Accessibility links

Нұрбол Назарбаевқа қарсы Астанадағы соттың мән-жайы неге құпия?


Нұрсұлтан Назарбаев, Болат Назарбаев, Нұрбол Назарбаев суреттерінен коллаж
Нұрсұлтан Назарбаев, Болат Назарбаев, Нұрбол Назарбаев суреттерінен коллаж

Астананың азаматтық істер жөніндегі соты марқұм Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа қарсы істі қарап жатқанын "За нами уже выехали" telegram-арнасы хабарлады. Оның жазуынша, шағымды Бас прокуратураның заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеті түсірген, жауапкер – Нұрбол Назарбаев. Бірақ іс не жайлы, нақты қандай мәселе жөнінде екенін сот та, прокуратура да құпия жасап отыр.

Егжей-тегжейі құпия іс

Азаматтық істі қарап жатқан сот Азаттыққа оны көпшіліктен құпия қарауының себебін: "Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы" заңдағы алынған деректердің құпиялығын сақтау талаптарын қамтамасыз етуге байланысты, бұл мәселенің егжей-тегжейі жайлы ақпаратты жариялай алмайтынымызды хабарлаймыз"деп түсіндірді.

Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет сотқа шағымды қашан бергені де белгісіз. Өйткені, 8 қыркүйек күні парламент мінберінен халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл комитеттің атауын Инвесторлар құқығын қорғау комитеті деп өзгертуді ұсынған. Ал екі күн бұрын Бас прокурор Берік Асылов президент тапсырмасы орындалғанын, яғни комитеттің атауы өзгергенін мәлімдеген.

1983 жылы туған Нұрбол Назарбаев 2011-2017 жылдар аралығында Алматы облысы ішкі істер департаментінде басшы қызметте істеген. Қазір негізінен марқұм әкесінің бизнес құрылымдарының басын қосып тұрған Prime Capital Holding деген компанияға иелік етеді. Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы мамыр айындағы есебі бойынша, 41 жастағы Нұрбол Назарбаев Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің ішінде 57-орында тұр.

Азаттық осы ақпараттың анық-қанығын білмекке Бас прокуратурадағы атауы өзгерген комитетке хабарласты. Бұрынғы активтерді қайтару – қазіргі инвесторлардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков "жиналыстамын, баспасөз қызметі хабарласады" деді. Кейін комитеттің баспасөз өкілі қоңырау шалып, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға сәйкес, мұндай ақпаратты бере алмайтынын айтты. "Деректі растайсыздар ма?" деген сауалға да жауап бермеді.

Нұрболмен қатар Болат Назарбаевтың өзге балаларының есімі тағы бір істе аталып жатыр. Алайда Болат Назарбаев бала-шағасымен иелік еткен жер отбасының иелігінде қалғанға ұқсайды. ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, мемлекет Бурабай ұлттық паркіне жақын аумақтағы бір кезде "заңсыз" жекешелендірілген деп айтылатын элиталық жер учаскесін қайтарып алудан бас тартқан.

Бурабай аудандық сотының ұйғарымы

Талап қоюшының өкілі А.К.Мешелов 2025 жылғы 11 сәуірде талап қоюды қараусыз қалдыру жөнінде өтініш берді....

"Жер ресурстарын басқару департаментінің" жауапкер "КИК-Астана" ЖШС-ға, Болат Абишевич Назарбаевқа, Нурбол Болатович Назарбаевқа, Ханболат Болатұлы Назарбаевқа, Хантөре Болатұлы Назарбаевқа, Альбина Болатқызы Назарбаеваға, "Бурабай ауданының жер қатынастары бөліміне" шартты жарамсыз деп тану туралы талабы қараусыз қалдырылсын.

Бұрынғы президенттің туыстары иеленген жерлер

Бірнеше ай бұрынғы оқиғаның кейбір дерегі енді белгілі болып жатыр. Биыл қаңтарда Ақмола облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті элиталық жер учаскелерін қайтарып алу үшін Бурабай аудандық сотына жүгініп, аудан әкімдігі мен жеке тұлғалар арасындағы келісімшартты заңсыз деп тану туралы талап қойған.

Сотта жауапкер ретінде "КИК-Астана" деген компаниямен қатар Болат Назарбаев пен оның балалары көрсетілген. Алайда кейін, сәуірде департаменттің өзі арызын қараусыз қалдыруға өтініш берді, яғни ойынан айнып қалды. Осыдан соң сот арызды қараусыз қалдырды. "Политпросвет" telegram-арнасы "құзырлы мекеме Назарбаев әулетіне келгенде іркіліп отыр" деп сын айтады. "Кейбір істерді табандылықпен аяғына дейін жеткізген жер ресурстарын басқару департаменті неге басқасына келгенде талабынан бас тартқанын түсіндіре алмады", – деп жазды "Политпросвет".

Ақпарат сайттары жарыса жазып жатқан бұл іске Ақмола облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті жария жауап бермеді. Азаттық радиосы арыздан бас тартуға не себеп болғанын білу үшін осы департаментке, одан жоғары тұрған жер ресурстарын басқару комитетіне, Ақмола облыстық прокуратурасына және облыс әкімінің баспасөз хатшысына хат жазды, әзірге ешқайсынан жауап болған жоқ.

Бұл жерде қанша жер учаскесі туралы әңгіме болып отырғаны беймәлім. Арызда көрсетілген "КИК-Астана" компаниясына Ерболат Жақсылықов пен Эдгар Салдузи деген екі адам иелік етеді. Бұрын компания "Үш қоңыр Б.Н." деп аталған, 2012 жылы бұған Болат Назарбаевтың өзі құрылтайшы болған. Айта кетейік, кәсіпкер Эдгар Салдузи мен Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Алматыдағы ауыр мәшине жасау зауытының тең құрылтайшысы болған. Яғни әрқайсы 50 пайыз акциясына иелік еткен. Эдгар Салдузи сол кезде "Назарбаевтар үлесімді заңсыз алып отыр" деп мәлімдеген. Оған қарсы тарап жария жауап берген жоқ. Қазір Алматы ауыр мәшине жасау зауытында 4 құрылтайшы бар, бірақ электрон үкімет порталында олардың аты-жөні жасырылған.

Болат Назарбаев 2023 жылы қайтыс болды. Қаңтар оқиғасынан кейін оған қарасты кейбір активтер, негізінен базарлары мемлекетке қайтарылған.

Билік партиясы құрған комиссия мүшесінің пікірі

Қазақстанда заңсыз жолмен әлдебір тұлғалардың меншігіне өтіп кеткен жер телімдерін мемлекетке қайтарумен айналысатын екі комиссия жұмыс істейді. Бірі үкіметтің жанынан былтыр құрылған. Ал екіншісі, жұмысын сәл ертерек бастаған "Жер аманаты" комиссиясы биліктегі Amanat партиясының жанынан құрылған. Оның белсенді мүшелерінің бірі, мәжіліс депутаты Ерлан Саировқа сұрақтар қойдық.

– Саиров мырза, Болат Назарбаев немесе оның әулеті осы уақытқа дейін мемлекетке қанша гектар жер телімін қайтарды?

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров

– Ол кезде Астана мен Алматы қалаларында, Алматы облысындағы және сол кездегі Түркістан облысындағы жер телімдері жөнінде айтылған. Және Маңғыстау облысында да болғаны есімде. Сол жерлердің басым көпшілігі, 80 пайызы мемлекетке қайтты деуге негіз бар. Ал басқалары бойынша қазір құзырлы мемлекеттік орган жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын.

– Басым көпшілігі дегенде, қолыңызда бір нақты дерек бар ма?

– Мысалы, Алматы облысындағы жайылым жерлердің барлығы, Алматы қаласында құрылысқа алынған жерлер қайтарылды, Маңғыстау облысында ол кісінің жер телімі болған, ол да қайтарылған. Олардың нақты саны, өкінішке қарай, қазір есімде жоқ. Бірақ біз айтқан жер телімдерінің басым көпшілігі қайтарылды.

– Экс-президенттің өзге туыстарында қанша гектар жер телімі бар? Қыздары, ұлдары, бауырлары, жиендері деген сияқты. "Жер аманаты" комиссиясында нақты есеп бар ма?

– Бұл мәселе бойынша біз нақты есеп жүргізген жоқпыз. Бірақ, өздеріңізге белгілі, Қайрат Сатыбалдының жер телімдері қайтарылып жатыр, қазір осы бір-екі күннің ішінде Алматы облысында біраз жерді қайтарыпты деп естіп отырмын. Астана қаласында Тимур Құлыбаевқа қатысты деген жерлердің барлығы мемлекет меншігіне қайтарылды.

– "Жер аманаты" комиссиясына экс-президенттің басқа туыстарын тексермеу туралы нұсқаулар бола ма сырттан?

– Ондай ешқандай нұсқаулық жоқ, егер де осы жер телімдерінің заңсыз алынғандығы және негізгісі сол жер телімдері игеріліп жатпағандығы жөнінде факті болса, онда жер телімдерінің барлығы мемлекетке қайтарылады.

– "Жер аманаты" комиссиясының есебінше, қазір мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс әлі қанша гектар жер бар? Ол жерлер кімнің қолында, қожайындары кім? Ең ауқымды жер иеленушілердің бірнешеуін атай аласыз ба?

– 2022 жылдан бастап бүгінге дейін мемлекетке 13,5 гектар жер қайтарылған. Кезінде өздерінің туыстық я басқа да бір байланысымен алып алған жерлердің басым көпшілігі мемлекетке қайтарылды деп айтуға барлық негіз бар.

– Ал әлі қайтарылуға тиіс қанша гектар жер бар?

– Әртүрлі ақпарат бар. Қазірдің өзіне 4-5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылады деп ойлаймын.

– Сіз айтып отырған қайтарылған 13 млн гектар жер шамамен қанша адамға тиесілі болған?

– Бұл енді ат төбеліндей адамдардың қолында болған меншік қой, жүздеген адамның қолында болған.

– Қазір жоғары билікте отырған адамдардан және олардың туыстарынан қайтарылған жерлер болды ма осы 13,5 млн гектардың ішінде? Үкімет мүшелері, президент әкімшілігінің адамдары, өз әріптестеріңіз – парламент депутаттары деген сияқты?

– Ондай фактілер анықталған жоқ. Бұл сол бұрынғы президенттің айналысындағы азаматтардың қоластындағы жерлер. Бірақ қазірдің өзінде тексерістер жүріп жатыр ғой, мысалы, Бурабай курорты аймағында, Алматының айналысында, сондықтан ондай фактілер анықталатын болса, міндетті түрде оларға жауап беріп, жер заң аясында мемлекетке қайтарылатын болады. Ал әзірше ондайлар, мынау министрлердің немесе үкімет басындағылардың жері деген фактілер болған жоқ.

– Жер телімдерін қайтару туралы мәселе айтылған кезде ресми тұлғалар да, депутаттар да үнемі Болат Назарбаевты көп айтады. Бірақ одан басқа есімдер неге айтылмайды және неге олар құпия?

– Менің ойымша, ешқандай құпиялық жоқ. Болат Назарбаевтың есімі аталатын себебі, расында Алматы облысының айналасынан жүздеген мың гектар жер алғаны анықталып, ол жердің барлығы мемлекетке қайтарылды. "Жер аманаты" комиссиясы аясында біз бірде-бір азаматқа ешқандай жеңілдік жасамаймыз. Егер фактілер анықталатын болса, ол жария түрде айтылып, заң аясында тиісті үкімін алады. Сондықтан егер бұрынғы президенттің басқа да туыстарына тиесілі жерлер жайлы фактілер болса, онда біз онымен заң аясында міндетті түрде айналысатын боламыз.

– Қайтарылған жерді қайта үлестіру процесі қаншалық әділ жүріп жатыр?

– Заң аясында бүгінгі таңда жер телімдерін алуға сол ауылда, сол аймақта тұратын азаматтарға жеңілдік беріледі. Әсіресе жас бизнесмендерге, ауылда тұрып, өз шаруашылығын дөңгелетіп жүрген жергілікті азаматтарға басымдық берілуі керек деп есептейміз. Және біз жердің әділетті бөлінуін қадағалап отырамыз. Сондықтан осы 6 млн гектар жер сол жерде тұратын және сол жерді қажет ететін азаматтарға берілген. Айта кетейін, әлі де 7,5 млн гектар жер берілуі қажет. Жақында депутаттық сауал жасадым, осы 7,5 млн жерді келесі көктемге дейін сол жердегі тұрғылықты халыққа заң аясында беру жөнінде нақты мәселе қойдық.

– "Жер аманаты" комиссиясы және ол комиссияға енбеген басқа да депутаттар осы жерді үлестіру әділетті болуын қаншалықты бақылап отырсыздар? Сіздерді сырттан айналып, басқа да бір схемалар бойынша әділетсіз түрде әлдебір қалталы, өзге адамдардың қолында кетіп жатқан жоқ па?

– Бүгінгі таңда бұл жер телімдерін қайтадан халыққа таратып беру заң аясында жүргізіледі және оған жергілікті қоғамдастық мүшелері, жергілікті депутаттар, қоғам белсенділері – барлығы қатысады. Бұл жерлерді бұрынғы ірі латифундистер қайтадан иеленіп кете алмайды, өйткені ол жерді қайта үлестіруді бүкіл қоғам бақылайтын болады.

Жер кімнен мемлекетке қайтарылды?

Ресми дерек бойынша, 2022 жылдан бері Қазақстанда 13,7 млн гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылған. Нақты кімдерден қайтарылғаны толық жария болған жоқ. Сол қайтарылғанның жартысына жуығы қайта пайдалануға берілген. Бүгінгі дейін игерілмеді я заңсыз алынды деп қайтарылған жер иелерінің қатарында кімдер бар? Азаттыққа белгілі негізгілерін шолып көрейік.

Биыл ақпанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлары Болат Назарбаев пен Қайрат Сатыбалдының бизнес құрылымдарына қараған Үшқоңыр жайлауындағы 9800 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл аумақ бірнеше жер учаскесіне бөлінген. Бірақ тау ішіндегі Үшқоңыр резиденциясы тұрған жер Нұрсұлтан Назарбаевқа қарайтын қордың иелігінде қалды.

2023 жылы Бас прокуратура Болат Назарбаевтың иелігінде болған 244 гектар жер тәркіленді деп мәлімдеген. Сол жылы мәжіліс депутаттары Маңғыстау және Жамбыл облыстарында экс-президент інісінің меншігінде болған жиыны 300 мың гектар аумақ мемлекет меншігіне өтті деген.

Екі жыл бұрын бұрынғы президенттің қызы Әлия Назарбаеваның Алматы облысы Жамбыл ауданындағы 449 гектар жеріне қатысты сот шешімі шыққан. Шаруа қожалығы заңсыз алды деген жер мемлекетке қайтарылды.

Қазақстандағы ең ауқатты адамдар тобына кіретін Тимур Құлыбаевтың бизнес-құрылымдарына қарайтын компаниялар БАҚ назарына іліккен даулы жер телімдерінің кейбірін қайтарды. Оның бірі – Алматыдағы әл-Фараби атындағы ұлттық университеттен алынған 0,8 және 1,8 гектар болатын жер телімдері. Бірнеше жылға созылған дауға биыл ғана нүкте қойылды. Алайда осы маңда Құлыбаевтың компанияларының иелегінде қалған өзге жерлер де бар.

Бұдан бөлек Тимур Құлыбаевтың компаниялары Алматы қаласы әкімдігінің іргесінде тұрған, бұрынғы әскери госпиталь жерін де мемлекетке қайтарды. Сот оның Атырау және Ақмола облыстарындағы жер учаскелерін де ішінара үкіметке өткізген.

Бұған қоса биыл мамырда Алматы облыстық соты Тимур Құлыбаевтың әкесі, экс-президенттің құдасы Асқар Құлыбаевтың иелігіндегі үш жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруға міндеттеген. Ол жерлер Қапшағай су қоймасы маңында орналасқан.

Ашық дереккөзде игермеген я заңсыз иеленген жерді мемлекетке қайтарғандардың толық тізімі жоқ. Ресми ақпараттарда жеке тұлғалармен қатар компаниялар да жиі аталады. Мәселен, былтыр Маңғыстау облысында Каспий жағасындағы 3,8 мың гектар жер Oil Real Estate деген компаниядан алынды. Оның түпкі иесі – олигарх Рашит Сәрсенов.

Билік дерегінше, кейінгі үш жарым жылда Қазақстанда 13,7 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған. Оның жартысынан астамы әзірше қайта игеруге берілмеген. Жақында халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалған жерді келер жылы түгел таратып, елдегі жайылым жер мәселесін шешуді тапсырған.

XS
SM
MD
LG