу-сату бойынша ұзақ мерзімді келісім (бұлардың екеуі де әскери сектор, шетелге АЭС технологиясын экспорттау да кіретін ядролық өнеркәсіп саласына маманданған China National Nuclear Corporation мемлекеттік компаниясының құрамында), мәміле құны шамамен 1,3 трлн теңге.

Әйтсе де, "Заречный" бойынша жасалған мәміле Қазақстанның уран саласындағы Ресейдің үстемдігіне ешқандай да ықпал еткен жоқ.

Азаттықтың есептеуі бойынша, "Заречныйдағы" үлесін сатқанға дейін Ресейдің Қазақстан уранын алатын жалпы 12 БК-ның жартысына қатысы болған, олар елдегі игеріліп жатқан 14 кеніштің 5-еуінде уран алумен айналысқан.

Қазірдің өзінде, "Хорасан-U" мен "Қызылқұмдағы" ресми сатылмаған акцияны айтпағанда, "Ураниум Уан Груп" компаниясына "Буденовское" БК, "Оңтүстік тау-кен және химия компаниясы" ЖШС, "Қаратау" ЖШС мен "Ақбастау" БК белгілі бір бөлігі тиесілі.

Қазір ең өнімді актив "Қаратау" болып есептеледі. 2023 жылы компания 2611 тонна уран алған. 2025-2030 жылдары жыл сайын 3600 тонна уран алуды жоспарлап отыр.

Өнімділігі жағынан екінші орында Ақдала және Оңтүстік Ыңқай кен орындарында жылына 2488 тонна уран алатын "Оңтүстік тау-кен және химия компаниясы" тұр. Олардың жалпы қоры 74,9 тонна деп бағаланған.

Әйтсе де, ресейлік активтің інжу-маржаны "Буденовское" БК болып саналады, кәсіпорындағы Ресейдің үлесі 49 пайыз (қалған акциясы "Қазатомөнеркәсіпке" тиесілі). Болжам бойынша, алдағы бірнеше жылда "Буденовское" Қазақстандағы ең өнімділігі жоғары уран кәсіпорны болады, ал қоры жөнінен кен орны әлемдегі ірі кеніштердің біріне айналмақ.

2026 жылы кәсіпорын 3750 тонна уран алуды жоспарлап отыр, ал 2027 жылға қарай өнімділік көрсеткішін 6 мың тоннаға дейін жеткізбек. Бұл әзірге Қазақстандағы ірі уран компаниясы болып отырған "Ыңқайдағы" жоспарланған өндіріс көрсеткішінен төрттен бір есе артық (оның 60 пайызы Канаданың Cameco компаниясына тиесілі).

"Қазатомөнеркәсіп" алдағы жылдары "Буденовское" БК алған уран түгелдей Ресейге жөнелтілетінін айтып отыр.

"2024 жылдан 2026 жылға дейінгі өндіріс көлемі 100% оффтейк келісімшарт шеңберінде нарық жағдайына сай Ресейдің азаматтық атом өнергетика өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етуге жөнелтіледі", – деп мәлімдеді "Қазатомөнеркәсіп" компаниясындағылар.

МӘМІЛЕНІҢ МӘНІ НЕДЕ?

Уранның стратегиялық маңызы артуына орай Қазақстанның уран саласындағы мәмілелеріне бүкіл әлем көз тігіп отыр. Атом энергетикасы саласындағы жаһандық ренессанс Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін және сонымен бір мезгілде Батыстың Ресейге тәуелділікті азайту талпынысымен қатар жүріп жатыр. Ресей – әлемдегі ірі уран өндіруші ғана емес, сонымен бірге байытылған уран мен АЭС-ке арналған уран отынын жеткізуші ел.

Қазақстанда активтің Ресейден Қытайға өтуі кешенді геосаяси жағдайда жүріп жатыр. Қазіргі сәтте АҚШ-тың энергетика министрлігі Қытай Ресейдің Украинадағы соғысқа орай салынған санкциялардан айналып өтуіне көмектесіп жатқан болуы мүмкін деген күдікті мәселені зерттеумен айналысып жатыр. Санкция бойынша Ресейге байытылған уран импорттауға тыйым салынған. АҚШ-тың сыртқы сауда жөніндегі комиссиясы Қытай АҚШ-қа жеткізетін байытылған уран көлемін арттыру үшін ресейлік өнімнің импортын ұлғайтқан болуы мүмкін деп, қазір осы схеманы зерттеп жатыр.

Мәмілеге ішкі саяси контекст тұрғысынан да назар аударуға болады. Биыл күзде жалпыхалықтық референдум өтіп, ресми ақпарат бойынша, Қазақстан халқы елде атом электр станциясын салуды көпшілік дауыспен мақұлдады. Осыған орай станция құрылысын салуға дайындық кезеңі басталды.

Үкімет ядролық реакторларды жеткізуі мүмкін төрт шетелдік компанияның қатарында Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы мен Қытайдың China National Nuclear Corporation мемлекеттік компаниясы бар деп мәлімдеді.

Әйтсе де, бұл факторлардың бәрі де мәмілеге қатысы бар болып көрінгенімен, сарапшылар Ресей не себептен және неге дәл қазір үлесін Қытайға сатты деген сұраққа біржақты әрі нақты жауап бере алмайды.

Джорджтаун университеті Еуразия, Ресей және Шығыс Еуропаны зерттеу орталығының магистранты, уран өнеркәсібіне маманданған Яньлян Панның пікірі бойынша, "Росатомның" активін Қытайға сатуы бірінші кезекте "Заречныйдағы" үлеске ие болғандарды қызықтырады.

Панның айтуынша, атом энергетикасы саласында жұмыс істеп жатқан мемлекеттік энергетика компанияларының ішінде SPIC (SNPTC мажоритар иесі) Қытай нарығында белсенді экспансия жағдайында.

"SPIC компаниясының ядролық энергетика портфелі қарқынды түрде артып келеді, себебі кейінгі жылдары CAP1000 реакторлары құрылысқа көптеп пайдаланыла бастады. CAP1000 – америкалық AP1000 реакторларының қытайлық нұсқасы. Технология Қытайға 2000-жылдардың соңындағы мәміле шеңберінде берілген, бірақ құрылыстың тежелуі CNNC мен CGN сияқты [басқа мемлекеттік] компанияларға дамуға жол ашты. Қазір SPIC өкшелеп келеді. Қазір салынып жатқан CAP1000 сериялы реакторларына қоса, оның бір тармағы болып саналатын және толыққанды Қытайдың зияткерлік меншігі болуға лайық CAP1400 бірінші көрнекі нұсқасы жақында ғана желіге қосылды. Қытайдың ядролық энергетика нарығында SPIC рөлі арта түседі. Осыған орай да SPIC мейлінше көп уран алып қалуға тырысады", – деп санайды Пань.

Сондай-ақ, оның айтуынша, осы мәміле шеңберінде экспортқа қатысты мәселенің бәрін "Росатом" мен "Қазатомөнеркәсіп" шешеді.

"Санкцияға орай бірлескен кәсіпорындардың батыстағы сатып алушыларға табиғи уран жеткізуіне қауіп төріп тұр, бұл трансфер соны жеңілдетуі мүмкін", – деді Пань.

Ресейлік маман, "Атоминфо-Центр" коммерциялық емес ұйымының директоры Александр Уваров та ақпарат құралдарына бұл мәміле арқылы Қытай уранға деген ішкі қажеттілігін қанағаттандыруға тырысады, бұл жағдайдың Қазақстанда АЭС салуға "тікелей" қатысы жоқ деп мәлімдеген.

Сонымен бірге Уваров бұл келісім Ресей мен Қытай арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеретінін атап өткен.

"Россия 24" телеарнасының эфирінде Уваров: "Мәмілеге қатысушы екі қытай компаниясы бұған дейін айтарлықтай ірі жобаларға қатыспаған. Сондықтан мұны әріптестіктің дамуын көрсететін алғашқы қадам деуге болады, бұл [Ресейдің] атом саласына қосымша пайда әкеледі", – деп мәлімдеді.

Энергетика саласындағы қазақстандық сарапшы, электр желілерін басқару жөніндегі мемлекеттік KEGOC компаниясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев та әңгіме ұзақ мерзімді әріптестік туралы болып отыр деп санайды. Әйтсе де, маман мәміленің Қазақстанда атом станциясын салуға дайындық шеңберінде де жүріп жатқанын атап өтті. Ол АЭС-ті Қытай мен Ресей компанияларынан тұратын консорциум салады деп топшылайды, себебі Батыстың санкцияларына байланысты "Росатом" мұндай жобаны жалғыз өзі көтере алмайды.

Наурызбаевтың ойынша, бірлескен кәсіпорындағы үлесті беру өз күшімен мейлінше арзан АЭС салуға қабілетті Қытай компанияларының жобаға қатысуын шектеу үшін берілетін "өтем" болмақ.

"Қытайдың ядролық реакторлар салуға қатысты үлкен бағдарламасы бар. Қытайлар Ресейдегіден арзан реактор жасай алады. "Росатомның" [санкцияға орай] атом реакторларына қажет энергетикалық құрал-жабдыққа қол жеткізуі қиын, сол себептен Қытаймен консорциум ақылға қонымды шешім. Бірі энергетика алаңын ұсынады да, екіншісі оның құрылысын жүргізеді. Осындай консорциум өзінен-өзі сұранып тұр, басқалай болуы мүмкін де емес. Сондықтан да [қазақстандық БК] үлесін беру [қытай компаниялары] жобаға қатыспауы үшін берілген төлем", – деді Наурызбаев.

Сонымен бірге маман жаһандық ауқымда уран кеніштерінің стратегиялық маңызы өзгермегенін айтады, себебі Батыс елдері әлі де болса Ресей мен Қытайдан келетін байытылған уранға тәуелді. Соған қарамастан, энергетиктің пайымдауынша, ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда жағдай өзгереді.

"Барлығы Еуропада, АҚШ-та [байыту] қуаты қандай болатынына байланысты. Батыстың тамаша "Б жоспары" бар, яғни уран қоры бай Австралия. Сондықтан уран қорымен бопсалау мүмкін емес. Біздегі кен орындары уран бағасы ұшып тұрған уақытта сатылды, ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда, оның бағасы түседі. Әзірге идеологиялық астар болғандықтан, [Ресей мен Қытай] мейлінше көп кен орнын алып қалуға тырысады. Өзара саудаласып отырғаны да содан. Қазақстанға айтарлықтай келіп-кетер ештеңе жоқ. Біз үшін бұл жақын уақытта қажеті болмай қалатын дүниені қымбатқа сату мүмкіндігі болмақ", – деді Наурызбаев.

XS
SM
MD
LG