Accessibility links

Каспий конвенциясы түйткілдің бәрін шеше ме?


Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан басшылары V Каспий саммитінде. Ақтау, 12 тамыз 2018 жыл
Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан басшылары V Каспий саммитінде. Ақтау, 12 тамыз 2018 жыл

Бұл күнге жету үшін 20 жыл уақыт керек болды. Тамыздың 12-сі Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан басшылары Қазақстанның Каспий жағалауындағы Ақтау қаласында бас қосып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қояды.

Келісімнің 18 беттен тұратын алғашқы нұсқасының шағын бөлігі маусым айында Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің вебсайтында жарияланды. Онда территориялық сулар, теңіздегі шекара, кеме жүру тәртібі, балық аулау құқығы, табиғатты қорғау мәселелері және ең маңыздысы – Каспийдің табиғи ресурстарын пайдалану жайы сияқты мәселелерді қозғаған 24 бап бар.

Каспий теңізінің қайраңында 50 миллиард баррель барланған мұнай қоры мен 9 триллион кубометр газ қоры бар. Қазіргі нарықтық бағасына қарасақ, бұл – бірнеше триллион доллардың энергетика қоры. Тағы барлау жүргізсе, оның көлемі арта түсуі мүмкін.

Сондықтан Каспийдің құқықтық мәртебесі бойынша ортақ мәмілеге келудің мұнша ұзақ болуы таңқалдырмайды.

КАСПИЙ ТЕҢІЗ БЕ, КӨЛ МЕ?

Негізгі пікірталас “Каспий теңіз бе, әлде көл ме?” дегенге келіп тірелетін. Каспий – басқа теңізбен не мұхитпен шектеспейтін тұйық көл.

Конвенция жобасына қарасақ, жағалаудағы бес ел Каспийді теңіз деп тануға тоқтаған тәрізді. Егер ол көл болса, онда оның ресурстары жағалауда жатқан бес ел арасында теңдей бөлінетін еді.

Каспий теңіз болып танылса, онда бес мемлекет өз жағалауынан бастап теңіздің орта тұсына дейін өз шекараларын сызып шығады.

Мұнда ең көп ұтылатын ел – Иран, себебі оған теңіздің 13 пайызы ғана бұйырғалы тұр. Әрі Каспийдің ең тұзды, ең терең бөлігі де сол жақ. Сондықтан Тегеран күні бүгінге дейін Каспийді теңіз деп тануға қарсы болып келген еді.

Қашаған кенішіндегі жасанды арал инфрақұрылымы
Қашаған кенішіндегі жасанды арал инфрақұрылымы

Мұнда ең көп ұтатын ел – Қазақстан, себебі Каспий теңізіндегі көмірсутегі шикізатының жартысынан астамы теңіздің қазақстандық бөлігінде жатыр деген болжам бар.

Ортақ келісім болмаса да, Әзербайжан, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан теңіздің өздеріне тиесілі деген бөлігінен мұнай өндіруді жалғастыра берді. Конвенция осы төрт елдің көп жыл бұрын қабылдап қойған шешімдерін заңдастырып бермек.

КАСПИЙДІ ИГЕРУ

Конвенцияның ең түйткілді тұстарының бірі – 14-бап. Оның 2-тармағында “тараптар Каспий теңізінің табанымен суасты құбырын жүргізе алады” делінсе, 3-тармағында “теңіздің құбыр не кабель жүргізілетін секторына иелік ететін тараптың келісіміне сәйкес” жасалатыны айтылған.

Түркіменстан теңіз табаны арқылы өз газын Әзербайжанға жеткізіп, одан әрі батысқа – Түркияға, Қара теңізге және соңында Еуропаға жеткізетін газ құбырын салуды 20 жылдан бері армандап келеді.

Кейбіреулер теңіздің газ құбыры салынатын бөлігіне иелік ететін Түркіменстан мен Әзербайжан бұл жобаны мақұлдап отырғандықтан, халықаралық құқық нормаларына сәйкес Каспийдің заңдық мәртебесі болмаса да, Транскаспий құбырын тарта беруге еш кедергі жоқ деп келген.

Оқи отырыңыз: Даулы мәселе аясындағы Каспийдің құқықтық мәртебесі

Ресей мен Иран бұл жоба Каспийдің қайталанбас биосферасына зиян келтіруі мүмкін деп санап, Транскаспий құбырын жүргізуге қарсы болып келген. Әсіресе Ресейдің бұлайша қарсыласуы орынсыз көрінеді, себебі оның “Газпром” компаниясы Қара теңіз арқылы Түркияға газ құбырын тартқан (Көк ағыс), қазір екіншісін тартуды жоспарлап жатыр (Түрік ағысы).

Бұған қоса, Финляндия шығанағы арқылы Германияға құбыр салып бітірді (Солтүстік ағыс), енді осы елге тағы бір құбыр тартуды ойластырып жатыр (Солтүстік ағыс 2). Бұл жобалардың барлығы Транскаспий құбыры жобасына қарағанда, техникалық тұрғыда анағұрлым күрделі, оның бір ғана мысалы – Финляндия шығанағында Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған жарылмаған бомбалар жатуы мүмкін.

Кей сарапшылардың айтуынша, Тегеран мен Мәскеу табиғатты сылтауратып, өз экономикалық мүдделерін көбірек ойласа керек. Екеуі де газ экспорттаушы бәсекелестері – Түркіменстанның өнімін Еуропаға сатқызбауға тырысқан. Еуропа одағы Транскаспий құбыры құрылысын қолдап, оны Еуроодақтың “Оңтүстік газ дәлізі” стратегиясына енгізген.

Құжаттың 24-бабының 2-тармағы мемлекеттердің құбыр салуына рұқсат береді. Әйткенмен “жоба экология талаптары мен стандарттарына сай келген жағдайда” деген шартты да қосады.

Ақтау төбесінен түсірілген көрініс. Ақтау 8 шілде 2018 жыл
Ақтау төбесінен түсірілген көрініс. Ақтау 8 шілде 2018 жыл

Транскаспий құбырын салуға бүгінге дейін кедергі болып келген осы норма бірлескен құжатта тағы да қайталанып отыр. Бұл ереже жағалаудағы мемлекеттерге жобаларға вето қою құқығын бере ме, жоқ па, ол жағы айқын емес.

Келісімнің қалған бөлігінде теңіздегі шикізат барлау, өндіру, платформа мен құбыр салу кезіндегі теңізге келген зиянның барлық жауапкершілігі әр елдің өз мойнына артылған. Яғни, бұдан былай көмірсутегін өндіру және оны экспорттау барысындағы қауіпсіздікті сақтауға сол жобаларды жүзеге асыратын тараптар жауап береді.

Каспий теңізінде мұнай құбырын салуда төтенше оқиғалар болған. Қазақстанның Қашаған кенішінен шығатын бірі мұнай, бірі газ тасымалдайтын екі құбыр өнім өндіру бастала салысымен, 2013 жылғы қыркүйекте жарылып кетіп, біраз шикізат теңізге ағып кеткен. Жағалаудағы басқа елдер бұл оқиғаға байланысты ешқандай шара қолданып, наразылық білдірген жоқ.

Оқи отырыңыз: Каспий мәртебесін кім қалай қарастырады?

Оның үстіне, Каспий теңізі – әлемдегі ең сапалы уылдырық беретін бекіре балығы мекендейтін жер екенін де естен шығармаған жөн. Мәселен, Иранның “Алмас” уылдырығы – әлемдегі ең қымбат уылдырық, оның бір килограмы 30 мың долларға дейін бағаланады.

Каспий теңізінің табиғатына қауіп төнетінін болжаған Түркіменстан соңғы кездері экологиялық қауіпсіздік мәселесіне байланысты бірнеше конференция өткізіп, елдегі табиғатты қорғау ұйымдарының тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетті.

Тамыздың 8-інде Түркіменстандағы Каспий табиғатын қорғау қызметі – CaspEcoControl-дың Түркіменбашы және Киянлы бұғаздарында, Гарабогаз бен Авазада орналасқан станцияларында теңіз бетін, табанын жағалаудағы жерасты суын, ауаны және теңіздегі гидрохимиялық режимді бақылай бастағаны туралы хабар тарады.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы құжаттың бекітілуі барлық көзқарастарды бір арнаға тоғыстыруға бағытталған 22 жылдық жұмыстың аяқталғанын білдіреді.

Қазақстан мен Әзербайжан да Құрық қаласынан Әзербайжанның Ескене портына мұнай жеткізетін “Қазақстан Каспий тасымалдау жүйесі” құбырын салуды жоспарлап отыр. Егер бұл құбырдың құрылысы басталса, онда Транскаспий құбырының салынбай қалмасы анық.

Сонымен қатар бұл келісімде теңізде жағалаудағы бес мемлекеттен басқа елдің әскери күштерінің болуына тыйым салынған. Құжаттағы бұл норманы Каспий теңізіндегі ең озық әскери-теңіз күштері бар ел – Ресей қолдап отыр.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы құжаттың бекітілуі барлық көзқарастарды бір арнаға тоғыстыруға бағытталған 22 жылдық жұмыстың аяқталғанын білдіреді. Бұл құжат жағалаудағы мемлекеттер мен жобаны қолға алу керек пе, жоқ па деп екіойлы болып жүрген шетелдік инвесторларды толғантып келген көп проблеманы шешіп беретін тәрізді. Әйткенмен Каспийдегі мұнай мен газ қорының көлемін ескерсек, теңізді бөлісу, ондағы ресурстарды пайдалану бойынша келіспеушіліктерді бір құжатпен шеше салу қиын сияқты.

Бұл блогта айтылған пікірлер Азат Еуропа/ Азаттық радиосының көзқарасын білдірмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG