Accessibility links

Комитет атауын өзгерту заңсыз алынған миллиардтарды шетелден қайтаруға септесе ме?


Жемқорлыққа қарсы акция өткізіп тұрған адамдар. Ақтөбе, 11 қазан, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Жемқорлыққа қарсы акция өткізіп тұрған адамдар. Ақтөбе, 11 қазан, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған активтерді Қазақстанға қайтарумен айналысатын комитеттің атауын өзгертуді ұсынды. Бұл миллиардтаған долларды елге қайтаруға қалай әсер етпек? Биліктің қайтарылған қаржы жайлы дерегі неге әртүрлі? Осы іспен айналысатын комиссия мүшесінен сұрадық.

"Атауын өзгертетін кез келді"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте парламент мінберінен жариялаған халыққа жолдауында заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі комитеттің атауын өзгертуді ұсынды.

"Меніңше, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келді. Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек. Соның нәтижесінде, қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Бұл қаражат он мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына бөлінді. Республикалық бюджетке тағы қосымша қаражат түспек", – деді Тоқаев. Алайда ол комитет жұмысы қалай өзгеретінін нақтыламады.

Қанды Қаңтардан кейін құрылған комиссия мен комитет

2022 жылы кемі 238 адам қаза тапқан Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев "Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды" деп мәлімдеп, жағдайды дереу өзгерту қажеттігін айтқан еді.

Билік шетелге заңсыз шығып кеткен қаражатты елге қайтаруға уәде етіп, үкімет жанынан арнаулы комиссия жасақталған. Бас прокуратура жанынан Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылған.

2023 жылы жазда қабылданған "Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға сәйкес, дүние-мүлікті заңсыз иеленген жеке немесе заңды тұлға өз активін ерікті түрде қайтарса, жауапқа тартылмайды. Олардың аты-жөні қоғамға ашық айтылмайды.

Бақылаушылар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың командасы мен оның мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңайындағылардың билікке таласы деп сипаттайтын Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда Назарбаевтың туыстары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы ықпалды лауазымынан айырылып, кейбірі қылмыстық қудалауға ұшырады. Содан бері өткен кезеңде билік өкілдері экс-президенттің отбасы мүшелері шетелге заңсыз шығарған активтер мемлекетке қайтарылып жатқанын анда-санда мәлімдеп келді.

Ресми хабарламаларда активтер көп жағдайда ерікті түрде қайтарылып жатқаны жазылады. Құзырлы органдар сот шешімі болмағандықтан, нақты кімдердің активі мемлекетке өткенін ашып айтпайды. Осы кезге дейін баспасөзде жарияланған деректерден бірен-саран адамның аты-жөні ғана белгілі.

Мысалы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен бұрынғы құдасы, миллиардер Қайрат Боранбаев мемлекетке тапсырған активтері шамамен 1 трлн теңгеге тең деп айтылған. Сонымен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып, Қаңтар оқиғасынан кейін көп жылға сотталған Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі мемлекетке өткен.

Алайда сыншылар заңсыз жолмен алынған дүние-мүлікті мемлекетке қайтару науқаны ашық жүргізілмейді деп санайды. Қабылданған заңға қоғамда күмәнмен қарайтындар да аз емес. Кей сарапшы заңның кем-кетігі көп, "ақша ұрлауға мүмкіндік қалдырады" деп сынға алған.

Қайтарылғаны қанша?

Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанда заңсыз жекешелендірілген активтердің нақты сомасы белгісіз. Шетелге шығарылған активтер туралы болжамды ақпарат әртүрлі.

Мысалы, Қаңтар оқиғасынан кейін сол кезде ұлттық экономика министрі болған Әлібек Қуантыров шамамен 100 млрд доллардай ақша шекара асырылды деген еді. Ал британиялық Tax Justice Network ұйымы 140-160 млрд доллар шамасында дейді.

Ел қазынасына қайтарылған мүлік пен қаражат туралы мемлекеттік органдардың мәліметі де бірізді емес. Президент Тоқаев 2 трлн теңге, премьер-министр Олжас Бектенов 900 млрд теңге, ал Бас прокуратура кейде 1 трлн теңге, кейде 500 млн еуро, яғни 270 млрд теңге қайтарылды деп келді.

Азаттықтың қай ақпарат дұрыс деген сұрағына Бас прокуратура қайтарылған қаржы 1 трлн теңгеден асады деген мәлімет берді. Қайтарылған активтерді басқару компаниясының сайтында биыл 27 маусым күні жарияланған дерекке қарағанда, бұл сома қазынаға толық түсіп үлгермеген. Нақты түскені – 770 млрд теңге. Оның ішінде 667 млрд теңге – ақшалай, 103 млрд теңге мүлік түрінде. Ал 8 қыркүйектегі жолдауында президент Тоқаев қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды деп мәлімдеді.

Сонымен, қолда бар ақпаратқа қарағанда, Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған қаржы 100 млрд доллар, яғни 50 трлн теңгеден кем емес. Ал ресми қайтарылды деп айтылатын мүлік-қаражат оның 2-3 пайызына ғана тең болуы ықтимал. Биыл шілдеде үкімет басшысы "активтерді қайтару жұмысын тоқтатпаймыз" деп мәлімдеген.

Назарбаевтың туыс-жақынына тиесілі активтер мәселесі жұрт арасында жиі айтылады. Қоғам өкілдері күмәнді жолмен алынған деп санайтын негізгі активтер бұрынғы президентке жақын адамдардың уысында әлі қалып отырғанын айтып, "көзбояу жасап отыр" деп үкіметті сынға алған.

Оразалы Ержанов
Оразалы Ержанов

"Ештеңе жасалып жатқан жоқ. Меніңше, 2022 жылы бұл бастаманы Қаңтар оқиғасының [қайталануынан] қорыққаннан жариялады, бу шығару керек болды. Ал шипажайды немесе басқа да болмашы нысандарды қайтарғандарын көзбояу деп санаймын. 1991 жылдан бері мемлекеттен жекеге заңсыз өткен нысандардың нақты санын білмеймін. Өйткені иелік етуші компаниялар құрылымдарын бірнеше мәрте өзгерткен. Бірақ бұл оларды қайтару дегенді білдірмейді. Қайтаруға кедергі – біздің биліктің ең жоғары сатысында ниет пен саяси ерік-жігердің болмауы. Ел ішінде қылмыстық қудалау басталмайынша, шетелде де ешқандай жетістік болмайды", – деді Elge Qaitau қоғамдық қорының жетекшісі Оразалы Ержанов. Құрылтайшылар бұл қордың мақсаты – "Қазақстаннан ұрланған ақшаны елге қайтару" дейді.

Алайда премьер-министр Олжас Бектенов үкімет Назарбаевтың жақындарына тиіспейді дегенге келіспейді.

– Ешқандай көзбояу жоқ, жұмыс жүйелі істеліп жатыр. Бірінші президент отбасында қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар барын жақсы білесіздер. Әр нәрсе заң аясында жүргізілуге тиіс және солай болып та жатыр. Егер [қайтарылған] 900 млрд теңге, ал бұл дегеніңіз 1 трлн теңгеге жуық ақша, аз деп есептесеңіздер, мейлі, бәлкім, аз да шығар. Әзірге қол жеткізгеніміз осы. Бұл жұмысты жалғастыра береміз. Бір күнде бітетін шаруа емес. Егер біреу заң бұзған болса, жазасын алады, – деді Бектенов биыл 16 шілде күні үкімет үйінде өткен брифингіде.

Комиссия мүшесінің пікірі

Президент Тоқаевтың "Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келді" деген мәлімдемесі нені білдіреді? Комитеттің жұмыс мазмұны өзгермей ме?

Бұл сұрақты Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаражатты қайтару үшін 2023 жылы үкімет жанынан құрылған комиссияның мүшесі, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқару комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменовке қойдық. 2023 жылы қабылданған арнайы заң бойынша, комиссия Бас прокуратура жанындағы комитетпен өте тығыз жұмыс істейді.

– Президенттің жолдаудағы мәлімдемесі шетелге заңсыз шыққан активті қайтару ісі аяқталды, комитеттің жұмысы тоқтайды дегенді білдіре ме?

Әлихан Бәйменов
Әлихан Бәйменов

– Біріншіден, активтерді қайтару туралы заң әлі өз күшінде, сол заңда өкілетті орган деп аталған, ал өкілетті органның атауы заңда бекітілмеген. Яғни кез-келген мемлекеттік органға прокуратура аясындағы іс-шаруаны тапсыруға болады. Оның атауы бір болғанымен, мысалы, онда түрлі-түрлі жолмен ары қарай жұмысты осы заңның аясында да жалғастыруға болады. Мысалы, жаңа атауымен, бірақ белгілі бір құзіреттері бұрынғы заңның шеңберінде қалуы мүмкін. Екіншіден, сол заңға өзгерістер енгізіп, өкілетті органға деп берілген құзыреттерді бірнеше мемлекеттік органға бөліп беруге болады. Бұл жерде тек үйлестіруші жұмысын кім атқаратынын жаңаша анықтауға болады. Болмаса, заңға ешқандай өзгеріс енгізбей, осы өкілетті орган осы атауымен жұмысын жалғастырады деп те айтуға болады. Ендеше біз бірінші кезекте осы жолдаудан кейін парламент заңға қандай өзгерістер енгізетінін күтуіміз қажет.

– Комитет пен комиссия бір-бірімен қоян-қолтық жұмыс істейтін ұйымдар. Біреуі атауын ауыстырып, Қазақстанға келген инвесторлардың құқығын қорғаумен айналысып кетсе, жұмыс мазмұны өзгеріп кетпей ме?

– Негізі екеуі ұштасып жатқан дүние ғой, себебі сол заңсыз активтерді қайтарған кезде де, бір жағынан, әділеттік орнатып, заңсыз кеткен мүлік пен қаржыны елге қайтару болса, екінші жағынан, әрдайым мемлекет инвесторлардың көңіл-күйін байқап, инвестициялық ахуалға нұқсан келмеуін қадағалап отырды. Осы арада Бас прокуратураның жанынан құрылған комитет, әрине, инвесторлармен тікелей жұмыс жасады. Бұл инвестиция тарту жұмысынан бөлек, ал сыртқы істер министрлігі, экономика министрлігі, инвестиция тартумен айналысатын штаб бар, т.с.с. – олардың жұмысы бір бөлек. Ал бірақ инвесторлардың құқығын қорғауды қалай жетілдіреміз? Бұл жұмыс жолға қойылса, Қазақстанға келетін инвестициялардың көлемі ұлғаюы мүмкін. Себебі сонда біздегі инвестициялық ахуалға инвесторлардың сенімі артады.

– Дегенмен, бір-бірімен ұштастыруға қанша тырыссақ та, инвесторлардың құқығын қорғау мен шетелге кеткен заңсыз мүліктерді қайтару ісінде бәрібір айырмашылық бар екені белгілі. Осы жерде нақтылап алғым келетін бір мәселе: бұл инвесторлар шетелден келетін шетел азаматтары ма, жоқ әлде Қазақстаннан шығарып алған ақшаны инвестиция ретінде елге қайта құятын қазақстандықтардың ақшасы ма, солардың құқығын қорғаумен айналыса ма?

– Бірінші кезекте Қазақстанның мүддесі, қай ақша болмасын, әйтеуір бізге инвестиция болып құйылғаны дұрыс. Екінші жағынан, сіз айтқандай, оның түбі таза қаржы ма, жоқ әлде қылмыстық жолмен келді ме – ол қосымша туындайтын сұрақтар. Оны әрине, әрдайым анықтап отыру керек. Тағы бір мәселені еске салайын, кез-келген экономикалық белсенділіктің артында заңды қаржы тұр ма, жоқ әлде қылмыстық жолмен келген қаржы ма деген сұрақ бұл комиссия әлі құрылмаған, заң әлі қабылданбаған кезден тиісті мемлекеттік органдардың жауапкершілігі болып келді де. Егер байқасаңыз, әсіресе қасіретті Қаңтардан кейін, бұл жұмыс комиссия әлі құрылмаған, заң қабылданбаған кезден-ақ басталып кеткен.

– Осы комиссия мен комитет құрылғалы бері неше адамның мүлкі, қаражаты жөнінде айтылды, қаншасы нақты тексерілді,қайтарылды, соны шамалап болсын айта аласыз ба? Тізімдегі адамдардың аты-жөні, қызметі деген сияқты ақпараттың бәрі жабық екені белгілі.

– Қазіргі жобалауым бойынша, 20 шақты адам тізімге кіргізілді. Бірақ тағы бір мәселе, бұл комиссияның жұмысының басталуы тізімге кірмеген басқа да адамдарға әсер етті. Тізімге кірмей жатып, комиссияға өздері мәлімдеме жасап, бюджетке қаржы қайтарған азаматтар да болды.

– Қайтарылған актив көлемі қандай? Жыл басында президент "Ана тілі" газетіне берген сұхбатта 2 трлн теңге қайтарылғаны айтылған. Ал жолдауда 850 млрд теңге қаржы түсті деді. Президент неге екі түрлі сан айтты?

– Менің білуімше, мұнда мынадай айырмашылық бар. Есіңізде болса, қасіретті Қаңтардан соң бірден президент байлық белгілі бір топтардың қолында шоғырланғанын айтып, бизнеске үндеу тастады. Және сол пәрменнен кейін, саяси жігерді көрген соң қаржы полициясы да, Қаржы мониторингі агенттігі де тиісті істерді қозғай бастады. Сол сәтте заңсыз активтерді қайтару туралы заң қабылданбай тұрып, олар қылмыстық іс қозғап, біраз ақшаны – менің ойымша, 1 трлн теңгеге жуық – қайтара бастады. Ендеше, президенттің бірінші айтқан 2 трлн теңге қаражат – ол қасіретті Қаңтардан бері қарай қайтарылған заңсыз активтер, ал жолдауда айтқан кезде Бас прокуратураның мәліметіне сүйенген болса керек, өйткені ол біздегі мәліметпен сәйкес. Ол комиссия арқылы заң аясында қайтарылған ақша. Оның үстінде комиссия мақұлдаған, заңсыз деп табылған 1 трлн 300 млн теңгеге жуық қаржы болса, соның 850 млрд-қа жуығы қазір қайтарылған. Ал қалған бөлігі бойынша жұмыс әлі жүріп жатыр.

– Комиссия құрылып, заң қабылданғаннан кейін байлығы шамамен 100 млн доллардан асатын адамдар осы тізімге енгізіледі, солар тексеріледі деген сөз болған. Ол әлі солай ма?

– Ол комиссияның құзіретіне кірмейді, ол депутаттардың құзіретінде екені заңда айқындалған.

– Бұл қаржы-мүлік жайлы ақпарат ашық болмағаннан кейін комиссия мен комитетке, олардың жұмысына қоғамның сенімі азайып, әрқашан күмән болады ғой?

– Бұл заңды дайындау барысында, менің білуімше, тиісті салааралық комиссия мен Бас прокуратура халықаралық сапаршылармен ақылдасып, басқа елдердің тәжірибесін зерттеп және біздің қазіргі инвестициялық ахуалымыздың ел болашағы үшін маңызды екенін ескере келе, заңға осындай норма енгізген, комиссия мүшелеріне шектеу қойылған. Оның бір мәні мынада: бұл адамдар ірі-ірі кәсіпорындарды қандай да бір жолмен, заңсыз болсын иелігіне алып, солар жұмыс жасауда. Ол жерде ондаға мың адам жұмыс істеп жүр. Енді олардың біреуден алған қарыздары бар, банктермен, шетелдік инвесторлармен жұмыс жасап жатыр – осының бәрі біздің экономикамыздың тұрақты жұмыс істеуіне әсер ететін факторға айналып кеткен. Сол 25-30 жылдың ішінде қалыптасып қалды ғой. Бірақ олардың өздері, ең бастысы, саяси жігерді сезінді.

Мысалы, комиссияның бастапқы отырыстарында белгілі бір адамдардың есім-сойы аталған кезде, бұрын өзім мемлекеттік қызметте болған уақытты еске алсам, сол кездегі министрлердің, басқа лауазым иелерінің әлгіндей аты-жөндерді осындай теріс іспен байланыстырып айтуға дәті бармайтын. Яғни ахуал өзгергені комиссия отырысында сезіліп тұрды.

Мен бірде айттым ғой, кейде олардың нені иемденіп алғанын бізге, комиссияға баяндаған кезде олардың мешкейлігін, бәрін өзіне баса бергенін көріп, әбден жүрегім айныды деп. Бірақ менің түсінігімде, заңның мақсаты да, комиссияның мақсаты да – шама келгенше елге сол ақшаны көбірек қайтарып, елге жұмыс жасату.

Сондықтан олардан қандай да бір кек алып, атын атап, түсін түстегеннен гөрі, бірінші кезекте осы маңызды. Ал кейінірек, егер заң шығарушы орган – келешекте құрылатын бір палаталы парламент бола ма, жоқ қазіргі мәжіліс пе – тиісті заң қабылдап жатса, онда әрине, бір кезде олардың аты-жөнін атайтын күн де туар, – деді Әлихан Бәйменов Азаттыққа берген сұхбатында.

Шетел тәжібиресі

Әлемде Қазақстан сияқты шетелге заңсыз шығып кеткен активтерін елге қайтаруды көздейтін мемлекеттер көп. Олардың стратегиясы мен заңсыз алынған дүние-мүлікті қайтару жұмыстарының нәтижесі қандай?

Нигерия

Еуропа мен АҚШ-та жасырылған активтерді қайтаруға тырысып жүрген елдің бірі – Нигерия. Ондаған жылға созылған күрес аясында Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ үкіметтерімен арнайы меморандумға қол қойып, бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Келісімдер бақылау негізінде құралған. Оған сәйкес, ақша бюджетке түсіп қана қоймай, нақты жобаларға жұмсалады. Осы істе Нигерия үкіметінің басты серіктесі – Дүниежүзілік банк. Бұл ұйым қаражатты үлестіру кезінде делдал қызметін атқарады. Әйткенмен процеске сенімсіздік танытатындар да бар. Мәселен, Transparency International ұйымы қайтарылған ақшаның бір бөлігі күмәнді схемалар арқылы жоғалып кететінін әрі түпкі мақсатқа толық жетпейтінін алға тартады.

Филиппин

Елді ұзақ уақыт билеген Фердинанд Маркос режимі құлаған соң Филиппин үкіметі де шетелге шығарылған активтерді қайтару ісін қолға алған. Елде Presidential Commission on Good Government деп аталатын ұйым құрылып, ол шетелдік заңгерлерді жалдау арқылы халықаралық соттарға жүгінді. Ұйымның бастамасымен Швейцария, АҚШ және Гонконгта сот жүріп жатыр. Стратегиясы активтер заңсыз шығарылғанын дәлелдейтін құжат-айғақтарға сүйенуге негізделген. Осы күнге дейін Филиппин үкіметі 4 млрд доллардан астам қаржыны елге қайтарған, оның бір бөлігі диктатура құрбандарына өтемақы ретінде төленген. Алайда Human Rights Watch ұйымы мен жергілікті сарапшылар процесс тым баяу жүріп жатқанын әрі Маркос әулеті активінің көп бөлігі әлі күнге дейін қайтарылмағанын сынап жүр. Саяси қысымға байланысты PCGG тиімділігі де төмендеп кетті деген пікір де бар.

Мексика

Мексика елден заңсыз шығарылған активтерін қайтару ісінде құқықтық көмек туралы екіжақты келісімдерді белсенді пайдаланады. 2020 жылы Испания мен АҚШ Мексикаға ондаған миллион долларды қайтарды. Бұл Pemex мұнай компаниясының бұрынғы шенеуніктерімен байланысты іс еді. Мексика билігі "қоғамдық қысым" стратегиясын жиі қолданады. Президент мәлімдемелері мен БАҚ-тағы талқы келіссөздегі позициясын күшейтеді. Елде арнайы институт құрылған, ақша бюджетке емес, инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалады. Десе де UNODC сарапшылары Мексика активтерді қайтаруды жүйелі құралдан гөрі саяси жарнамаға айналдырды әрі қаражатты тағы да күмәнді схемалар арқылы шығару қаупі жоғары деп сезіктенеді.

Тунис

2011 жылғы төңкерістен кейін Тунис үкіметі де елден қашқан Бен Әли әулетінің шетелдегі активтерін қайтару үшін күрес бастады. Билік құрамына Еуроодақ заңгерлері кірген жұмыс тобын құрып, Біріккен Ұлттар Ұйымының жемқорлыққа қарсы механизмдерін қолданды. Стратегия шетелдегі активтерді уақытша бұғаттап, мемлекеттер сотына арыздануға негізделген. Тунис билігі үрдісті жеделдету үшін кейбір банктермен саяси келісімге де барды. Бірақ процесс ұзап кетті. Transparency International мен Дүниежүзілік банк гәп Тунистегі тетіктердің әлсіздігінде дейді. Көп жағдайда қаражатты елге қайтару ісі жария түрде жүрмейді және бұл іске жаңа элита өкілдерінің араласу қаупі жоғары.

Украина

2014 жылдан кейін Украина билігі де шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтару ісіне белсене кірісті. Бұл бастаманы Киев Еуроодақпен бірлесіп жүргізеді. Ұйым күдікті азаматтардың шоттарын бұғаттап, санкция салған. Елде активтерді әшкерелеу, іздеу және басқару жөніндегі ұлттық агенттік құрылған. Украина стратегиясы – қысым құралы ретінде санкцияны пайдалануға негізделген. Бұған қоса шетелдік соттарға арызданады. Елден заңсыз шығарылған активтердің біраз бөлігі шетелдегі шоттар мен жылжымайтын мүліктерді тәркілеу арқылы қайтарылды. Бірақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары мен Украинаның үкіметтік емес ұйымдары агенттік тиімсіз жұмыс істеп жатыр деп есептейді. Бұған дәлел ретінде бұғатталған активтерді сатуға қатысты шыққан дауды алға тартады. Ел ішінде агенттіктің өзіне деген сенім де төмендеп кетті деген пікір бар.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG