Хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы Харбиндегі 2025 жылғы Азия ойындарында алтын медальді жеңіп алды. Финалда Қазақстан командасы Жапония құрамасын 5:0 есебімен жеңді.
Қазақстан құрамасындағы Андрей Буяльский, Дмитрий Бреус, Роман Старченко бәсекелестің қақпасына бір-бір шайбадан, Кирилл Панюков екі шайба салды.
Жартылай финалда Қазақстан құрамасы Қытай хоккейшілерін 3:1 есебімен, топтық кезеңде 6:1 есебімен жеңген. Қазақстан командасы топтық кезеңде Жапония, Тайвань, Оңтүстік Кореядан басым шығып, ширек финалда Гонконг құрамасын қапы қалдырды.
Бұған дейін хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған.
Қазақстан спортшылары Азия ойындарында 20 медаль алып, жүлде саны бойынша төртінші орынға тұрақтады. Қазақстан құрамасында 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль бар.
Ел құрамасынан биатлоншы Владислав Киреев, шорт-тректен ерлер құрамасы, фристайл-акробатикадан Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов алтын медаль алды.
Бірінші орынды – 85 медаль алған Қытай (32 алтын, 27 күміс және 26 қола), екінші орынды – 45 медаль иеленген Оңтүстік Корея (16 алтын, 15 күміс, 14 қола), үшінші орынды 37 жүлде алған Жапония (10 алтын, 12 күміс, 15 қола) иеленді.
ПІКІРЛЕР