Қазақстанда инфляция үдеп, бір жылда 8,9 пайыз, бір айда 1,1 пайыз болды. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы қаңтардағы инфляция туралы дерегі осылай дейді.
Елде бір жыл ішінде ақылы қызметтер бағасы 13,8 пайыз (2024 жылғы желтоқсанда – 13,3 пайыз), азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы – 8,4 пайыз, азық-түлік бағасы 5,8 пайыз өскен.
2024 жылғы қаңтармен салыстырғанда суық су тарифі 43,2 пайыз, су бұру – 26,1 пайыз, орталықтан жылыту қызметі – 23,1 пайыз, ыстық су – 21,3 пайыз, электр энергиясы – 18,9 пайыз, желілер арқылы таратылатын газ – 12 пайыз, қоқыс шығару 10,3 пайыз көтерілген.
Ұялы байланыс қызметтері – 16,8 пайыз, денсаулық сақтау қызметтері – 12 пайыз, қоғамдық тамақтану қызметтері 10,9 пайыз қымбаттаған.
Пойызда жол жүру құны 18,6 пайыз, қалада автобуспен жүру бағасы – 10,5 пайыз, ұшақ билетінің бағасы 7,2 пайыз қымбаттаған. Үйді жалға алып тұру бағасы 15,3 пайыз өскен. Киім бағасы 10,2 пайыз қымбаттаған.
Азық-түлік арасында картоп бағасы 59,3 пайыз, пияз – 25,1 пайызға, минералды және ауыз су – 16,7 пайызға өсті.
Аймақтар бойынша 2025 жылғы қаңтарда 12 өңірде инфляция деңгейі республикалық орташа деңгейден асқан, оның ішінде ең жоғарысы – Астана қаласы (11,2 пайыз) мен Қарағанды (9,9 пайыз), Батыс Қазақстан (9,7 пайыз), Солтүстік Қазақстан (9,6 пайыз) облыстарында.
Өңірлер ішінде ең жоғары айлық инфляция Атырау облысында – 2,2 пайызға, ең төмені Алматы қаласы мен Түркістан облысында 0,7 пайызға жеткен.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қаңтарда Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында "көрпеге қарай көсілетін уақыт келді" деп, орынсыз шығынды тоқтатуға үндеген. "Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек" деген Тоқаев.
Бұдан бөлек, үкімет қосылған құн салығының мөлшерлемесі мен оны төлеушілер қатарын көбейтуді ұсынды. Былтыр салықты өсіруге қарсы болған президент биыл қолдау білдіріп, жылдамырақ енгізуді тапсырды. Сарапшылар салық ауыртпашылығы қарапайым тұтынушыға, салықты төлейтін бизнес иелеріне түседі дейді.
Былтыр күзден бастап Қазақстанда инфляция өсіп, долларға шаққандағы теңге бағамы әлсіреп жатқаны байқалады. Теңге әлсіреп жатқан шақта Ұлттық банк валюта нарығында доллар сатып, интервенция жүргізді. Жақында Қазақстан Ұлттық банкі инфляция өсуіне және теңге әлсіреуіне байланысты базалық мөлшерлемені 15,25 пайыз шамасында сақтап қалды.
Күнде өсіп жатқан инфляциямен күресу мақсатында мөлшерлемені төмендетпеу туралы шешім қабылданған. Бағаның өсуіне қызметтердің қымбаттауы, "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы және теңгенің әлсірегені себеп болған деп түсіндірді Ұлттық банк.
ПІКІРЛЕР