Accessibility links

Маңғыстауда туристі жол азабы қинайды


Маңғыстау облысындағы туристік орындардың бірі. (Көрнекі сурет).
Маңғыстау облысындағы туристік орындардың бірі. (Көрнекі сурет).

Каспиймен шектес Маңғыстауда туризмнің дамуына инфрақұрылым - кедергі. Туристер шағымын шенеуніктер де растап, «мұнайлы өңірде жол жоқтығы шетелдіктерді таңғалдырады» дейді.

Өткен аптада Ақтауда жергілікті туризмді дамыту туралы ғылыми-конференция өтіп, ғалымдар «Маңғыстау - Қазақстандағы 30-дан астам жерасты мешіті орналасқан жалғыз аймақ» екенін, «мұны туризм саласындағы бренд жасауға пайдалануға болатынын» айтқан еді.

"Маңғыстаудағы туристік нысандар топонимикасына тарихи жағдайлар мен аңыздардың әсері" тақырыбындағы ғылыми конференцияға қатысушылар. Ақтау, 16 қыркүйек 2015 жыл.
"Маңғыстаудағы туристік нысандар топонимикасына тарихи жағдайлар мен аңыздардың әсері" тақырыбындағы ғылыми конференцияға қатысушылар. Ақтау, 16 қыркүйек 2015 жыл.

Алайда Маңғыстау өңірінің орталығы Ақтау қаласында тұратын «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы қызметкері Асылбек Сәтенов «туризм жұмағының ауылы тым алыс» екенін айтады.

- Мәселен, қазақстандық туристер көп баратын Бекет ата тарихи орны Ақтау қаласынан 230 километр қашықтықта орналасқан. Ол жерге жол деген зорға салынды - оның өзі грейдер (асфальтсыз тас жол – ред.) ғана. Ал сол аралықта бір тоқтайтын жер жоқ, тым құрығанда су алып ішу мүмкін емес. Егер жолда кенет көлігіңіз тұрып қалса бітті - шөл далада қаласыз, - дейді ол.

Асылбек Сәтенов басқа облыстан келген туыстарына аймақтағы тарихи ескерткіштерді көрсетемін деп «қатты қиналғанын» еске алды.

- Мен оларға діни мақсат, зиярат ету үшін емес, өлкедегі кейбір тарихи мұраларды ғана көрсеткім келген. Бірақ жол соғып қиналған қонақтарымның алған әсерін жол азабы шайып кетті, - дейді ол.

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ "ЭКЗОТИКА"

Маңғыстау облысы туризм басқармасы бастығы орынбасары Гүлмира Сүйеуова ерекше әсем табиғатына, тарихи ескерткіштері мен теңіз жағасындағы орнына қарамастан өңірдің туристер үшін тартымды аймаққа айнала алмай отырғанын растады. Облыстық туризм басқармасындағылар оның себебін инфрақұрылым жоқтығымен түсіндіреді.

- Аймаққа келетін шетелдік туристердің таң-тамаша болатын екі нәрсесі бар. Бірі - мұнайлы өлкеде жолдың болмауы, екіншісі жол бойында дәретханалардың болмауы. Олар бұта түбіне бара салу дегенді түсінбейді, -дейді Гүлмира Сүйеуова.

Басқарма мәліметіне қарағанда, облыста аудан орталықтарына ғана асфальт төселген. Бірақ оның өзінің сапасы артылып тұрмағаны мәлім. Өңірдегі қалған жол атаулының бәрі - топырақ жолдар.

Шенеуніктің сөзінше, «республикадағы тарихи ескерткіштердің 75 пайызы Маңғыcтауда орналасқанымен, оларға баратын жолдар жоқ». Ол орындарға жеткен күннің өзінде қонақ үйлер мен санитарлық инфрақұрылым табылмайтынын Азаттық бұған дейін жазған.

Шенеуніктің сөз ләміне қарағанда, мұның өзі - артықшылық, яғни «шетелдіктер үшін бұл - экзотика». Мәселен «былтыр инфотурға жапондық кинооператорлар мен журналистер тобы келіп-кеткен соң, аймаққа жапондардың қызығушылығы артқан».

"ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЭКСТРЕМАЛЬДЫҚ ТУРИЗМ ҰНАЙДЫ"

Шенеунік шетелдіктерге экстремальдық туризм түрі ұнайтынын айтып, аймақтағы туризмге қатысты кемшіліктерді ақтауға да тырысады.

- Біздің жақта жолдың болмауы, шаршап шалдығып сапар шегу оларға ұнайды. Бұл - олар үшін экстремальдық туризм. Өйткені олар бір кнопканы басу арқылы атқарылатын озық технологиялық қызметтерден шаршаған. Олар Бозыжар, Тұзбайыр, Қарынжарық сияқты тауларда шатырда жатып суретке түскісі келеді. Маңғыстаудағы күннің шығысы мен батысынан фантастикалық пейзаждар көреді,- дейді Гүлмира Сүйеуова.

Фото-галерея: Маңғыстаудағы туристік орындардың бірі.

Маңғыстау облысы туризм басқармасының ақпаратына қарағанда, аймақтағы туризмді дамытуға 2014 жылы 150 миллион теңге бөлінген. Оның 60 миллион теңгесі «Каспийден Алтайға дейін» аталған турне ұйымдастыруға жұмсалған. «Бұл қаражатқа кемінде бір тарихи орынның инфрақұрылымын салу неге қарастырылмады?» деген сауалға Гүлмира Сүйеуова «мақсат аймақты таныстыру керек болды» деп жауап берді. Басқарма өкілінің ақпаратына қарағанда, аймақтағы туризмді дамытуға биыл бөлінген қаражат былтырғыға қарағанда үш есе кем – 50 миллион теңге.

- Түпқараған ауданындағы Саура өзені маңайын қоршап, жолдар салып, орындықтар орнатуды жоспарлап отырмыз, - дейді шенеунік.

Бір қызығы қолайсыздықтарға қарамастан бұл өңірге келетін туристер көбейіп келеді. Өңірлік туризм басқармасы деректеріне қарағанда, биыл қаңтар – маусым айлары аралығында Маңғыстауға 98 мың 600 турист келген, оның 25 мыңға жуығы шетелдіктер. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 17 мың адамға көп.

XS
SM
MD
LG