Accessibility links

"Контрабандамен айналысқан". Әнипа Назарбаеваның компаниясынан қылмыс үшін кімдер жазаланды?


Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "KTZE-Khorgos Gateway" құрлық портында тұрған жүк көліктері. Азаттық архивіндегі фото.
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "KTZE-Khorgos Gateway" құрлық портында тұрған жүк көліктері. Азаттық архивіндегі фото.

Қаржы мониторингі агенттігі Қытай мен Қазақстан арасында контрабандамен айналысқан компанияны әшкереледі. Алматы соты оның бір құрылтайшысы мен қызметкерлерін түрлі мерзімге соттады. Кәсіпорынның екі қожайынының бірі – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева. Құзырлы органдар оған ешқандай айып таққан жоқ.

Контрабанданы табыс көзі қылған

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кеден бекеттерінен күн сайын жүздеген тонна тауар тасымалданады. Бәрін камерамен, сканермен, көзбен және басқа да тәсілдермен бірнеше қайтара тексереді. Қандай зат болса да шекарадан құпия алып кіру өте қиын. Әрине, ешкім "бармақ басты, көз қыстыға" салмаса, осылай болуға тиіс.

Бірақ жүк көліктері бірнеше жыл бойы шекарадан заңсыз тауар өткізіп келген.

Контрабанда қылмысы үшін Әнипа Назарбаеваның компаниясынан кімдер жазаланды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:30 0:00

Нақты мысал айтар болсақ, қаржы мониторингі агенттігінің анықтауы бойынша, бір ғана Group of the Companies TDA деген компания 2019-2021 жылдар аралығында Қытайдан 100 контейнерден астам тұрмыста қолданатын заттарды контрабанда жолымен кіргізген.

Кәсіпорын иелері әртүрлі 10 компаниямен келісіп жалған шот-фактуралар рәсімдеген. Бұл не деген сөз? Олар тауар көлемін немесе бағасын төмендетіп көрсеткен, іс жүзінде бар, құжат жүзінде жоқ операцияларды орындаған немесе өнімді Қытайда басқаша, Қазақстанда өзгеше декларациялаған болуы ықтимал.

Қаржы мониторингі агенттігінің бағалауы бойынша, бұл кәсіпорынның заңсыз әрекеті салдарынан Қазақстан қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кеден бажы түрінде 10 миллиард теңге залал шеккен.

Қытайдағы "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығында жеңіл автокөлік шиналарын теуіп дөңгелетіп келе жатқан жігіт. 20 наурыз, 2024 жыл.
Қытайдағы "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығында жеңіл автокөлік шиналарын теуіп дөңгелетіп келе жатқан жігіт. 20 наурыз, 2024 жыл.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекет бюджетіне 643 миллион теңге өндірілді. Сот санкциясымен жалпы құны 1,3 миллиард теңге болатын тауарға, сонымен бірге күдіктілерге тиесілі құны 300 миллион теңге болатын жер телімдері, автокөліктер мен басқа да мүліктерге шектеу салынған.

Одан бөлек Group of the Companies TDA компаниясымен байланыста болған 47 серіктес кәсіпорын өз еркімен бюджетке 240 млн теңге салық төлеген. Дей тұрғанмен бұл өтелген қаржы келтірілген залалдың төрттен бір бөлігіне ғана тең.

Кімдер жазаланды?

Қат-қабат тексерістің арасынан тонна-тонна тауарды жасырын өткізіп жүрген кәсіпорынның екі құрылтайшысы бар. Біріншісі – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева. Екіншісі – Әли Қылышпаев деген адам. Бұл – электрон үкімет порталындағы ақпарат.

Group Of The Companies компаниясының құрылтайшылары мен басшылығы туралы электрон үкімет порталындағы ақпарат.
Group Of The Companies компаниясының құрылтайшылары мен басшылығы туралы электрон үкімет порталындағы ақпарат.

21 шілдеде Қаржы мониторингі агенттігі жоғарыда аталған контрабанда ісі бойынша кәсіпорын қызметкерлері сотталғанын мәлімдеді. Осыдан кейін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары бұл хабарды жарыса жазды. Азаттық тілшісі Қазақстанның сот органдарының электрон сервисіне үңілгенде сот шешімі былтыр тамызда шығып, биыл ақпанда күшіне еніп қойғанына көз жеткізді. Агенттіктің бұл ақпаратты арада бірнеше ай өткенде ғана хабарлауына не себеп болғаны түсініксіз.

Бұл заңсыз істе басты айыпталушы ретінде компанияның құрылтайшысы әрі директоры Әли Қылышпаев танылды. Алматының Алмалы аудандық соты оны 4 жыл 6 ай мерзімге бостандығынан айырды. Басқа қызметкерлер, атап айтқанда, Антон Огай 4 жылға, Нурбуви Құрбанова 1 жыл 4 айға, Қадыр Тілеубергенов 3 жылға сотталды.

Сот қаулысына қарағанда, Әнипа Назарбаева бизнес-серіктесі Әли Қылышпаевқа жалған шот-фактуралар рәсімдейтін компанияларды сатып алуға, фирмаларды қайта рәсімдеуге сенімхат берген. Назарбаеваның аты-жөні айыптау актісінде де, күдіктілердің жауаптарында да кезігеді. Бірақ Shapalaq.kz сайты мен Shishkin_like telegram-арнасының жазуынша, Назарбаеваның өзі не күдікті ретінде, не куәгер ретінде сотқа шақырылмаған. Расымен, сот қаулысында одан жауап алынған-алынбағаны туралы ештеңе жазылмаған.

2022 жылы мамырда Қазақстан бас прокуратурасы кеденде тауарларды рәсімдеу кезінде салықтан жалтару және өзге заңсыздықтар салдарынан мемлекетке 165 млрд теңгенің залалы келгенін анықтағанын мәлімдеген. Бас прокуратура хабарламасында Group of the Companies TDA компаниясы 287 млн теңгенің тауарын шекарадан заңсыз өткізгені әшкере болғаны, компания басшысы қамауға алынғаны айтылған еді.

"Көзбояу жасап отырған жоқпыз"

Бұл бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарына тиесілі компаниялардан дау шығып, өздерінен жауап алынбаған бірінші жағдай емес. Журналистер мұны үнемі мәселе қылып көтереді.

Бұрынғы президент отбасының негізгі активі әлі де өздерінің уысында қалып отырғанына да назар аударады.

Алайда премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет бұрынғы президенттің жақындарына тиіспейді дегенге келіспейді.

Премьер-министр Олжас Бектенов журналистердің сұрағына жауап беріп отыр. Астана, 16 шілде, 2025 жыл.
Премьер-министр Олжас Бектенов журналистердің сұрағына жауап беріп отыр. Астана, 16 шілде, 2025 жыл.

– Ешқандай көзбояу жоқ, жұмыс жүйелі істеліп жатыр. Бірінші президент отбасында қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар барын жақсы білесіздер. Әр нәрсе заң аясында жүргізілуге тиіс және солай болып та жатыр. Егер [қайтарылған] 900 млрд теңге, ал бұл дегеніңіз 1 трлн теңгеге жуық ақша, аз деп есептесеңіздер, мейлі, бәлкім, аз да шығар. Әзірге қол жеткізгеніміз осы. Бұл жұмысты жалғастыра береміз. Бір күнде бітетін шаруа емес. Егер біреу заң бұзған болса, жазасын алады, – деді Олжас Бектенов 16 шілде күні үкімет үйінде өткен брифингіде.

Экс-президент отбасына тиесілі компаниялардан шыққан даулар

Нұрсұлтан Назарбаев отбасының кәсіпорындарындағы заңсыздықтар 2022 жылы бүкіл елді қамтыған Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін ғана әшкере бола бастады. Солардың бірнешеуін мысал етсек.

Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі 2023 жылы маусымда Алматыдағы көпшілікке белгілі "Алтын Орда" базарында 300-ден аса заң бұзу фактісі анықталды деп хабарлады. Базар иелері кәсіпкерлердің бизнес жүргізуіне қолайсыздықтар туғызып, салдарынан баға негізсіз көтерілгені де айтылған. Базар басшылығындағы адамдарға халықаралық іздеу жарияланып, кейбірі жазаланып жатса да, құзырлы органдар сауда нысанының түпкі иесі, марқұм Болат Назарбаевқа қандай да бір айып таққан жоқ.

2023 жылы шетелдік көліктердің утилизация алымын басқаратын "Оператор РОП" компаниясының ісінен заңсыздық анықталды. Бұрынғы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға сотталды. "Оператор РОП" компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев пен бұрынғы бас директор Светлана Коротенко да 7 жылға бостандығынан айырылды, ал бұрынғы қаржы директоры Рүстем Темірбекке сот бір жыл мерзімге бостандығынан айыру жазасын кесті.

Сот компанияның үш басшысын экология вице-министрінің қолдауымен 26,8 млрд теңге шамасында бюджет қаржысын жымқырды деп айыптаған. Сотталушылар тағылған айыпты мойындамады. Рүстем Темірбек "бүкіл компанияның түпкі иесі Әлия Назарбаевадан жауап алуды" сұрап өтініш айтқан, бірақ судья келіспеді.

Бұлардан бөлек кәсіпорын құрылтайшыларының бірі болған әрі кейбір басылым "Әлия Назарбаеваның үй қызметшісі" деп жазған Шынар Мұхтарова 7 жыл мерзім шартты жаза алды. Ол кінәсін мойындап, істегені ісіне өкінген. Компанияның тіркеу дерегіне сәйкес, Мұхтароваға дейін Әлия Назарбаеваның өзі құрылтайшы болған.

Осыдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағы ұзындығы 400 шақырымнан асатын Қалбатау – Майқапшағай автокөлік жолын жөндеуге бөлінген 21 млрд теңгенің едәуір бөлігі заңсыз жұмсалғаны анықталды. Бас прокуратура бұған мердігерді – "ҚазГерСтрой" компаниясы басшылығын айыптады және компания Қайрат Сатыбалдының құрылымдарымен байланысты деп ашық мәлімдеді.

Қалбатау – Майқапшағай тасжолымен Қытайдан Ресейге кетіп бара жатқан жаңа жүк көліктері. 3 тамыз, 2023 жыл.
Қалбатау – Майқапшағай тасжолымен Қытайдан Ресейге кетіп бара жатқан жаңа жүк көліктері. 3 тамыз, 2023 жыл.

Бірақ бұл іс бойынша компанияның түп құрылтайшыларының бірі Бауыржан Нұрсұлтанға айып тағылғаны туралы дерек жоқ. Бауыржан – бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының ұлы. Egov порталындағы мәліметке қарағанда, Бауыржан Нұрсұлтан – "ҚазГерСтрой" компаниясына иелік ететін екі адамның бірі.

Аталмыш жолдағы қаржы жымқыру ісінде "ҚазГерСтрой" иелері кінәлі деп танылды, бірақ олар қатаң жазаға ұшырамады. Бас прокуратура оларға мемлекет рақымшылық жасағанын мәлімдеді, алайда қандай негізге сүйеніп жеңілдік жасағанын түсіндірмеді. Мемлекеттің кешірімін алғандар ішінде Бауыржан Нұрсұлтан бар ма, жоқ па – оны құзырлы орган ашып айтқан жоқ.

Бұрынғы президенттің отбасы мүшелерінің ешқайсысы БАҚ пен қоғамда өздері жайлы айтылып жүрген түрлі сын-айыптауларға жария түрде пікір білдірген емес.

"Саяси ойын". Сарапшы пікірі

Қоғамда айтылып жүргендей, Ақорда Нұрсұлтан Назарбаев пен оның туыстарына ашық тиіспеу туралы келісім жасасқан болуы мүмкін бе? Неге олардың компания қызметкерлері істі болып, өздері тергеу мен қамаудан аман шығып жатыр? Бұл сұрақты сарапшыға қойып көрдік.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева бұрынғы президент отбасы мүшелерінің жауапқа тартылмауының бір себебі олардың бейресми әрекет еткенінде болуы мүмкін деп топшылайды. Оның пікірінше, ықпалды адамдар компаниялардың құжаттарын басқа адамдардың атынан жүргізіп, қолды соларға қойғызады. Мысалы, Әнипа Назарбаеваға бизнес-серіктесі заңсыз әрекет істеп жүргенін ескертпеген болса, Назарбаева алданған жәбірленуші болып шығуы ықтимал дейді сарапшы.

Сонымен бірге Үмбетәлиева биліктің бұрынғы президент отбасына қатысты мұндай жаңалықтарды таратуы қандай да бір саяси ойын жүргізіп жатқанын білдіреді деп отыр.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева

– Екі тараптың жоқ дегенде бірінде заңға қайшы әрекеттерді әшкерелейтін дәлелдер болмаса, саяси келісімге келу өте қиын. Назарбаев Тоқаевқа "қолыңда тұр ғой – бұрыс істерімді дәлелде" деп айтуы мүмкін. Менің ойымша, Назарбаев кезінде өзі және отбасы мұндай жағдайға тап болуы мүмкін екенін ойлап, құжаттарды күшті дайындап қойған. Еш жерде Назарбаев отбасының қолы жоқ, – деді Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева.

Қазақстанды 30 жылдан астам уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі Қаңтар оқиғасынан кейін әлсіреді. Ол ықпалы күшті Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан кетті. Бір кезде "Елбасы" деп ұлықталған Назарбаев түрлі атақ-мәртебелерінен айырылды. Кейбір қаладағы ескерткіштері алынып, оның құрметіне берілген оқу орындардың атауы өзгерді. Астана қаласының атауы да қайтарылды. Отбасы мүшелеріне арналған артықшылықтар да жойылды.

Бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мәжіліс депутаттығынан кетті. Оның азаматтық некедегі күйеуі деп айтылатын Қайрат Шәріпбаев "ҚазақГаз" ұлттық компаниясы басшылығынан, ал Әлия Назарбаеваның сол кездегі күйеуі Димаш Досанов "ҚазТрансОйл" басқарма төрағалығынан алынды.

Назарбаевтар әулеті иелік еткен кейбір активтер мемлекетке қайтарылғаны туралы ақпараттар арагідік шығып тұрады. Оның ішіндегі ең ірісі – бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған 783 млрд теңгенің активі. "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларының қаржысын жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталған Сатыбалды былтыр қыркүйекте түрмеден босап шықты. Жазаның үштен бірін түрмеде өтеген соң қалған бөлігі шартты жазаға ауыстырылды.

Назарбаев әулетінен істі болғандардың тағы бірі – немере інісі Самат Әбіш. Оның ісінің қаржы, жемқорлық фактілеріне қатысы жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Әбіш "Қаңтар оқиғасында лауазымын асыра пайдаланды" деген айыппен 8 жылға шартты түрде сотталған.

Қазақстан билігі заңсыз активтерді қайтару жұмысы жалғасады дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG