Accessibility links

«Жасыл энергияға» ұмтылған асфальтсыз ауыл


Астанаға қатынайтын автобус тоқтайтын орын. Қабанбай ауылы, Ақмола облысы. 8 қыркүйек
Астанаға қатынайтын автобус тоқтайтын орын. Қабанбай ауылы, Ақмола облысы. 8 қыркүйек

Астана түбіндегі Қабанбай батыр ауылының тұрғындары ішкі жолдардың сапасы нашар екенін айтып шағымданады. Олар ауылды жарып өтетін республикалық жолмен ағылған көліктер жаяулар өміріне қауіп төндіреді дейді. Ауыл әкімі асфальттың «Эксподан» соң төселетінін айтады.

Қабанбай батыр ауылы Астанадан бар болғаны 30 шақырым қашық орналасқан. Ауылдың іргетасын 1885 жылдары патшалық Ресейден осы аймаққа қоныс аударған немістер қалаған. Байырғы тұрғындары конфессионалдық лютерандық діни бағыт ұстанған бұл ауыл 2001 жылға дейін Рождественка (Фриденсфельд) атанып келген. Кейін тарихшылардың 18-ғасырда Абылай ханның әскерін бастаған әйгілі қазақ қолбасшысы Қабанбай батырдың «осы маңда жерленгені» туралы мәлімдемесінен кейін ауылға қазіргі атауы берілген. Ауылдан үш шақырым қашықтағы «батырдың жатқан жері» деп саналған тұсқа дулыға пішіндес зәулім кесене салынып, оның маңы алдағы бірнеше жылда ұлттық пантеонға айналатыны хабарланған болатын. Осылайша бір кездегі ақ патша мен тың игеру заманының көзі болған неміс ауылы Целиноградтан Астанаға айналған Қазақстанның байтағы сияқты мүлдем басқа сипатқа ие болған.

№41 орта мектепке апаратын көше. Ақмола облысы, Қабанбай батыр ауылы, 3 қыркүйек 2016 жыл.
№41 орта мектепке апаратын көше. Ақмола облысы, Қабанбай батыр ауылы, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Қазір бұл ауылда алты мың тұрғын, 16 этнос өкілі тұрып жатыр. Тарихи отанына көшіп кеткен немістерден қалғаны – 123 адам. Қазақтардан соң саны жағынан басым орыстар, күрдтер, украиндар мен шешендер. Ауылдағы басым көпшілікке айналған қазақ отбасыларының дені – Семей, Торғай, Қостанай өңірінен қоныс аударғандар. Қабанбай батыр ауылдық округіне Қабанбай ауылынан бөлек Нұра, Қызылжар, Сарыадыр ауылдары қарайды. Округте жалпы саны жеті мыңнан астам адам тұрады. Қабанбай батыр ауылындағы орыс-қазақ орта мектебінде 1100 бала оқиды. Ауылдық округ әкімі Айдос Мырзагелдиевтің мәліметінше, ресми санаққа енбегендер мен үй салып алып тіркеуге тұра алмай жүргендерді, пәтер жалдайтындарды қосқанда ауыл тұрғындарының саны 15 мыңнан асады.

70 жастағы Тұрлыбек Әбішев – Қабанбай батыр ауылының қарт тұрғындарының бірі. Ол да осыдан 14 жыл бұрын Торғай облысынан көшіп келген. Зейнеткерлікке шыққаннан бері Астанаға жекеменшік көлігімен жолаушы тасып, күн көріп жүргенін айтады.

Қабанбай батыр ауылының тұрғыны Тұрлыбек Әбішев. Қабанбай батыр ауылы, Ақмола облысы. 3 қыркүйек 2016 жыл.
Қабанбай батыр ауылының тұрғыны Тұрлыбек Әбішев. Қабанбай батыр ауылы, Ақмола облысы. 3 қыркүйек 2016 жыл.

- Ауыл жолының айтатыны жоқ, жаңбырлы күні жүру мүмкін емес, қыстыкүні қар тазаланбайды. Айналадағы кірпіш зауыттарынан шыққан шаңнан кір жаюға да болмайды. Қабанбай ауылының мұндай болғаны ұят нәрсе. «Бабамыз, бабамыз» дейді, ауыл толған свалка, - деп ренжіді ол.

Тұрлыбек ақсақал әкімдер мен ауылдан сайланған депутаттарды «ауыл үшін жандары ашымайды, жұмыс істемейді» деп сынады.

Қабанбай батыр ауылына 1998 жылы Торғай өңірінен қоныс аударған Қайрат Меркалиев өзі тұра бастаған уақыттан бері жөнделген жолды көрмегенін айтты.

Ауыл тұрғыны Қайрат Меркалиев. Қабанбай батыр ауылы, Ақмола облысы. 3 қыркүйек 2016 жыл.
Ауыл тұрғыны Қайрат Меркалиев. Қабанбай батыр ауылы, Ақмола облысы. 3 қыркүйек 2016 жыл.

- Ауылдағы кейбір көшелерге тұрғындар өздері қиыршық тас төсеп алуға мәжбүр болған. Ал жолға қаншама ақша бөлінетінін ешкім білмейді, - дейді ол.

Аты-жөнін айтқысы келмеген ауыл тұрғындарының бірінің сөзінше, Қабанбай батыр ауылын кесіп өтетін Астана – Киевка тас жолының үстіне не бағдаршам, не арнайы кедергі салынбағандықтан мектептен шыққан балалардың өміріне қауіп төніп тұр.

- Сабақтан шыққан балалар трассаны жанұшыра жүгіріп өтеді. Ал ары- бері ағылған ірі жүк машиналары, «Камаздар» оған қарамайды, зуылдап өтеді. Оған тоқтау салатын жол полициясы да жоқ, - дейді ауыл тұрғыны.

Қабанбай батыр ауылындағы Астана автобусы тоқтайтын орын. Ақмола облысы, 3 қыркүйек 2016 жыл.
Қабанбай батыр ауылындағы Астана автобусы тоқтайтын орын. Ақмола облысы, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Биылғы қаңтардан бастап Қабанбай ауылы мен Астананың арасында арнайы автобус жүре бастапты. 308-автобус жүргізушілері автобус тоқтайтын, бұрылатын арнайы орын әлі салынбағанын айтты. Ал жолаушылар жаңбырлы, қарлы күндері автобус күтетін аялдаманың жоқтығына шағымданды.

Ауыл әкімдігімен көршілес Мәдениет үйі мен бастауыш мектеп орналасқан. Бұл мекемелерді жағалай еккен ағаштар арасы үйілген қоқысқа толы. Мәдениет үйі меңгерушісі жұмыс орнында жоқ, іссапарда болып шықты. Мекеменің кіре берісіндегі бақылаушы әйел ол қоқыстардың тазаланбайтынын айтты. Ауылда демалыс саябағы болмағандықтан ауыл адамдары Мәдениет үйі алдындағы орындықтарға демалуға келіп-кетіп тұрады.

«АСФАЛЬТ ЭКСПОДАН СОҢ ТӨСЕЛЕДІ»

Ауыл әкімі Айдос Мырзагелдиев әкімдер жұмысына сын айтқан ауыл тұрғындарының пікірімен үзілді-кесілді келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, «тырнақ астынан кір іздеп таба беруге болады».

- Былтыр бюджеттен 5,5 миллион теңге бөлінді. Оған ауылдың шетіндегі жаңа шағын ауданға жол салынып, 16,5 км жол жөнделді. Биыл тағы 27 миллион теңге бөлінбекші, - деді әкім.

Сөзін дәлелдей түсу үшін әкім Целиноград аудандық жол бөлімінің бастығына қоңырау шалып, дауыс шығарғыш арқылы Азаттық тілшісінің көзінше қаражаттың нақты қашан бөлінетінін тағы бір құнттады.

«Қыркүйектің 19-ында 27 миллион теңге бөлінеді» деді телефоннан өзін «аудандық жол бөлімінің бастығы» деп таныстырған адам.

Қабанбай батыр ауылдық округы әкімі Айдос Мырзагелдиев. 3 қыркүйек, 2016 жыл.
Қабанбай батыр ауылдық округы әкімі Айдос Мырзагелдиев. 3 қыркүйек, 2016 жыл.

- Бұл ақша Орталық көшенің ағымдағы жөндеуіне, яғни жолдың шұқырларына ұсақ тас төсеу үшін жұмсалады. Содан соң ауылдың қиыр шетіндегі Нұра көшесіне қиыршық тас төселеді. Ал асфальт «Эксподан» (2017 жылы Астанада өтетін халықаралық көрме – ред.) соң ақша болса, төселеді, - деді ол.

Әкім «шамасы келгенше жолды тегістеп, халықтың жағдайын жақсартуға тырысып жатқанын» айтумен болды. Оның сөзінше, қызмет ете бастаған бір жылдан бері ауыл көп тазарып, қалай болса солай төгілген қоқыс, күлден арылған.

- Жеке кәсіпорын «Баянмен» жасалған келісім-шартымыз бар. Олар апта сайын ауылды аралап, қоқыстарды тасып отырады,- деді Айдос Мырзагелдиев.

Ауыл әкімінің сөзінше, тұрғындар 100 пайыз сумен, жарықпен қамтамасыз етілген. Ол тұрғындар шағымданып отырған Астана – Киевка трассасына республикалық мәні бар жол болғандықтан бағдаршам қойғыза алмайтынын айтты.

Қабанбай батыр ауылының кіреберісі. Ақмола облысы. 3 қыркүйек, 2016 жыл.
Қабанбай батыр ауылының кіреберісі. Ақмола облысы. 3 қыркүйек, 2016 жыл.

- Трассаның Қабанбай батыр кесенесі тұсынан бастап ауылды кесіп өтетін бойымен жылдамдықты азайтуды сұрап, «Қазавтожолға» хат жолдадық. Тұрғындар шағымданған тұсына кедергі қойып, жаяу жүргінші жолағын жүргізу туралы да хат жолдадық, - деді әкім.

Әкім «Экспо» көрмесі үшін ауыл маңынан салынып жатқан күн электрстанциясына зор үміт артады. Бұл жоба жүзеге асса, оның қасынан жылыжайлар, балық пен қоян өсіретін шаруашылық орындарын салу жоспарланғанын айтады. Құны 150 миллион евро деп бағаланған күн электростанциясыны іргетасын қалау рәсімі биыл мамыр айында өткен.

Әзірше ауыл тұрғындары үшін «жасыл энергия» туралы армандаудан гөрі сапасыз әрі қауіпті жол машақатынан құтылу мәселесін шешу өзектірек болып тұр.

XS
SM
MD
LG