Accessibility links

Мүгедектердің ілуде бірі жұмыс таба алады


Мүгедек жанға кедергі көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00
Жүктеп алу

ВИДЕО: Мүгедек жандар қалада жүріп-тұрғанда көп кедергі жолығатындарын айтады.

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс табуы өте қиын. Олар күнделікті тұрмыста да көп кедергіге жолығатындарын айтады.

Жол апатынан екі аяғы сал болып қалған бірінші топтағы мүгедек Жанна Шынжырбаева 2005 жылдан бері жұмыссыз отырғанын айтады. Ол шағын цех ашуға да талпыныс жасап көрген екен. Алайда банктер несие бермегендіктен жоспары орындалмаған.

– Бір пенсияға қарамай, отбасыммен бірігіп жалюзи шығаратын шағын цех ашып көрейік деп ойлағанбыз. Аяғым істемегенмен екі қолым істейді ғой. Керемет тігінші болмасам да, тіге аламын. Бірақ банктер тіпті шағын несие де берген жоқ, – дейді Жанна Шынжырбаева.

Оның айтуынша, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры тегін тігін машинасын сыйлаған. Бірақ ол әлі де демеушілер табылып қалар деп үміттенеді.

НЕ АЗ ЖӘРДЕМАҚЫ, НЕ АЗ АЙЛЫҚ

Бала кезінен сал дертіне шалдыққан Алматы тұрғыны Раушан Мамиева да – жұмыссыз. Ол жұмыспен қамту департаментінен көмек сұрағанын, бірақ еш нәтиже шықпағанын айтады.

– Әзірге ай сайын алатын 20 мың теңгелік жәрдемақымен күнімді көріп отырмын.
Раушан Мамиева. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
Раушан Мамиева. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
1989 жылы көз институтында вахтер ретінде жұмыс істегенмін. Содан бері жұмыссызбын, – дейді ол.

Жұмыссыздық мехнатын ұзақ тартып, бірақ кейін еңбекке араласқан мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Солардың бірі – Алматы тұрғыны, екінші топ мүгедегі Гүлия Салиева (есімі өзгертілген – ред.) картон қағаз өндіретін цехта жұмыс жасайды. Ол бұл жұмысын осыдан бес жыл бұрын «Зағиптар қоғамының» көмегімен тапқанын айтады.

– Жалақымыз орташа деңгейден төмен болғанмен, бос отырғанға қарағанда жақсы ғой. Ең алғаш ауылдан қалаға келгенде өзіме қолайлы жұмыс таба алмай бірнеше ай жұмыссыз жүрдім. Кафе-ресторандарға барып, ыдыс-аяқ жуушының жұмысын табуға тырыстым. Бірақ тапқан жоқпын. Жақындарым осында «Зағиптар қоғамы» барын естіп, соған алып келді. Сол арқылы жұмысымды таптым, – деді ол Азаттық тілшісіне.

«МҮГЕДЕК ЖАНҒА КЕДЕРГІ КӨП»

«Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының өкілі Татьяна Баклажанова мүгедектер арасында жұмыссыздық деңгейінің өсуіне себеп болатын факторлар көп екенін айтты.

– Мүгедектігі бар әйелдер жұмысқа орналасу ең әуелі қарапайым тосқауылдарға кез болады. Ол кедергілер – баспалдақтар, арбамен жүретін адамдар үшін
Татьяна Баклажанова. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
Татьяна Баклажанова. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
арнайы пандустардың жоқтығы, көру қабілеті нашар немесе мүлде көрмейтін адамдарға арналған жолдардың жоқтығы, арнайы компьютерлік бағдарламалардың жоқтығы, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

«Әлеуметтік қорғау туралы» заңға сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлерінің 3 пайызы мүгедектер болуын қадағалап, мүгедектерді жұмыспен қамтуы тиіс. Татьяна Баклажанова бұл заң талаптарының барлық жерде орындалмайтынын айтып қынжылады.

– Кәсіпкерлер «егер мүгедектігі бар адамды жұмысқа алсам, көптеген проблемаға кезігемін» деп ойлайды. Мысалы, ондай адамдарды көп ауырады немесе біліктілігі төмен, жұмысты сапалы түрде атқара алмайды деп есептейді. Бұл да – мүгедектер үшін психологиялық кедергі, – дейді Татьяна Баклажанова.

«Аман-саулық» қоғамдық қоры өкілдерінің айтуынша, қордың шұғыл телефон желісіне жұмыста дискриминацияға ұшыраған мүгедектер де жиі шағымданады. Әсіресе туберкулез дертіне шалдыққан адамдар хабарласып, ешбір жерде жұмысқа алмайтынын айтып көмек сұрайды.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі жайлы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен жауап ала алмадық.

Алматы қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы Ұлан Халықтың айтуынша, қалада мүгедектерге арналған әлеуметтік жұмыс орындары мен арнайы курстар бар.

Статистика агенттігінің мәліметі бойынша Қазақстанда 563 мың 100 мүгедек адам тіркелген, оның тек 12 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Мамандардың айтуынша, бұл – өте төмен көрсеткіш. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне қарағанда, АҚШ-та мүгедек жандардың 38 пайызы, Германияда – 41,6 пайызы, Австралияда – 41,9 пайызы, Канадада – 56,3 пайызы жұмыс істейді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG