Accessibility links

Варшавадағы ұйым Жәкішевті босатуға шақырды


«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев.
«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев.

Штаб-пәтері Варшава қаласында орналасқан «Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы «саяси тұтқын» деп танылған Мұхтар Жәкішевтің өміріне қауіп төнді деп мәлімдеді.

Польшадағы «Ашық қоғам» құқық қорғау ұйымының осы аптада жариялаған баяндамасында Мұхтар Жәкішевке тағылған айыптардың саяси астары бар екені әрі қылмыстық істі қарау кезінде әділ сот төрелігі стандарттары өрескел бұзылғаны жазылған.

ЫҚПАЛҒА ТАЛАСТЫҢ ҚҰРБАНЫ

Баяндамада 2009 жылы «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев Қазақстандағы саяси элиталардың ықпал ету саласына таласы кесірінен сотталды деп жазылған. Оның жақын серігі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке айып тағылған бетте Жәкішевті де қудалау басталған. Билік Жәкішев қазір Ресейдің қылмыстық айыптауы бойынша сол елге экстрадициялануы мүмкін Әблязовтің мүддесін қорғады деп айыптайды.

Іс материалдары құпия болғандықтан, Жәкішевтің қандай дәлел-айғақ негізінде сотталғанын әлеумет әлі білмейді. Билік адвокаттардың айыпталушымен жолығуы әрі іс материалдарымен танысуын шектеген.

Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева Сарыарқа аудандық соты алдында тұр. Астана, 5 қаңтар 2010 жыл.
Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева Сарыарқа аудандық соты алдында тұр. Астана, 5 қаңтар 2010 жыл.

Баяндамада биыл ақпан айында Алматы түбіндегі колониядан Алматы қаласында тұратын отбасынан бір мың шақырым қашықтағы Қарағанды облысының Долинка кентіндегі түрмеге этаппен жөнелту кезінде күзетшілер Жәкішевті соққыға жыққан деп көрсетілген. Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім «билік қатал түрмеге ауыстыру арқылы әкемнің рухын сындырғысы келеді» дейді. Бұрынғы тұтқындардың айтуынша, Қарағанды облысы түрме әкімшілігі әлі күнге дейін қасіретті Карлаг «дәстүрлерін» сақтап келеді.

Қан қысымы шектен тыс көтеріліп кететін Жәкішевтің миына қан құйылу (инсульт) немесе ишемия қаупі бар. Наурыздың 26-сы күні БҰҰ-ның адам құқығы комитеті Қазақстан билігін Жәкішевті жағдайы тәуірлеу колонияға ауыстыруға және оған тиісті медициналық көмек көрсетуге шақырған. Бірақ Жәкішев Долинка түрмесінде әлі отыр, ал оның туыстары түрмеде көрсетілетін медициналық көмектің сапасына күмәнданады.

Әйгерім Жәкішева әкесімен 2014 жылдың қыркүйегінде кездескен. Оның ақпараты бойынша, түрмеде Жәкішевке қатысты қатыгездік әрекеттері қайталанбаған. Бірақ ол әлі колонияның медициналық бөлімінде жатыр. Жәкішевтің отбасы оның өміріне алаңдайды.

«Ашық диалог» ұйымы Айгерім Жәкішеваның «Қамауда отырған әкем биліктің «қайыр-шапағатына» тәуелді. Бұрын да қайырымсыздық танытқан билік оны емдеуден тағы бас тартуы мүмкін» деген сөзін келтірген.

Құқық қорғау ұйымы баяндамасында «Қазақстандағы табысты кәсіпкер биліктегілердің қырына іліксе, қандай күйге ұшырауы мүмкін екенін Жәкішевтің ісі көрсетті» деп жазылған.

Мұхтар Жәкішевтің ісіне қатысты сот шешімінің саяси астары бар деген болжамды Freedom House және Human Rights Watch ұйымдары да мәлімдеген. БҰҰ-ның адам құқығы комитеті Жәкішев адвокаттарының шағымын қарап жатыр. 2013 жылы кейбір қазақстандық ҮЕҰ-лар (үкіметтік емес ұйымдар – ред.) Жәкішевті саяси тұтқын деп таныған.

ҚАЖК: ЖӘКІШЕВТІҢ ЖАҒДАЙЫ – ҚАЛЫПТЫ

«Ашық диалог» ұйымының мәлімдеуінше, сот отырыстарын жабық режимде өткізген Қазақстан адам құқығы саласында алған халықаралық міндеттемелерін Жәкішевке медициналық көмек көрсетуден бас тартып, өміріне қауіп төндіру (бұл адамды азаптауға теңеледі) арқылы өрескел түрде бұзған.

Долинка түрмесі. Қарағанды облысы, 21 мамыр 2010 жыл.
Долинка түрмесі. Қарағанды облысы, 21 мамыр 2010 жыл.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) төрағасының орынбасары Жанат Кешубаев «Ашық диалог» ұйымына Жәкішевтің Долинка түрмесіндегі жағдайға шағымы жоқ екенін мәлімдеген.

«Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Жәкішевке уақтылы медициналық көмек көрсетуге және оны тәуелсіз әрі білікті дәрігерлерге қаратуға шақырады. Мұхтар Жәкішевтің денсаулық жағдайын ескере отырып, «Ашық диалог» Қазақстан президентінен оған рақымшылық жариялауды сұрайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG