Accessibility links

Күмәнді ақша жайлы зерттеуде Трамптың экс-кеңесшісі мен Әблязовті атаған


Ньй-Йорк қаласындағы Trump Soho кешені. АҚШ, тамыз, 2017 жыл.
Ньй-Йорк қаласындағы Trump Soho кешені. АҚШ, тамыз, 2017 жыл.

OCCRP ұйымының зерттеу жүргізетін журналистері Қазақстаннан жымқырылған ақша АҚШ-та жасырын заңдастырылған деген болжам туралы материал жариялады. Мақалада қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов, Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен екеуінің балаларының аты-жөнін келтірген. Батыс баспасөзінде Астананы сынайтын Әблязов жақтастарын митингіге шығуға шақырған маусымның 23-і күні Қазақстанның бірнеше қаласында адамдарды жаппай ұстау туралы хабарлаған. Батыс басылымдары Малайзияның бұрынғы премьер-министрінің қазақстандық күйеубаласының есімі аталған коррупциялық іс туралы, жуырда Астанада қаржы орталығы ашылатыны жайлы да жазған.

"ТҮЗ ДАЛАДАН СОХОҒА КЕТКЕН АҚША"

"Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы" халықаралық концорциумы (OCCRP) сайтында Қазақстаннан жымқырылған "лас ақша" америкалық жылжымайтын мүлік пен өзге де инвестициялық жобаларға қалай салынып, ізі жасырылғаны сипатталған "Түз даладан Сохоға: Қазақстанда қозғалған мегаалаяқтық іске байланысты миллиондар Трамптың жылжымайтын мүлкіне қалай салынып жүр?" деген көп беттен тұратын журналистік зерттеуі жарияланды.

OCCRP сарапшылары Нидерландының Zembla телебағдарламасы журналистерімен бірлесіп бұрын көпшілікке беймәлім болып келген әрі АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың бұрынғы көмекшісі Феликс Сатердің Bayrock Groupи компаниясының көмегімен 46 қабатты Trump Soho зәулім кешенінен үш кондоминимум сатып алу үшін үш миллион доллардың және өзге жобаларға салу үшін 30 миллион доллардан көп ақшаның АҚШ-қа қалай келгенін көрсететін құжаттармен танысуға қол жеткізген. Ертеректе журналистер Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың (2007 жылы елден кетіп қалған) отбасы, мысалы, оның жұбайының балалары Ілияс пен Эльвираның және Ілиястың жұбайы әрі 2009 жылдан бері шетелде тұратын, Қазақстан билігін сынайтын БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің қызы Мәдинаның қатысы бар деп мәлімдеп, бұл тақырыпқа бірнеше материал жариялаған болатын.

Оқи отырыңыз: Дональд Трампты Қазақстаннан жымқырылған ақшаға қатысты айыптайды

Мұхтар Әблязовтің қызы Мәдина (сол жақта) мен оның жұбайы Ілияс Храпунов Францияда ұсталған Әблязовтың ісі қаралып жатқан Экс-ан-Прованс соты ғимаратының жанында тұр. 1 тамыз 2013 жыл.
Мұхтар Әблязовтің қызы Мәдина (сол жақта) мен оның жұбайы Ілияс Храпунов Францияда ұсталған Әблязовтың ісі қаралып жатқан Экс-ан-Прованс соты ғимаратының жанында тұр. 1 тамыз 2013 жыл.

"Құжаттар мен сұхбатта бұл ақшаның офшор компаниялар мен терроризмді қаржыландыруға қатысы болғанқазіргі кезде жоқ танзаниялық FBME банкі арқылы бұралаң жолмен АҚШ-қа қалай келгені туралы егжей-тегжейлі есеп бар. Қазақстандық миллиардер Мұхтар Әблязовтің қатысы болған деп саналатын атышулы алаяқтық ісімен байланысты шамамен 440 миллион долларға дейінгі соманың қайдан шыққанын анықтауға болады" деп жазған OCCRP.

Журналистер бұл ұйғарымдар 2016 жылы БТА Банктің адвокаты Ұлыбритания сотында таныстырған бірқатар құжаттар негізінде жасалды деп түсіндіреді. Әлгі құжаттарда "Дубайда тұратын қаржылық жоспарлау саласының маманы Эш Аггарваль банктен жымқырылған ақшаның ізін жасыру үшін оффшор компаниялар желісін құрып, оларды өзі басқарғанын дәлелдейтін айғақтар бар ақпаратты банк жеке детективтен алған" делінген.

"Аггарвал басқаратын он шақты офшор компания мен трастан құрылған әрі шамамен 440 миллион АҚШ долларын FBME-дегі есеп-шоттар арқылы аударған күрделі желінің түпкі бенефициары "Элвис" деген құпия есіммен Ілияс Храпунов болғанын құжаттар көрсетіп отыр" деп жазған OCCRP.

Францияда тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.
Францияда тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.

Журналистер дерегінше, әлгі ақшаның ізі Бельгияға - қазір британдық биржада Nostrum Oil & Gas ретінде бағаланатын қазақстандық "ЖайықМұнай" мұнай-газ компаниясын 2004 жылы сатып алған бизнесмен Фрэнк Монстрейге әкелген. БТА Банк адвокаттары былтырғы жылдың басында Ұлыбритания сотын Монстрей компаниясының Nostrum Oil & Gas-дағы акцияларын бұғаттауға көндірген. Бір айдан кейін Монстрей компания төрағасы қызметінен отставкаға кеткен. Жылдың орта шеніне қарай ол өз акцияларын банкке сату туралы БТА Банкпен соттан тыс мәміле жасауға келіскен "делінген мақалада.

"Ал ұзаққа созылған лас опера Ұлыбритания мен АҚШ соттарында әлі жалғасып жатыр. Наурызда Ұлыбританияның жоғарғы соты Әблязовтің активтерін жасыру әрекетіне көмектескені үшін Ілияс Храпунов осы елдің сотқа тартылуы мүмкін деп қаулы еткен. Кіші Храпунов Нью-Йоркте де проблемаларға тап болған"деп жазған OCCRP.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Алматы қаласы әкімі Виктор Храпунов. 2000 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Алматы қаласы әкімі Виктор Храпунов. 2000 жыл

OCCRP зерттеушілерінің мәлімдеуінше, Nostrum Oil & Gas компаниясы мен Фрэнк Монтрей, БТА банк іске қатысты комментарий бермеген. Әблязовтің адвокаты Питер Салас журналистер жолдаған сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. Салас Қазақстанда Әблязовті режимге қарсы шыққаны үшін қудалап отыр, "Орталық Азиядағы бұл диктатурада заң жүйесі мүлде жоғын ескерсек", алаяқтыққа қатысты айыптауларға негіз бар деп санауға болмайды деп жазған. OCCRP ұйымының жазуынша, Ілияс Храпуновтың өкілі жолданған сұрақтарды жауапсыз қалдырған.

Биыл жыл басында АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йорктің Сохо ауданындағы жылжымайтын мүлкіне инвестиция ретінде қазақстандық ақша құйылғаны я салынбағанынан "мүлде хабарым жоқ" деп айтқан.

ӘБЛЯЗОВТІҢ ЕЛЕСІ

Вашингтонда шығатын Diplomat журналы "Қазақстан тіпті ықтимал наразылық елесінің өзінен шошиды" деген мақаласында Мұхтар Әблязов құрған әрі елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы өз жақтастарын митингіге шығуға шақырған 23 маусым күні Қазақстанда адамдарды жаппай ұстау туралы жазған. Жаппай ұстаулар туралы Азаттық та егжей-тегжейлі жазған болатын. Өтпеген акцияны ұйымдастыруға қатысты комментарийлер берген мақалада "наразылық акцияларын шетелде отырып ұйымдастыруға тырысқан Мұхтар Әблязовтің әрекеттерінен тұшымды нәтиже шыққан жоқ. Бірақ Қазақстан билігі тәуекел еткісі келмейді" жазған.

Алматы мен Астана қалаларында 23 маусымдағы жаппай ұстау

Митинг өтпеген күнгі жаппай ұстаулар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

"Әблязовтің әлеуметтік желілерде мыңдаған, мысалы, Instagram желісінде - 175 мыңдай, Facebook желісінде - 38 345 жақтаушым бар деп мақтануына болады, ал наурызда ҚДТ "қозғалыстың 80 мың мүшесі бар әрі көбі Қазақстаннан" деп мәлімдеген, аймақтарда наразылықтың қозғаушы күші аз екені байқалады. Мұның себебі Әблязовтің реформистік сипаттағы хабарламаларының тартымсыздығына байланысты ма, әлде қазақтарды Әблязовтің беделінің мінсіз еместігі үркіте ме, я болмаса қазақтар наразылық акцияларынан түк шықпайды деп санағандықтан ба – белгісіз, мұны әр қилы жоруға болады" деп жазған Diplomat.

ПРЕЗИДЕНТ БОЛА МА, БОЛМАЙ МА?

Diplomat сайты " Назарбаев Қазақстанның келесі президенті болмайды… Әлде бола ма? " деген өзге мақаласында 2020 жылғы президент сайлауына Назарбаев қатыспайды деген "өз пікірін" айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін талқылауды жалғастырған.Пікірталасқа іле-шала Тоқаевтың өзі де, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев та "түпкілікті шешімді Назарбаевтың өзі қабылдайды" деп мәлімдеп, жағдайды жуып-шаюға тырысқан.

Оқи отырыңыз: Тоқаевтың "саяси бомбасының" астарында не жатыр?

"Егер одан кейін билікке келгендер ойын ережелерін күрт өзгертіп жіберіп, ол соңғы 30 жыл бойы мұқият құрған жүйені күйретпесе", 2020 жылдан кейін президент болып қалсын, қалмасын, Назарбаев пен оның отбасы Қазақстанда бәрібір үлкен рөл атаратын болады деп түйіндейді Diplomat. Бірақ елдегі халық азды-көпті білетін оппозициялық күштер әзірше мүлде танымал болмай тұр. Балама саяси ұсыныстары болмаса, президентке қарсы жекелеген шабуылдар қысқа мерзімді қолдауға ғана ие болады" деп жазған Diplomat.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (алдыңғы қатарда) және сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Пекин, 7 маусым 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (алдыңғы қатарда) және сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Пекин, 7 маусым 2018 жыл.

Ал Тоқаевтың сөзіне қатысты Diplomat "оның екі мәлімдемесі де дұрыс болуы мүмкін" - 2020 жылы президенттікке түсе ме әлде түспей ме, мұны Назарбаевтың өзі шешеді деп жазған. "Бірақ сұхбаттан кейін Тоқаевтың өз сөздеріне қатысты түсінік беруіне тура келгені әрі оның HARDtalk форматын "қатал арена" деп атауы тәуелсіз БАҚ-тармен әңгімелесуге сенбейтінін көрсетеді. Егер Қазақстанда саясаткерлер тәуелсіз БАҚ-тармен күнделікті өмірде кездесіп жүрсе, олар даулы және ойлануға мәжбүрлейтін сұрақтар мен жауаптарға үйренер еді".

ХҚО ПРОБЛЕМАСЫ ИДЕЯ ЕМЕС, ОРНАЛАСҚАН ЖЕРІНДЕ

Америкалық Forbes журналы президент Назарбаевтың туған күні тойланатын Астана күні қарсаңында - 5 шілдеде ашу жоспарланған "Астана" халықаралық қаржы орталығы (ХҚО) туралы жазған. " Еуразияның қаржылық күретамырына айналады деген үмітпен Қазақстан "Астана" халықаралық қаржы орталығын ашып жатыр" деген мақалада орталықтың табысқа жету мүмкіндіктерін талдап, "бұл идея сәтті болып шыға ма, жоқ па – мұны түсіну үшін кемі 10 жыл керек" деп жазған.

Сингапур және Дубай биржаларының көшірмесі,"мемлекет ішіндегі мемлекетке" ұқсайтын әрі ағылшын тілінде және британ заңдары бойынша жұмыс істейтін "Астана" ХҚО-ын Назарбаевтың "баласы" деп атайды

"21 ғасырдың алғашқы 10 жылында Қазақстан әлемдегі экономикасы ең тез өскен Катардан кейінгі екінші елге айналды. … Қытайдың Батысқа бет алған экспансиясын пайдаланып әрі біршама жас елді технологиялық тұрғыдан дамыған елге айналдырып, Назарбаевқа бір оқпен екі қоянды неге атып алмасқа? Мешеу әрі жердің астындағы қазба байлықты өндіруге тәуелді елдің орнына 21 ғасыр мемлекетін неге құрмасқа?" деп жазған Forbes.

Сонымен бірге бақылаушылар "Егер Қазақстанда "Ғажайыптар алаңын" салсаңыздар, оған адамдар барады деп ойлайсыздар ма?" деп сұрайды.

"Астана" ХҚО-ның проблемасы идеяда емес, оның орналасқан жерінде деп санайды әлемнің ақша саласы менеджерлері. Оның тіршілік етуі үшін көптеген компанияларды тарту керек" деп жазған Forbes. Халықаралық сарапшылар бұл үшін салықтан босатылған аймақ құрып, "тұрмысқа жайлы жағдай жасауға" кеңес береді.

ЭКС-ПРЕМЬЕРГЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КҮЙЕУБАЛАСЫНЫҢ "ТАРТУЫ"

Ұлыбританияның Reuters жаңалықтар агенттігінің сайты өзге қылмыстармен қатар 1MDB мемлекеттік инвестициялық қоры ақшасын жымқырды деп айыпталатын Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разакқа қатысты коррупциялық жанжалды сипаттаған "Үйлерінен 275 миллион долларға дейін ақша тәркіленгеннен кейін Малайзия полициясы Наджиб пен оның әйелін тергеп жатыр" деген мақала жариялады.

Малайзия полициясының коммерциялық қылмыстар жөніндегі бөлім бастығы Амар Синг баспасөзге берген сұхбатында "тінту кезінде табылған қолма-қол ақшаны алты машинкамен санау үшін Орталық банктің 22 қызметкеріне үш күн керек болды" және Разактың үйінен "ішінде жалпы құны 13 миллион доллар болатын Birkin сөмкесі де ба 37 түрлі брендтің 567 сөмкесі тәркіленді" деп хабарлап, кей жайттарды келтірген.

Бұған дейін Reuters агенттігіне берген сұхбатында Наджиб Разак әлгі сөмкелер жұбайы Росма Мансорға берілген "сыйлықтар"және кейбірі - "күйеубаламыз Данияр Назарбаевтың тартуы" деп мәлімдеген.

Наджиб Разактың Малайзия премьер-министрі кезіндегі суреті. Куалу-Лумпур, 8 мамыр 2014 жыл.
Наджиб Разактың Малайзия премьер-министрі кезіндегі суреті. Куалу-Лумпур, 8 мамыр 2014 жыл.

Айыптаулар тұсында өткен сайлауда Разактың коалициясы ойсырай жеңіліп, билікке Махатхир Мұхамад келді. Наджиб Разактың қызы Нуриана Наджва Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы Данияр Кесікбаевқа (кей БАҚ-та оны Данияр Назарбаев ретінде көрсетеді) тұрмысқа шыққан.

AIR ASTANA КОМПАНИЯСЫН МАҚТАП, ӘУЕЖАЙДЫ СЫНАУ

Америкалық Business Insider қаржы және бизнес саласындағы жаңалықтар сайтында журналист Харрисон Джейкобс қазақстандық Air Astana әуе компаниясы ұшағында көрсетілген қызмет сапасынан алған әсерлерін сипаттаған. Мақалада ол эконом-класта қызмет көрсету сапасын мақтап, жолаушыларға арналған дәмді тамақ пен пакеттерді ерекше атаған.

"Air Astana айналдырған 16 жылдың ішінде жылы шырайлы қызметкерлері, жаңа да жып-жинақы ұшақтары бар әрі тамаша сервис көрсететін компания деген беделге ие болды. Кейінгі алты жыл бойы Skytrax азаматтық авиация сайты оған төрт жұлдыз беріп, оны Үндістан/Орталық Азиядағы ең үздік компания атап келді. 2014 жылы Business Insider әлемнің ең үздік әуе компаниялары ішінде оны 12 орынға жайғастырған" деп жазған Business Insider.

Тілшінің пікірінше, "шағын, ескі әрі трансфер процесі ұзаққа созылған" Алматы әуежайы арқылы трансфер ғана жалғыз кемшілік болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG