Accessibility links

Марко Рубио USAID басқарушысы міндетін уақытша қоса атқаратын болды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.

Мемлекеттік хатшы Марко Рубио АҚШ халықаралық даму агенттігін (USAID) басқарушы міндетін уақытша қоса атқаратын болды. Бұл туралы "Америка дауысы" сайты хабарлады.

Дүйсенбіде мемлекеттік департамент мәлімдеме жариялап, "USAID бастапқы миссиясынан әлдеқашан ауытқып кетті – Америка мүдделерін шетелде алға жылжытуға жауапты еді, USAID қаржысының едәуір бөлігі АҚШ-тың негізгі ұлттық мүдделеріне сәйкес келмейтіні енді белгілі болды" деді.

Сан-Сальвадорға барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио агенттікті "мүлде пайдасы жоқ" деп атап, қызметкерлерін бағдарламалар туралы "қарапайым сұрақтарға жауап бергісі келмеді" деп кінәлады.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің кеңесшісі, миллиардер және Tesla компаниясының басшысы Илон Маск USAID-ті "қалпына келтіру мүмкін емес" деп мәлімдеген. Ол "Трамп агенттікті жабуға келіcті" деп айтты.

Кейінгі аптада агенттіктің ондаған қызметкері демалысқа жіберілді. Өткен демалыс күндері агенттіктегі қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымдағы екі қызметкері АҚШ үкіметіндегі тиімділік департаменті қызметкерлеріне құпия құжаттарды бермегені үшін шеттетілген.

Мұндай департамент құрылатынын президент Дональд Трамп 2024 жылғы қарашада жариялаған. Департаментті кәсіпкер Илон Маск басқарады.

АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) әлемнің 100-ден астам елінде америкалықтар атынан халықаралық даму мақсаттарында көмек көрсетіп келген. USAID Қазақстанға көмек көрсетуді 1992 жылы бастаған. Содан бері USAID арқылы елдегі экономикалық сектор, денсаулық сақтау жүйесі және демократиялық институттар бойынша бағдарламаларға қаржы бөлінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG