Accessibility links

Өзбек футболшысы Абдукодир Хусанов қалай "Манчестер Сити" қорғаушысы атанды?


Абдукодир Хусанов Орталық Азия елдері арасында ағылшын премьер-лигасына өткен алғашқы футболшы атанып отыр.
Абдукодир Хусанов Орталық Азия елдері арасында ағылшын премьер-лигасына өткен алғашқы футболшы атанып отыр.

"Манчестер Сити" 41 млн долларға сатып алды деген 20 жастағы Абдукодир Хусанов Орталық Азия елдері арасында ағылшын премьер-лигасына өткен алғашқы футболшы атанып отыр. Оның бұл жетістігі 35 млн халқы бар Өзбекстан жас футболшылары үшін жігерлендіретін үлгі болмақ.

Осы күндері Google іздеу жүйесінде "Абдукодир Хусанов" деп жазған кез келген футбол жанкүйері бір қысқа видеоға тап болады. Ол видеода өзбек футболшысы қарсыластың қарымта шабуылы кезінде қарсыластың қақпасынан өз қақпасына қарай зымырап, командасын гол кіргізуден аман алып қалғанын көресіз.

Хусанов сол сәтте сағатына 37 шақырым жүгірген көрінеді. Бұл 20 жастағы футболшыны әлемдегі ең жылдам қорғаушылардың бірі етті.

Қысқа ғана уақыт аралығында беймәлім жас ойыншыдан ағылшын премьер-лигасына өткен алғашқы орталық-азиялық футболшы атану жолы Өзбекстандағы миллиондаған футбол сүйер жастарға үлгі болды. Оны жылдамдығы мен күш-қайраты үшін "пойыз" деп атап кеткен.

Хусановты 41 млн долларға алдыртқан клуб – Англияның қатардағы клубы емес. Ол – әлемнің ең бай лигасын кейінгі жеті маусымда алты рет жеңген, дүние жүзіндегі ең үздік мамандардың бірі Пеп Гвардиола жаттықтыратын "Манчестер Сити" клубы.

"Бұл жас өзбек футболшылары үшін, тіпті Орталық Азия аймағының футболшылары үшін үлкен ынталандыру болмақ" деді Азаттыққа Өзбекстандағы "Спорт" телеарнасының шолушысы Отабек Жураев.

"Елестетіңізші, 20 жастағы өзбек футболшысы әлемнің үздік деген клубынан бір-ақ шықты. Қандай стимул!" деді Жураев. Оның сөзінше, бұдан былай скауттар Орталық Азия футболшыларына көбірек назар аударуы мүмкін.

ТАПТАЛМАҒАН СОҚПАЛ ЖОЛ

Ташкенттегі спорт журналистерінің бірнешеуі Азаттыққа берген сұхбатында Хусановты қатты тани қоймағанын айтты.

Ұлттық құрама сапында да ол былтыр ғана ойнай бастаған. Бірақ Катардағы Азия кубогында және Париждегі жазғы олимпиада ойындарында үздік ойын көрсетті.

Хусанов тапталмаған жолды таңдағанынан пайда тапқан болуы мүмкін дейді Жураев. Оның сөзінше, өзбекстандық "Бунёдкор" клубының жаттықтырушысы бұл ойыншының әлеуетін аңғармаған, сөйтіп Хусанов 2022 жылы клубтан кетуге мәжбүр болған.

Хусанов испан футболшысы Фермин Лопездің аяғына допты тартып алып жатқан сәт. 2024 жылғы жазғы олимпиада, Өзбекстан мен Испания құрамаларының кездесуі.
Хусанов испан футболшысы Фермин Лопездің аяғына допты тартып алып жатқан сәт. 2024 жылғы жазғы олимпиада, Өзбекстан мен Испания құрамаларының кездесуі.

Бірақ ол көптеген өзбек футболшылары баратын Ресейге не Түркияға бармай, Беларусьтегі "Энергетик-БГУ" футбол клубын таңдаған. Ол мұны агенті Гайрат Хасбиуллин мен әкесі Хикматжон Хошимовтің нұсқауымен жасаған. Хошимовтің өзі де кәсіби футболшы болған.

Беларусьтегі өзге клубтармен салыстырғанда қаржылай қолдауы аз минскілік "Энергетик-БГУ" беларусь жаттықтырушысы Анатолий Юрьевич үлгісімен қайта жасақталған еді. Харизмасымен танымал Юрьевич Орталық Азия футболын жақсы білген. Бір кездері ол Қазақстан клубтарын жаттықтырған және Қазақстан футбол федерациясында қызмет атқарған.

"Олар бірінші орынға ақшаны қойған жоқ" дейді Жураев Хусановтың командасын меңзеп. Журналистің сөзінше, өзбек футболшысы ақшадан гөрі кәсіби дамуына көбірек жол ашатын бағытты таңдаған.

Хусанов Беларусьте бір жарым маусым өткізіп, Беларусьтегі жоғарғы лиганың символикалық "маусым командасы" құрамына кірген. Беларусь спорт шолушысы Николай Ходасевичтің сөзінше, өзбек футболшысы "қуатымен, жылдамдығымен және салқынқандылығымен" көзге түскен.

Бірақ экономикалық жағдайы ауыр белорус клубы 2023 жылы Хусановты "Ланс" француз клубына 100 мың долларға сатты. Сөйтіп ол Франция жоғарғы лигасында ойнаған алғашқы өзбек футболшысы атанды.

АНГЛИЯҒА ФРАНЦИЯ АРҚЫЛЫ АПАРАР ЖОЛ

Кейінгі жылдары Орталық Азиядағы футболда оң өзгерістер байқалады. 2002 жылы Азиядан Еуропаға ауысқан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 додасының іріктеу кезеңінде Данияны жеңіп сенсация жасады. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жазғы ойындарға өтуге мейлінше жақын болды, бірақ бір қадам жетпей қалды.

Азия кубогында Тәжікстан да, Өзбекстан да ширек финалға жетті. Өзбекстан жарыс қожайыны, кейінірек сол жарыстың жеңімпазы атанған Катар құрамасына пенальти сериясында ғана жеңілді.

Хусанов Өзбекстаннан кеткелі ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінде 85-орыннан 58-орынға көтерілді.

Бірақ оң өзгерістің ең айқын көрсеткіші – өзбек футболшыларының түрлі шетелдік лигаларда ойнай бастағаны.

Еуро-2024 додасына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы өз алаңында Данияны жеңіп, сенсация жасады. 2023 жылғы наурыз.
Еуро-2024 додасына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы өз алаңында Данияны жеңіп, сенсация жасады. 2023 жылғы наурыз.

2020 жылы ұлттық құрама капитаны Элдор Шомуродов Италияның А сериясына өтіп, осы елдің жоғарғы лигасында ойнаған алғашқы өзбек футболшы болып тіркелді. Қазір ол "Рома" клубының қосалқы құрамында отыр.

Хусанов та алғашында франциялық клубтың қосалқы құрамында болған. Бірақ кейін негізгі ойыншылардың қатарына қосылып, жанкештілігімен көзге түсті. Сөйтіп жүріп Еуропаның үздік клубтары өзара жарысатын Чемпиондар Лигасында ойнаған алғашқы өзбек футболшысы мәртебесін иеленді.

"Манчестер Сити" клубының негізгі құрамына ену одан да қиын болмақ. Өйткені бұл клубта қорғаушылардың өзі де техникалық қабілетін шыңдап отыруы қажет.

Бірақ ол қазірдің өзінде клубтың ең жылдам ойыншысы болуы мүмкін. Өйткені өте жылдам ағылшын футболшысы Кайл Уокердің ойыны бәсеңдеп, норвегиялық суперстар Эрлинг Холандтың маусымдағы ең үздік жылдамдығы сағатына 35,7 шақырым болды.

Жураевтың сөзінше, қандай жағдай болмасын, трансфердің өзі-ақ өзбек футболы үшін "үлкен толқын тудыратын су астындағы жарылысқа" тең.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG