7 шілдеде Францияда парламенттің төменгі палатасы - ұлттық жиын сайлауының екінші кезеңі өтті. Сайлау президент Эммануэль Макрон Еуроапарламент сайлауының нәтижесінен соң ұлттық жиынды таратқаннан кейін кезектен тыс жағдайда өтіп отыр.
Сайлау партиялық тізім емес, мажоритарлы жүйемен – яғни, округтар бойынша өтіп жатыр. Алғашқы кезеңі 30 маусымда болған. Оның нәтижесінде әсіреұлтшыл "Ұлттық бірлестік" кандидаттары басымдыққа ие болды. Осылайша олар ұлттық жиында абсолютті басымдыққа ие болып, үкіметті жасақтап, премьер-министр құқығын да алуы мүмкін. Алайда бірінші және екінші кезең аралығында жүргізілген қоғамдық сауалнама Марин Ле Пен жақтастарының абсолютті басымдыққа қажет – 289 дауысты алу мүмкіндігі аз екенін көрсеткен.
Қалған екі ірі партия - солшылдар "Жаңа халықтық фронт" пен центристер - Макронның жақтастары көптеген округтарда оңшылдарға қарсы күш біріктіру үшін бір-бірінің пайдасына қарай кандидатураларынан бас тартқан.
Францияда екінші кезеңге әдетте екі емес, бірнеше кандидат шығады. Солшылдар мен президентшіл партияның кандидаттары нақты бір округтарда оңшылдарды жеңуге мүмкіндігі бар кандидаттарды қолдап, додадан шыққан. Барлығы 200-ден астам кандидат алынған.
Le Monde басылымының есебінше, екінші кезеңде 409 округта – екі кандидат, 89 округта – үш кандидат, екі округта төрт кандидат қалған.
Екінші турда кандидаттар 501 мандат үшін күреседі. Бірінші кезеңнің нәтижесінде 79 депутат анықталған: 39-ы - "Ұлттық бірлестік", 32-сі – солшылдар, екеуі – центристер, екеуі – шағын оңшылдар партиясынан, бірі оңшыл-центристік "Республикадан".
Францияның аралдары – Гваделупа, Мартиника, Гвиана және Сен-Пьер мен Микелонда жеңімпаздар анықталған. Ол жақта солшылдардың өкілдері жеңіске жеткен.
Жалпы сайлауға шамамен 43 млн француздың қатысу құқығы бар. Бірінші кезеңде азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары – 67 пайыз болды.
Әсіреоңшылдар сайлауалды кампания кезінде популистік ұрандар айтты. Көптеген сарапшы олардың экономикалық бағдарламаларын солшылдардың бағдарламаларына ұқсатады. Соның нәтижесінде оңшылдарды жұмысшылардың айтарлықтай бөлігі қолдап отыр. Олардың бағдарламаларында әдеттегідей көші-қон саясатын қатайтуға көп мән берілген. "Ұлттық бірлестік" ресейшіл екендіктерін мойындамайды және Украинаны қолдайтынын айтқан. Дегенмен партияның бейресми жетекшісі Марин Ле Пен сайлауда жеңген жағдайда Украинаға француз әскерін жіберуден бас тартатынын, Ресей аумағын француз қаруымен атқылауына келісім бермейтінін жеткізген.
Ал солшылдар сайлауда екінші орын алады деген болжам бар. Оның өкілдерінің арасында да қарама-қайшылық бар: кейбірі Газа секторындағы жағдайға қатысты радикалды көзқарас ұстанады, ал социалистер оларға қарағанда біршама салмақтырақ.
Макронның жақтастары үшінші орын алуы мүмкін. Егер саяси күштердің ешқайсысы басым түспесе, премьер-министр кім болатыны да белгісіз. Көп жайт ондаған мандат алуы мүмкін "Республикалықтардың" ұстанымына тәуелді.
2024 жылдың маусым айында Еуропарламент сайлауында елдегі әсіреоңшылдар жеңіске жеткеннен кейін Францияда кезектен тыс парламент сайлауы тағайындалды. Франция – жартылай президенттік республика, президенттің өкілеті үлкен: оның премьер-министрді тағайындау құқығы бар, бірақ премьер-министр парламенттің сеніміне ие болуы керек.