Сәуірде Қазақстанда бензин, дизель және сұйытылған газ қымбаттады. Бірақ елдің батыс өңірлерінде автокөлікке арналған газ бағасы көтерілген жоқ. Былтыр қантөгіспен аяқталған жаппай наразылыққа сұйытылған газдың қымбаттауы себеп болып еді.
ЕКІ ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА
"Газ 50!". 2022 жылғы қаңтарда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында наразылыққа шыққан халық осылай ұрандады. Наразылар көлікке пайдаланылатын сұйытылған газдың қымбаттағанына қарсылық білдірді. Ол кезде мұнай өнімдерін биржаға шығарғанына байланысты автогаз бағасы 50 теңгеден бірден 120 теңгеге көтерілген.
Маңғыстау облысындағы қарсылық Қазақстанның басқа өңірлеріне тарап, жаппай наразылық қантөгіспен аяқталды. 238 адам қаза тауып, мыңдаған азамат қамауға алынды.
Үкімет халық наразылығын тоқтату үшін бағаны қолдан реттеу әдісін қайтарып, газды бұрынғы бағасымен қалдырды.
Арада жыл өткенде билік бағаны көтеру туралы тағы шешім қабылдады. Бірақ Батыс Қазақстанда баға өзгермейді. Әзірге бес өңірде автогаз 5-10 теңгеге қымбаттайды. Ал бензин мен дизель бүкіл Қазақстан бойынша жаңа бағамен сатылады. Сұйытылған газ бағасы қымбаттайтын өңірлерге Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары жатады.
Сарапшылар мемлекет табыстың аздығынан жанармайды нарықтық бағада сатып ала алмайтын кедей халық пен шығынға батқан бизнестің ортасында қалды дейді.
– Бағаны өсіру – бірінші кезекте, мұнай өндіруші компаниялардың талабы. Олар қазір өнімін үш есе арзанға сатып, арзандатылған жанар-жағармай нарығын субсидиялап, мемлекет рөлін атқарып отыр, – дейді Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов.
Алматы мен Шығыс Қазақстан облысында сұйытылған газ бағасы 10 теңгеге, қалған үш өңірде 5 теңгеге қымбаттады. Қазақстандағы ең қымбат баға – 75 теңге/литр Солтүстік Қазақстан облысында, Алматыда және Алматы облысында.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 65 пайызын беретін Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындары газды нарық бағасымен сатқысы келеді. Мемлекеттің баға реттеу саясатынан бұл кәсіпорындар я өндірісін дамыта алмайды, я жыл сайын жалақысын көтеруді сұрайтын шетелдік жұмысшыларының талабын орындай алмайды.
Наразылыққа жиі шығатын жергілікті жұмысшылар да жалақысын көтеріп, әлеуметтік кепілдеме беруді сұрайды. Билік газды қымбаттатуды мұнай-газ саласында істейтін жұмысшылардың өмір сапасын көтерумен байланыстырады. Бірақ газ қымбаттаса, Қаңтар оқиғасынан кейін де толық басылмаған әлеуметтік шиеленіс те күшейетінін біледі.
"БЕНЗИН ОНСЫЗ ДА ҚЫМБАТ"
Мұнай-газ саласының сарапшысы Сергей Смирнов "биліктің қолында мәселенің дұрыс шешімі жоқ" дейді.
– Ең арзан бензин бізде дейді. Бірақ 1 литр бензин бағасын халықтың табысымен салыстырса, бензин қымбат болып шығады. Бензинмен бірге басқа тауарлар да қымбаттайды. Бағаға әсер етеді. Үкімет бұл мәселені жүйелі шешкісі келмейді. Бензинді сыртқа тасуға тыйым салу, бағаны көтеру – уақытша шешімдер ғана. Биліктің қолында мәселенің дұрыс шешімі жоқ, – дейді Сергей Смирнов.
Жанар-жағармай бағасын біртіндеп көтеру идеясы өндірушілерге де, сатушыларға да ұнамайды. Олар сұйытылған газдың шекті бағасын көтеру туралы бұйрық жобасының астында жаңа бағаға келіспейтінін білдірді. Кәсіпкерлердің пікірінше, баға тым арзан. Мысалы, газ бағасы 70 теңге күйінде қалған Ақмола облысындағы ұйым "Теміржол тасымалының тарифтері қымбаттады, бізде де бағаны көтерсін" деп жазды.
"2023 жылдың қаңтарына дейін "СНПС "Ақтөбемұнайгаз" АҚ зауытынан ТМД елдеріне 1 тонна газды 24 455,86 теңгеге тасымалдасақ, наурызда бұл баға 30 086, 37 теңгеге жетті. Осылай Ақмола облысындағы кәсіпорындардың ТМД елдеріне тасымал шығыны әр тонна үшін 6300 теңгеге өсті" деп мәлімдеді жұмыста қысқарту болуы мүмкін деп ескерткен "Облгаз" ЖШС.
Енді биліктің алдында үлкен әлеуметтік дилемма тұр: бір жағынан, бағаны көтеру керек, бірақ халық қарсы, екінші жағынан, баға өзгермесе, бизнес тақырға отыруы мүмкін.
Биліктің дерегінше, кейінгі үш жылда сұйытылған газды тұтыну екі есе өскен.
2021 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Маңғыстау облысындағы көліктердің 90 пайызы сұйытылған газбен жүреді. Аймақтағы негізгі өндіруші – Қазақстан газ өңдеу зауыты. Зауыт жабдықтары 90 пайызға ескірген. Өнеркәсіпте апатты жағдай болып, жұмыс тоқтап қалса, халық жанармайсыз қалуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан газ өңдеу зауытының базасында жаңа зауыт салу мәселесін созбаққа салудың экономикалық қана емес, әлеуметтік қаупі де бар” деген.
Билік жаңа зауытты 2025 жылдың күзінде іске қосуға уәде беріп отыр.
Бірақ Қазақстанда газ өндірісі ғана емес, оны тарату мәселесі де бар. Қазақстан газ-мотор қауымдастығының басқарма төрағасы Талғат Арыстанбаевтың мәліметінше, 2019-2022 жылдары 100 жанармай бекетін орнатып, 12 мың автобусты табиғи газға ауыстыру жөніндегі жоспар мүлде орындалмаған.
– Алматы мен Шымкентте жанармай бекетінде ұзын-сонар кезек болады. Өйткені автобус көп, ал автомобильге газ толтыратын компрессор станциялар аз. Басқа қалалардағы жағдай керісінше. Ақтөбеде 2017 жылы 200 қоғамдық көлікке қызмет көрсететін газ станциясы салынды, ал автобус саны 78-ден аспайды. Қала ішінде қатынап, жүріп тұрғаны 38 ғана, қалғандарын жөндеу керек. Талдықорғанда да осыған ұқсас жағдай: 50 автобус қана сатып алынған. Қостанайда инвесторлар компрессор станцияны іске қоса алмай жатыр. Бір қызығы, дәл осы қалада газбен жүретін автобус құрастыратын зауыт бар, – дейді Талғат Арыстанбаев.
"ДИЗЕЛЬ БАҒАСЫ 40 ТЕҢГЕГЕ КӨТЕРІЛСЕ, АЗЫҚ-ТҮЛІК 10-20 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАЙДЫ"
Электрон үкімет порталында бензин мен дизельдің шекті бағасын өсіру туралы бұйрық жобасын талқылау кезінде қазақстандықтар жанармайдың қымбаттауына қарсы болды. Бірақ халықтың "бензин қымбаттаса, бәрі қымбаттайды, ал табысымыз өскен жоқ" деген наразылығына энергетика министрлігі әдеттегідей жауап берді. Ведомство "бағаны көтеру контрабандамен күреске көмектеседі, Қазақстанда жанармай бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда арзан, бензинді сыртқа сатуға тыйымнан пайда болмай тұр" деген ескі аргументтерін қайталады.
Министрлік порталға "Бағадағы айырмашылықтан көрші мемлекеттерге шығарылатын жанармай көлемі артады. Ешқандай шектеу көмектеспейді. Жанар-жағармай бағасындағы диспаритет көлеңкелі нарықтың жұмысына жол ашып, Қазақстанның ұлттық мүддесіне зиян келтіреді. Баға арзан болса, инвестиция тартып, мұнай-газ саласын дамытып, геологиялық жұмыстар жүргізіп, ресурс базасын толықтыруға мүмкіндік болмайды" деп жазды.
Ведомствоның дерегінше, 2023 жылғы 31 қаңтардан бастап (осы кезде Қазақстаннан шетелге жанармай шығаруға тыйым ұзарды) жанармайды шетелге заңсыз шығарудың 288 фактісі тіркелген. Экспортқа көбіне дизель шығарылады.
"Ресейде дизель 45 пайыз, Қырғызстанда 64 пайыз, Өзбекстанда 2 есе қымбат тұрады. Сондықтан біздегі арзан жанармай әртүрлі жолмен көрші мемлекеттерге кетіп жатыр", – деді премьер-министр Әлихан Смайылов.
Сарапшылар қазіргі көтерілген бағаның өзі Қазақстан мен көрші мемлекеттер арасындағы баға айырмашылығын жоя алмайды дейді.
– Бұл шара контрабанданы азайтуға көмектеспейді. Дизель отынын 20 пайызға қымбаттату заңсыз экспортқа еш әсер етпейді. Өйткені Өзбекстан мен Қырғызстанда дизель кемі 50 пайызға қымбат тұрады. Қазір Өзбекстаннан Қазақстанға бірнеше шақырымға созылған кезек тұр, – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі Олжас Байділдинов Facebook-парақшасында кәсіпкерлер шығынға батпас үшін АИ-92 қазіргі бағаммен 250 теңгеден, ал жазғы дизель отыны 350 теңгеден сатылуы керек деп түсіндірді.
Бағаның көтерілуіне автомобиль нарығы да реакция білдірді.
Автокөліктерді газға ауыстырумен айналысатын "Эко-Эксперт КЗ" сервис орталығының басшысы Надежда Семидиянкина бензин мен дизель бағасы көтеріледі деген бұйрық жарияланғалы тапсырыс саны екі есе көбейгенін айтады.
– Әдетте күніне 2-3 көлік келетін, қазір 5-6 көлікке қызмет көрсетіп жатырмыз. Ақша үнемдеу үшін газға ауысып жатыр. Қазір газ бензин бағасының 30 пайызындай болады, – деді Семидиянкина.
Азаттық хабарласқан жанармай бекеттері қазіргі ахуалды айтқысы келмеді. Бір станция “жағдай тұрақты” деп қысқа қайырды.
DataMetrics аналитикалық компаниясының дерегінше, дизель 40 теңгеге қымбаттаса, азық-түлік бағасы 10-20 пайызға өседі. Осы ақпаратқа сәйкес, сарымай бағасы 15,4 пайызға қымбаттап, 556 теңгеге, ал өсімдік майының бағасы 20,2 пайызға өсіп, 180 теңгеге жетеді.
GlobalPetrolPrices порталының 24 сәуірдегі дерегінше, Қазақстан Венесуэла, Ливия, Иран, Ангола, Алжир, Кувейт, Египет, Түркіменстан, Малайзиямен қатар бензин бағасы өте арзан 10 елдің қатарына кіреді.
"Бай мемлекеттерде баға жоғары, ал кедей немесе мұнай өндіретін елдерде баға төмен болады. Дамыған елдер ішінде АҚШ-та ғана газ арзан", – деп жазады портал.
ТАБИҒИ РЕСУРСЫ КӨП ҚАЗАҚСТАНҒА ЖАНАРМАЙ НЕГЕ ЖЕТПЕЙДІ?
Қазақстан табиғи ресурстарға бай болғанымен, жанармай бойынша ішкі сұранысты өтей алмайды. Сарапшылар жағдайды реттеу үшін тағы бір мұнай өңдеу зауытын салу керек дейді.
– Билік 2008-2015 жылдарға арналған модернизация бағдарламасын жүргізгенде, "ескі зауыттарды жаңарту керек пе, әлде жаңа мұнай өңдейтін зауыт саламыз ба?" деген сұрақ туды. Үкімет жаңа зауыт салуға 6 млрд доллар кетеді, ал модернизация екі есе арзанға түседі деп шешті. Шын мәнінде, ескі зауыттарды жаңарту жұмыстарына 6 миллиард доллардан да көп ақша кетті. Жаңартылған зауыттардың қуаты 2030 жылға дейін жетуі керек еді. Бірақ бұл жерде де үкіметтің есебі дұрыс болмады. Қазір Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының қуатын арттырамыз деп жатыр. Билік төртінші мұнай өңдеу зауытын салудан тағы да бас тартып отыр, – дейді Смирнов.
Сарапшы Павлодар мұнай өңдеу зауытын модернизациядан өткізу кезінде Қазақстан мұнайын өңдейтін құрылғы орнату жоспарланғанын еске салды. Бірақ билік ақша үнемдеу үшін бұл идеядан да бас тартқан. Қазір зауыт Батыс Сібірде өндірілген Ресей мұнайын өңдеумен айналысады.
Қашағанда өндірілген газ Қазақстанда емес, Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытында өңделеді. Өңделген газ Қазақстан нарығына қайта сатылады.
Энергетика министрлігінің дерегінше, қазір Қашаған кен орнының операторы – North Caspian Operating Company консорциумымен жылдық қуаты 4 млрд текше метрге жететін газ өңдеу зауытын салу бойынша келіссөз жүріп жатыр. Бірақ келіссөздің қай деңгейде екені белгісіз. Қазақстан консорциумнан экологиялық нормаларды бұзғаны үшін 5,1 млрд доллар талап етіп, сотқа арызданған.
Бұрын үкімет тапшылық туралы мүлде ойланбаған сияқты. 2023 жылы бензин мен дизельге салынатын экспорттық кеден төлемі мұнаймен теңесіп, үш есе көтерілді.
"Біз экспортқа кедендік баж салығын сыртқа шығарылатын мұнайға салынатын кедендік баждың 0,3 пайызына дейін төмендеттік. Бензин, дизель экспортымен айналысамыз деп ойладық. Бірақ іс жүзінде тұтыну көлемі артқанын байқап отырмыз. Өзімізден артылмайды. Бұл төмен баға газойль, нафта сияқты жартылай дайын өнімдерді шетелге шығаруға пайдаланылып жатыр", – деді энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.
Сергей Смирнов Қазақстанда өндірілген мұнай экспортқа кетеді, өйткені сол тиімдірек дейді. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай ішкі баға бойынша өңделеді.
– Мұнай әлемдегі баға бойынша өңделсе, азаматтарымыз жанармайды тіпті сатып ала алмай қалар еді, – дейді сарапшы.
Әзірше Қазақстан газ мәселесі бойынша Ресейге тәуелді. Ақорда Астананы газбен қамту үшін Мәскеумен кезекті келіссөздер жүргізіп жатыр.
ПІКІРЛЕР