Accessibility links

Марғұлан Сейсембаевтың «Жауап беремін» жобасы іске кірісті


«Жауап беремін» қоғамдық-сараптамалық тыңдауында отырған адамдар. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.
«Жауап беремін» қоғамдық-сараптамалық тыңдауында отырған адамдар. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

«Жауап беремін» бизнес жобасы авторы Марғұлан Сейсембаев өткізген «қоғамдық-сараптамалық тыңдауға» 10 шақты адам келді. Жоба авторы жергілікті өнімдерге қоғамдық бақылау орнату идеясы іске асатынына сенімді.

«Жауап беремін» жаңа қоғамдық бастама көтерген топ-бизнесмен Марғұлан Сейсембаев Facebook әлеуметтік желісіне үлкен үміт артады, бірақ нақты өмірде оны қолдайтындар әзірше аз болып шықты.

ВИРТУАЛДЫ КЕҢІСТІКТЕГІ ҚОЛДАУ

Қыркүйектің 21-і күні Алматыда өткен «қоғамдық-сараптамалық тыңдауға» 10 шақты ғана адам жиналды. Сейсембаевтың өз бастамасымен өткен жиналыс кісі аз болуына байланысты (журналистер мен қызмет көрсетушілерді қосқанда 10 адамнан асады) жарты сағаттай кешігіп басталды. Бірақ Сейсембаевтың сөзінше, Facebook желісі арқылы шараға ондаған адам қатысуға тілек білдірген.

Бірақ «Жауап беремін» идеясы авторы бұған жасып, мұңаймады. Оның айтуынша, өндіруші сапалы өнім шығаруы, ал оны тұтынушы арзан бағаға сатып алуы үшін басталған бұл жобаны екі министр мен топ-бизнесмен әрі бұрынғы үкімет мүшесі Зейнолла Кәкімжанов бастаған көптеген өндірушілер қолдайды. Марғұлан Сейсембаевтың айтуынша, «Жауап беремін» қозғалысы қаржылық қолдаусыз басталған. «Ешкімге ештеңе төлеп, ешкімнен ештеңе алмаймыз» дейді ол.

Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев «Жауап беремін» тыңдауында сөйлеп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.
Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев «Жауап беремін» тыңдауында сөйлеп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

Жергілікті сарапшылардың Марғұлан Сейсембаевтың «Жауап беремін» жобасы туралы пікірі әрқилы. Сейсембаев күмәнданушылардың пікірі өткінші құбылыс деп санайды.

Оппозициялық саясаткер әрі экономист Петр Своик егер мемлекет араласпаса, Марғұлан Сейсембаевтың «Жауап беремін» идеясы іске аспайды деп санайды.

- Еуропа елдерінде өнімнің сапасын бақылау мәселесі көбінесе бизнес-қауым мен азаматтық қоғам деңгейінде шешіледі. Бірақ тіпті ол жақта да мемлекет мұндай бақылауға заң деңгейінде болсын міндетті түрде қатысуы тиіс. Негізі, Марғұлан Сейсембаевтың бағдары дұрыс. Бірақ мемлекет араласпайтын мұндай жобаның болашағы жоқ, іске аспайды деп ойлаймын, - дейді Петр Своик.

Facebook желісіндегі Марғұлан Сейсембаевтың жеке парақшасынан негізіненоның жобасын қолдаған пікірлерді көруге болады. Бірақ шығарылатын өнімнің сапасын жақсарту туралы тұжырымдамасының кейбір ережелерімен (мысалы, субсидия арқылы)келіспейтіндер де кездеседі. Мысалы, Aygul Mukhanbetalina деген пайдаланушы бұл мәселеде онымен келіспейтінін жазады.

«Сіз АӨК (агроөнеркәсіп кешені – ред.) саласын өзіңіздің «Жауап беремін» бағдарламаңыз тұрғысынан қарастырғансыз, меніңше бұл - бір жақты көзқарас. АӨК саласын қаржыландыру ережелері мүлде өзгеше. Өсімдік шаруашылығына қатысты ойыңызбен таласым жоқ - егістік алабына субсидия бөлудің мәні жоқ, өйткені егістік алабы - өнімділік көрсеткіші емес. Ал мал шаруашылығында сәл өзгешелеу, субсидия алу үшін өнімділікті асыра көрсету жиі кездеседі. Бұл арамтамақтар мен ашық бәсекелестіктен қашатындарды көбейтеді».

СЕЙСЕМБАЕВ ЖӘНЕ ЛУКАШЕНКО

Марғұлан Сейсембаевтың айтуынша, кейбір экономикалық теорияға сәйкес, әлдебір бизнес-идеяны іске асыру кезінде әуелі таймингке (дер кезінде қозғалған идея), кейін команда, идеяның өзі, үлгісі және ең соңынан барып қаржыландыруға мән беріледі.

Алматыдағы тыңдауда топ-бизнесмен Сейсембаев Беларусь президенті Александр Лукашенконың сөзін келтірді. Ал қазір әлеуметтік желіде Лукашенконың тұлғасы Қазақстанмен тығыз байланысты екі жағдайға қатысты талқыланып жатыр.

«Ақша болса, ақымақтың да қолынан келеді» деп Лукашенко жақсы айтқан.
Марғұлан Сейсембаев.

- Біздің қоғам «әуелі ақша, ал іс – кейін» деген ойға үйренген. «Ақша болса, ақымақтың да қолынан келеді» деп Лукашенко жақсы айтқан, - дейді Марғұлан Сейсембаев. Бұдан кейін ол Беларусь президентінен бұрын біреу айтқан бұл қанатты сөздің «Ал сендер істі ақшасыз тындырып көріңдер» деген жалғасы бар екенін айтты.

Қыркүйектің ортасында Шымкент қалалық мәслихаты депутаты Жамбыл Қалауов «Назарбаевқа қарсы сөзі үшін» жанжалға ілігіп, «Нұр Отан» партиясынан шығарылғаны белгілі. Қалауов әлеуметтік желіде Беларусь президенті Александр Лукашенкоға тәнті болып, «Батька, жарайсың! Бізде де осындай елбасы болғанда ғой» деген пост жазған. Өткен аптада президент Нұрсұлтан Назарбаев арандатушылар мен "өтірік айтып жала жабатындар заңды түрде әкесін танытып тұрып" жазаланатынын ескерткеннен кейін Жамбыл Қалауов қылығына өкінетінін және Назарбаевқа адал екенін жариялап, жұрт алдында мәлімдеме жасады.

Кеден Одағына арналған карикатура. Авторы - Сәбит.
Кеден Одағына арналған карикатура. Авторы - Сәбит.

Қыркүйектің 18-інде Ресей президенті Владимир Путин қатысқан Ресей-Беларусь аймақтық ынтымақтастық форумында Беларусь президенті Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевты екі күн бұрын өткен Қазақстан-Ресей форумында Путинге «Лукашенко Қазақстанға ұнтақ сүтті жөнелтіп жатыр» дегені үшін ғана емес, Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелікке өткені үшін де сынаған.

Марғұлан Сейсембаев «Жауап беремін» жобасында ешкімді сынамайтынын айтады. Кезінде ол Қазақстанда қылмыстық қудалауға ұшырап, шетелге кеткен болатын. Сосын аяқастынан елге оралып, президент Назарбаевқа адал екенін айтып, мәлімдеме жасаған. Кейін қаржылық қылмысқа қатысты айыпталып, сотталған. Марғұлан Сейсембаев кінәсі жоқ екенін мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG