Accessibility links

Конституциялық сот бейбіт жиын туралы заң нормалары Ата заңға қайшы емес деп санайды


Конституциялық сот ғимараты.
Конституциялық сот ғимараты.

Конституциялық сот "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңның нормалары Конституцияға қайшы емес деп санайды. 21 қаңтарда сот "Құқықтық медиа-орталықтың" заңгері Гүлмира Біржанованың мәлімдемесіне берген жауабын жариялады. Бұл мәлімдеме былтыр қыркүйекте өндіріске қабылданған.

Біржанова мәлімдемеде бейбіт жиын туралы заңдағы пункттер әкімдіктерге егер митинг өткізетін орын бос болмаса, азаматтардың өтініштерін автоматты түрде кері қайтаруға мүмкіндік беретінін айтып өткен.

Конституциялық сот заңның 11-бабының ("Хабарламаны қарау тәртібі") 1-тармағы бірінші бөлігі 2) мен 3) тармақшаларының және 14-бабы 1-тармағы 10) тармақшасы Конситуцияға сәйкес деп таныған.

Мемлекеттік орган қаулыда бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті орындамау туралы шешім "негізді және дәлелді болуға тиіс" деп жазған. Конституциялық сот егер митинг өткізетін орын бос болмаса, өтініш берушілерге балама орын ұсынылуы керек, өтініш беруші одан бас тартқан жағдайда ғана өтінішті орындамау туралы шешім шығарады алады деп жазды.

"Конституциялық сот заңда көзделген құралдар (атап айтқанда, бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға жиналысты өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуді ұсыну) бейбіт жиналысты ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы орган арасындағы келісу рәсімдері шеңберінде іске асырылады деп көрсетті. Осылайша, Конституциялық cот бейбіт жиналысты өткізуден белгіленген негіз бойынша бас тарту туралы шешім қабылданар алдын жергілікті атқарушы орган мұндай іс-шараны ұйымдастырушыға оны өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы ұсынысты алдын ала жіберуге міндетті деп қаулы шығарды" деп жазылған сот қаулысында.

Құқық қорғаушылар Конституциялық сот қаулысын бейбіт жиынды өткізу құқығына қатысты кішігірім болса да жеңіс деп санайды.

"Мұны не үшін ұту ретінде қарастыруға болады? Себебі Гүлмира Біржанованың ісінде Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жергілікті атқару органы балама орынды ұсынуға міндетті емес деп атап көрсеткен. Конституциялық өз кезегінде бұл міндетті талап екенін анықтады. Бұл бейбіт жиынды ұйымдастырушыларда өздерінің құқығын жүзеге асыру бойынша көп мүмкіндік пайда болады дегенді білдіреді" деп жазды заңгер Евгения Нефедьева.

Гүлмира Біржанова Азаттыққа берген жауабында әу бастан-ақ сот заң нормаларын Конституцияға қайшы деп таниды деп үміттенбегендерін айтады.

—Әрине, үміт болды, бірақ қазіргі жағдайды ескергенде.... Конституциялық соттың қаулысында атқарушы орган митинг болған жағдайда ұйымдастырушыға митинг өткізу орны мен уақытын өзгертуді ұсынуға міндетті деген тармақ бар екенін атап өткім келеді. Яғни, егер бізге балама орын ұсынбаса, біз оны талап ете аламыз. Мұндай міндет қаулыда жазылған, - деп түсіндірді Біржанова.

Астана әкімдігі былтыр ақпан айында журналистер мен медиа заңгерлер сынаған «Масс-медиа туралы» заң жобасына қарсы митинг өткізуге рұқсат бермегеннен кейін "Құқықтық медиа-орталық" заңгері Конституциялық сотқа жүгінген еді. Әкімдік ол кезде Астанадағы цирктің аумағы бос емес екенін алға тартып, өтінішті орындамаған.

Ал 18 ақпанда Біржанова мен "Құқықтық медиа-орталық" жетекшісі Диана Окремова цирк аумағына келгенде ол жерде ештеңе өтіп жатпағанын анықтаған. Біржанова сол күні әріптестерімен бірге Астанадағы митинг өткізуге арналған орындардың барлығын аралап шыққан, бірақ ешқайсысында шара өтпеген.

Бірнеше айдан кейін Біржанова Конституциялық сотқа жүгінді. Алғашқы отырысы қазанда өтті, шешімі қаңтарда жарияланды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар 2020 жылы қабылданған бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заңды халықаралық стандартқа сай емес деп сынаған. Бұл заңды билік "демократияға қарай бір қадам" деп мақтаған еді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, заңда жергілікті атқарушы органдарға митинг өткізу туралы өтінішті кері қағуға мүмкіндік беретін тетіктер көп, ал бейбіт митингілердің өздері арнайы белгіленген орындарда өтуі керек. Құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, елде оппозициялық көңіл-күйдегі белсенділердің бейбіт жиын өткізу туралы өтініштері түрлі себеппен орындалмайды. Атқарушы билік әдетте орындардың бос еместігін айтады, егер митинг өтпесе, бұл атқарушы орган емес – ұйымдастырушылардың кінәсі дегенді алға тартады.

Осы айда Астана әкімдігінің құжаттарымен танысқан "Құқықтық медиа орталық" заңгерлері Астанада қағаз жүзінде митинг "күн сайын" өтетінін анықтаған. Алайда митинг өткізуге арналған орындарға барған кезде журналистер ол жақта ешқандай шара өтіп жатпағанын көрді.

Астанадағы «митингілер», Арменияның бетбұрысы, Жапониядағы мінажат – AZATNEWS | 15.01.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:17 0:00

XS
SM
MD
LG