Accessibility links

Назарбаевта не қалды? Экс-президенттің билігі мен байлығы


Экс-президенттің байлығы мен билігі
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:48 0:00

Экс-президенттің байлығы мен билігі

1 желтоқсан – тұңғыш президент күні. Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне 2012 жылдан 2022 жылғы дейін 10 жыл тойланған мереке былтыр қыркүйекте "мемлекеттік" деген статусынан айырылды. Билік бұрынғы президентті қандай атақ, артықшылықтан айырды? Назарбаевтың иелігінде не қалды?

БИЛІК ТРАНЗИТІ ЖӘНЕ ҚАҢТАР

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті өкілетін 2019 жылғы наурызда ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстап бергенімен, билікті Қауіпсіздік кеңесі арқылы 2022 жылдың қаңтарына дейін қолында ұстады. Сарапшылар елде "қос билік бар" дегенімен, Назарбаев та, Тоқаев та мұны жария түрде мойындаған жоқ. Бірақ заң бойынша Тоқаев әкім, министрлерді тағайындау үшін де Назарбаевпен келісіп отыруға тиіс болған. Үш жылдан соң Қаңтар оқиғасы болып жатқанда президент Тоқаев кенет Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы өзіне өткенін мәлімдеп, толық билікті қолына алды. Назарбаев сонда Тоқаевпен арада кикілжің жоқ деді.

Содан бері экс-президент жұрт көзіне көп түспейтін болды. 2022 жылғы 5 маусымда конституциядағы "елбасы" мәртебесін алып тастайтын референдумда дауыс бергенде, одан соң 20 қарашада Тоқаев қызметіне қайта сайланатын президент сайлауында учаскеге келіп, төбе көрсетті. Кейінгі шыққанында көп жылдан бергі серіктесі, ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің және өз туыстарының сотталуына қатысты пікір білдірді. "Мәсімовпен көп жыл бірге жұмыс істедім. Бірақ қайдан білесің? Иса да жанында жүрген Иуда сатқын екенін байқамады ғой" деді Назарбаев.

Экс-президент ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа берілетін артықшылықтар. Азаттық шолуынан скриншот.
Экс-президент ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа берілетін артықшылықтар. Азаттық шолуынан скриншот.

Назарбаев неден айырылды?

  • 2022 жылғы 5 қаңтарда президент Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін қолына алғанын мәлімдеді. Заң бойынша Назарбаев кеңестің өмір бойғы төрағасы қызметінде еді;
  • 2022 жылғы 28 қаңтарда "Нұр Отан" партиясының төрағалығынан кетті;
  • 2022 жылғы 2 наурызда Назарбаевтың есімінің алғашқы буыны жазылған "Нұр Отан" партиясы "Аманат" болып өзгерді;
  • 2022 жылғы 5 маусымда өткен референдумда Конституциядан "Тұңғыш президент – елбасы" туралы баптар жойылды;
  • 2022 жылғы17 қыркүйекте мемлекет астанасының Нұр-Сұлтан атауы қайтадан Астана болып өзгерді;
  • 2023 жылғы 1 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойғы мүшесі болады деп саналған конституциялық кеңес қызметін тоқтатты;
  • 2023 жылғы 12 қаңтарда экс-президент "құрметті сенатор" атағынан айырылды;
  • 2023 жылғы 15 ақпанда "Тұңғыш президент - елбасы" туралы заңның күші жойылды;
  • 2023 жылғы 12 шілдеде президент Тоқаев қылмыстық кодекстен "Елбасы" туралы бапты алып тастады;
  • Басқа заңдар мен құқықтық актілерден де "Тұңғыш президент – елбасы" сөзі алынды;
  • 2023 жылғы 24 шілдедегі президент жарлығымен Мемлекеттік күзет қызметінен Назарбаевтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті алынып тасталды;
  • 2023 жылғы 16 қарашада Тоқаев Назарбаев төраға болған "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорын басқару кеңесін таратуды көздейтін заңға қол қойды.

13 қарашада қайтыс болған інісі Болат Назарбаевқа Астанадағы республикалық мешітте ас бергенде Назарбаев сөз сөйлеп, өзі ел басқарған кез туралы, қазіргі президенттің саясаты жайлы пікір айтты.

– Мен ештеңеге қамықпаймын, ештеңеден жалықпаймын, маған ешқандай сөз тимейді. Себебі бұл мәселе (Назарбаев билігіне баға беру – ред.) – біздің ұрпақтікі емес, тарихтың мәселесі. Тарих өз айтатынының бәрін айтады. Сондықтан оның бәріне өте байсалды қараймын, – деді Назарбаев.

Экс-президенттің артықшылықтары

Президент туралы конституциялық заңға сәйкес Назарбаев мынадай артықшылықтарға ие:

  • Экс-президент деген ресми мәртебесі бар және оның абыройына қол сұғуға болмайды;
  • Оны қамтамасыз ету, қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүргізіледі;
  • Республика президенті жалақысының сексен пайызы мөлшерінде зейнетақы алады;
  • Назарбаевқа қызметтік пәтер, мемлекеттік саяжай, жеке күзет, жүргізушісі бар жеке автокөлік беріліп, тегін емделеді;
  • Мемлекетке опасыздық жасаған жағдайларды қоспағанда, президент қызметін атқарған кездегі iс-әрекетi үшiн жауап бермейдi.

Назарбаевтың лауазымдары және оның атына берілген нысандар:

  • Қазақстан халқы ассамблеясының құрметті төрағасы
  • Еуразия экономикалық одағының, Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесулерінің құрметті төрағасы
  • Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі ақылмандар алқасының басшысы
  • Түркі мемлекеттері ұйымының құрметті төрағасы
  • Назарбаевтың атындағы Ұлттық қорғаныс университеті
  • Назарбаев университеті
  • Назарбаев зияткерлік мектептері
  • қалалардың орталығындағы көшелер
  • Талдықорған қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде құлатылғанынан өзге ескерткіштері

ҚОРЛАР, САНАТОРИЙ, ЖАСЫЛ АРАЛ

Билік "Елбасы кеңсесін" қаржыландыруды тоқтатты. 2024 жылға арналған ескі жоспар бойынша 2 млрд теңге бөлінуге тиіс еді, жаңа республикалық бюджет жобасында Назарбаевтың кеңсесі деген бөлік жоқ.

Ал "Елбасы кітапханасы" жақында президенттік орталыққа айналды. Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадан кеткен соң қасында тұрған осы "Көкордаға" көшкен еді. Бұл кеңсенің мекенжайында қазір Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ресми тіркелген үш жеке қор жұмыс істейді: "Елбасы қоры", "Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры", "Байтау қоры", бұған қоса Назарбаев университеті мекенжайында тіркелген "Назарбаев қоры" бар. Ал "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры" мен "Демеу қоры" жұмысын тоқтатқан.

Назарбаев қорлары арқылы иелік ететін компаниялар мен ұйымдар:

  • EBF Investment
  • Vega Dom
  • Capital Invest Developer
  • Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция
  • Капитал Invest 2021
  • Люкс Сервис KZ
  • "Фонд-Инвест" мүлік басқару дирекциясы
  • High Construction Solution
  • Invest Building Operation
  • Invest Building Service
  • Best Capital Investment
  • Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институты
  • Kazakhstan Today агенттігі – бұған Караван сайты қарайды
  • Haileybury Astana School – бұған олигархтар Сержан Жұмашев, Нұржан Сұбханбердин, Болат Өтемұратовтармен бірге иелік етеді
  • Назарбаев орталығын дамыту жөніндегі дирекция
  • Қамқорлық қоры
  • El Umiti қоры
  • Тұңғыш президент музейі корпоративтік қоры
  • Инновациялық және профилактикалық медицина институты
  • Жылжымайтын мүлік нысандарын пайдалану және
  • Smart Investments компаниясы

Дегенмен бұл қорлардың артында тағы 20-дан астам мекеме, компания бар. Олар ойын-сауық, қаржы, жылжымайтын мүлікті басқару саласында жұмыс істейді. Кейбірі қоғамдық қызметпен айналысады.

Мысалы, "Ел үміті" қоры. Сайттағы ақпаратына сәйкес, жас таланттарды қолдап, түрлі жобаларды өткізеді. Ал "Smart Investments" компаниясы экс-президенттің мүліктеріне иелік етеді. Бірі жария түрде игі бастамаларға араласады, енді бірі жасырын дүние-мүлікті түгендейді.

Statsnet дерек базасы арқылы төлеген салығына қарап есептесек, бұл ұйымдардың биыл, яғни 2023 жылғы қаржы айналымы 200 млрд теңгеге жуықтайды. Аталған мекемелердің кейбіреуі бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал енді бірі биыл қыркүйек, қарашада тіркелген.

Бұл мүліктерге экс-президентке қарасты қор, серіктестіктер және олармен тығыз байланысы бар Нидерландта тіркелген Noord Holland Trading Company компаниясы иелік етеді.

Назарбаевтың бізге белгілі мүліктері:

  • Алматыдағы зәулім сарай
  • бұрынғы "Алатау" совхозының жері
  • "Алатау" санаториі
  • бұрынғы Компартия орталық комитетінің демалыс үйі – Алмалы қалашығы аумағындағы үйлер мен жерлер
  • Астанадағы жасыл арал мен ондағы коттедж;
  • Нұра резиденциясы
  • Алматы облысы Үшқоңыр жайлауындағы сарай

"Алатау" санаторийінің 5 жыл бұрын 25 пайыз акциясы "Жылжымайтын мүлікті басқару дирекциясы" арқылы "Елбасы қорына" қарайтын. 75 пайызы Виргин аралдарында тіркелген KARNELL HOLDING деген офшор компанияда болған. Карнельдің олигарх, "Қазақмыстың" иелерінің бірі Владимир Киммен байланысы бар. Ал қазір жылжымайтын мүлік реестріне сәйкес, санаторийдің құқық иесі толық Noord Holland Trading Company-ға өткен. Бұрын президенттің шаруашылық басқармасына қараған басқа да бірқатар мүлік осы компанияның иелігінде.

FORBES ТІЗІМІНДЕГІ НАЗАРБАЕВТАР

Бір қызығы, Назарбаевтың кейбір активтері "Қазақмыстың" иелігіне өтіп отырған. Кейде "Қазақмыстан" қайтадан Назарбаевтың қорына берілген. Бұған бірнеше мысал бар.

2014-17 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев қорлары арқылы RBK банктің 20 пайызға жуық акциясын ұстаған. 2017-де RBK банк қаржылай қиындыққа тап болғанда ол мұны өзге "акционерлердің ұрлығы" деп атаған.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014-2017 жылдары RBK банктің акционері болғанын айғақтайтын құжат скрині. Ол акцияға қор мен компаниясы арқылы иелік еткен.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014-2017 жылдары RBK банктің акционері болғанын айғақтайтын құжат скрині. Ол акцияға қор мен компаниясы арқылы иелік еткен.

Осыдан кейін "Қазақмыстың" негізгі акционері Владимир Ким банк акциясының негізгі бөлігін иемденді. Банкті сауықтыру үшін ол 160 млрд теңге, мемлекет 243 млрд теңге қаржы құйған. Бұл бір.

Forbes Қазақстанның жазуынша, былтыр "Елбасы қорына" қарайтын "Люкс сервис kz" компаниясының 50 пайыз үлесін "Қазақмыс корпорациясы" сатып алды. Қазір бұл серіктестікке екеуі теңдей иелік етеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың "Елбасы қоры" арқылы иелік ететін Алматыдағы зәулім сарайы
Нұрсұлтан Назарбаевтың "Елбасы қоры" арқылы иелік ететін Алматыдағы зәулім сарайы

Азаттық биыл қаңтарда Астанада "Елбасы қоры" меншігіндегі резиденцияның "Қазақмысқа" өткенін жазған. Қазір сарай қайтадан экс-президентке қайтқан. Құқық иесі – "Капитал Invest 2021" деген компания, түпкі иесі – "Елбасы қоры".

"Қазақмыс корпорациясының" түпкі бенефициары Нидерланд астанасы Амстердамда тіркелген "KCC B.V.". Алматыда кемі 200 гектар жер мен бірқатар жылжымайтын мүлікті меншіктеп отырған Noord Holland Trading Company да осы қалада тіркелген. Нақтырақ айтсақ, екі компанияның заңды мекенжайы – Амстердамдағы дүниежүзілік сауда орталығының ғимараты.

Ашық деректерде Noord Holland Trading Company-дің директоры ретінде Анна Березина деген адамның аты аталады. "Выход к морю" Telegram-арнасы Березинаның "Қазақмыспен" байланысы туралы бірнеше дерек келтірген. Қазақстандағы активтерді қауіпсіз еуропалық юрисдикцияда ұстайтын "сенімді қолбала адам" ретінде сипаттайды.

"Қазақмыстың" шын иесі Ким, Огай, Нұриевтер ме, әлде Назарбаев па? Құжат алғашқыларын көрсетеді. Бірақ оның Назарбаевтың ықпалындағы компания екені талай айтылды. "Қазақгейтті" мысал еткен "Global witness" ұйымы да "Қазақмысты" кім басқарады?" деп зерттеу жасады. Назарбаевтың күйеу баласы болған Рахат Әлиев таратқан 2006 жылғы мына аудиода Назарбаевтікіне ұқсайтын дауыс бұл сұраққа былай деп жауап береді:

– Компания маған жұмыс істейді, қалағанымды орындайды… Ол жерде ештеңеге иелік етпеймін, бірақ саған айтайын, олар мен үшін бәрін беруге дайын.

"Қазақмыстың" кейінгі жылдары Назарбаевтың қорына ондаған миллиард теңге аударғанын Protenge жобасы жазған. Оның негізгі акционері Владимир Ким экс-президентке аса жақын олигарх. 10 жыл бұрын "Қазақмыс" Қытайдан 2,7 млрд доллар несие алғанда оған мемлекет кепіл болғанын есепке алыңыз.

Экс-президенттің жабылып қалған "Демеу" деген тағы бір қоры Алматыда заманауи балет театрын салдырған. Оның қазіргі иесі экс-президенттің бейресми әйелі деп айтылатын Әсел Құрманбаева. Құрманбаева – би маманы. Ғимаратты Almaty building service компаниясы арқылы меншіктеп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі Әсел Исабаева - Алматыда жаңадан салынған балет театрының иесі. Мүлік бұған дейін экс-президенттің қорларына қараған.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі Әсел Исабаева - Алматыда жаңадан салынған балет театрының иесі. Мүлік бұған дейін экс-президенттің қорларына қараған.

Есесіне,экс-президенттің қорларына қараған екі ғимарат мемлекетке қайтқан. Қызы Дариға Назарбаева мен бұрынғы күйеу баласы, марқұм Рахат Әлиевтің медиаимпериясы күшейгенде жеке меншікке өтіп кеткен "Хабар" телеарнасының, Нұрсұлтан Назарбаев қорының Алматыдағы зәулім кеңсесінің қазіргі құқық иесі – Қазақстан президентінің іс басқармасы, әкімшілік ғимараттар дирекциясы. Жылжымайтын мүлік кадастры базасындағы деректер осыны көрсетеді.

Былтыр қаңтарда OCCRP халықаралық зерттеуші журналистер тобы "Назарбаев қоры" деген жеке қор арқылы экс-президент АҚШ, Қырғызстан және Қазақстанда 8 млрд долларға жуық, теңгеге шаққанда 3,5 трлн-ның (3 595 800 000 000) активіне иелік етіп отыр деген. Зерттеуде оның 3,4 млрд доллары қолма-қол ақша екені айтылған.

Бұл активтердің ішінде Қазақстандағы басты нысаны – Jusan bank пен соған қарасты құрылымдар. Биыл мұның бәрі шетелдік юрисдикцияға өтіп кетті деген шу көтеріліп, іске бас прокуратура араласып, жазда бейбіт келісім жасалды деген ресми хабар тарады. Қазақстанның заң шеңберіне оралды деген активтер қазір банкир Ғалымжан Есеновке қарайды. Есенов – Алматының экс-әкімі Ахметжан Есімовтің бұрынғы күйеу баласы.

Бұл активтер - экс-президент Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей өзімен байланыстылары. Forbes Қазақстан журналының биылғы рейтингіне сәйкес, Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев, ортаншы қызы Динара Құлыбаева, үлкен қызы Дариға Назарбаева, жиені Нұрәли Әлиев, немере бауыры Нұрбол Назарбаев елдегі ең ауқатты 50 адамның қатарында тұр. Әулеттің бейресми байлығы, елдегі және шетелдегі мүліктері өз алдына бір төбе.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG