14 жылға сотталып, қазір жазасын өтеп жатқан «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Мұхтар Жәкішевтің көзіне операция жасалған. Өткен аптада Facebook парақшасында қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина «Жәкішевке операция Қарағандыда (жаза мерзімін Қарағанды облысындағы Долинка кентіндегі түрмеде өтеп жатыр) жасалды» деп жазған. Төреғожина «2016 жылы бірнеше мәрте қан қысымы күрт көтерілуі салдарынан жанарының тор қабығы 12 сағатқа (рецидив) жарылып (клапанға ұқсас жарық – ред.) кеткені анықталып, Мұхтар Жәкішевтің сол көзіне операция (ота) жасалды» деп хабарлаған. Екі күннен кейін Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы туралы құқық қорғаушы «Көзіне екі күн бұрын операция жасалған Мұхтар Еркінұлының бүгін дене қызуы көтеріліп, бүйрегі қатты ауырған әрі қан қысымы түспей қойған деген ақпарат түсті» деп тағы жазды.
Тұтқынның көзіне операция жасалғанын қарашаның 1-і күні Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен кезде Мұхтар Жәкішев отырған Долинка түрмесі (АК-159/6 мекемесі) бастығының орынбасары, майор Ерболат Әбікеев те растады. Оның сөзінше, ота сәтімен жасалған, Жәкішев қазір мекемеде. Ресми сауал жолдау қажет деген уәжбен Әбікеев өзге ештеңе айтпады.
Ал қарашаның 2-сі күні Азаттық тілшісімен сөйлескен кезекші «бүкіл мекемені, оның ішінде санитарлық бөлімді де аралап шыққанын» айтып, «Жәкішевті көрдім, оның қан қысымы көтерілгені байқалған жоқ, шұғыл жәрдем көрсетуге қажеттілік болмады» деді.
МҰХТАР ЖӘКІШЕВТІҢ ДЕНСАУЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ТУРАЛЫ
Созылмалы гипертония дертіне шалдыққан 54 жастағы Мұхтар Жәкішевті қамауға алған кезден, яғни 2009 жылдан бері оның денсаулығына қатысты қарама-қайшы екі пікір айтылып келеді. Туыстары мен жақтастары «Жәкішевтің денсаулығы мүлде нашар, сондықтан оны қамауда ұстауға болмайды» десе, түрме билігі «оның дені сау, сондықтан денсаулығына байланысты оны босатпақ түгілі, Қарағанды өңіріндегі түрмеден Алматы облысындағы түрмеге ауыстыруға да (мұны Жәкішевтің денсаулығы нашар деген уәжбен туыстары мен жақтастары ұсынған) себеп жоқ» деген пікірді ұстанады. Мысалы, биыл маусымда Азаттық жолдаған сауалға ішкі істер министрлігі (ІІМ) «жазасын өтеуді жалғастыру үшін тұтқынды өзге түзету мекемесіне ауыстыруға медициналық себептер жоқ» деген жауап жазған.
Ал енді Жәкішевке операция жасалғаны және оның операциядан кейінгі жағдайы туралы Бақытжан Төреғожина хабарлағаннан кейін оның денсаулығына қатысты әңгімелер мен оны түрмеде ұстай беру жөнсіз деген пікірлер қайта айтылып жатыр.
Дәрігерлік тәжірибесі мол бұрынғы медициналық қызметкер, «Аман-Саулық» үкіметтік емес ұйымының басшысы Бақыт Түменова Азаттықпен әңгімесінде қамаудағы Мұхтар Жәкішевтің кейінгі үш жылдағы сырқаттарының тарихын зерттеп шығып, биыл қыркүйекте сараптамалық ұйғарым жасағанын айтады.
- Мен оның гипертония дертіне шалдыққанына бірталай жыл болғанын, дерті әбден асқынып, енді бүйрек, көз және өзге органдарға шауып жатқанын жазғанмын... Оның көздерінде де гипертрофиялық өзгерістер бар. Ал мұндай проблемалар әдетте жылдарға созылған гипертонияның кесірінен болады, - дейді Бақыт Түменова.
Түменованың сөзінше, гипертония асқынған кезде ішкі органдардың да қызметі бұзылады.
- Ең қорқыныштысы - дерт инсульт немесе инфаркке дейін асқынуы мүмкін, ал одан адам өліп қалуы немесе мүгедек болуы мүмкін, - дейді Бақыт Түменова. Бұған қоса, ол Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы мүшкіл халде деп санайды.
Мұхтар Жәкішевтің түрмедегі жағдайы мен денсаулығына қатысты жайттарды сегіз жылдан бері бақылап келе жатқан құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Азаттыққа айтуынша, ертеректе Мұхтар Жәкішев қан қысымы күрт көтеріліп, талай рет есінен танып қалған. Сондықтан ол мамырда «...тұтқын Жәкішев әлсін-әлсін талықсып кететін күйде» деп Facebook арқылы дабыл қағуға тура келгенін еске алады. Оның сөзінше, ол кезде, яғни Жәкішев Долинка түрмесіне түскеннен кейін мекемеге екі рет жәдел жәрдем шақыруға тура келген.
Аты-жөнін атағысы келмеген түрме жүйесі қызметкерлерінің бірі Азаттыққа Жәкішев Қарағанды клиникаларының бірінде профилактикалық тексеруден өтіп, кешенді түрде емделді, бірақ ол ем денсаулығы төтенше нашарлаған себепті жасалған жоқ дейді.
- Ешқандай күрделі операция болған жоқ. Оны «Гиппократ» деген медициналық орталыққа апарған. Негізгі сырқатының салдарынан - ал ол кісінің гипертониясы бар екен - көзінің тор қабығында өзгерістер болыпты, соны күйдірді, яғни көз торының зақымданған тұстарын лазермен күйдірді. Денсаулық жағдайы жалпы жақсы, қанағаттанарлық. Шағым түскен жоқ. Бұған қоса, ол кісі ішіне УЗИ жасатты, невропатолог маманға қаралып, кеңес алған көрінеді, - дейді түрме жүйесінің қызметкері.
Түрме жүйесі шенеунігінің айтуынша, операциядан кейін жағдайы жақсы болғандықтан, Жәкішевті Долинкадаға түрмеге дәл сол күні қайта апарған.
ДЕНСАУЛЫҚ, САЯСАТ ЖӘНЕ БОСТАНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ
Мұхтар Жәкішевтің жақтастары оны саяси себеппен соттады деп санайды. Олар оны қамаудан босату мәселесі ең алдымен ел басшылығының саяси ықтиярына байланысты деп топшылайды.
Мұхтар Жәкішев саясатпен айналыспағанымен, 2013 жылы қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған. Олардың пікірінше, Жәкішев қылмыстық қудалауға бұрынғы банкир, ал қазір шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен дос болғаны үшін ұшыраған. Қазақстан билігі осы жылдар бойы Әблязовті Қазақстанға алдыруға тырысып келеді.
Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры Евгений Жовтис Азаттықпен әңгімесінде «қазақстандық сот жүйесі бір сипаттағы қылмыс жасағаны үшін түрлі, яғни қылмысына сәйкес емес қатал жазадан бастап адамды ақтауға дейінгі үкімдерді жиі кеседі» дейді. Оның сөзінше, мұның бір мысалы - бір миллион доллар пара алды деп айыпталған «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті Василий Нидің қылмыстық жауапкершіліктен босатылғаны.
Евгений Жовтис оның (Нидің) үстінен қылмыстық іс заң аясында қозғалды, бірақ оны босату «қилы саяси жел есіп тұратын» жоғарғы жақтың құзырындағы мәселе болған сияқты деп болжайды. Жовтистің пікірінше, 2009 жылғы көктемнен әлі күнге дейін Мұхтар Жәкішевті кепілде ұстап келе жатқан оқиғалар тізбегінен құқықтық қисын табу қиын.
Жовтистің айтуынша, Мұхтар Жәкішевті қылмыстық қудалауға себеп бар, бірақ бұл заң аясындағы немесе құқықтық тұрғыдағы қисын емес, саяси себеп, өйткені тергеу, сот, қамауға алу кезінде және енді Жәкішевті босату туралы мәселелерге «Әблязовтің көлеңкесі» түсіп тұр.
Құқық қорғаушы «Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы мен оны босатуға қатысты мәселеге келсек, сырқаттарына бола оны түрмеден босату мүмкіндіктері заңда қарастырылмаған» дейді.
- Бірақ ол кісі - жасы келіп қалған, сырқаты ауыр, сырқаттарына байланысты өміріне қауіп төніп тұрған адам, дерті меңдеп кеткен жағдайда түрмеден шығатын сәтке жетпей қайтыс болып кетуі мүмкін. Сондықтан мемлекет бұл жағын да таразылауы тиіс. Егер Жәкішев түрмеден шығатын уақытына жете алмаса, оның өлімі "мемлекет мойнында болады", - дейді Евгений Жовтис.
Мұхтар Жәкішевті өзі сенат депутаты болған 2000 жылдардан бері білетін жалпыұлттық социал-демократиялық партия (өзін оппозициялық партия деп атайды) саяси кеңесі президиумының төрайымы Зәуреш Батталова «оның тән азабы ғана емес, моралдық-психологиялық тұрғыдан да азап шегіп келе жатқанына сегіз жылдан асты» деп санайды.
- Өзінің таза, адал екеніне және осынша көп жылға кескен сот үкімі заңсыз әрі әділетсіз екеніне көзі жеткен адам тіпті қатты күйзеліске түседі, - дейді Зәуреш Батталова.
"Экономикалық қылмыс жасады" деген айыппен 14 жылға сотталған Мұхтар Жәкішев жазасын 2009 жылғы мамырдан бері өтеп жатыр. БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитеті Жәкішевтің құқығы бұзылғаны туралы берген шағымы бойынша оның пайдасына шешім шығарып, Астананы оны босатуға шақырған.
Қазақстан билігі Мұхтар Жәкішевтің ісінде және оны елдің оңтүстігіндегі түрмеден Қарағанды облысындағы түрмеге ауыстырудың астарында саяси себеп бар деген болжамды жоққа шығарады.