Accessibility links

Вируспен күрескен бір ай. Мыңнан астам науқас һәм қарттар үйіндегі қаза


Алматы көшесін дезинфекциялап жүргендер. 28 наурыз 2020 жыл.
Алматы көшесін дезинфекциялап жүргендер. 28 наурыз 2020 жыл.

Тура бір ай бұрын, 13 наурызда Қазақстан билігі елде коронавирус жұқтырған алғашқы екі адам анықталғанын мәлімдеді. Бір айда елде коронавирус жұқтырғандар саны мыңнан асты. 12 науқас қайтыс болды. Олардың үшеуі – Ақмола облысындағы қарттар үйінің тұрғыны. Шынымен, Қазақстанда вирус бір ай бұрын табылды ма?

“Шамамен, 11-16 наурызда бізде әйтеуір (наконец-то) коронавирус анықталады” деген еді сол кездегі Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин (осы сөзі әзілге айналып кетті. Кейін он күннен соң бұл қызметінен кетті). Бекшиннің болжамы тура келді. 13 наурызда Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанға Еуропадан келген екі адамнан коронавирус табылғанын мәлімдеді.

Содан бері елде коронавирус жұқтырғандар саны күн сайын өсіп келеді. Сәуірдің басына дейін вирус жұқтырғандар Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан табылған. Билік екі қаланы 19 наурызда карантинге жапты, вирус жұқтырғандар шеттен келгендер және солармен байланыста болғандар деп хабарлап отырды. Кейін басқа аймақтарда да вирус жұқтырғандар анықталды. “Вирус жұқтырған жері” белгісіз адамдар да шыға бастады. Осыдан кейін билік жалма-жан елдің басқа аймақтарында да шектеу шаралары мен карантин жариялады.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 13 сәуір 23.40-та елде бір сәтте 112 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Олардың басым бөлігі Алматы қаласында – 99 адам. 13 сәуірде, бір күнде, Қазақстанда 140 адамнан вирус анықталды. Бұрын елде бір күнде мұнша адамнан вирус табылмаған. Осылайша, Қазақстанда вирус жұқтырғандар мыңнан асты - 1091.

Вирус жұқтырғандар саны бойынша Алматы қаласы (271) Нұр-Сұлтан қаласының (260) алдына шықты.

ӘРБІР БЕСІНШІ НАУҚАС - МЕДҚЫЗМЕТКЕР

Денсаулық сақтау министрлігі қызмет пен тауарлар сапасын бақылау комитетінің басшысы Людмила Бұйрабекова 13 сәуірде түсте өткен брифингте елде 211 медициналық қызметкерге вирус жұққанын хабарлады. Демек, Қазақстанда вирус жұққан әрбір бесінші науқас – медициналық қызметкер.

Салыстыра кетсек, вирус тараған Қытайда ресми дерек бойынша 3300 медициналық қызметкер дертке шалдыққан. Бұл – елдегі вирус жұққан 80 мыңнан астам адамның төрт пайызы. Бірақ Батыс елдері Қытай вирус жұқтырғандар санын азайтып көрсетті деп, дерекке күмән келтіреді.

Алматыдағы қалалық орталық клиникалық ауруханада 37 медқызметкерден вирус табылды. Ресми дерек бойынша, олармен 300-ден астам адам байланыста болған. Билік аурухана карантинге жабылғанын айтады. Тағы жетеуі – Алматы қаласы балаларға арналған инфекция ауруханасының қызметкері.

Алматыда ең ірі клиникалық аурухана карантинге жабылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:29 0:00

Нұр-Сұлтанда Ұлттық кардиология ғылыми орталығы, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы және "Мейірім" медициналық орталығының стационарында жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер арасынан коронавирус жұқтырған науқастар табылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, вирус бұл медицина мекемелеріне сырттан келген.

Медицина қызметкерлерінің вирус жұқтыру көрсеткіші Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарында жоғары. Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында қалалық емхананың төрт қызметкеріне коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған соң медицина мекемесі карантинге жабылған.

Людмила Бұйрабекова 13 сәуірдегі брифингте медицина қызметкерлері "сақтық шараларын сақталмағаннан" инфекция жұқтырғанын айтты.

Комитет өкілінің сөзінше, көбіне денсаулық сақтау ұйымдарының жағдайы қойылған талаптарға сәйкес келмейді — мекеме ішінде таза және лас жерлердің нақты бөлінісі жоқ. Бұйрабекова еңбек режимі де бұзылатынын, медициналық қызметкерлер жұмыс уақытынан тыс кезде де еңбек етіп жүргенін, олардың қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілмегенін, арнаулы киімді киіп-шешу ережелерін сақтамайтынын айтты.

Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасимова медициналық қызметкерлері “сақтық шаралары дұрыс сақтамағандықтан” COVID-19 вирусын жұқтыруы мүмкін деді. Оның айтуынша, қалалық медициналық мекемелерде вирустан қорғайтын құралдар жеткілікті.

Әлеуметтік желіде кейбір маман медициналық қызметкерлерге жұмыс орнында вирусты өз кінәсінен жұқтырмағанын дәлелдеу үшін сотқа жүгінуге тура келеді деген пікір айтқан. Алматылық белсенді медициналық қызметкер Кайырғали Конеев дәрігерлерді тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментіне қарсы ұжымдық арыз беруге шақырды. Ол “шенеуніктердің сөзіне қарағанда, медициналық қызметкерлерге жұмыс орнында вирус жұқтырғаны үшін жәрдемақы алу қиынға соғады” деп есептейді. Конеевтың Facebook парақшасына жариялаған жазбасының астына кейбір медициналық қызметкер бастаманы қолдап, пікір қалдырған.

Наурыз айының соңында төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия коронавируспен күресіп жүрген медициналық қызметкерлердің жалақысына ай сайын қосымша үстемақы төлеу туралы шешім шығарған. Шешімге сәйкес, медициналық қызметкерлер үстемақыны үш ай бойы "коронавирус жұқтыру қаупі бойынша" өзі жататын үш топтың біріне сәйкес — 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін (доллардың ресми бағамы 427,25 теңге) алады. Өңірлерде стационарлар мен жедел-жәрдем станцияларының кейбір қызметкері өздеріне үстемақы төленбегенін айтқан.

12 НАУҚАС КОРОНАВИРУСТАН КӨЗ ЖҰМҒАН

Денсаулық сақтау ұйымының 13 сәуірде түскі мәліметі бойынша, Қазақстанда коронавирустан 12 адам көз жұмған.

Коронавирустан қайтыс болған бірінші науқас – Ақмола облысы, Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны. Ол 26 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында қайтыс болды. Марқұмның туыстарының шақырту бойынша келген бірінші жедел-жәрдем көлігінің қызметкерлері емханаға баруға кеңес бергенін (олар келесі күні емханаға барған, дәрігер науқасқа ОРВИ-ге қарсы дәрілер жазып берген), екінші бригаданың дәрігері ауруханаға жатқызуға себеп жоқ деп тауып, науқастың жүрек тұсы мен кеуде қуысындағы ауырсыну сезіміне қарамастан, "өлмейді, аяққа тұрып кетеді" деп кетіп қалған. Үшінші рет шақырылған жедел-жәрдем көлігі дене қызуы көтерілген әйелді Нұр-Сұлтан қалалық № 2 көпсалалы ауруханасына жеткізген. Науқас бір тәуліктен кейін көз жұмған. Оған коронавирус инфекциясы диагнозы тек қайтыс болғаннан кейін, марқұмның денесі мәйітханадан туыстарына берілген кезде қойылған. Кейінірек ауырғанға дейін Алматы мен Жамбыл облысына қыдырып барған Қосшы ауылының тұрғынымен бірге қонақта болған Алматы облысындағы зейнеткердің де вирус жұқтырғаны анықталды.

Коронавирустан қайтыс болған азаматтар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарында тіркелді. Қайтыс болғандардың жасы — 41-91 аралығында.

13 сәуір күні билік өкілдері коронавирус инфекциясынан қаза тапқан 12-науқас — "Шапағат" қарттар үйінің тұрғыны болғанын хабарлады. Науқас Ақмола облысы Аққайың ауылындағы қарттар мен мүгедектерге арналған мекемеде тұрған. Бұл – осы орталықта тіркелген үшінші өлі. Сәуірдің 2-сі күні осы мекемеде тұратын 73 жастағы ер адам, 6 сәуірде 91 жастағы әйел қайтыс болған. Бұған дейін 10 сәуірде билік өкілдері орталықтағы 34 қарт пен бір қызметкерден коронавирус табылғанын, олар инфекциялық стационарға жатқызылғанын мәлімдеген.

“Шапағат” қарттар үйінің сайтына 28 ақпанда Масленицаға арналған шара болғаны жазылған. Биліктің дерегінше, екі күннен соң дәрігероер тыныс алуы қиындаған зейнеткерді ауруханаға алып кеткен. Ол отыз күннен кейін қайтыс болды. Қария көз жұмған соң одан коронавирус анықталды.

Қарттар үйінің тұрғынына ақпанның соңында я наурыздың соңында вирус жұққаны түсініксіз. Қазақстанға вирус Бекшиннің сөзіне дейін әлде кейін келгені де белгісіз.

9 сәуірде Алматы қаласының бас санитар дәрігері Айзат Молдагасимова әкімдік 1 қаңтардан бері пневмония мен респираторлық аурудан көз жұмғандардың деректерін тексеріп, олар байланыста болған адамдардан коронавирус тестін алатынын мәлімдеді. 13 сәуірде Людмила Бұйрабекова Алматы мен Нұр-Сұлтанда 3136 тест алынғанын, 64 адамда коронавирусқа қарсы антитела болғанын айтты. Демек, 64 адам COVID-19 дертімен ауырып, айыққан деген сөз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG