Жексенбіге қараған түні Ресейдің Воронеж облысындағы Подгоренск ауданында "жарылғыш заттар" сақталатын қоймаға дрондар шабуылдады. Ақпаратқа қарағанда, онда оқ-дәрі сақталған. Облыстың губернаторы Александр Гусев дрондар атып түсірілгенін, дрон бөлшектері құлағаннан кейін өрт басталғанын айтты.
Гусевтің сөзінше, "жарылғыш заттар" іске қосылған. Ешкім зардап шекпеген. Жедел қызмет пен әскери қызметкерлер өртті сөндіріп жатыр.
Мәскеу уақытымен таңертеңгі сағат онда Гусев қойма өртеніп жатқан елді мекенде төтенше жағдай жарияланғанын хабарлады. Жарылыстың салдарынан бір шаруашылық нысанді өрт шалған. Елді мекен арқылы өтетін автомобиль жолы жабылған. Билік тұрғындарды уақытша орналасу пунктеріне эвакуациялай бастаған.
Ресей қорғаныс министрлігінің таңертеңгі хабарламасында Воронеж облысындағы дрон шабуылы айтылмайды. Онда тек Белгород облысында бір дрон атып түсірілгені жазылған.
- Ресейдің Украинамен шектесетін аймақтары кейінгі айларда дрон шабуылына жиі ұшырап, атқыланып жатыр. Ресей жағы бұған Украина әскерін кінәлаған. Украина әдетте мұндай ақпараттарға түсініктеме бермейді.