Азаматтық белсенді, көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар, ақтөбелік Мұсағали Дауылов Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, жалғыз адамдық пикетке шықты. Бұл жөнінде Oyan, Qazaqstan қозғалысы Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, Дауылов Ахтанов атындағы драма театрының алдына барған. Оның қолында "Маған күлкілі емес" ("Мне не смешно") деген жазуы бар қағаз болған.
Дауылов сонымен бірге көзі көрмейтін адамдарды қамамайтынын да айтқан.
Белсендінің ұсталғаны-ұсталмағаны туралы ақпарат шыққан жоқ.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталып, ертесінде екі айға қамалған. Оған "әлеуметтік алауыздық қоздырды" деген айып тағылған. Оған айыппұл салынуы мүмкін немесе 2-7 жыл аралығында бостандықты шектеу немесе бостандықтан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Журналистер мен сарапшылар Еңсебектің ұсталуын сынаған.
Бұған дейін Темірлан Еңсебекті қолдап бірнеше адам Алматы мен Қостанайда пикетке шықты. Олардың арасында Әсем Жәпішева пен Руслан Бикетов, Ақмарал Жәкібаева бар. Сот олардың кейбірін 15 тәулікке қамады, кейбіріне айыппұл салды. (21 қаңтарда Зинченко мен Жәкібаеваға әрқайсысына – 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынған).
Алматы полициясы Темірлан Еңсебекке қарсы ашылған қылмыстық іс "сатирамен байланысты емес" деп мәлімдеген.