Accessibility links

Ерлан Біләлдің "пара алмақ болғаны әшкереленді"


Ерлан Біләл, актер, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры. Алматы, 11 қазан 2016 жыл
Ерлан Біләл, актер, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры. Алматы, 11 қазан 2016 жыл

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, актер Ерлан Біләлдің "пара алмақ болғаны әшкереленді" деп хабарланды.

Қаңтардың 5-інде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин жергілікті БАҚ-қа Ерлан Біләлдің Алматыда "театр базасын жаңа жыл кезінде балаларға арналған қойылым өткізуге жалға бергені үшін заңды тұлғадан бір жарым миллион теңге пара алу үстінде" ұсталғанын жариялады. "Кінәсін толық мойындағанына байланысты театр директоры тұтқындалған жоқ. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр" деді Нұрлан Жахин.

Бұған дейін әлеуметтік желіде және кейбір мемлекеттік ақпарат агенттіктерінде Ерлан Біләлдің бірнеше адамның арасында тұрған, оның бірі Біләлдің қолынан ұстап, ортада 10 мың және 20 мың теңгелікке ұқсас ондаған купюра жайылып жатқан суреті тараған болатын.

Бұл фотолар жайлы актердің әріптестерінің бірі Асқар Наймантаев Facebook парақшасында "Парамен ұсталған" фото - Біләлдің сериалда түскен суреті" деп жазды. Наймантаев Азаттық тілшісіне бұл пікірін растады.

Агенттік Біләл туралы әлеуметтік желіде таратқан ресми ақпаратты растайды, бірақ "актердің ұсталғаны" туралы ешқандай фотосурет жарияламаған.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Бастарова Азаттық тілшісіне "агенттіктің әлеуметтік желідегі ресми парағында таратқан мәтініндегі ақпаратты растайтынын, бірақ актердің ұсталғаны туралы ешқандай фотосурет жарияламағанын" хабарлады.

Алматыдағы академиялық драма театры кеңсесінің қызметкері Азаттық тілшісіне Ерлан Біләлдің бүгін жұмысқа шықпағанын айтты. Актердің телефондары сөніп тұр.

Facebook желісінде актердің әйелі Майгүл Біләлова күйеуімен бірге түскен суретін жариялап, "Әлеуметтік желіде алып-қашпа сөздер мен Ерланды қаралап [жатқан] түрлі пікірлер көп. Дегенмен, Ерланның жағдайын сұрап, қолдау білдіріп жатқандарға рахметімді айтқым келеді. Ер адамның басына не келіп, не кетпейді? Бұл да бір Алланың сынағы болар... Алдағы істі уақыт көрсетеді. Әзірге айтарым, Ерланым дін-аман, ресми ақпаратта айтылғандай еш қамауға алынған жоқ" деп жазды (стилі мен емлесі сол қалпы сақталды - ред.).

Театр саласының белгілі тұлғаларының жемқорлық дауына ілінуі бұған дейін де болған. Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы және Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрын 1993-2001 жылдар аралығында басқарған Тұңғышбай Жаманқұлов та өткен жылы "Феникс" көркем фильміне бөлінген мемлекет қаржысын жымқырды" деп айыпталып, үш жарым жыл шартты жазаға кесілген еді.

ВИДЕО: Жаманқұлов "президентке өкпелі екенін" айтты

Тұңғышбай Жаманқұлов «президентке өкпелі» екенін айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

46 жастағы Ерлан Біләл ондаған спектакльде, сериал мен кинофильмде басты және қосалқы рөлдерде ойнаған. Ол орталық телеарналарда тележүргізуші ретінде де көпке танылған. Біләл - мемлекеттік "Құрмет" орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 2015 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры.

XS
SM
MD
LG