Accessibility links

Қазақстан Қырым резолюциясы жобасына қарсы дауыс берді


БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеп тұрған Украина президенті Петр Порошенко. Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2018 жыл
БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеп тұрған Украина президенті Петр Порошенко. Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2018 жыл

БҰҰ Бас Ассамблеясының Үшінші комитеті Қырымдағы адам құқығының жағдайына қатысты резолюция жобасын қабылдады. Қазақстан жобаға қарсы дауыс берді.

Қарашаның 15-і күні БҰҰ Бас Ассамблеясының Үшінші комитеті Ресей аннексиялаған Қырымдағы адам құқығының жағдайына қатысты жаңартылған резолюция жобасын қабылдады. Қырымға қатысты Ресей әрекетін сынайтын жобаны 67 ел қолдап, 26 ел қарсы дауыс берген. 82 мемлекет қалыс қалған.

Қазақстан бұл жобаға қарсы дауыс берген. Құжатты қолдамағандар арасында Армения, Беларусь, Боливия, Бурунди, Камбоджа, Қытай, Куба, Солтүстік Корея, Эритрея, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Мьянма, Никарагуа, Ресей, Сербия, Оңтүстік Африка республикасы, Оңтүстік Судан, Судан, Сирия, Тәжікстан, Уганда, Өзбекстан, Венесуэла, Зимбабве бар.

"Қырым автономиялық республикасы мен Севастополь қаласындағы (Украина) адам құқығының жағдайы" атты резолюция жобасы "Қырым аннексиясын заңдастыруды көздеген" Ресейдің барлық амал-әрекеттерін айыптайды. Құжат Қырым азаматтарына Ресей төлқұжатын таңу, түбекте заңсыз сайлау кампанияларын ұйымдастыру сияқты әрекеттерді сынайды.

Бұған қоса, резолюция мәтінінде түбектегі украиналық саяси тұтқындар мен діни азшылықтарға жасалып отырған қысым туралы деректер де бар. Ондағы азаматтық белсенділердің қысымға ұшырап отырғаны, үйлеріне жиі тінту жүргізілетіні баяндалған. Құжаттың бір бөлігінде халықаралық ұйымдарға ресми құжаттарда Қырымды "Ресей уақытша жаулап алған Қырым автономиялық республикасы" деп атау туралы талап та бар.

Жоба енді БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына жөнелтіледі. Ассамблея оны желтоқсан айында қарайды.

2018 жылы қыркүйекте БҰҰ бас Ассамблеясы отырысында Астана "Украинадағы уақытша оккупация жасалған аумақтар жағдайы" мәселесін күн тәртібіне енгізуге қарсы шықты.

Қазақстан 2017 жылы 19 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының "Қырым автономиялық республикасы мен Севастополь (Украина) қаласындағы адам құқығының жағдайы" туралы резолюциясына дауыс беру кезінде де Ресейді қолдаған. Ол кезде резолюцияны 70 ел қолдап, 26 ел қарсы дауыс берген. 76 мемлекет қалыс қалған еді.

Қырым тақырыбы - Қазақстанда сирек талқыланатын "нәзік" мәселелердің бірі. Бұған дейін елдің кинотеатрларында көрсетіледі деп жоспарланған Қырым көпірі туралы ресейлік фильм көрсетілмеді.

Бұған дейін ірі даудан соң Қырымды Ресей территориясы деп көрсеткен Қазақстан оқулықтарынан Қырым жайлы абзацтар мүлде алынып тасталды.

Қырым

2014 жылдың наурыз айынан бастап Қырым түбегін Ресей басқарып келеді. Украина заңына қайшы Ресейге қосылу туралы референдум 2014 жылы 16-наурызда өтті. Бұған дейін Ресей әскерилері түбектің негізгі нысандарын бақылауға алған болатын. Украина мен халықаралық қауымдастық референдум мен оның нәтижесін мойындамады. БҰҰ мүше көптеген мемлекеттер Қырымды Украинаның бір бөлігі деп санайды.

Халықаралық ұйымдар Қырым аннексиясын заңсыз деп танып, Ресей әрекетін айыптайды. Батыс елдері Ресейге санкция салды. Ресей түбекті жаулап алғанын жоққа шығарады және "тарихи әділдік орнады" деп санайды. Украинаның жоғары радасы Қырым мен Севастопольды жаулап алу кезеңі 2014 жылы ақпанның 20-сы басталды деп ресми түрде бекіткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG