Accessibility links

Сарыарқа төсіндегі "Теңіз патшалығы" қалай салынды?


Астанадағы АiLand ойын-сауық демалыс орталығы. Маусым, 2018 жыл.
Астанадағы АiLand ойын-сауық демалыс орталығы. Маусым, 2018 жыл.

Ашық теңізден үш мың километр жердегі Астананың ортасында 15 жылдан бері теңіз жәндіктері мекендейді. Астана океанариумына келушілерді акула және өзге де теңіз түбін мекендеушілерді ол жерге қалай жеткізіп, қалай қоректендіретіні, олар қапаста көбейе ме, теңіз суын қалай жеткізіп, қалай ауыстырып тұратыны, "Су перілері шоуын" қалай дайындайтыны қызықтырады. Азаттық тілшісі астана ортасындағы су асты әлемінің қалтарысына үңіліп көрді.

Дайын теңіз суын жұрттың көбі ойлайтындай мыңдаған километр жерден тасымайды, оны океанариумда дайындайды. Осы мақсат үшін Қызыл және Өлі теңіз жағалауларынан жыл сайын 120 тонна теңіз тұзын сатып алады. Суды микроэлементтермен байытудың ең қолайлы амалы осы. Океанариум жұмысын қамтамасыз ету және техникамен жабдықтау жөніндегі инженер Александр Колбасовтың сөзінше, океанариум ашылғаннан бергі 15 жылда түрлі теңіз тұзын қолданып көрген. Құрамы, бағасы жағынан тұз да әр түрлі болып келеді. Бірақ құрамы табиғи теңіз суына барынша жуық теңіз суын әзірлеу ұзақ әрі бейнеті көп процесс.

- Біз Қытайдың арзан тұзын да қолданып көрдік, бірақ оның құрамында қажет элементтердің көбі жоқ екен. Тұзды әкеліп, оған жергілікті суды бейімдеп дайындаймыз. Бұл үшін өзіміздің суға аэрация (ауамен желдету – ред.) жүргіземіз, хлордан тазартамыз, тиісті температураға дейін жылытып, тұндырамыз, сосын әр литріне 30 грамнан есептеп, тұз қосамыз. Сосын белгілі бір уақыт бойы оны араластырып алып, сақтайтын камераға жібереміз, кейін оны тағы желдетіп, сүзгіден өткіземіз, содан кейін ғана негізгі ыдысқа ауыстырып құямыз, - дейді Александр Колбасов теңіз суын жасау процесі туралы.

Астана океанариумының инженері Александр Колбасов. Астана, маусым, 2018 жыл.
Астана океанариумының инженері Александр Колбасов. Астана, маусым, 2018 жыл.

Александр Колбасов – осы қаланың байырғы тұрғыны. Жергілікті инженерлік-құрылыс институын бітірген су тазарту қондырғылары маманы кезінде бөгеттерге құятын бетон шығарумен айналысқан. 2002 жылы "теңіз патшалығы" туннелі қабырғаларын акрил шыныдан жасаған кезде насос жабдықтардың гидравликалық проблемаларын шешу, мысалы, насостардың дарылдаған үнін өшіріп, шуды азайту үшін оны кеңесші ретінде океанариумға жұмысқа шақырған. Оның кәсіби біліктілігі жоғары екенін байқаған соң океанариумда жұмыс істеуді ұсынған.

Ол кезде океанариум құрылысында көптеген шетелдік – италиялық, малайзиялық, австралиялық, жаңа зеландиялық мамандар жұмыс істеген.

АЛҒАШҚЫ КЕЛУШІ

Астанадағы "Думан" ойын-сауық орталығы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған. Ол нысан құрылысын ай сайын өзі барып бақылап тұрған. Океанариум 2003 жылғы мамырдың 6-сында ресми түрде ашылған. 2017 жылы "Думан" ойын-сауық орталығы отбасылық демалыс орталығына айналып, атауы AiLand деп өзгерді. Келісім-шарт бойынша, оның жұмысын бір жыл бойы жүргізіп, туындаған проблемаларды шешіп, жергілікті қызметкерлерге жұмыстың қыр-сырын үйретуге тиіс болғанымен, океанариум ашылғаннан кейін шетелдік мамандардың бірі қалмай кетіп қалған.

