«Коррупциялық қылмыс жасады» деген айыппен 2010 жылғы наурызда 14 жылға сотталған «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті мамырдың 18-і күні Астананың тергеу абақтысынан Қарағанды облысы Долинка кентіндегі қатаң режимдегі колонияға (АК-159/6 мекемесі) этаппен апарған. Кәдімгі тұтқындардың бірі болса, оны түрмеден түрмеге ауыстыру әдеттегі іс көрінер еді. Бірақ қуғындағы ірі банкир, Қазақстаннан кетіп үлгеріп, енді коррупциялық қылмыс айыбымен сырттай 20 жылға сотталған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің жақын досы болғандықтан, түрмеде отырған жылдары Жәкішев жұрт назарында болып келеді.
Оның қан қысымы үнемі жоғары болатындықтан, Мұхтар Жәкішевтің туыстары мен құқық қорғаушылар тұтқынның денсаулық жағдайына алаңдайды. Туыстары оның жазасын Алматыға – отбасына жақын орналасқан түрмеде өтеуін талап етеді. Бұған қоса, құқық қорғаушылардың айтуынша, Қарлаг дәстүрлері әлі күнге дейін жойылмаған Қарағанды облысы түрмелерінде тұтқындарды ұстау режимін айтпағанда, Қарағанды облысымен салыстырғанда, Алматы аймағының климаты жұмсақтау.
Бірақ түрме билігінің пікірі өзгеше. Қазақстан ішкі істер министрлігі (ІІМ) Азаттық сауалына жолдаған жауабында «Жазасын ары қарай өтеу үшін тұтқынды өзге түзету мекемесіне ауыстыруға медициналық негіздер жоқ» деп жазған. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Долинкадағы колонияға түскеннен кейін тұтқын Жәкішев «сырқаттарына байланысты диспансерлік есепке алынып, мекеменің медициналық бөлімшесінде ғана емес, азаматтық медицина ұйымдарында да жүйелі түрде амбулаториялық және стационарлық емдеу курстарынан өтіп тұрады».
Дәрігерлік құпия деген уәжге сілтеген ІІМ Жәкішевтің диагнозы туралы ақпарат беруден бас тартты, бірақ тұтқынның «жалпы жағдайы қанағаттанарлық» және «тиісті медициналық бақылау мен емдеумен толық көлемде қамтамасыз етілген» деп мәлімдеді.
ДЕНСАУЛЫҚ ЖАҒДАЙЫНА ҚАТЫСТЫ ДАУ
Ертеректе Facebook желісінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина «тұтқын Жәкішев әлсін-әлсін талықсып кететін күйде» деген ақпарат жариялаған. Төреғожинаның Азаттық тілшісіне айтуынша, Жәкішев Долинка түрмесіне түскеннен кейін екі рет жәдел жәрдем шақыруға тура келген. Оның сөзінше, түрменің медицина қызметкерлері оған медициналық көмек көрсету үшін емес, арты қайғылы жағдаймен аяқталған жағдайда заң тұрғысынан сақтану үшін оның медициналық карточкасын мұқият толтыруға мәжбүр.
Ол жақта жападан-жалғыз отыр, неліктен отырғанын әрі мұның қаншаға созылатынын білмейді, енді не болатынынан да хабарсыз. Ал бұл - мұндай жағдайда отырған адам үшін ең сұмдық нәрсе.
Маусымның 28-і күні Мұхтар Жәкішев 54 жасқа толды. Ол осымен тоғызыншы жыл қатарынан туған күнін түрмеде қарсы алды. Әдетте бұл күні онымен кездесуге әйелі Жәмила баратын. Бірақ Жәкішевтің қызы Әйгерімнің Азаттыққа хабарлауынша, бұл жолы ол бара алмаған, сондықтан бұл күні оның әкесімен туыстарының бірі кездесіп қайтқан, ол әкесінің денсаулық жағдайын сол кісіден естіген.
«Ол жүдеп кетіпті, қазір ептеп тұрақтағанымен, қан қысымы да жоғары. Оған ең қатты бататыны - үйден және үйренген климаттан алыста екені. Ол жақта жападан-жалғыз отыр, неліктен отырғанын әрі мұның қаншаға созылатынын білмейді, енді не болатынынан да хабарсыз. Ал бұл - мұндай жағдайда отырған адам үшін ең сұмдық нәрсе. Әкем кездескен кезде өзін сергек ұстауға тырысады, бірақ оның денсаулығына қатысты шындықты білгісі келетіндер бұған алданбауы тиіс» дейді Әйгерім Жәкішева.
ТҰТҚЫНДЫ АРЫ-БЕРІ АУЫСТЫРА БЕРУ
Созылмалы гипертонияға шалдыққан тұтқын Мұхтар Жәкішевтітүрме басшылығының бір түрмеден түрмеге дүркін-дүркін ауыстыра беру қисынын түсіну сырт көзге қиын. Жәкішев 2009 жылғы мамырда Астанада ұсталған. 2010 жылғы наурызда жазасын қатал режимдегі колонияда өтеуге кесіп, 14 жылға сотталған. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін «Қазатомпромның» бұрынғы президентін Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеге жіберген.
2014 жылғы наурызда Жәкішевті Қарағанды облысы Долинка кентіндегі түрмеге ауыстырған және ол кезде туыстары мен құқық қорғаушылар «тұтқын колонияға барған бетте соққыға жығылды» деп хабарлаған. Бұдан бөлек, Алматы облысымен салыстырғанда, климаты суық аймақтағы түрмеде Жәкішевтің денсаулығы мүлде нашарлап кетуі мүмкін деген қауіп болған.
Ақыры туыстары, адвокаттары мен құқық қорғаушылардың көптеген өтініштерінің нәтижесінде 2015 жылғы наурызда Жәкішевті Долинкадағы түрмеден Заречныйдағы түрмеге қайта ауыстырған. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың ісіне қатысты тергеу амалдарына қатысу үшін 2017 жылғы көктемнің басында оны Астананың тергеу абақтысына этаппен апарған.
Әлгі тергеу амалдары аяқталғаннан кейін - мамырдың 18-і күні Мұхтар Жәкішевті Алматы облысына емес, Қарағанды облысындағы Долинка кентіндегі жаман атағы шыққан түрмеге этаппен жөнелтті. Ал туыстары мен құқық қорғаушылар оны Долинкадан Заречныйға ауыстыруға екі жыл бұрын әрең қол жеткізген болатын.
Жәкішевті ауыстыра берудің қисыны неде және неліктен оны «жөні түзу» Заречныйға қайтармай, «сұмдық» Долинкаға жіберді деген сұрақтардың жауабы әлі жоқ, ал түрме басшылығының Заречный түрмесінде «орын жоқ» деген жауабы Жәкішевтің туыстары мен құқық қорғаушыларды иландырмайды.
Ал ІІМ Азаттық тілшісінің тұтқын Жәкішевті Қарағанды облысындағы түрмеге ауыстыру себебіне қатысты сауалына «сіз сұраған мәліметтер құпия саналады және таратуға болмайды» деп хабарлайды.
«МӘСЕЛЕ» ӘБЛЯЗОВПЕН ДОСТЫҒЫНДА
2013 жылы бірқатар қазақстандық құқық қорғау ұйымдары саяси қызметпен айналыспаса да, Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқын деп таныған. Олардың пікірінше, Жәкішев қылмыстық қудалауға бұрынғы банкир, ал қазір шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің жақын досы болғаны үшін ұшыраған. Қазақстан билігі осы жылдар бойы Әблязовті Қазақстанға алдыруға тырысып келеді, оның әйелі мен қызы Италиядан заңсыз деп танылған депортацияға ұшырады, өзі Францияда ұсталды, бірақ Қазақстанның бұл елмен депортациялау жайлы келісімі жоқ болып шықты.
Ол кезде экстрадициялауға қатысты өтініштер Ресей мен Украинадан түскен, бірақ қамаудағы үш жыл мен соттардан кейін Франция оны қудалаудың саяси астары бар деп көрсетіп, Әблязовті беруден бас тартқан. Түрмеден шыққан соң Әблязов саяси қызметін жандандырып, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы жаңғырды деп жариялады. Ал билік Әблязовтің сыртынан сот процесін өткізіп, «БТА Банк қаржысын жымқырды және заңсыз пайдаланды» деген айыптармен оны 20 жылға соттады.
Мұхтар Әблязовтің досы Мұхтар Жәкішевті Алматы облысындағы түрмеден Астана тергеу абақтысына, ол жақтан Қарағанды облысындағы түрмеге этаппен осы тұста апарды.
- Мен оны Долинкаға саяси астармен ауыстырды деп санаймын, - дейді Бақытжан Төреғожина Азаттыққа.
Өзі де түрме ботқасының дәмін татқан құқық қорғаушы Евгений Жовтис Азаттық тілшісіне Жәкішевті Долинкаға ауыстыру себебін түрме билігінің «Заречныйдағы түрмеде орын жоқ» деп негіздеуі оны мүлде иландырмайтынын айтады.
Құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов Астанадағы жаңа тергеу амалдары кезінде Жәкішев досы Әблязовті «сатпаған», сондықтан билік осылай кек алып отыр деп санайды. ДВК ардагері, бұрынғы сенат депутаты, ал қазір оппозициялық жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының саяси кеңесі президиумы төрайымы Зәуреш Батталова тергеу кезінде «Жәкішев Жәкішев қалпында қалған», оны Долинкаға сол себепті ауыстырған деп топшылайды.
Қазақстан билігі Мұхтар Жәкішевтің ісінде де, оны бір түрмеден екіншісіне ауыстыра беруде де әлдебір саяси себеп барын жоққа шығарады.
Мұхтар Жәкішев 14 жылдық түрме мерзімінің сегіз жылын өтеп бітті. Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің сөзінше, Жәкішев шартты жазамен мерзімінен ерте босап шығар еді, бірақ бұл үшін заңды негіздер ғана жеткіліксіз болуы мүмкін. Құқық қорғаушы осындай тұжырым жасайды, өйткені БҰҰ адам құқығы комитетінің Жәкішевтің шағымына қатысты шешімін Қазақстан әлі орындаған жоқ. 2015 жылы БҰҰ комитеті Қазақстан билігін оны қамаудан дереу босатуға шақырған.