Accessibility links

Ресей мен Қытайдың аз ұлттарды ассимиляциялауы: салыстыру


Максим Горюнов
Максим Горюнов

Азаттықтың "Idel.Реалии" сайты философ әрі публицист Максим Горюновпен үгіт-насихат әдістері және Ресей мен Қытайдың этникалық топтарды ассимиляциялау саясатындағы айырмашылықтар туралы сөйлесті.

Азаттық: - Ресейде көркем әдебиет үгіт-насихат құралы ретінде қолданыла ма?

Максим Горюнов: - Иә, әрине. Әдебиет, қағаз басылымдар – бұл екі ғасыр бұрынғы "сериалдар мен әлеуметтік желілер" сияқты дүние ғой. Қазіргі кезде ресейліктер күн сайын жаңалықтар оқып, сериалдар көріп, көп уақытын соған жұмсайды. Екі ғасыр бұрын да адамдар газет парақтап, қалың романдарды бас алмай оқитын.

Максим Горюнов
Максим Горюнов

Ал үгіт-насихатқа келсек, кез келген мемлекет медианы бақылауға тырысады, адамның "ақыл-ойына ықпал еткісі" келеді. Ресей де одан тыс емес, керісінше нағыз хрестоматиялық үлгі бола алады. Совет өнерінің насихатшыл сипаты болғанына ешкім күмән келтірмейді. Революцияға дейінгі кезеңге қатысты Ресей әдебиеттанушылары "антинигилистік роман" деген арнайы терминді қолданады. Мұндай үлгідегі шығармалар монархияны қорғап қалу үшін, елдің европаланғанын қалайтындарды әшкерелеу мақсатында жазылды. Солардың бірі - Тургеневтің "Әкелер мен балалар" романы.

Автор нигилист Евгений Базаровты Германияда дәрігер/инженер/агроном/геолог/филолог дипломын алып, Ресейге оралған, бірақ осында көрген нәрселеріне мүлдем көңілі толмайтын жасөспірім ретінде сипаттауға тырысқан, бірақ суреткердің бұл карикатурасы сәтсіздеу шыққан. Тургенев оның патша мен империяға қарсы наразылығы – даңғойлық, ақымақтық екенін көрсетеді. Әрине, Базаров ақылды адам. Бірақ ессіз, мына әлемде не болып жатқанын түсінбейді. Ол өзі жақсы көретін әйелге, ата-анасы мен жақындарына дөрекілік көрсетеді. Сол ақымақ күйінде өледі.

Тургенев дипломы бар ақылды жастарды тыңдаудың керегі жоқ, олар өз істерін, мамандығын біледі, бірақ жалпы әлемдегі оқиғалардан бейхабар дегенді меңзейді. Әділін айту керек: Достоевский одан "асып түсті". "Албастылар" романында оның Ставрогины (Базаровтың аналогы) жас қызды зорлайды. Соны сипаттауға тұтас бір тарау арнайды.

Қазіргі кезде НТВ да оппозиция жайында соған ұқсас бірдеңе түсіріп жатыр. Тургенев соншалықты құлдыраған жоқ, шегіне жетіп тоқтады. "Әкелер мен балалар" Михаил Катковтың "Русский вестник" журналына шықты. Катков - Дмитрий Киселев пен Владимир Соловьевтің жиынтық бейнесі. Сол кезеңнің түнерген, "адамжегіш" насихат үлгісі.

Азаттық: - Яғни, әдебиет арқылы ассимиляция немесе қысым жасау саясаты жүргізіліп отыр ғой?

Максим Горюнов: - Ассимиляция және бағынуға да үйретіп жатыр. Достоевский мен Тургенев бағынышты болуға үйретеді. Мәскеудің көзқарасы тұрғысынан алғанда ең басты құндылық соған келіп тіреледі. Менің пікірімше, өз ерекшелігін ресейлік қалыпқа ауыстырған адам Мәскеуге тән бағыныштылық мәдениетін меңгереді. Ең алдымен, саяси бағынышты болу, императорға бойсұну. Бұл жағынан алғанда, орыс еместерді ассимиляция жасау – оларды ең басты "азаматтық ізгілік" ретінде бағыныштылыққа үйрету.

Азаттық: - Ассимиляция империяның ыдырауына әкелмей ме?

Максим Горюнов: - Бұл күрделі мәселе. Кремльдің көзқарасы тұрғысынан алғанда, ассимиляция мен бағыну мәдениетін тарату мемлекетті нығайтып, біртұтас етеді. Қазір елімізде 30 астам түрлі ұлт бар. Кремль 1991 жылы мемлекеттің ұлттық шекараларға бөлініп ыдырағанын ұмытқан жоқ. 1918 жылы да империя ұлттық шекаралар негізінде тараған. Империялардың құлауының өз тарихы бар. Югославия сияқты елдер де ұлттар негізінде бөлінді.

Кремльдің түсінігінше, көп ұлтты болу – түбінде ыдыраумен тынады. Сондықтан елдің саяси картасынан ұлттардың көрінбегенін қалайды. Солай ету мүмкін болса Ресейдің қазіргі шекарасын шексіз ұзақ сақтауға болады деп санайды.

Айтпақшы, статистика Кремльдің уәжін растай түседі. Удмурттар мен чуваштар жыл сайын шамамен 1% халқын жоғалтып жатыр. Олар шетінен қырылып жатқан жоқ, орысқа айналып барады.

Азаттық: - Яғни, түбінде бәрі ассимиляцияға ұшырайды ғой?

Максим Горюнов: - Нақты айту қиын, бірақ Кремль соған сенеді. Расымен де адамдар өзінің ұлттық ерекшелігінен бас тартып жатыр. Кремль өзіне тиімді нәрсені жүзеге асыруға көмектеседі. Әлі күнге дейін ассимиляцияға түспегендерге "жомарттық танытып", бюджет есебінен жаңа оқу бағдарламаларын жасап, оқытушылар мен оқулықтарды қайтадан дайындап жатыр. Кремль табысқа жететініне сенімді.

Азаттық: - Оған кедергі болатын нәрселер бар ма?

Максим Горюнов: - Ең алдымен экономика. Шикізатқа үнемі осылайша сұраныс болады деп ойлайсыз ба? Оны ешкім білмейді. Егер олай болмаса, басқа қаражат көзі табылмаса ақыры не болмақ? 1991 жылы мұнай бағасы арзандаған кезде империя ең жақсы колонияларынан айрылып қалды.

Азаттық: - Ұлттық мәселені өзекті ету елдің экономикасына қатты тәуелді ме?

Максим Горюнов: - Ресейдің ұлттық саясаты экономикаға байланған. Біз нарыққа шикізат шығарамыз, одан басқа ештеңе шығармаймыз. Ресейдің өзінде пайдалы қазбалар жоқ. Шикізат ұлттық азшылықтар тұратын жерде, 19-ғасыр тілімен айтсақ "колонияларда" бар.

Ханты-Мансы автономды округы – ресей мұнайының 60%-ын беріп отыр. Ямал-ненец автономды округы – газ береді. Татарстан мен Башқұртстан да мұнай береді. Якутия – алмаз. Ресей астықты көп экспорттайды, бірақ оны Адыгей, Ставрополь мен Краснодар өлкесінде өндіреді, бұл жергілікті ұлттық ерекшеліктері басым аймақтар. Сондықтан Мәскеуге "аман қалу" үшін республикалар мен өлкелердің Липецк пен Рязань сияқты бағынышты болғаны керек.

Азаттық: - Қытай мен Ресей әдістеріне келсек, аз ұлттарды ассимиляция жасауда Қытай дөрекі қимылдап жатыр, ал Ресейдікі байқалмайтын әдіс қой?

Максим Горюнов: - Солай десе болады. Бірақ Ресей империясының "жұмсақтығына" көп бола қойған жоқ. Беларусьтің қалай православ болғанын еске алыңыз. Ол қазіргі Львов сияқты униаттық болатын. Беларусьтер унияны жоюға арналған әскери операциядан соң ғана православ дініне көшті. Казактар қатысқан әскери операция болды. Бұл қытайлық ассимиляциядан кем емес.

Азаттық: - Ал Ресей қашаннан бастап аз ұлттарға қатысты саясатын жұмсарта бастады?

Максим Горюнов: - Азаматтық соғыс алдында. Тарихшы Алексей Миллердің жазуынша, дәуірі аяқталар тұста Романовтар шығыс-славян дәстүрлі көйлегімен суретке түсе бастаған.

Ленин мен оның партиясы ассимиляциядан бас тартты. Оның орнын жерсіндіру басты, ұлты орыс еместерді құрметтеп, ынталандырып отырды. Ленин шеткері аймақтарды сақтап қалу үшін оларға жағуға тырысты.

Барон Врангель соңғы айларда Украинаның тәуелсіздігін мойындап, федерацияға келісуге дайын болды. Бір қызығы, соңғы дәуірдегі Романовтарға қарағанда СССР кезінде орыс еместерге барынша төзіммен қарады. Егер жұмысшы/колхозшы удмурт тілінде сөйлесе, оған ешкім тимейтін. Тіпті ұлттық сезіміне құрметпен қарайтын. Бірақ жазушы, ақын, тарихшы болсаңыз, оған қоса танымал тұлға болсаңыз, басыңызды қатерге тіктім дей беріңіз.

Азаттық: - Яғни, Қытайдағы сияқты тұтас халықтың орнына лагерьге тек танымал ақын-жазушылар кетеді. "Жұмсақтық" деп осыны айтып отырсыз ба?

Максим Горюнов: - Иә. Ресей империясы үшін бұл үлкен жетістік. Біздің заманда, ақындарға да қысым жасауды доғарды. Тек құқық қорғаушылар қалды. Ресейдің бұрынғы қатігез саясаты мен Қытайдың қазіргі жауыз саясаты қасында жұмсақтық болып саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG