Өзбекстанда тікелей шетелдік инвестиция мен несие жөнінен Қытай бірінші орында тұр. Былтыр бұл ел бірлескен капиталмен ашылған фирмалар саны жөнінен Ресейді басып озды. Қытайдың ықпалы артып келе жатқанын сарапшылар қалай бағалайды?
Жуырда өткен онлайн аукционнан кейін Өзбекстан экономикасына Қытайдың ықпалы артып келе жатқаны тағы да талқыға түсті. E-auksion платформасында ақпан айында өткен аукционда Науаи облысында орналасқан жалпы сомасы 25,1 млрд сум (1,950 млн $) болатын 31 алтын кен учаскесі сатылды.
Азатттық радиосы Өзбек қызметінің дерегі бойынша, саудаға түскен кен орындарын сатып алған 12 компанияның көпшілігі – қытайлардың қатысы бар фирма.
Ақпарат құралдары учаскелердің бастапқы бағасы 26,3 млн сумнан 52,5 млн сумға дейін (2 мың доллардан 4 мың долларға дейін) болғанына да назар аударды.
Ең қымбат лот Нұрата ауданындағы Соп-10/24 учаскесі болып шықты, ол 3,6 млрд сумға (279 мың $), яғни бастапқы бағасынан 110 есе қымбатқа Xinlong Mining Drilling компаниясына сатылды. Дәл осы компания Соп-14/24 учаскесінің де иесі болып, жалпы 8 алтын кен орнын игеру құқығына ие болды, кен орындарының жалпы сомасы – 9,1 млрд сум (700 мың $-дан астам).
Саудаға қатысқан Neo Gold Mining, Zhonghuitong Mining Group компаниялары да аукцион нәтижесі бойынша бірнеше алтын кен орнын игеретін учаскенің иесі болып шықты.
Азаттыққа пікір білдірген бірнеше сарапшы лоттардың бастапқы бағасы "шынайы нарықтағы құнына сай болған жоқ, шетелдік инвесторлардың назарын аударту үшін әдейі төмендетіліп көрсетілді" деген пікір айтты.
Аукцион туралы ақпарат әлеуметтік желінің өзбек сегментінде қызу талқыға түсті. Пікір білдірушілердің кейбірі пайдалы қазбалардың "су тегінге" "қытай компанияларының қолына" түсіп жатқанын айтып, "қытай қаптап барады" деген қаупін де жеткізді.
Кун.уз басылымы негізгі сатып алушы Xinlong Mining Drilling компаниясының 2024 жылдың жазында, яғни аукционнан бірнеше ай бұрын ғана құрылғанына назар аудартады. Ашық дереккөзге сүйенсек, "Xinlong Mining Drilling" компаниясының негізгі құрылтайшысы Өзбекстан азаматы Бахтиёр Мусурманов, оған жарғылық капиталдың 70 пайызы тиесілі. Қалған 30 пайызы Zeng Xianming, Yang Dianlin және Zhou Hongli деген үш шетел азаматының қолында.
Аукционда қытай компаниялары үстемдік етті деген хабар көптеп тарағаннан кейін Өзбекстанның жер қойнауын пайдалану жөніндегі орталығы терістеме жариялады. Онда аукционда елде тіркелген компаниялар жеңімпаз болғаны, компания иелерінің 70%-дан астамы Өзбекстан азаматы екені айтылды.
ТРАНЗИТ, ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ
Дегенмен, Өзбекстанда жұмыс істейтін шетелдік капиталы бар компаниялар арасында қытай инвесторларының үлесі шынында да айтарлықтай үлкен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 42,5 пайызға артып, 2432-ден 3467-ге жетті. Қытай бұл салада Өзбекстанның қашаннан келе жатқан ең ірі серіктесі Ресейді басып озды.
Бұған қоса, ресми мәлімет бойынша, Өзбекстандағы тікелей инвестиция мен несиенің 23 пайызы Қытайдың үлесінде. Ресей мұнда да екінші орында (13,8%), одан кейін Түркия (8,5%) тұр.
Тікелей шетелдік инвестиция
Тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) – шетел инвесторларының табыс табу және инвестиция салған нысанды басқару немесе басқаруға елеулі ықпал ету мақсатында басқа елдің экономикасына ұзақ мерзімге салатын ақшасы. Оған жаңа кәсіпорын ашу, жұмыс істеп тұрған компаниялардың үлесін сатып алу немесе өндірістік қуатты арттыру кіреді. ТШИ қабылдаушы елге капитал мен технология әкеледі, жаңа жұмыс орындары ашылады, ал инвесторлар жаңа нарыққа шығады, шығыны азаяды және қауіптің бетін алады.
Өзбекстан мен Орталық Азия аймағында Пекиннің мүддесін, соның ішінде қаржылық мүддесін көздейтін қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасы көп жылдан бері күшінде. 2013 жылы басталған стратегия Қытайды Еуропамен, Африкамен және Азияның басқа да аймағымен қосатын көлік, энергетика және сауда дәлізін құруға бағытталған.
Еуропа мен Азияның қиылысқан тұсында орналасқан Орталық Азия елдері бұл жобада маңызды рөл ойнап, транзиттік бағыт болумен қатар, айтарлықтай инвестицияға да қол жеткізеді. Қытай автомагистраль, темір жол, құбыр, порт құрылысына және пайдалы қазба кен орындарын игеруге де қомақты қаржы салып отыр. Жобаны қаржыландыру түрлі қытай банктері мен қорлар арқылы жүреді.
РЕСЕЙ БӘСЕҢДЕП, ҚЫТАЙ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Қытайдың ықпалы артуының тағы бір себебі ретінде Ресейдің экономикалық белсенділігі төмендеуін айтуға болады. Украинадағы соғысқа орай салынған халықаралық санкциялар Ресейдің мүмкіндігін біршама шектеп тастады. Соның салдарынан Орталық Азия аймағындағы елдердің көпшілігі кейінгі үш жылда шетелдік капиталдың балама көзін іздеуге мәжбүр.
Сарапшылар қытай инвестициясы көлемі артуының жағымды әрі жағымсыз тұсы бар деп санайды: бір жағынан, қытай капиталы инфрақұрылымның дамуына, жұмыс орындарын ашуға және өндірістік қуатты жетілдіруге ықпал етеді.
Орталық Азияның басқа елдеріндегі шетел инвестициясы
Шетел инвестициясын тарту жөнінен Қырғызстандағы ахуал да Өзбекстанның жағдайына ұқсас: мұнда да Қытай жетекші рөл атқарады. 2024 жылы Қытай компаниялары Қырғызстанға 109,3 млн $ көлемінде инвестиция салған, бұл тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағынының 23,6%-ына тең. ТМД елдері арасындағы негізгі инвестор ретінде Ресей 108,3 млн $ (жалпы ағынның 23,5%-ы) құйған.
Көршілес Тәжікстанда да 2024 жылы инвестиция тартқан негізгі ел Қытай (150,9 млн доллар) болып отыр. Одан кейін АҚШ (118,9 млн доллар), Ұлыбритания (51,1 млн доллар), Ресей (28,9 млн доллар) тұр. Тәжікстанда былтыр тікелей инвестиция көлемі 394,3 млн доллар болса, жалпы тікелей инвестициядағы қытай қаржысының үлесі шамамен 38,2% болған.
Тікелей шетелдік инвестиция ағыны екінші жыл қатарынан күрт төмендеген Қазақстанда инвестиция көлемі жөнінен 2024 жылдың 9 айында 2,88 млрд $ құйған Нидерланды бірінші орында болса, одан кейін 2,82 млрд $ салған Ресей тұр. Қытай – 5-орында (726 млн доллар). Аталған мерзім ішінде бұл елдің инвестициясы 46 пайызға дейін қысқарған.
Екінші жағынан, сарапшылардың ойынша, қомақты қарызға тәуелділік қаупі артады, себебі көп жоба қытайдың несиесі есебінен қаржыландырылып отыр.
"ӨЗБЕКСТАН БАРҒАН САЙЫН ҚАРЫЗҒА КІРІП БАРАДЫ"
Экономист Юлий Юсупов несие берушінің кім екеніне қарамастан, Өзбекстанның сыртқы қарызының артуы ауқымы жөнінен де, қарыздың қайдан шыққаны бұлыңғыр болуымен де қиындық тудырып отырғанына назар аударады.
"Өзбекстан үкіметі барған сайын қарызға кіріп бара жатыр. 2024 жылдың соңында мемлекеттің қарызы 40 млрд долларға жетіп, ЖІӨ-нің 35,5%-ына тең болды", – дейді сарапшы.
Юсуповтың қолындағы дерек бойынша, 2024 жылы 4 млрд доллардың еурооблигациясы шығарылған.
"Оның ішінде 1,5 миллиарды қаржы министрлігінің үлесінде болса, қалғаны Науаи тау-кен және металлургия комбинаты (НТКМК), "Узпромстройбанк", "Агробанк", "Ипотека-банк" сияқты ұйымдарға тиесілі. Биыл Қаржы министрлігі 1,5 млрд доллардың еурооблигациясын шығарып үлгерсе, НТКМК 500 млн долларға шығарды. "Науаиуран" мен "Өзметкомбинаттың" әрқайсы 300 млн доллардың облигациясын шығарды. Ал жылдың басталғаны жаңа ғана", – деп жазды сарапшы әлеуметтік желідегі парақшасында.
САРАПШЫЛАР ҚАУПІ
Қытай мәселесінде сарапшылардың бәрінің пікірі бір арнада тоғысады, олар экономикалық әріптестік мәселесіне және аймақта Пекин ықпалы күшеюіне орай қауіпті жағдайларды басқаруға мейлінше мұқият болған жөн деп санайды.
Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының директоры Әлішер Ильхамов инвестиция мен сауда көзін әртараптандыру маңызды екенін ескертеді.
"Шетелден инвестиция тарту және шет мемлекеттермен сауда саласында байланыс орнату кез келген елдің экономикасы үшін тиімді екені даусыз. Алайда бұл тұрғыда ең дұрысы – инвестиция мен сауда көзінің әртүрлі елден болуы және инвестиция мен сауданың әлемнің түрлі елімен жүруі. Егер әлдебір ел инвестиция мен сауда байланысының көзі ретінде тым үстем болып бара жатса, бұл ұлттық егемендікке қауіп төндіреді, қандай да бір елге қатты тәуелділік сыртқы экономикалық сипаттағы қысымға алып келуі мүмкін", – дейді сарапшы.
Ильхамов Еуропаның ресейлік энергия тасымалдаушыларға тәуелділігін, соның кесірінен Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін аймақтағы елдер тығырыққа тірелгенін мысалға келтіреді.
"ЭЛИТА ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ САТЫП ЖІБЕРЕДІ ДЕГЕН ҮРЕЙ БАР"
Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі Берлиндегі Карнеги орталығының сарапшысы Темур Омаровтың айтуына қарағанда, Орталық Азия елдеріне "экономикалық тәуелділікті тепе-теңдікте ұстау үшін" қытай инвестициясының маңызы аса зор.
"Орталық Азия елдері бұдан қашып құтыла алмайды", – дейді ол.
Омаровтың айтуынша, қытай жобаларына қатысты сенімсіздік көп жағдайда өз елінің элитасына деген сенімнің төмендігімен байланысты, сарапшы мұның бір мысалы ретінде алтын кен орындарын саудаға шығарған аукционнан кейінгі наразылықтың күшеюін келтіреді.
"Бұл арада Орталық Азияның жеткілікті дәрежеде хабардар болмау салдарынан Қытайға күмәнмен қарайтынын, қытай мүддесін жете түсінбейтінін, жалпы Қытайдың орнын түсінбеуін ғана көріп отырған жоқпыз. Мұнымен бірге өз елінің элитасына сенім деңгейінің төмендігі де маңызды рөл ойнайды. Қоғамда элита ақша үшін туған елін де, ұлттық мүддені де кез келгенге, соның ішінде Қытайға да сатып жібере алады деген түсінік қалыптасқан", – дейді Омаров.
ПІКІРЛЕР