Accessibility links

Марғұлан Сейсембаев «президентке адал екенін» дәлелдеуге келіпті


Марғұлан Сейсембаев, «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.
Марғұлан Сейсембаев, «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

Елге оралған «Альянс банк» АҚ-ының бұрынғы басшысы Марғұлан Сейсембаев құқық қорғау органдарының өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі әділ жүргізетініне сенім артады. Кәсіпкер шетелде қуғында жүрген саясаткерлерге ешқандай қатысы жоқ екенін қайталай береді.


2009 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген «Альянс банк» АҚ-ының бұрынғы басшысы Марғұлан Сейсембаев Қазақстанға өткен айдың аяғында оралған болатын. Келген бойда ақпарат құралдарына мәлімдеме таратып та үлгерген ол елге оралуының себебін қарашаның 11-і күні көптің алдында тағы бір мәрте қайталады.

«ТАҒЫЛҒАН АЙЫП БОЙЫНША ЖАУАП БЕРУГЕ ДАЙЫНМЫН»

- Мен, «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Марғұлан Қалиұлы Сейсембаев осы жылдың 25-ші қазанында Қазақстанға өз еркіммен оралдым және банктің акционерлері мен менеджерлеріне қарсы қозғалған қылмыстық істі тергеу амалдарына көмектесуге әзірмін. Шындықты анықтау үшін маған тағылған айып бойынша жауап беруге дайынмын, - деп жариялады кәсіпкер.

Ол сонымен қатар банктің активтерін қалпына келтіру мен оның бизнес қауымы алдында беделін көтеру бойынша да жұмыстарға қатысуға дайын екенін жеткізді.

«АКЦИОНЕР РЕТІНДЕ БІР ТИЫН ДА ТИГЕН ЖОҚ»

Дегенмен Марғұлан Сейсембаев өзіне тағылған кінәні мойындамайтын көрінеді. Ол акциясының басым бөлігі мемлекетке тиесілі банктің ақшасынан бір тиын да ұрламағанын, оған қатысты айтылған айыптардың бәрі негізсіз деп бағалады.

- Мемлекет инвестиция ретінде салған қаржының барлығы «Альянс банктің» есепшотында тұр. Жұмыс істеп тұр. Банк кәсіпорындарға, тұрғындарға несие беріп жатыр. Сондықтан «4 миллиард жоғалып кетті», «1-1,5 миллиард жоғалып кетті» деген сияқты дақпырттарда айтылған сандар әлі дәлелдеуді қажет етеді. Мәселен, өз басым дәлелдеуге дайынмын, - деді Марғұлан Сейсембаев.
Марғұлан Сейсембаев, «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

2009 жылы қаржы полициясы 67 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі банктің бір топ басшысының үстінен қылмыстық іс қозғап, оларды «сеніп тапсырылған өзгенің мүлігін иелену немесе ысырап қылу арқылы жымқырды» деп айыптаған еді.

Олардың арасында Марғұлан Сейсембаев та бар болатын. Оның айтуынша, ол дәл осы мезгілде шетелде демалып жүрген екен. Қылмыстық істі достарынан естіген ол айналасындағы адамдардың кеңесімен шетелде біраз уақытқа қала тұруды жөн көріпті.

- Басында өзі бәрі саясат болып кетті ғой, сол себепті шетелде қала тұру туралы шешім қабылдадым, - деді Марғұлан Сейсембаев қарашаның 11-і күні.

«ЕНДІ БАНК ІСІНЕ ЖОЛАМАЙМЫН»

Марғұлан Сейсембаев «Альянс банкі» ісі мен БТА банкі ісі арасында ешқандай ұқсас жоқтығын, өзі бұрын басқарған банк ісіне саясаттың еш қатысы жоқтығын жиын барысында бірнеше мәрте қайталады. Президент саясатының жақтаушысы ретінде ол өз есімін Рахат Әлиевпен, я Мұхтар Әблязовпен байланыстырмауды да сұрады.

- Мен ешуақытта олардың (Рахат Әлиев, Мұхтар Әблязов т.б қуғында жүрген өзге де азаматтар) саяси іс-әрекеті мен көзқарасын қолдаған емеспін. Ешуақытта оппозицияда болған жоқпын. Ел президентіне адал болдым және алдағы уақытта да сол адал күйде қала берем, - деді Марғұлан Сейсембаев қарашаның 11-і күні.

Журналистердің сұрақтарына жауап беріп жатып, ол өзінің болашағын тек Қазақстанмен байланыстыратынын, әйтсе де алдағы уақытта банк бизнесінен жүрегі шайлығып қалғанын да жеткізді.
Марғұлан Сейсембаев, «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

- Енді банк бизнесімен айналысуды жоспарламаймын, - деді Марғұлан Сейсембаев.

2009 жылдың қарашасынан бері Марғұлан Сейсембаевқа «Альянс банк» АҚ-ның қаржысын жымқырды деген сырттай айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған еді. Қазіргі таңда оған қарсы үш қылмыстық іс қозғалған.

Осыған дейін Бас прокуратура «Альянс банктің» бұрынғы басшыларының үстінен қозғалған қылмыстық істің аяқталып, нәтижесінде айып тағылған азаматтардың барлығының да кінәсі дәлелденгенін хабарлап еді.

Осы сәрсенбіде елдегі бірқатар ақпарат құралдары Сейсембаев ісінің қайта дайындалатынын (переквалификации дела) мәлім етті. Жаңа айып бойынша оны Қылмыстық істің 182-ші бабы бойынша яғни, «алдау арқылы немесе сенімін пайдаланып мүліктей зақым келтірді» деп айыптап отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG