БІР САҒАТ АЛҒА ЖЫЛЖЫДЫ
Өскеменде көлік кептелісі жыл өткен сайын көбейіп барады. Кейбір тұрғын кейінгі екі айда мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс кестесі өзгеріп, бір сәтте көшеге шығатын мәшинелер тіпті артты дейді. Бұл жақта ақпаннан бері мектеп, зауытта істейтіндермен қатар мемлекеттік қызметкерлер де сағат 8-де жұмысқа баратын болған. Тұрғындар "билік бір нәрсені түзеймін деп, екіншісін бүлдіріп жатыр" деп сын айтады.
– Әлбетте, осыдан кейін кептеліс болады. Ал көшелеріміз онсыз да тар. Ылғи кеңейтпек болып жұмыс істеп жатады. Жаңа көпір салуды да жоспарлаған. Қысқа қайырғанда, бұдан былай көше көлікке толатыны анық. Жұмыс кестесін алға жылжытса, бірыңғай уақыт белдеуін қабылдаудың не мәні болды сонда? Кешіріңіз, бұл не сандырақ, неғылған нақұрыстық? Тұрғындардың ең жұмсақтап, мәдениетті түрде айтып жатқаны – осы, – деді өскемендік журналист Сергей Васильев.
Өскемен әкімдігі көлік қозғалысын жақсарту үшін көп жылдан бері айтылып келе жатқан жаңа көпір салу жобасын іске асыруды жеделдетті.
Мемлекеттік мекемелердің жұмыс уақыты Шығыс Қазақстан облысы орталығы Өскеменде ғана емес, аудандарда да ауыстырылды. Үкімет шешімі күшінде қалса да, жергілікті билік мұндай байламға бекуін "тұрғындар ыңғайын ойладық" және "аймақтың дамуын көздедік" деп түсіндіреді.
"Жұмыс күнін бастауды таңғы 08:00-ге ауыстыру – бұл климаттық жағдайларды, жергілікті тұрғындардың өмір сүру салты және аймақтың экономикалық белсенділігін ескере отырып ойластырылған шешім. Бұл режим еңбек өнімділігін арттырады және ауданның дамуына оң әсер етеді" деп хабарлады Қатонқарағай ауданы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі.
ДЕПУТАТТАР ПРЕЗИДЕНТ СӨЗІНЕН КЕЙІН НЕ ДЕДІ?
Былтыр күзде мәжілістің бір топ депутаты жаңа уақыт белдеуі елдің шығыс бөлігіндегі облыстарға жайсыз тиді деп мәлімдеме жасаған.
– Ең көп қойылған сұрақ уақыт белдеуіне қатысты. Бұрынғы уақыттың қайтарылуын талап етіп жатыр ел, – деді Мақсат Толықбай.
Арада жарты жылдай өткенде Airan YouTube-арнасына берген сұхбатта депутат Ринат Заитов әріптестерімен бірге үкімет шешімімен белсенді күрескенін, наурызда бұрынғы уақыт белдеуі қайтарылатынын айтқан.
Алайда наурызда Қазақстан үкіметі бірыңғай уақыт белдеуі енгізілген бір жылда тұрғындарға теріс әсер байқалған жоқ деп, былтырғы шешімін күшінде қалдырды. Осыдан кейін биыл Бурабайда өткен "Ұлттық құрылтайда" президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікірталас осымен тоқтасын деп сөйледі. Оның сөзінше, бұған дейін наразылар айтқан күмән-күдік расталмаған.
– Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ. Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ, – деді президент.
Азаттық тілшісі бірыңғай уақыт белдеуін өзгерткісі келетін депутаттар Тоқаевтың үндеуінен кейін де күресін жалғастыра ма, жоқ па деген сұраққа жауап алу үшін депутаттар Ринат Заитов пен Ұлықбек Тұмашиновқа хат жолдады. Заитов үкіметтің әрекетін "белден басу" деп атады және олар райынан қайтады деген сенімде.
– Біз барлық аргументімізді үкіметке ұсындық. Ол жақтан мардымды жауап болған жоқ. Біздің позиция әлі сол. Наурызда ауысатынына сенімді болдым, өйткені оларда ешқандай аргумент болмады. Бұл жерде, қазақша айтқанда, белден басу болды. Ешқандай аргументке құлақ асқан жоқ, ақылға қонымсыз бірдеңелер айтты. Бұл Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу облыстарындағы, Петропавлдағы халыққа оңай тимейді. Жаз келеді. Күн ерте шыққан сайын мәселе қайта алдымыздан шыға береді. Табиғат құбылысы мен орналасқан жерге байланысты [уақыт белдеуін] қалпына келтіру керек деп әлі ойлаймын және қалпына келеді деп ойлаймын, өйткені халықтың әрі қарай бұлай жұмыс істеуі мүмкін емес деп ойлаймын, – деді Ринат Заитов.
Ал депутат Тұмашинов Шығыс Қазақстан облысында жұмыс кестесін бір сағат жылжытқанына әзірге разы екенін айтты.
– Наурызда осы мәселемен арнайы елге барып келдім. Өйткені Шығыс Қазақстанда әрбір ауданның мәслихаттары жұмыс уақытын бір сағат алға жылжытып, сол режимде жұмыс істеп жатыр. Халық разы. Өмірде барлық мәселеге жауап табу, әрине, қиын, әзірше осыған да разымыз, – деді Ұлықбек Тұмашинов.
"САЯСАТҚА ЕРІКСІЗ АРАЛАСТЫРДЫ»
Қоғам белсендісі, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев билік "артық қыламын деп тыртық қылды" деп есептейді. Ол уақыт белдеуін қалпына келтіру жолында бір топ белсенді азаматтармен бірге партия құруды ойлайды.
– Келесі оқу жылында Шығыс Қазақстанда мектептердің оқу кестесі де өзгеруі мүмкін. Бұл жалғыз Шығыс Қазақстанда болып жатқан нәрсе емес. Басқа да облыстарда сабақ пен жұмыс бір сағат ерте басталады деп айтылып жатыр. Мәселен, Астанада министрліктерден бастап өзге де орталық органдардың жұмыс кестесі өзгергелі жатыр. Мұнысын мәшинені азайтып, кептеліс болмауы үшін мемлекеттік органдар жұмысты бір сағат ерте бастайды деп түсіндіріп жатыр. Қазақстанның басшылары өздері қабылдаған шешімді ешқашан қате деп санамайды. Қатесін мойындамайды. Жасырын істейді. Мойындағысы келмейді. Халық алдында кемшілігімізді көрсетіп аламыз ба деп қорқады, – деді ол Азаттық тілшісіне.
Қазбек Бейсебаев және басқа да белсенді азаматтар былтырдан бері уақытты кері қайтару үшін заңды жолмен күресіп келеді. Олар сотқа да жүгінді, петиция да жариялады, митинг өткізуге өтініш те берген, бірақ билік түрлі себеппен рұқсат етпеген.
"Үкімет бейтарап отырған азаматтарды өзі саясатқа итермелеп отыр, мәжбүрміз" дейді Бейсебаев.
Қазақстанда былтыр 1 наурызда бірыңғай уақыт белдеуі енгізілді. Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары UTC+6 уақыт белдеуінен Қазақстанның батысындағы басқа аймақтар пайдаланатын UTC+5 белдеуіне ауысты. Сөйтіп тұтас Қазақстан бір ғана уақыт белдеуіне көшкен.
Әр аймақ тұрғындары бұл өзгеріс көп қиындық туғызғанын айтып шағынып келеді. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Абай сынды елдің шығысындағы өңірлер халқы таң ерте атып, күн ерте бататын болды деп наразы. Билік бірыңғай уақыт белдеуі арқылы мемлекетті басқару, бизнес жұмысын үйлестіру тиімді деген ұстанымда. Былтыр үкімет азаматтардың "Уақытты кері қайтару" талабымен жариялаған петициясын қабылдамады. Желтоқсанда Астана соты сағат белдеуінің өзгеруіне байланысты үкіметке қарсы шағым түсірген Өскемен тұрғынының арызын қанағаттандырудан бас тартқан.
Уақытты өзгертудің артында кім тұр? (AzatNEWS, 13.11.2024)
ПІКІРЛЕР