Халықаралық олимпиада комитетінен Париждегі Олимпиадаға қатысуға рұқсат алған ресейлік 10 балуанның барлығы жарыстан бас тартты. Бұл жөнінде Ресейдің спорттық күрес федерациясы хабарлады.
Бұған санкция қысымы мен ресейлік командаларды жарысқа жібермеу туралы шешімдер себеп деп айтылады.
Мамыр айында ресейлік спортшылар еркін күрес бойынша жарыстардағы 18 лицензияның 16-сын жеңіп алған, алайда Халықаралық олимпиада комитеті тек он ресейлікті ғана Олимпиадаға шақырған.
"Халықаралық олимпиада комитеті ұстанған спортқа лайықты емес іріктеу принципін қабылдамаймыз, оның мақсаты – командамыздың бірлігін бұзу" деп жазылған ұйымның мәлімдемесінде.
2023 жылы желтоқсанда Халықаралық олимпиада комитетінің атқару комитеті жекелеген жарыстарға бейтарап статуста қатысу үшін ресейлік және белорус спортшыларына Париждегі Олимпиадаға қатысуға рұқсат берген. Комитет ресейлік спортшыларға – 53 квота, белорус спортшыларына 28 квота бөлген.
Наурыз айында Халықаралық олимпиада комитеті Париждегі ойындарға бейтарап статуста қатысатын белорус және ресейліктердің құқықтарын бағалайтын арнайы комиссия құрған.
Халықаралық олимпиада комитетінің бейтарап статусқа қатысты талаптарының арасында Ресейдің Украинаға ашқан соғысын қолдамау, арнайы қызмет мен әскермен байланыс орнатпау сияқты шарттар бар.