Еуропа одағының полиция қызметі (Еуропол) кемі 654 адам Украинада соғыс қылмысына қатысы болуы мүмкін деп күдікке ілінгенін мәлімдеді. "Вагнер" және "Редут" жекеменшік әскері қатарында соғысқан бұлардың арасында 9 елдің, соның ішінде Қазақстан азаматтары да бар.
Еурополдың халықаралық қылмыспен күрес тобы Украина мен Молдоваға бұл істерді тергеуде көмек көрсеткенін айтты.
Мұның алдында Украина ұлттық полициясы "Мститель-2" арнайы халықаралық операция кезінде жалдамалы әскер қатарында Украинаға қарсы соғысып, әскери қылмысқа барды деген күдікке ілінген 654 адамды анықтағанын хабарлаған.
Тізімде Украина, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзебайжан, Армения, Молдова, Босния және Герцеговинаның азаматтары бар. Еуропол мен Украина полициясының мәліметінше, бұл адамдар зорлық-зомбылық жасау, әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру сынды соғыс қылмыстарын жасауы мүмкін.
Сәрсенбі, 29 қазанда Украина мен Молдова полициясы екі елдің аумағында 70 іздеу шарасын жүргізіп, қару-жарақ, жарылғыш зат, әскери киім, электронды құраал сияқты заттарды тәркілеген. Еурополдың хабарлауынша, полиция Молдова мен Украина азаматтарының Ресейдің жеке әскери компаниялары сапында Украинадағы және Конго демократиялық республикасындағы соғысқа қатысқанына дәлелдер жинаған.
"Украина полицейлері ресейлік жалдамалыларды әскерге алу орындарын, жаттығудан өтетін және бекінген жерлерін, командирлерін, ұрысқа араласуының жай-жапсарын анықтаған. Жай адамдар мен тұтқындарды ату, тыйым салынған қаруды қолдану және басқа да әскери қылмыстарды жасағанын дәлелдейтін құжаттар, видеотаспалар, телефон деректері және куәгерлердің түсініктемелері бір мезетте жиналды" делінген Украина полициясының мәлімдемесінде.
Украина полициясы елдің 11 азаматына "мемлекетке опасыздық жасады" деген айып тағылып, іс қозғалғанын мәлімдеді. Ал Еуропол соғыс қылмысына күдікті 280 шетелдіктің есімін тиісті елдерге жібергенін хабарлады.
Украина ұлттық полициясы 31 қазандағы мәлімдемесінде биыл қаңтарда АҚШ пен Мексика шекарасында ЧВК "Вагнер" сапында соғысқан Қазақстан азаматы ұсталғанын жазған. Украина полициясы Еуропол арқылы АҚШ органдарына қазақстандықтың "Вагнер" сапында соғысқаны жайлы дәлелдерді жіберген. Кейін АҚШ полицейлері Қазақстан азаматын ұстаған. Ал "Вагнер" АҚШ-та террорлық ұйым деп танылған. Украина тарабы Қазақстан азаматының есімін атамаған.
Бірақ биыл жыл басында Азаттық қазақстандық Тимур Пірәлиевтің Мексика жағынан Рио Гранд өзені арқылы Техасқа қарай заңсыз өтпек болғанда ұсталғанын жазған. Оның қолында қазақстандық және ресейлік төлқұжат болған. Пірәлиев АҚШ-та қамалған. Жауап алу кезінде ол ЧВК "Вагнер" құрамында соғысқанын мойындаған. 8 қазанда Алматыда Пірәлиевке "Шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу" бабы бойынша 5 жыл түрмеге кесілді.
 
 
