Accessibility links

Башқұртстандағы Баймақ көтерілісіне бір жыл. Не өзгерді?


2024 жылы 15-17 қаңтарда Башқұртстанның Баймақ қаласында белсенді Фаил Алсыновқа шығарылған үкімге қарсы азаматтар сот ғимаратына қарай ағылды. Мұның аяғы наразыларды жаппай ұстауға ұласып, тергеуден кейін екі адам қаза болды, 80 қылмыстық және 520 әкімшілік іс қозғалды.

"ФАИЛ АЛСЫНОВТЫ БОСАТСЫН!" ХАЛЫҚ КӨШЕГЕ НЕ ҮШІН ШЫҚТЫ?

2024 жылғы 15 қаңтарда Башқұртстанның оңтүстік-шығысындағы Баймақ қаласында қатты аяз болды, соған қарамастан ауылдар мен қалалардан мыңдаған адам аудандық сот ғимаратына қарай ағылды. Осы күні экология саласындағы белсенді Фаил Алсыновтың ісі бойынша үкім шығады делінген. Көпшілік белсендіге қолдау білдіру мақсатымен жиналды.

"Фаил Алсыновты босатсын! – деп ұрандатты олар. – Біз қара халықпыз!"

Дәл осы башқұрт тілінде айтылған "қара халық" сөзін тергеушілер "қара қожалақ" деп аударып, 38 жастағы Алсыновқа губернатордың арызымен экстремизм бабы бойынша айып тақты.

Белсенді бұл сөзді 2023 жылдың сәуір айында Баймақ ауданындағы Ишмурзино ауылының маңындағы алтын өнеркәсібіне қарсы халық жиынында айтқан. Алсынов башқұрттар жерінен де, тілінен де айырылды, президенті мен халық сайлауы да жоқ, "жігіттер" туған жерін қорғаудың орнына, "өліп жатыр" дей келе: "Сырттан келіп, жерімізді тартып алып жатыр! Бұл біздің жеріміз! Бұл жерден ешқайда кетпейміз! Армяндар өз еліне кетеді, орыстар Рязаньға, татарлар Татарстанға кетеді, "қара халық" та кетеді. Біз ешқайда кете алмаймыз, біздің үйіміз осында", – деп қосқан еді.

2023 жылғы наразылық акциясына да мыңдаған адам жиналған: олар Башқұртстан билігінен халықтың келісімін алмай жер қойнауын барлаумен және игерумен айналысатын компанияларға лицензия бермеуді талап етті.

Бұдан сәл бұрынырақ, 2023 жылдың ақпан айында Абзелил ауданы тұрғындары да осындай талап қойған. Башқұртстанның Челябі облысымен шекаралас бұл аудандарды ел ішінде "башқұрттың Оралы" деп атайды. Таулы жер көмір, мыс, мырыш, алтын сияқты табиғи ресурсқа бай, Ресейдің ірі өнеркәсіп компаниялары кен орындарын игере отырып, суды, топырақ қабаты мен ауаны ластайды.

Нәтижесінде екі компания кен орнын игеруден бас тартты. Бұл республика тұрғындарының алғашқы жетістігі емес. Табиғатты қорғау мақсатында халық жиналысын өткізуді олар Башқұртстанның белгісі саналатын шихандарды (тауларды) қорғау кезінде белсенді түрде бастаған.

2015 жылы елдегі сода өндіретін ірі кәсіпорынның бірі "Башқұрт сода компаниясы" әктас қоры төрт жылға ғана жететінін айтып, Торатау мен Юрактауды игеруге рұқсат беруді сұраған. Жергілікті халық, соның ішінде башқұрттар ғана емес, республикадағы татар, чуваш, марий қауымдастығы да бұған қарсы болды. Сол уақытта "Башқұрт" ұлттық ұйымының көшбасшысы болған Фаил Алсынов наразылықтың басында жүрді. Қоғам белсенділері шихандарды сақтап қалды, оларға республиканың сол кездегі басшысы Рустэм Хамитов қолдау көрсетті. Алайда, Хамитов 2018 жылы сода өндіретін компанияға Куштау шиханын игеруді бастауды ұсынды. Бұл жаппай наразылықтың өршуіне, Путиннің араласуына, сода компаниясын ұлттық компанияға айналдыруға, губернаторды отставкаға жіберуге, сондай-ақ "Башқұрт" ұйымын экстремистік деп тануға әкеп соқты.

Фаил Алсынов
Фаил Алсынов

2020 жылдың тамыз айында қызметтен кеткен губернатордың орнына келген Радий Хабиров белсенділерге Куштауға тиіспеуге уәде берді. Содан бері Алсынов бастаған белсенділер жыл сайын бұл күнді атап өтіп жүрген.

2023 жылдың аяғында "КушТау on-line", "Тот самый из Башкорт" және "Башнацполит" башқұрт арналарының жазылушылары бұлардың Телеграм желісінен жоғалып кеткенін хабарлады. Алсыновты экстремистер мен террористер тізіміне енгізді, тергеушілер белсенді башқұрттарды басқа халықтарға қарсы қою арқылы ұлтаралық араздық тудыруға талпынды деп шешіп, Ресейдің Қылмыстық кодексінің 282-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жергілікті жұрт бұған келіспейтінін білдіріп, көшбасшы болып жүрген белсендіге қолдау білдірді, "башқұрт халқының ғана емес, халықтың атынан сөйлейтіндердің құқығы мен мүддесін қорғау керек, біреуді қамаса, екінші, үшінші, төртінші адамды да қамауға алады" десті.

"Фаилды білемін, халық та оны әділдікті қолдайтын, экологияға жаны ауыратын адам ретінде біледі. Халық арасына бүлік салды. Мен де қарап отыра алмадым", – дейді музыкант Алтынай Валитов "Понятно.Медианың" наразылыққа шығуға не түрткі болғаны туралы сұрағына.

2024 жылғы 18 қаңтарда, музыкант жергілікті халықты Фаил Алсыновты қолдау акциясына шығуға шақырған бейнеүндеу таратқаннан кейін, оның үйіне тінту жүргізілді. Валитов елден кетуге мәжбүр болды.

"ҚАРА ХАЛЫҚТЫҢ" САҒЫН СЫНДЫРУ

Алсыновтың үкімін жариялауды 17 қаңтарға ауыстырды. Бұл уақытта алда болатын наразылықты басып-жаншу үшін Баймаққа Росгвардия қызметкерлері мен полициядан тұратын 700-ден астам адамды жіберді. Соның ішінде Орынбор және Челябі облыстарынан да жөнелтті. ІІМ билік келісім бермеген наразылық акциялары мен "арандатуға" қатысуға болмайды деп ескерту жариялап, республиканың Мұсылмандар діни басқармасы жамағатты шариғат талабына қайшы шеруге шықпауға шақырды, ал күштік құрылым өкілдері ұлтшылдар арасында танымал белсенділердің үйіне барып, оларды жауап алу үшін федералдық қауіпсіздік кеңсесіне алып кетті.

Баймақ қаласындағы наразылық. 17 қаңтар, 2024 жыл
Баймақ қаласындағы наразылық. 17 қаңтар, 2024 жыл

Соған қарамастан Башқұртстан тұрғындары WhatsApp пен Телеграмда бірнеше чат құрып, Баймаққа ала кететіндерді іздеді, тамақ және термоспен шәй әкелуге келісті, жиырма градус аязда тоңып қалмау үшін не кию керегін айтты, басқа қалалардан келгендерді үйіне түнеп шығуға шақырып жатты. Көршілес Челябі облысының аудандарынан да адам ағылып келді, жолға шығуға келіскен чатқа 800-ге жуық адам кірді.

"Біз кешегіден де көп болуымыз керек. Фаил өзінің жеке пікірін емес, халықтың пікірін жеткізді! Сіздер пікір білдіруге қорқып отырған уақытта Фаил басын қатерге тікті, ендеше тым болмаса оны қолдаудан қалыс қалмаңдар!" – деп жазды белсенділер.

Митингідегі жүріс-тұрыс ережесін алдын ала талқылады: арандатудан аулақ болу, үкіметке қарсы ұрандатпау, Башқұртстанның ресми туынан басқа ешқандай рәмізді пайдаланбау ұйғарылды.

17 қаңтар күні таңертең күш құрылымдары сот ғимаратына баратын жолды жапты – бір жерге трактор қойса, тағы бір тұсында арнайы жасақ мінген автобус тұрды. Үкім жарияланатын күні алаңға бірнеше мың адам жиналды.

Ауданда интернет бұғатталып, Алсыновтың жақтастары мессенджер арқылы байланысқа шыға алмай қалды.

Башқұртстан халқы неге толқыды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

Сот белсендіні кінәлі деп танып, төрт жылға бостандығынан айырып, жалпы режимдегі колонияға жіберді. Алсыновты сот ғимаратынан автозакпен әкетіп бара жатқанда нөпір халық көлікті қоршап алып, жүргізбеді. Бұл бірнеше сағатқа жалғасты.

Кейбіреулер полицияға қар ата бастады. Құқық қорғаушылар тобырдың ішінде кәнігі арандатушылар болғанына сенімді, себебі Башқұртстанның Телеграм арналары жариялаған фотосуреттерден көпшілікке қатқан қар лақтырып жүрген ер адамдарды көруге болады. "Медиазонаның" жазуына қарағанда, қар атып жүргендердің бірі Уфадағы марксистік үйірмеге қатысты атышулы қылмыстық істе федералдық қауіпсіздік қызметіне айғақ ұсынған адам.

Осыдан кейін наразылық білдірушілерді ұстап, резеңке тоқпақпен ұра бастаған, көпшіліктің ішіне жарылғыш зат лақтырып, көзден жас ағызатын газ шашқан.

Баймақ қаласы, Башқұрстан. 17 қаңтар, 2024 жыл.
Баймақ қаласы, Башқұрстан. 17 қаңтар, 2024 жыл.

Бірнеше адам жедел жәрдем шақыртқан. Заңгерлерін Баймаққа жіберген "Команда против пыток" құқық қорғау жобасының дерегі бойынша, ондаған адам көз алмасы күйіп, сүйегі сынып, дәрігерге жүгінген.

19 қаңтар күні, Баймақтағы наразылықты билік аяусыз басып-жаншығаннан кейін Алсыновты қолдайтын жұртшылық Уфада акция жасай бастады. Салават Юлаев алаңына мыңға жуық адам жиналып, ондаған адам ұсталды.

Осы оқиғалардан кейін бірден ұйымдастыру жұмысына құрылған чаттардың атауы "Арандатудан кейін жоғалғандарды іздеу" деп өзгертілді. Ел ішінде жақындарынан көз жазып қалғанын айта бастады: "Халық толқуының жай-жапсарын анықтау үшін арнайы жасақ алып кетті", "Нигаматово деревнясында қонақта жүрген жерінен ұстап әкетті", "таңғы жетіде алып кетіп, Уфадағы бірінші тергеу изоляторына апарды, басқа ақпарат жоқ, заңгер де жоқ" дегендей хабар тарап жатты.

Баймақ ауданына қарасты Ишберда ауылының тұрғыны, 42 жастағы орманшы Дим Дәулеткелдинді де үйінен ұстап әкетті. 17 қаңтар күні ол қыздарын Баймаққа үйірмеге апарып, содан кейін Алсыновтың соты болып жатқан ғимарат жаққа соққан. Бір тәулікке жетпей Дәулеткелдиннің үйіне арнайы жасақтың бес сарбазы мен екі тергеуші сау етіп кіріп келді.

Пәтерде тінту жүргізіп, отағасын тергеу изоляторына алып кеткен, сол жерден омыртқасы сынып, бүйрегіне зақым келгендіктен ауруханаға әкеткен. Дәулеткелдиннің айтуынша, телефонын ашып беруден бас тартқаны үшін соққының астына алған.

Тағы бір айыпталушы Зәки Ильясов ұстау кезінде комаға түскен. Екі күннен кейін есін жиған Ильясовты тергеу изоляторына жіберген.

Вахтамен жұмыс істейтін 37 жастағы Рифат Даутовты 25 қаңтар күні ұстаған. "Алдымен Уфада учаскеге шақырып, төбелеске қатысты деген қағаз берген. Содан кейін Зианчурин ауданында көшеде кетіп бара жатқан жерінен арнайы жасақтың "Газель" көлігіне салып алып кеткен, аты-жөндерін айтпаған", – деп жазды Даутовтың әпкесі Залия Ахмадеева.

Ертесіне учаскелік полицей Даутовтың ата-анасына келіп, мәйітті тануға шақырған.

Залия Рифаттың Баймақтағы жиналысқа қатыспағанына сенімді, ол Уфадағы акция болған маңға 19 қаңтар күні қызымен кездесуге барған.

Күш құрылымдары "қорытынды 30-40 күннен кейін болады" деп уәде беріп, жақындарына өлімнің себебін де айтпаған. Билікке жақын "Техас Хабирова" арнасы бірден-ақ сот-медицина сараптамасы Даутов алкогольден уланған болуы мүмкін екенін көрсетті деп жазып жатты. Дәл осы арнада өлерінің алдында "аяғын әрең басып тұрғанын" көрген куәгерлердің қиыстырған сөзі де шықты. Алайда мұны ресми сараптаманың өзі көрсеткен жоқ.

Даутовты 6 ақпан күні ғана жерледі. Марқұмның мәйітін отбасына соңғы сәтке дейін берген жоқ. Idel.Реалии сайтының хабарлауынша, қорғаушылар Даутовты Баймаққа апарған уақытта аяусыз ұрып-соққан болуы мүмкін, соның салдарынан бірнеше сағаттан кейін ішіне қан кетіп қайтыс болған деп санайды.

13 ақпан күні Мелеузде наразылықтан кейін ұсталған тағы бір азамат, 65 жастағы Минияр Байгускаровты жерледі. "Аспекты" басылымының жазуынша, Байгускаров өлерінің алдында хат жазып қалдырған. Журналистермен байланысқа шыққан марқұмның туыстарының бірі полицияға шақырып сөйлескенде Миниярға қысым жасағанын айтты. Өлерінің алдында туған ауылына және әулеттің қарашаңырағына барған деседі.

Фаил Алсынов сот залында, 17 қаңтар, 2024 жыл.
Фаил Алсынов сот залында, 17 қаңтар, 2024 жыл.

"Ұрып-соққан, ұра-ұра Уфаға дейін апарған. Ұрып-соғып, жауап алған. Сол жерде болдың ба? Болдым. Қатыстың ба? Қатыстым. 65 жастағы адамды солай ұрған", – дейді "Медиазона" журналистеріне сұхбат берген марқұмның туған бауыры Салауат Байгускаров.

Тергеу комитеті бұл жағдайлардың ешқайсы бойынша іс қозғаған жоқ.

ҚАР ЛАҚТЫРЫП ҚАРСЫЛЫҚ ТАНЫТҚАНДАР

"ОВД-Инфо" мәліметінде наразылық қорытындысы бойынша полицейлер 556 әкімшілік хаттама толтырғаны жазылған. Оның 528-і бойынша қаулы шығарған, соның ішінде 123 іс бойынша Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 19.3-бабымен ("Полиция қызметкеріне бағынбау"), 433-і осы кодекстің 20.2-бабы бойынша ("Митинг өткізу тәртібін бұзу") қозғалған.

Кемінде 80 адам Қылмыстық кодекстің 212-бабының 2-тармағы ("Жаппай тәртіпсіздікке қатысу") мен осы кодекстің 318-бабының 1-тармағы бойынша ("Билік өкіліне қарсы өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш көрсету") істі болған.

Тергеудің нұсқасы бойынша, 17 қаңтар күні наразылық білдірушілер "мұзға айналған қар кесектерін" лақтырып, күш құрылымдарының қызметкерлері жарақат алған. "Команда против пыток" ұйымының қызметкері Альбина Мударисованың айтуынша, зардап шеккен орган қызметкерлері "[Баймақ аудандық ауруханасына] кешкісін [17 қаңтар күні] барған; олардың жалпы саны 40-60 адам болған".

Ал 2024 жылдың күзінде тергеу комитеті Баймақта 69 қызметкер зардап шекті деп мәлімдеді.

"БАЙМАҚ ІСІ" БОЙЫНША КІМДЕРДІ СОТТАДЫ?

Баймақтағы жағдай бойынша алғашқы үкім Орынбор облысының тұрғыны, 50 жастағы фермер Илшат Улябаевқа шықты. Илшаттың сегіз баласы бар, RusNews басылымының дерегінше, әйелі қатерлі ісікке шалдыққан.

Орскідегі сот оны жаппай тәртіпсіздікке қатысып, билік өкіліне күш көрсетті деп таныды.

Илшат Улябаев кінәсін мойындап, шерушілерді күшпен таратқан полицейден кешірім сұрағанына қарамастан, сот оны бес жылға бостандығынан айырып, түрмеге жапты.

Республика аумағынан тыс жерде жазаға тартылған жалғыз Илшат Улябаев емес, сот процесі әр аймақта жүріп жатты. Idel.Реалии сайтының хабарлауынша, Башқұртстанға көрші облыстардың соттарына Баймақтағы наразылық бойынша істердің жартысына жуығын жіберген. "ОВД-Инфо" қылмыстық істерді үйлестірушісі Ева Левенберг Настоящее Время басылымына берген сұхбатында, Ижевск, Самара, Тольятти, Орынбор, Орск сияқты бес қаланы атап көрсеткен.

Башқұртстанның прокуратурасы мұндай шешімді іске қатысы бар тұлғалар "сот өндірісіне қатысушыларға қысым жасап", соның ішінде "оппозициялық ақпарат құралдары мен шетел агенттерін" пайдаланып қысым жасауы мүмкін деп түсіндірген.

Құқық қорғаушылар болса, билік бұл соттарда қолдау білдірушілер бой көрсеткенін қаламайды дейді. "Менің ойымша, мұндай шешім қабылдауға органдар мен биліктің аймақта әртүрлі наразылық шарасы өтуі мүмкін деп қорқуы себеп болды", – деді Левенберг.

"Гражданский контроль" құқық қорғау ұйымының сот мониторингі бағдарламасының үйлестірушісі Николай Кретов "Баймақ ісі" бойынша жүріп жатқан процестердегі қауіпсіздік шаралары таңғалдырады деп атап өтті: "Беренді кеудеше киіп, итін жетектеген, басқа да бес қаруы сай адамдар саны елде болатын басқа сот процестерімен салыстырғанда, әлдеқайда көп. Террористерге қатысты іс емес, қандай да бір аса қауіпті қылмыскерлер емес қой", – деді ол.

Құқық қорғаушылар олардың аты-жөнін жақсы біледі, "Медиазона" олардың республика басшысы Радий Хабиров айтқандай, "Башқұртстанды Ресейден бөлуге шақыратын сатқындар" емес, "бетперде тақпай, бет-жүзін жасырмай, мыңдаған адамның ішінен бейнежазбаға түсіп қалғандықтан, күш құрылымдарының өкілдері ұстап әкеткендер" екеніне назар аудартады.

Айыпталғандардың көпшілігінің ұлты – башқұрт, ер адамдар. Орташа жасы – 37 жас. Негізінен оқытушылар, фермерлер, құрылысшылар, жұмысшылар, жүргізушілер мен кәсіпкерлер.

Құқық қорғаушылардың қолындағы мәлімет бойынша, қазірге дейін сегіз адамға үкім шыққан.

"Баймақ ісі" айыпталушылар саны жөнінен "Болотное" ісінен асып түсті, 2012 жылдың мамыр айында болған наразылықтан кейін Мәскеуде қозғалған "Болотное" ісі ұзақ уақыт бойы ең ірі саяси іс саналып келген еді (бірнеше бап бойынша кемінде 34 адам жазаға тартылған). Башқұртстанда күдіктілер саны артуы мүмкін деген қауіп бар.

"Соңғы айыпталушы туралы мамыр айының ортасында ғана белгілі болды. 80 адам деген соңғы сан емес, өйткені қылмыстық істе "жеке басы анықталмаған" азаматтар бар, бұл іске қатысы бар адамдарды іздеу, тергеу, анықтау әлі де жалғасуы мүмкін екенін көрсетеді. Әрекетті жасағаннан кейін 10-15 жыл бойына кінәлілер жауапқа тартылуы мүмкін. Бәрі Ресей Федерациясының тергеу комитетінің саяси шешімі мен еркіне байланысты", – деді Ева Левенберг.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG