Accessibility links

Қазақстан нарығында Қытайдан әкелінген гүл көбейді. Оның сыры неде?


Бір кездері Қазақстанға гүл экспорты бойынша алғашқы он елдің қатарында да болмаған Қытай былтыр елге сатуға әкелінген гүл көлемі бойынша үшінші орынға шықты. Қытай гүлдері қазақ кәсіпкерлерін несімен баурап алды?

Қытай гүлдері Қазақстан нарығын қалай "жаулап" жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:56 0:00

Гүл – әсемдік пен махаббат символы саналады. Ешбір мереке-той қызылды-жасылды гүлдерсіз өтпейді. Кейінгі жылдары Қазақстанда гүл бизнесі қызып тұр.

Былтыр Қытайдан Қазақстанға сатылған гүл көлемі 13 есе артқан. Қазақстандық кәсіпкерлердің сөзінше, бұған арзан баға мен логистиканың тиімділігі әсер еткен.

Статистикаға үңілмей-ақ, көшеге шыға қалсаңыз, әр бұрышта гүл сатқан дүкен жиі көзге түседі. Бәрінің саудасы жүріп жатқаны байқалады.

Алматы қаласының Тастақ базарындағы гүл саудасы. 2025 жылдың шілде айы.
Алматы қаласының Тастақ базарындағы гүл саудасы. 2025 жылдың шілде айы.

Гүл дүкені қызметкері Жансая қоғамда гүл сыйлау қалыптасқан әдетке айналғанын айтады. Осыдан біраз жыл бұрын жұрт көбіне 8 наурыз, туған күн сияқты мерекеге орай гүл алған болса, қазір еш себепсіз гүл сыйлау үйреншікті жайт дейді ол.

– Кейде "гүлді кім жиі сатып алады, қыздар ма, жігіттер ме?" деп сұрайды. Менің ойымша, көбіне қыздар алады. Иә, мейрам кезінде гүл сатып алатын жігіттер күрт көбейетіні рас. Ал жай күндері көбіне қыздар, әйел адамдар бір-біріне гүл сыйлап, кез келген мейрам кезінде гүлге тапсырыс беріп жатады, – деді Жансая.

Алматыдағы гүл сататын дүкеннің қызметкері Жансая Қытайдан әкелінген гүлдерді көрсетіп тұр. 2025 жылдың шілде айы.
Алматыдағы гүл сататын дүкеннің қызметкері Жансая Қытайдан әкелінген гүлдерді көрсетіп тұр. 2025 жылдың шілде айы.

– Мына гүлдердің бағасы – 7500 теңге. Флорист күнделікті таңертең жұмысқа келген соң сөредегі гүлдерді жаңартып отырады. Мысалы, мына гүл шоғында гортензия, хризантема және каалдар бар. Мұның бәрі Голландиядан жеткізілген, – деді дүкен қызметкері Жансая сатылып жатқан гүлдерді көрсетіп. – Қазір жаз мезгілінде күнбағыс пен раушангүлден жасалған мынадай гүл шоғын жақсы алады жұрт. Мынау – гортензия, бұл бізге Қытайдан әкелінген, оны сыртқы жапсырмадағы жазудан байқауға болады. Ал мына бір гүлдер – Голландиядан жеткізілген, бірге әкелінгендердің арасында түрлі көлемдегі – бірі алақандай, бірі одан да үлкен гүл бүрі бар.

Қазақстанда сатылатын гүлдердің 80 пайызға жуығы сырттан келеді. Ресми дерек бойынша, Қазақстан әлемнің 53 мемлекетінен гүл сатып алып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанға сырттан жалпы құны 93 млн доллардың 12 мың тонна гүлі әкелінген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2023 жылы 61 млн долларға 8,2 мың тонна гүл жеткізіліпті.

Қазақстанға гүл экспорттап отырған елдер тізімін Эквадор бастап тұр. Ол жақтан былтыр Қазақстанға 6,4 мың тонна гүл жеткізіліпті. Екінші орында Нидерланд – 2,3 мың тонна, үшінші орында Қытай – 1,1 мың тонна, ал одан кейінгі орындарда Колумбия мен Кения тұр.

Алматының Тастақ базарында гүл сатып тұрған адам. 2025 жылдың шілде айы.
Алматының Тастақ базарында гүл сатып тұрған адам. 2025 жылдың шілде айы.

Кейінгі үш жылдағы дерекке қарап, Қазақстан нарығындағы қытай гүлдерінің үлесі қарқынды өсіп жатқанын байқауға болады. Мәселен, 2022 жылы Қытайдан небәрі жеті тоннаға жуық гүл әкелінген болса, 2023 жылы 90 тоннаға өскен.

Ал былтыр қытайлық гүл экспорты 13 есе артып, мың тоннадан асқан. Қытайдан гүл тасу көлемінің ұлғаюының сыры неде? Бұл сұрақты 2014 жылдан бері гүл бизнесімен айналысып келе жатқан қазақстандық кәсіпкер, Cvety.kz дүкенінің жетекшісі Шыңғыс Әлекеновке қойдық.

Cvety.kz дүкенінің жетекшісі Шыңғыс Әлекенов
Cvety.kz дүкенінің жетекшісі Шыңғыс Әлекенов

– Бір жыл бұрын Қытайдан мүлде гүл алған жоқпын, ал биыл 50 пайызға жетіп қалды. Олардың гүлі аналогқа қарағанда анағұрлым арзан болғандықтан ғана емес, ең алдымен сапасына қарап аламыз. Қытай үш-төрт айда сапаны көтеріп, ассортиментті көбейтті. Оларда гүлдің ескі түрі жоқтың қасы. Мәселен, Қазақстанда қалампыр онша танымал емес. Ал Қытай қалампырдың 2-3 түрін ғана өсіріп, соны тұрақты сатады, – деді Шыңғыс Әлекенов.

Ол Эквадор не Колумбияда кейде толассыз жаңбыр салдарынан гүл өспей немесе әлдебір себеппен тапсырыс уақытында келмей келетін кездер болатынын, ал Қытайдан гүл жеткізу оларға қарағанда қолайырақ дейді.

– Келістің бе, айтқан уақытында Қорғасқа жеткізіп береді. Қытай – өте ширақ. Оларға "үлкен қорап керек емес, кішірегі қажет" десең де, немесе "бір қорапқа ақ түсті 100, қызыл түсті 100 гүл салып бер" десең де, орындайды. Ал голландықтар, эквадорлықтар немесе колумбиялықтар Қытай сияқты айтқаныңа көне бермейді. Қажет болса, қытайлар қораптың сыртына қазақша жазып, суретіңе дейін жапсырып береді. Ал голландықтар мен басқалар "осы қалпында ал, алмасаң өзің біл" деп қарап отырады, – деді Шыңғыс Әлекенов.

Алматының Тастақ базарындағы гүл саудасы
Алматының Тастақ базарындағы гүл саудасы

Шыңғыс Әлекеновтің сөзінше, қытайдың арзан гүлдері Қазақстандағы нарыққа әсер еткен. Гүл сатып алатындар көбейіп, гүл сататын дүкендер арасында бәсеке күшейді деді кәсіпкер.

– Эквадор, Колумбия немесе Голландияға қарағанда Қытай гүлі арзанырақ. Мәселен, Эквадор раушанының өз бағасы – 150 теңге. Қазақстанға жеткізгенше оған тағы 200-250 теңге қосылып, 400 теңгеден асады. Қабылдап алу, бүлінген тауарды есептен шығару және басқа шығындармен тағы 400 теңге қосылады. Сосын есепші, менеджмент, ғимаратты жалға алу ақысы, маркетинг шығындарымен 1000 теңгеге жетеді, – деді Шыңғыс Әлекенов.

Алматы қаласының Тастақ базарындағы гүл саудасы. 2025 жылдың шілде айы.
Алматы қаласының Тастақ базарындағы гүл саудасы. 2025 жылдың шілде айы.

Cvety.kz дүкенінің жетекшісінің сөзінше, Қытайда сатылатын гүлдер А,В және С деген үш санатқа бөлінеді.

– А – сапасы жоғары, ал С – ішкі нарықта сатылатын, яғни ары кетсе, 3-4 күн өмір сүретін гүлдер. Енді қараңыз, біз А санатындағысын аламыз. Есептеп қарасақ, шағын қауызды гүлдің өз құны Қытайда шамамен 60 теңге екен. Жеткізу, кеденнен өткізу сынды шығындармен тағы 40 теңге қосылып, 100 теңге болады. Сөйтіп бір тал раушан 150-200 теңгеден сатылады. Сонда 101 раушан гүлінің құны 25 мың теңге шығуы мүмкін, яғни бағасы арзан, тиімді, – деді қазақстандық кәсіпкер Шыңғыс Әлекенов.

Қазақстандағы Romantic.kz гүл дүкені желісінің директоры Гүлзат Ізбасарова да Қытаймен жұмыс істеген тиімді екенін, бірақ екі ел арасында логистика мәселесі әлі толық шешілмегенін айтады.

Компания таяуда Қытайдан ірі көлемде гүл алуға тапсырыс бергенімен, ол келмей қалған. Сондықтан Ізбасарова бәсеке күшейген уақытта пайда емес, тұрақтылық маңызды болып отыр дейді.

Romantic.kz гүл дүкені желісінің директоры Гүлзат Ізбасарова. 2025 жылдың шілде айы.
Romantic.kz гүл дүкені желісінің директоры Гүлзат Ізбасарова. 2025 жылдың шілде айы.

– Біз күнделікті алып отырған гүлдердің 70 пайызы – Эквадордан жеткізіледі. Қалған 30 пайызы – Колумбия, Кения, Голландия елдерінен. Қазір нарыққа Қытай да жайлап еніп, ол да өз орнын алып жатыр, оның өнімдерін де алып, көріп жатырмыз. Бірақ логистика әлі дұрыс жасалмаған, – деді Гүлзат Ізбасарова.

Гүл – маусымдық бизнес. Ізбасарованың сөзінше, сауда көктем айларында қызу жүреді. Әсіресе, Әйелдер күні мерекесі, Наурыз мейрамы, Ғашықтар күні, Соңғы қоңырау сынды атаулы күндері гүлге сұраныс күрт артады. Сондай-ақ, 1 қыркүйек – Білім күні мен мемлекеттік мерекелер кезінде де сауда-саттық деңгейі әдеттегіден көтеріледі дейді кәсіпкерлер.

– Біз өз мемлекетіміз емес, басқа елдің экономикасын дамытып жатырмыз. Өйткені біз тапсырыс бергенде гүлдің бағасына қараймыз. Гүл бағасының 20 пайызы гүлдің өз бағасы боп саналады. Қалған 80 пайызы – тасымалдауға, қосылған құн және өзге салықтарға, еңбекақы төлеуге жұмсалады. Қарағандыға ұшақпен жеткізілгеннен кейін Қазақстанның түрлі өңіріне жеткізу керек. Соның бәрі қосылғаннан кейін, Қазақстанда гүл сатқан кезде әкесінің құнын сұрап тұрады, өкінішке қарай, – деді Гүлзат Ізбасарова.

Флорист-дизайнер Руслан Мамитов
Флорист-дизайнер Руслан Мамитов

Руслан Мамитовтың гүл сататын ірі дүкендер желісінде флорист-дизайнер болып жұмыс істеп жүргеніне биыл 27 жыл болған. Бұл салаға бала кезінен құмартқанын айтады. Ол гүл шоғын жасауды өнер деп біледі.

– Жұрттың көбі "тәйірі, сол да сөз болып па, гүлді жасайсың да, бере саласың" деп ойлайды. Олай емес. Бір түспен екінші түсті сәйкес келтіру үшін жақсы фантазия болуы шарт. Мысалы, қызыл мен ақ түс, жасыл мен қызыл түс жақсы көрінеді дегендей. Соны сәйкестендіре білу керек, олай істемесіңіз гүліңіз әдемі шықпайды, – деді Руслан.

Тәжірибелі флористің сөзінше, бұрынғыға қарағанда қазір тұтынушы талғамы да өскен әрі бұл салада бәсеке күшейген. Сол себепті кез келген маман гүл ассортиментін кеңейтіп, безендіруді заманға сай тартымды етіп, жетілдіріп отыруға тиіс дейді ол.

Алматының Тастақ базарындағы гүл
Алматының Тастақ базарындағы гүл

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазақстандықтар раушан гүлін көбірек сатып алады екен. Одан кейінгі орында хризантема, қалампыр, лалагүл, гортензия, қызғалдақ тұр. Мамандардың сөзінше, кейінгі уақытта жұрт арасында экзотикалық гүлдерге қызығушылық артып келе жатыр екен. Ондай гүлдер Қытайдан келіп жатқан көрінеді.

– Қытайдың эвкалиптерін атап өтуге болады, гортензиясының да сапасы жақсы. Кейінгі уақытта бұталы раушан гүліне сұраныс артты. Лизиантус, эустомос сияқты гүлдерді де аламыз. Сапасы жақсы. Ең бастысы, Қытайда даму бар. Алты айдан кейін ассортименті қазіргіден де артып, баға арзандап, сапа жоғары болатынына сенімдімін, – дейді гүл сатумен айналысатын Шыңғыс Әлекенов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG