Accessibility links

Жұмыссыз мүгедектер ойларын қалай іске асырады?


Мүмкіндігі шектеулі Денис Хасанов аяғымен сурет салып көрсетіп жатыр.
Мүмкіндігі шектеулі Денис Хасанов аяғымен сурет салып көрсетіп жатыр.

Мүгедек жандардың жұмыс іздеу мүмкіндігі шектеулі екені белгілі. Бірақ олардың көбі өз идеяларын қиындықтан тайсалмай іске асырады.

Теміртау қаласында тұратын екінші топ мүгедегі Арман Ақынов он саусағынан өнер тамған шебер, еңбек етсем деген құлшынысы мықты. Бірақ мүгедек болғандықтан еш жерге жұмысқа орналаса алмай жүр.

Арман Ақыновтың арманы бар. Оны іске асыру үшін шенеуніктердің қолдауы қажет. Ол Теміртау қаласында мүгедек балаларды ағаш жону мен оюға баулитын жас техниктер станциясын ашуды ұсынады. Ақынов бұл шаруаны жақсы біледі.

"Балалар қол еңбегін үйренер еді, ал жасаған сувенирлерін туыстарына сыйлап, мүмкіндік болса көрме-жәрмеңкелерге шығарып сатар еді" дейді Арман Ақынов.

Жұмыссыз мүгедектің өз кәсібі болады, ал балалар келешек өмірінде кәдеге жарайтын қызықты, әрі пайдалы іспен шұғылданар еді.

Бұл идеяны жергілікті шенеуніктер де қолдайды. Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Шолпан Мырзахметова «бұл мәселені шешуге» уәде берді. Оның айтуынша, жуырда қала активінің жиналысында жас техниктер станциясын ашу туралы сөз болған. Енді мүгедек Ақыновтың арманы орындалуы мүмкін.

ШЕКТЕУСІЗ МҮМКІНДІК

Еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізгісі келетін кемтар жандар көп. Бірақ олар психологиялық тұрғыдан, мүгедек жандарға арналған жұмыс орындарының жоқтығынан көптеген қиындыққа тап болады. Қиындықтарға қарамастан қоғамнан өз орнын тапқан мүгедектер де бар.

Теміртаулық жас жігіт Илья іштен сал болып туған. Бірақ жоғары білімі бар, спортпен шұғылданады. Қазір лицейде тарих және құқықтану пәндерінен сабақ береді, әрі қала мейрамханаларының бірінде диджей болып істейді. Дені сау адамдармен араласып, өзін тең сезінеді.

Теміртаулық Олеся Барашкинаның өмірін де үлгі етуге болады. Аяғы кемтар бойжеткен балдақпен жүреді. Оған да көптеген қиындықпен күресуіне тура келген.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
"Кезінде жоғары оқу орнында оқитын мүгедек студент жалғыз мен болдым. Оқытушылар «жәрдемақыңды алып, үйде отырмайсың ба» дейтін. Студенттердің арасында да мені түсінбейтіндер көп болды. Жалғыз келе жатқан студенттер балдақтағы мені көріп қалса, көмектесуге тырысатын. Ал топтасып келе жатса, көрмеген кейіп танытып өтіп кететін. Кейін бәрі өзгерді. Қазір кемтар жандардың көбі оқиды, мені осы қуантады" дейді Олеся Барашкина.

Бойжеткен «жұмыс істесем, айналысатын сүйікті ісім болса, ешкімге кіріптар болмасам деп армандайтынмын» дейді. Олесяның пікірінше, мүгедек жандардың ең басты, әрі жалғыз проблемасы - жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ. Бірақ Олеся өзінің табандылығы мен төзімділігінің арқасында жоғары білім алды. Ал қазір медициналық колледжде оқып жүр, емханада да жұмыс істейді. Спортпен шұғылданып, жарыстарға қатысады, мүгедек жандарды ұйымдастырып, әлеуметтік ортаға бейімдеу жөніндегі қоғамдық жұмыс атқарады.

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ УӘДЕСІ

Теміртау билігі кемтар жандарды жұмысқа орналастыруға көмектесу қажеттігін мойындайды. Шенеуніктер «Егер адам еңбек етуге қабілетті болса, мемлекет оған көмектесуі тиіс.Қалада жұмыс орындары жетіспейді, негізгі ірі кәсіпорындарда қызметкерлерді қысқарту жүріп жатыр. Бірақ адамда талап пен ниет болса, көп нәрсеге қол жеткізеді» дейді.

Мүгедек жандардың негізгі проблемаларының бірі – қоғамдық өндірістен шеттеп қалуы, оларды жұмысқа алатын кәсіпкерлер аз. Бұл мүгедектердің тұрмысын нашарлатып, психологиялық жай-күйіне әсер етеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтар айында жариялаған жолдауында бизнесмендерді мүгедектерді жұмысқа орналастыруға көмектесуге шақырды. Ол 5-10 адамға арналған арнайы квота енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Президент жолдауынан кейін Теміртау қаласында мүгедектер өз проблемалары мен жетістіктері жайлы алғаш ашық айта бастады. Олардың айтуынша, мүгедек жандар үшін ең басты қиындық - жұмысқа орналасу.

Теміртаудағы мәдениет және демалыс паркінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар өнерлерін көрсетіп тұр. 15 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Теміртаудағы мәдениет және демалыс паркінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар өнерлерін көрсетіп тұр. 15 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Мүгедектердің оқуда, жұмыста, бос уақытын өткізу кезінде қандай қиындықтарға тап болатынын анықтап алу үшін кейбір адамдар Теміртау қаласы билігіне мүмкіндігі шектеулі жандар арасында социологиялық сауалнама жүргізуді ұсынады. Ал мүгедектер психологиялық көмек көрсету орталығы мен әуесқойлар клубын ашуға шақырады. Билік мүгедектерді қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын жасап, оған жауапты адам бекітпек.

"Қазір кәсіпорындарда мүгедектерге арналған жұмыс орнын бөлу жобасы әзірленіп жатыр. Бірақ мүгедек жандар бұған дайын болуы тиіс. Мүгедектерге арналған мәдени орталық ашу қажет. Олардың жағдайын жасаймыз, бірақ оған уақыт керек" дейді Теміртау қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының бастығы Юрий Ким.

Бірақ Теміртау қаласы билігі «мемлекет тиісті көмек көрсетіп жатқанын да мойындау керек» дейді. Кемтар жандар мүгедектігі үшін жәрдемақы мен жеңілдіктердің орнына тағайындалатын арнайы жәрдемақы, жыл сайын 2-3 мың теңге көлемінде материалдық көмек алады. Мұқтаждығына қарай жеке көмекші, маман бекітіледі, гигиеналық құралдар бөлінеді, қалада мүгедектерді тасымалдау қарастырылған, қоғамдық көліктің жолақысы орнына өтемақы төленеді, үйлерінде қызмет көрсететін әлеуметтік көмек бөлімі жұмыс істейді. Мүгедек балаларға арналған ойын бөлмесі бар. Ал мүгедектердің айтуынша, бұл игіліктер кемтар жандардың бәріне бірдей қарастырылмаған.
XS
SM
MD
LG