Accessibility links

"Карантин кезінде күн сайын 2-3 тонна қияр шіріп жатыр"


Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылының тұрғыны Абдуманап Бахрамның үйіндегі жылыжай. Ақпанның 11-і, 2015 жыл.
Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылының тұрғыны Абдуманап Бахрамның үйіндегі жылыжай. Ақпанның 11-і, 2015 жыл.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жылыжайға помидор, қияр, капуста еккен диқандар карантин салдарынан еңбегіміз зая кете бастады дейді. Бұрын осы уақытта жүздеген жүк көлігі көкөніс артып шығатын ауылдар жым-жырт.

ШЫМКЕНТТІҢ ДИҚАНЫ

Шымкент қаласындағы екі гектар жылыжайына қияр мен болгар бұрышын еккен диқан сәуір айының ортасында көкөнісін жүк көліктеріне арта бастауы тиіс еді. Бірақ төтенше жағдай барлық жоспарын өзгертіп, тығырыққа тірей бастаған. Қазір де күніне 5 тоннадан 7 тоннаға дейін қияр жинайды. 4 сәуірде Шымкент қаласы карантинге жабылған соң сұраныс күрт азайып, баға түскен. Бір келі қиярды 150 теңгеден әрең өткізеді. Аты-жөнін жарияламауды өтінген диқанның сөзінше, бұл ақша тым құрығанда жылыжайды жылытқан газдың бағасын да ақтамайды.

- 22 наурыздан бастап қияр алушылар сап тыйылды. Өткізетін жер таппадық. Базарға апардық, болмады. Үш күнде 20 тонна қияр жиналып қалды. Жүк көлігіне тиеп Нұр-Сұлтан қаласына жеткіздік. WhatsApp -та хабарлап, сатып алатын адамдардың үйіне келісін 400 теңгеден жеткізіп бердік,- дейді ол.

Асар мөлтекауданындағы жылыжай. Шымкент, 16 наурыз 2014 жыл.
Асар мөлтекауданындағы жылыжай. Шымкент, 16 наурыз 2014 жыл.

Диқанның сөзінше, Нұр-Сұлтан қаласында көшеге шығуға тыйым салынғаннен кейін сауданың бұл әдісі де тоқтаған. Шіри бастаған соң келісін 150 теңгеден өткізе бастаған. Алайда қазір бұл бағаға да сатып алатын адам жоқ. Күніне 2-3 тонна қияр сатылмай, шіріп жатыр. Ал жылыжайға қиярды кредит алып еккен.

- Кредит төлеуді үш айға шегерді. Үш айда шығынды өтеу мүмкін емес. Кемінде бір жыл уақыт керек. Бірнеше жыл пайда көрмесек те алған қарызымызды өтер едік, - дейді ол.

САРЫАҒАШТЫҢ ДИҚАНЫ

Шымкент қаласынан 120 шақырым жерде жатқан Түркістан облысы Сарыағаш қаласының тұрғыны Болат Жүсіпов те көкөнісін сата алмай қиналып отырғандардың бірі.

Ол бір гектар жылыжайға помидор, 30 сотық жерге қияр еккен. Қазір күніне 500 келі қияр жұлып, қорапқа салады. Жылыжайды баптап, егін егуге, дәрісіне, жұмысшылардың еңбекақысына шамамен 15 миллион теңге жұмсағанын айтады.

20 күн бұрын қиярдың бір келісін 700 теңгеден сата бастағанда еңбегінің ақталатынына сенімді болған. Қазір келісін 150 теңгеден зорға сатып жүр.

Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылының тұрғыны Абдуманап Бахрамның үйіндегі жылыжай. Ақпанның 11-і, 2015 жыл.
Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылының тұрғыны Абдуманап Бахрамның үйіндегі жылыжай. Ақпанның 11-і, 2015 жыл.

Болат Жүсіповтың айтуынша, Бұл ақша жылыжайды жылыту үшін күн сайын жағатын жарты тонна көмір мен қияр жинаушылардың еңбекақысын ақтамайды.

- Егер баға көтерілмесе қиярды жұлып тастаймын ба деп ойлап отырмын. Он күннен соң помидор да піседі. Помидор жаппай піскенде дереу жинамаса тез бұзылады. Көтере сатып аламын дейтін саудагер жоқ. Мүлде келмесе, өзіміз базарға апарамыз, - дейді диқан.

ЕҢКЕСТІҢ ДИҚАНЫ

Сарыағаш ауданы Еңкес ауылының диқандарына төтенше жағдай мен карантин қатты тиген сыңайлы. Басқа ауылдардай емес Еңкес ауылы толық карантинде, қатаң бақылауда отыр. Өйткені короновирус жұқтырғандардың бірі осы Еңкес ауылынан шыққан.

Еңкес тұрғыны Есен Құрманбаевтың айтуынша, ауылға блокпост қойылған, ешкім кіріп, шықпайды. Бұрынғыдай көкөніс алуға келетін ондаған жүк көлігі, сатушылар мен делдалдардың бірі де жоқ. Диқандар, тіпті егіндігіне жете алмай қалған.

Жылыжайға тыңайтқыш тасып жатқан Ынтмақ ауылының тұрғындары. Сарыағаш ауданы, Ынтымақ ауылы, 11 ақпан 2015 жыл.
Жылыжайға тыңайтқыш тасып жатқан Ынтмақ ауылының тұрғындары. Сарыағаш ауданы, Ынтымақ ауылы, 11 ақпан 2015 жыл.

- 2 гектар жерге 70 мың түп капуста ектік. Шамамен 70-80 тонна өнім шығады. 1 келі капустаның өзіндік құны 50 теңге болды. Осы уақытқа дейін 4 миллион теңге жұмсадым. Бәріміз өнімді қайда сатамыз деп қиналып отырмыз. Сұраныс жоқ жерде баға болмайды. Еңбегіміз ақтала ма, жоқ па белгісіз. Ауыл карантинге жабылғанына бір апта болды. Жақын күндері карантин бітпесе күніміз не болмақ? - дейді ол уайымдап.

Есен Құрманбаев Ресейге шығарылмаса «Қазақстан халқы Түркістан облысынан шыққан капустаны жеп тауыса алмайды» деп санайды. Мысалы, науқан басталғанда бұрын Сарыағаш ауданынан күніне жүзге жуық көлік капуста әкетіп жүрген.

«КАРАНТИН БІТКЕНШЕ ЕГІН ЖИНАЛМАЙДЫ»

Түркістан облыстық жылыжай қауымдастығының төрағасы Мырзахмет Сынабаев Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы жылыжаймен айналысатын диқандарға короновирсқа байланысты жарияланған карантин ауыр тиіп жатыр дейді. Қазақстанның ішкі қалалары мен Ресейге таситын саудагерлер жұмысын тоқтатқан.

- Өкімет диқандар кредитін бір жылға шегерді. Әрі қарай бөліп төлей ме, жылын ұзарта ма белгісіз. Жағылған газ бен жарықтың ақысын төлеуді уақытша тоқтатты. Егер диқандарға күзде кредит берілмесе, егіске шамасы жетпейді, - дейді қауымдастық төрағасы.

Мырзахмет Сынабаевтың пікірінше, карантин кезінде диқандар мен саудагерлердің жүріп, тұруына, өнімін сатуға мүмкіндік жоқ. Блокпосттан кезексіз өте алмайды. Сағаттап кезекте тұрған соң көкөніс бұзылады.

- Әкімдік блокпосттан жүк көліктеріне жеке жол ашуы керек. Рұқсат қағазы уақылы берілсе, Ресейге де апаруға болар еді,- дейді Сынабаев.

Осыдан екі күн бұрын Жамбыл облысы диқандарының да пісіп тұрған капусталарын Ресейге шығаруға рұқсат беруді сұраған видеосы әлеуметтік желіде жарияланған

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Абунасыр Жанбосыновтың мәліметінше, қалада 180 гектар жылыжай бар,шамамен 35 гектарына қияр егілген. Күніне 60 тоннадай қияр сатуға шығарылылады, бірақ өте баяу өтіп жатыр.

- Карантинге байланысты базарлардың жұмыс уақыты шектелді, кейбірі жабық. Азық-түлік дүкендерінде сауда баяу. Диқандар айтқандай, қиярдың келісі 150 теңгеге түскені рас. Бірақ, нарық заманында мемлекет бағаға араласпайды, - дейді бөлім басшысы.

Жанбосынов диқандарды жеңілдіктер қарастырылып жатқанын айтады. Егер егінге тыңайтқыш керек болса, бағасы елу пайызға төмендетіліп беріледі. Жылыжайға кететін коммуналдық төлемдердің бір бөлігі бюджет есебінен төленеді. Өнімін өзі сататын диқандарға сауда орындары беріледі.

Шенеунік «көкөністерді блокпосттан өткізудің қиындығы жоқ» деп санайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданыны Ынтымақ ауылының диқаны Абдуманап Бахрамның жылыжайы.

2015 жылдың ақпанындағы Сарыағаш ауданында болған қазақ-тәжік жанжалынан кейін.

Сарыағаш ауданы тұрғынының пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:03 0:00

Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың сөзіне қарағанда «әкімдік диқандардың уайымын біліп отыр». Осыдан екі күн бұрын ғана, яғни 8 сәуірде ауыл шаруашылығы министрлігі көкөністі Ресейге шығаруға рұқсат етіп, диқандарға сертификат бере бастаған.

- Ішкі істер министрлігі Қазақстан аумағындағы блокпосттардан көкөністі кезексіз өткізу амалын қарастырып жатыр. Ал Еңкес ауылы карантинге жабылған. Карантин біткенше егін жиналмайды, - дейді әкімнің орынбасары.

Қалқамановтың сөзінше, жекелеген аудан, ауылдар болмаса, облыс түгелімен карантинге жабылмаған. «Дәрі-дәрмек, азық-түлік пен көкөніс тасуға еш кедергі жоқ».

Түркістан облысындағы диқандар жылына 300 мың тонна көкөніс өндіреді. Оның 250 мың тоннаға жуығы Ресейге шығарылады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG