Accessibility links

"Басқа амал жоқ". Қазақстанда төтенше жағдай уақыты созылды


Карантин сәуірдің соңына дейін созылды. Жұрт не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:00 0:00

Карантин сәуірдің соңына дейін созылды. Жұрт не дейді?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты елде жариялаған төтенше жағдай уақытын 30 сәуірге дейін созды. Алғашқы шешім бойынша төтенше жағдай 15 сәуірде аяқталуы тиіс еді. Қазір елде вирус жұқтырғандар 800-ден асты. 18 адамның халі ауыр. Ал әлемде вирустан көз жұмғандар саны жүз мыңға жуықтады.

10 сәуірде Нұр-Сұлтанда Тоқаев төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссия отырысында елдегі төтенше жағдай “кем дегенде” 30 сәуірге дейін созды. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласы және аймақтағы карантин уақыты да ұзарды. Бірақ елдегі кейбір шағын және орта бизнестің жұмысы істеуіне рұқсат берілмек. Тоқаев төтенше жағдай режимін созу “отандық және халықаралық вирусологтардың кеңесі” екенін, қазір “карантин мен оқшаулаудан басқа амал жоғын” айтты.


“Басқа жағдайда біз жағдайды ушықтырып аламыз. Эпидемия жаппай елімізді жайлағанымен қоймай, бүкіл тұтас ұлттың денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнеді. Ондай кезде шағын және орта бизнес, тіпті экономиканы сақтап қалудың өзі күн тәртібінде маңызын жоғалтары анық” деді ол.

Тоқаев шағын және орта кәсіптердің жұмысы жасауына мүмкіндік берілетінін айта келе “тәуекелге барамыз, басқа амалымыз жоқ” деді. Елде коронавирус тарап, елде карантин енгізілген соң көптеген кәсіпкер бизнесін тоқтатып, миллиондаған адам жұмыссыз қалған. Қазақстан билігі жұмысынан айырылғандарға төтенше жағдай кезінде 42500 теңге (шамамен 95$) беретінін мәлімдеді. Тоқаевтың сөзінше, 10 сәуірге дейін 42500 теңге алу үшін 1,7 миллион адам өтініш берген.

Билік 42 мың теңге көмек беретінін жариялаған соң елдің әр аймағында жұрт карантинге қарамастан банктер мен Қазпоштаға ағылған. Тоқаев орталық және жергілікті мемлекеттік органдар 42500 теңге бойынша халыққа түсінікті жұмыс жүргізбегенін сынап, төлем карталарын дайындауда олқылықтар болғанын мойындады. Ол үкіметке үш күннің ішінде төлем карталарын қашықтан алу жүйесін жасауды тапсырды.

Биліктің мәлімдеуінше, студенттер, мектептер және балабақшалар қашықтан оқуды жалғастыра береді. Кәсіпорандар жұмысын бірден емес, “біртіндеп бастайды”.

АЛМАТЫ МЕН НҰР-СҰЛТАНДА ВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

10 сәуір 20.00-дегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 808 адамнан вирус табылды. 64 адам дерттен айықты. 10 адам қайтыс болды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде вирус тарауы азайғанын, бірақ “шырқау шегіне жетпегенін” мәлімдеді. Министрліктің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова 10 сәуірде өткен брифингте “коронавирус тарауы алдағы бір-екі аптада шырқау шегіне жетеді” деп болжады.

Министрліктің мәліметінше, 29 наурыз – 9 сәуір аралығында елде коронавирустың тарауы 29 пайыздан 7 пайызға дейін азайған. Жақселекова Нұр-Сұлтан мен Алматыда 4 сәуірден бері COVID-19 дертіне шалдыққандар кемігенін мәлімдеді. Осы аптада екі қалада вирус жұқтырғандар саны оннан аз. Бірақ Ақмола, Қызылорда, Қарағанды, Атырау облысында көбейіп барады.

Қазір ауруханада жатқандардың арасында 18 адамның халі ауыр. Министрліктің есебінше, вирус жұқтырғандармен байланыста болған 21 мыңдай адам анықталып, олардың 99 пайызы оқшауланған. Елде вирус жұқтырғандардың әрбір бесіншісі медициналық қызметкер. Яғни, 67 медқызметкер дертке шалдыққан. Министрлік жұмыс барысында вирус жұқтырған медициналық қызметкерлерге ғана бір реттік өтемақы берілетінін мәлімдеді. Осыған дейін билік вирус жұқтырған дәрігерге екі миллион, вирустан қайтыс болған дәрігерге он миллион теңге өтемақы тағайындаған.

ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ ЖАҒДАЙ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Осы аптаның басында Ақмола облысы Аққайың 150-ге жуық адам тұратын “Шапағат” қарттар үйі коронавирус ошағына айналғаны хабарланды. Министрліктің мәліметінше, қазір бұл қарттар үйінің 36 тұрғынынан және бір қызметкерінен вирус табылған. Олардың бәрі инфекция ауруханасында емделіп жатыр.

2 сәуірде осы қарттар үйінде тұрып жатқан 70 жастан асқан адам, 6 сәуірде 90 жастан асқан адам қайтыс болған. Екеуінің де коронавирус жұқтырғаны өмірден өткен соң анықталған.

ӘЛЕМДЕ ҚАЙТЫС БОЛҒАНДАР САНЫ 100 МЫҢҒА ЖУЫҚТАДЫ

АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің есебінше, 10 сәуір Алматы уақытымен 19.00-де әлемде вирус жұқтырғандар саны 1,6 миллионнан асты. 96 мыңдай адам көз жұмды. 365 мыңдай адам дерттен айықты.

АҚШ вирустан ең көп зардап шегіп жатыр. 466 мың адамнан вирус табылды, 16 мыңдай адам қайтыс болды. Нью-Йорк қаласының бір өзі вирус жұқтырғандар саны бойынша (161 мың) Испания, Италия, Германияның алдына шықты.

Испанияда 157 мыңнан астам адамнан вирус табылды. 15843 адам қайтыс болды. Елде 9 сәуірде 605 адам көз жұмды. Бұл – елде 24 наурыздан бергі ең төменгі өлім-жітім.

Италияда вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны бірнеше күн бойы түсіп келеді. Өткен апталарда 6-7 мың адамнан вирус табылып жүрген. Кейінгі екі күнде 3-4 мыңнын арасында. Ал 7 сәуірде 604 қайтыс болса, 8 сәуірде 542 адам көз жұмды. Бұл елде 143 мыңнан астам адамнан вирус табылып, 18279 адам қайтыс болды.

Қазір вирус жұқтырғандар Франция (119 мыңға жуық), Германия (118 мыңнан аса), Иран (68 мыңнан астам), Ұлыбританияда (65 мыңнан асты) және Түркияда (42 мыңнан астам) азаймай тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG