Accessibility links

"Теңдесі жоқ": Қазақстан сирек жер металдарының ірі кеніші табылғанын жариялады. Шынымен солай ма?


"Қарағандылық геологтар сирек жер элементтері кен орнын ашты" – жақында Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осындай ақпарат жариялады . Бұл жаңалық Еуропа Одағы мен Орталық Азия елдері арасындағы алғашқы саммит қарсаңында пайда болды. Ол жиында қаралатын басты тақырыптардың бірі әлгіндей стратегиялық шикізат өндіру мәселесі болады күтілген еді (және солай болды да). Әлгі жаңалықты іліп әкеткен қазақстандық БАҚ-тар еліміз енді сирек жер элементтері қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енеді, ондай шикізат бұрын-соңды болмаған сұранысқа ие деп жар салып хабарлай бастады. Ал Қарағанды өңірінде іздеу жұмыстарын жүргізген геологтар "бәрі солай, бірақ басқаша" дейді.

Қазақстанның орталық өңірінде қоры 20 миллион тонна болатын сирек жер элементтері кен орны табылғаны туралы жаңалық кәсіби геологтарға мына бір ескі анекдотты еске салуы мүмкін:

– Шахматшы Петросян лотереядан мың рубль ұтып алды деген сөз рас па?
– Рас, тек ол шахматшы Петросян емес, футболшы Акопян, мың емес, он мың, рубль емес, доллар, лотерея емес, карта ойыны, ұтқан жоқ, сымпиып ұтылып қалды.

Қарағанды облысында іздеу жұмыстарын жүргізген "Центргеолсъемка" компаниясының бас геологы Максим Клочков жаңа кен орны табылды деп айтуға әлі ерте дейді.

– Бұл кен орны емес. Бұл болжамды ресурстар бар деп есептелген әлеуетті алаң, – деп түсіндірді Клочков Азаттық Азияға берген сұхбатында. – Кен орны – экономикалық тұрғыдан негізделген, қоры нақты есептелген, технологиясы мен игеру перспективалары бар учаске. Ал қалғаны жай ғана алаңдар немесе көрініс белгілері бар орындар деп аталады.

"ШАМАМЕН ЕСЕПТЕЛГЕН МӨЛШЕР"

Айта кетер жайт, сирек жер металлдарының қоры бар жер туралы ақпараттың жариялануы осы сәуірде, тіпті биыл ғана емес. Қарағанды облысындағы Құйрықтыкөл учаскесінен сирек жер металдарын іздеуге арналған тендерді 2022 жылы мемлекеттік геология комитетінің бөлімшесі жариялап, өткізген . Байқауда жеңіске жеткен "Центргеолсъемка" компаниясы, мемлекеттік сатып алу порталындағы құжатқа сәйкес, 320 миллион теңгеден астам қаржы алған.

Геологтар үш жылдық жұмыстардың нәтижесі туралы есепті былтыр қазан айында жариялады (жақында жаңалық ретінде жарияланған барлық ақпарат сонда бар).

Желтоқсан айында, сол кезде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған Қанат Шарлапаев үкімет отырысында Құйрықтыкөлдегі сирек жер металдар қоры шамамен 800 мың тонна деп, ал болжамды ресурстар — 1 миллион тоннаға жуық деп бағаланып отырғанын мәлімдеген еді. Қазақстанның мемлекеттік "Казахстанская правда" газеті де қараша айында жариялаған мақаласында осындай шамадағы деректер келтірген.

Molycorp компаниясының сирек жер металдарын өндіретін зауытындағы церий, неодим және лантан қоспалары. Маунтин-Пасс, Калифорния, АҚШ.
Molycorp компаниясының сирек жер металдарын өндіретін зауытындағы церий, неодим және лантан қоспалары. Маунтин-Пасс, Калифорния, АҚШ.

20 МИЛЛИОН ТОННА ДЕГЕН ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

"Центргеолсъемке" мекемесінде мамандар Құйрықтыкөл учаскесіндегі барлау жұмыстарының нәтижелерін талдағаннан кейін геологтарға көлемі жүздеген шаршы километрден асатын кең аумақ қосымша бөлінгенін айтты. Ол аумақты зерттеп шыққан мамандар қойнауында кен бар ол жерде "бірнеше перспективті алаң, сирек әрі сирек жер элементтерінің минералдарының жүзден астам көрініс белгілері мен орындары бар" деген қорытындыға келген.

Құйрықтыкөлді түгелдей дерлік қамтитын бұл аумақ "елдің дамуындағы жаңа кезеңнің құрметіне" енді "Жаңа Қазақстан" деп аталатын болды, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайты (2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа Қазақстан" тұжырымдамасына негізделген реформалар курсын жариялаған).

– Бұл аумақ бойынша ресурстар өте шамалап есептелген. Бұл ресурстар – 20 миллион [тонна], бірақ оны растау керек, – деп түсіндірді Максим Клочков. – Біз 300 метр тереңдікке дейін есептеп, 60 миллион тонна деп мөлшерледік, сенімділік коэффициентін 0,3 деп алып, үш есеге қысқарттық, нәтижесінде 20 миллион тонна деген көрсеткіш шықты.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, бір тонна кентастағы сирек жер элементтерінің орташа мөлшері шамамен 700 грамм болады.

"Қазақстанда қойнауындағы сирек жер кені бойынша бұған тең келетіні жоқ, бұл оны жаңа өнеркәсіптік типке жатқызуға мүмкіндік береді, – деп хабарлады министрлік. – Анықталған сирек жер кен орындары мен перспективалық учаскелер, егер одан әрі расталса, болашақта Қазақстанды сирек жер элементтері қоры бойынша әлемде жетекші орынға шығаруы мүмкін, бұл сирек жер металдарының жоғары технологиялық саласын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді".

Цзянси провинциясы Наньчэн уезіндегі сирек жер металдары учаскесінде жұмыс істеп жатқан адам. Қытай сирек жер металдары қоры жағынан әлемде көшбасшы ел саналады.
Цзянси провинциясы Наньчэн уезіндегі сирек жер металдары учаскесінде жұмыс істеп жатқан адам. Қытай сирек жер металдары қоры жағынан әлемде көшбасшы ел саналады.

Reuters агенттігі Қазақстан үкіметінің мәлімдемесіне қатысты жариялаған мақаласында қазіргі кезде Қазақстан АҚШ Геология қызметінің нұсқасы бойынша сирек кездесетін жер металдарының кен орындары бар елдер тізіміне кірмейтіні айтылған. Бірақ егер 20 миллион тонна кеннің табылғаны туралы ақпарат расталса, онда "Қазақстан қор көлемі жөнінен Қытай мен Бразилиядан кейін үшінші орынға шығады".

Алайда, "Жаңа Қазақстан" аумағында геологиялық барлау жұмыстары әлі басталған жоқ. Егер мемлекет қаржы бөлсе, барлау жұмыстары шамамен алты жылға немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін, деді Максим Клочков. Ол қазіргі кезде Қазақстан сирек жер металдары қорлары бойынша әлемдегі көшбасшылар үштігіне кіре алады деп айтуға әлі ерте деп есептейді.

– Егер [қорлар барын] растай алсақ, онда кіреміз. Іздестіру жұмыстары аясында біз өнеркәсіптік құрамын [сирек жер металлдарының] анықтадық, аумақтарды белгіледік. Металл алу үшін біз технологиялық зерттеулер жүргізіп, сирек жерлерді алуымыз керек. Металл алынғаннан кейін қорларымыз қаншалықты үлкен екендігін анықтай аламыз. Ол – бүкіл процестің соңғы кезеңі. Қазір біз әлі бастапқы кезеңдеміз, – деді Клочков.

Қарағанды облысынан алынған сынамаларды химиялық зерттеу Қырғызстандағы Қарабалта қаласында орналасқан Stewart Assay and Environmental Laboratories зертханасында жүргізілді. Талдау барысында сынамаларда сирек жер металдарының тұтас тобы бар екендігі анықталған.

– Алдын ала жүргізілген зерттеулер скандийден басқа барлық сирек жер металдарының жоғары шоғырын анықтады. Сирек жерлерге иттрий, скандий және лантаноидтар жатады, олардың 15 түрі бар. Иттрий мен лантаноидтар шоғыры жоспарлы мәнінен бес және одан да көп есе жоғары болып шықты. Олардың жиынтығы өнеркәсіптік құрам шығады. Әсіресе неодим, церий, лантан элементтерінің шоғыры айтарлықтай жоғары болды, – деді Максим Клочков.

Сирек жер элементтері: олар не, қайда қолданылады, қайдан өндіріледі?

Сирек жер элементтері – 17 химиялық элемент. Оларға скандий, иттрий және лантаноидтар жатады. Лантаноидтар тобына лантан, церий, празеодим, неодим, прометий, самарий, европий, гадолиний, тербий, диспрозий, гольмий, эрбий, тулий, иттербий және лютеций элементтері кіреді. Бұл элементтер жер қойнауында салыстырмалы түрде сирек кездеседі. Олар жоғары температурада балқитын және іс жүзінде суда ерімейтін оксидтер түзеді.

Сирек жер элементтері радиоэлектроникада, атом энергетикасында, машина жасау, химия өнеркәсібі, металлургия салаларында, оған қоса электромобильдер мен аккумуляторлар өндірісінде қолданылады.

АҚШ геологиялық қызметінің (USGS) деректері бойынша, 2023 жылы жер қойнауындағы сирек жер металдарының қоры 110 миллион тонна болған. Оның 44 миллион тоннасы Қытайға тиесілі. Одан кейінгі орында Бразилия (21 миллион тонна), Канада (14 миллион тонна), Ресей (10 миллион тонна) тұр.

Қытай, сирек жер элементтері қоры бойынша әлемде көш бастап тұрған ел және олардың ең ірі өндірушісі саналады. Investing News Network порталының мәліметі бойынша, 2024 жылы Қытай 270 мың тонна сирек жер элементтерін өндірген – бұл дүниежүзілік өндірістің шамамен 70 пайызы. АҚШ – 45 мың тонна, Мьянма – 31 мың тонна өндіріпті. Австралия, Нигерия мен Тайланд әрқайсы 13 мың тоннадан шығарған, Үндістан – 2,9 мың тонна, Ресей – 2,5 мың тонна өндірген.

Батыс сарапшылары кейінгі жылдары егер АҚШ пен Еуропа елдері сирек жер металдардың үлкен қорлары бар деп саналатын Орталық Азияның тау-кен және қайта өңдеу өнеркәсібі салаларына инвестиция құйса, Қытайға кіріптарлығын азайта алар еді деп жазған.

"ЖАҢАЛЫҚ" НЕЛІКТЕН ДӘЛ ҚАЗІР ПАЙДА БОЛДЫ?

Қазақстан үкіметінің Қарағанды облысында "кен орны табылғанын" 2 сәуірде, геологтар есебі жария етілгеннен кейін жарты жыл өткенде хабарлауының сыры неде?

Бұл сұрақтың жауабы геосаяси мәселеге барып тірелуі мүмкін.

Орталық Азия, Ресей және Кавказдағы оқиғалар туралы жазатын Eurasianet америкалық талдау және жаңалықтар сайты Астана "аймақтың сирек жер металдары үшін бәсекені қыздырмақ" деп есептейді.

Сирек жер металдарының ірі қорлары туралы жаңалық Еуропа Одағы – Орталық Азия елдерінің бірінші саммиті қарсаңында пайда болды. Бұл ақпарат "шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған" және кен орындарын игеруге Еуроодақтың қызығушылығын арттыруды көздейді деп жазды Eurasianet.

Саммит 3 сәуірде Өзбекстанның Самарқан қаласында басталды. Сол күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еурокомиссияның жетекшісі Урсула фон дер Ляйенмен саммит аясында кездесті. Ақорданың хабарлауынша, ол Тоқаевты "Қазақстанда сирек кездесетін металдардың ірі кен орнының табылуымен құттықтаған".

Еуропа Одағы – Орталық Азия саммитіне қатысушылар. Сол жақта шетте – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, оң жақта шетте – Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен. Самарқан, Өзбекстан, 4 сәуір, 2025 жыл.
Еуропа Одағы – Орталық Азия саммитіне қатысушылар. Сол жақта шетте – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, оң жақта шетте – Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен. Самарқан, Өзбекстан, 4 сәуір, 2025 жыл.

Саммитте сөйлеген сөзінде президент Тоқаев Қазақстанның Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық аясында "геологиялық барлау саласындағы бірлескен жобаларды іске асырып, кен игердің озық тәжірибесін енгізіп жатқанын" айтты.

Қазақстанға инвестиция тарту мәселесі қазір өте көкейкесті мәселе болып отыр. Елге инвестиция құюға ынта білдірушілер қатары барған сайын азайып келеді. Қаңтар айында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев "инвестициялық бағытта жұмысты күшейту қажет" деп айтқан. Президенттің сөзінше, егер бұл мәселе шешілмесе, ел "қатаң бәсекелестік жағдайында қазіргі заманғы үрдістерден үмітсіз артта қалып қоюы мүмкін".

Кейінгі жылдары Қазақстанға инвестиция құю көлемі төмендегені байқалады. Ұлттық банктің мәліметінше , 2024 жылы Қазақстанға тікелей құйылған шетелдік инвестициялар көлемі 17,1 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткіш алңғы жылғыдан 28 пайыз аз.

"Центргеолсъемка" компаниясының есебінде "Жаңа Қазақстанның" кен қойнауын зерттеу үшін 10 миллион доллар көлемінде инвестиция қажет екендігі айтылған . Егер пайдалы қазбалар қоры расталса, өндірістік жұмыстар мен инфрақұрылым құруға бұдан әлдеқайда көп қаржы қажет болады.

XS
SM
MD
LG