Океанариум жұмысын қамтамасыз ету жүйесінің қондырғылары. Астана, маусым, 2018 жыл.
Океанариум жұмысын қамтамасыз ету жүйесінің қондырғылары. Астана, маусым, 2018 жыл.

- Бір жыл бойы, яғни өз мамандарымыз бәрінің қыр-сырын үйренгенше нысанның жұмысын жүргізуі тиіс болғанымен, тәжірибесі бар шетелдік мамандар кетіп қалған соң біз жалғыз қалдық. Бірақ олар бұрын теңіз, мұхит жағалауындағы океанариумдармен ғана жұмыс істеген ғой, сондықтан жүрексінді. Ал мынау теңіз, мұхиттан шалғай жатқан түз даланың ортасында салынған құрлықтағы океанариум. Шетелдік мамандар түз даладан океанариум салуға болады дегенге сенген жоқ. ТМД елдері ішінде мұндай океанариумды біз бірінші болып салдық. Бізден кейін Владивосток, Петербург, Воронеж, Сочи, Мәскеуде ашылды. Кейін олар тәжірибемізбен бөлісуді сұрап бізді шақыратын болды. Үйрету үшін оларға барып жүрдік, ал тәжірибе жинау үшін олар бізге келіп тұрды. Қазір кей қызметкерлеріміз Петербургте, Сочиде жұмыс істеп жүр, демек, ТМД елдері үшін біз океанариум кадрларын даярлайтын орын болып тұрғанымыз ғой, - деп еске алады Александр Колбасов.

ЭНТУЗИАСТЕРДІ ЖҰМЫСҚА ШАҚЫРУ

Океанариум іске қосылғаннан кейін кадр проблемасы шыққан. Жергілікті аграрлық университет тұщы суда балық өсіретін мамандарды даярлайды. Теңіз бағытында жұмыс істейтін мамандыққа оларды іс жүзінде баулуға тура келген. Кадр тапшылығы проблемасын бірдеңе етіп шешу үшін басшылық балық өсірумен айналысқан, үлкен аквариумдары бар және бұл кәсіппен баяғыдан әуестенетін адамдарды жұмысқа шақырып, хабарландыру берген. Хабарландыру бойынша сегіз адам келген, олар жай әуесқой жандар емес, балық өсірудің қыр-сырын жетік білетін нағыз кәсіпқойлар болып шыққан. Ол кезде интернет қазіргідей дамымаған, сондықтан күнделікті жұмыста олардың білім-тәжірибесіне жүгінуден өзге амал қалмаған. Олар океанариумда жұмыс істей бастаған, ал бұрынғы әуес істері енді кәсіпке айналған.

Океанариумдағы ұсақ теңіз жәндіктері. Астана, маусым, 2018 жыл.
Океанариумдағы ұсақ теңіз жәндіктері. Астана, маусым, 2018 жыл.

Шетелдік океанариумдарды іссапармен көп аралаған қызметкерлер АҚШ, Жапония, Қытайға барған сапарларынан көп кітаптар әкеліп, оларды аудартып, күнделікті жұмыста қолданған.

Океанариум жергілікті аграрлық университетпен келісім-шартқа отырған. Ал кейін оның түлектері арасында қатаң іріктеу жүргізген. Пән бойынша терең білімін көрсетіп, сынақтан өткендерді біліктілігін арттыру үшін шетелге жіберген. Өйткені океанариум білімді, жоғары білікті мамандарға зәру болған.

- Мысалы, "тіршілікті қамтамасыз ету" маманы келіп, насос қойып беруді сұрады делік. Ал одан ауысым жиілігі, сүзгі түрлері, судың сүзгіден өту жылдамдығы, тазарту дәрежесі, қандай балыққа арналғанын, ылғалдылығы қандай екенін, бұл насостарға қандай қорғаныс класын қою керектігін сұрайды. Бұл жерде барлығы өзара астасып жатқандықтан білімің болмаса, бұл жерде жұмыс істей алмайсың, сондықтан мамандарды түлектердің білімін әбден тексеріп барып іріктейміз. Қызметкердің болмашы қателігінің кесірінен балықтар қырылып қалуы мүмкін, - дейді Александр Колбасов Азаттыққа.

ҮШ МИЛЛИОН ЛИТР СУ

Қазақ агротехникалық университетінтің түлегі Айнұр Аманжолованың океанариум зертханасында жұмыс істеп жүргеніне төрт жыл болған. Лаборант ретінде ол судың температурасы, ондағы оттегі, нитраттар, аммиак мөлшері туралы мәліметтер береді, ал тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі мамандары мұның бәрінің судағы концентрациясын межелі деңгейде ұстап тұруы тиіс. Өздігінен тазартуды күшейту, суды ауыстыру және оттегін жіберу тәрізді жұмыс түрлері көп. Сондықтан қызметкерлердің атқаратын міндеттері бір-бірімен тығыз байланысты.

Океанариум лаборанты Айнр Аманжолова су құрамын тексеріп отыр. Астана, маусым, 2018 жыл.
Океанариум лаборанты Айнр Аманжолова су құрамын тексеріп отыр. Астана, маусым, 2018 жыл.

Күніне үш сүңгуір, үш океанариумшы және тіршілік ету жүйесін қамтамасыз ететін екі маман жұмыс істейді. Олар негізгі резервуардағы үш миллион литр судың, яғни үш мың текше метр судың жай-күйін бақылайды. Мысалы, пайдаланылған теңіз суын тасып шығару үшін су таситын бір мың көлік қажет. Бірақ океанариум мамандары тұйық цикл жүйесін қолданып, пайдаланылған су мен тұзды барынша кәдеге жаратуға тырысады. Ал жарамсыз суды химикаттар мен қалдықтар төгетін орынға көлікпен тасиды.

Суды әдетте үш айда бір рет, бірақ судың жалпы көлемінің 10 пайызына жуығын ғана ауыстырады. Бұл судың температурасына, балық санына байланысты. Мамандардың айтуынша, егер су температурасы көтерілсе, айналым процестері де күшейіп балықтар жиі қоректеніп, тиісінше көп қалдық бөле бастайды.

АКУЛАЛАР ШОУЫ

Қазіргі кезде океанариумда 36 адам жұмыс істейді. Океанариумдағы жәндіктердің тіршілігін қамтамасыз етуші техникалық тиіс мамандардан бөлек, сүңгуірлер, океанариумшылар және "су перілері" бар.

Иван Власкин океанариумда сүңгуір болып жұмыс істейді. Астана, маусым, 2018 жыл.
Иван Власкин океанариумда сүңгуір болып жұмыс істейді. Астана, маусым, 2018 жыл.

Сүңгуірлер элита санатына жататын қызметкерлер саналады. Оған шымыр денелі жігіттерді алады. Дені – спортшылар. Жұмыстары күрделі. Олар океанариумның тереңдігі бес метр болатын негізгі резервуарында жұмыс істейді. Балықтарды қоректендіру үшін суға сүңгиді. Ал балықтың әр түрін қоректендіру үшін арнайы кесте түзілген. Кейде витаминмен байытылған қорек береді. Балықтарды қоректендірген әр жолы суға сүңгіп, резервуардың түбін тазалалайды. Су астындағы тамақ қалдықтарын, балықтардың нәжісін вакуум тәсілімен жинап, тазартып отырады. Мұның бәрі сүзгі жүйелері арқылы тазартылып, шекті межеге дейін озонмен байытылып, океанариумға қайта жіберіледі. Сүңгуірлер судың астында техникалық жұмыстар да атқарады. Мысалы, бекіткіштерге арналған ілмектер орнату үшін бұрғылау жұмыстарын жүргізген.

Сүңгуір Иван Власкиннің океанариумда жұмыс істегеніне төрт жыл болыпты. Ол спортшы – ескекпен жүзумен айналысады. Андрей Дубровский де көп жыл стажы бар сүңгуір, сондықтан жыртқыш акуладан қорықпайды.

Океанариумшылар балықтарды қоректендіріп, резервуардың түбін тазалап қана қоймай, ауру балықтарды да анықтайды. Олар балықтардың жағдайын, мінез-құлқын зерттеп (әдеттегіден өзгеше ме), қоректі қалай жейтінін бақылайды. Егер әлдебір күмән туса, ондай балықты оқшаулап, белгілі бір тәсілмен емдейді. Емдегеннен кейін балықты ортақ резервуарға қайта жібереді.

AiLand океанариумында акуланың бірнеше түрі бар. Астана, маусым, 2018 жыл.
AiLand океанариумында акуланың бірнеше түрі бар. Астана, маусым, 2018 жыл.

Сүңгуірлер акулаларды қоректендіру сәтін шоу ретінде көрсетеді. Қазіргі кезде океанариумда арасында адамға шабуыл жасауы ықтимал қауіптілері де бар бес түрлі 13 акула тіршілік етеді.

Мұнда келушілер акулаларды тамақтандыру сәтін бақылағанды жақсы көреді. Бұған қоса, олар, әсіресе балалар "Су перілері шоуын" қызыға тамашалайды.

"СУ ПЕРІСІ" ШОУЫ

Анастасия Собораның "русалка" атанып кеткеніне он жыл болған. Ол күн сайын суға бес мәрте 15 минутқа сүңгіп, балықтармен бірге неше түрлі шоу көрсетеді. Балалар оның су астындағы пируэттері ғана емес, океанариумның қабырғасына жақын жүзіп келіп, бүлдіршіндерге қолын бұлғағаны немесе теңіз жұлдызын сыйлағанына мәз-мәйрам болады.

Оңай болмағанымен, Анастасия жұмысын жақсы көреді. Шоу көрсету үшін суға сүңгуден бөлек, ол океанариустың әдеттегі жұмысын да атқарады. Су өте суық, сондықтан кез-келген адам су перісі болып жұмыс істей алмайды.

Мұнда жұмысқа орналасқаннан бері Анастасия декреттік демалыста да болып келген. Оның сөзінше, онымен бірге істейтін әріптесі аяғы ауыр кезінде жеті айлығына дейін "су перісі" болып жұмыс істеген. Ол да жұмысын жақсы көреді. Өйткені океанариумға келген балалар оларды су астындағы ертегінің перизаты ретінде қабылдайды. Олар жыртқыш акуланы емес, көбінесе әдемі су перісін көру үшін келеді.

Анастасия Собора "су перісінің" киімін көрсетіп тұр. Астана, маусым, 2018 жыл.
Анастасия Собора "су перісінің" киімін көрсетіп тұр. Астана, маусым, 2018 жыл.

Әр ай сайын су перілеріне костюм тігіледі. Тігіншілер киімнің жалт-жұлт еткен әдемі ғана емес, су перілеріне қолайлы болуы үшін де тырысады.

"БІЗ ОЛАРДА ҚОНАҚТАМЫЗ"

Океанариум негізгі үлкен резервуар мен көлемі әр түрлі 11 резервуары бар екі көрме өтетін бөліктен тұрады. Океанариумның ең қызықты бөлігі – табанына туннель тартылған негізгі резервуар. Оның ұзындығы 70 метрге жетеді, қабырғалары қалыңдығы жеті сантиметр болатын акрил шыныдан жасалған. Су асты туннелімен жыртқыш акулалардан бірнеше сантиметр жерде өткен кезде келушілер өздерін теңіз түбінде жүргендей сезінеді.

Қызметкерлерінің сөзінше, 15 жылда океанариумда бір де төтенше жағдай болмаған. Өйткені олардың бәрі қатаң нұсқау алған.

- Олар бізде емес, біз оларда қонақтамыз, - дейді океанариум инженері Александр Колбасов.

Қызметкерлер океанариум тұрғындары үшін олар бұрын мекендеген ортаға барынша жуық орта жасайды. Ойын-сауық орталығы қызметкерлерінің айтуынша, олардың теңізде тіршілік ету ерекшелігі ескерілмесе, төтенше жағдай болып, акулалар мен қолтырауындар өздерін тамақтандыратын адамға шабуылдар еді. Қызметкерлер су температурасының тиісті нормада болуын, әр балықты арнайы кестеге сәйкес тамақтандыруды ғана қадағалап қоймай, теңіз жәндіктері жүзіп жүрген бөлменің жарығын кезек жағып, күн шығатын және бататын мезгілді қолдан жасайды.

Океанариумдағы арнайы туннелден өткен кезде келушілер өздерін теңіз түбінде жүргендей сезінеді. Астана, маусым, 2018 жыл.
Океанариумдағы арнайы туннелден өткен кезде келушілер өздерін теңіз түбінде жүргендей сезінеді. Астана, маусым, 2018 жыл.

Колбасовтың сөзінше, океанариумда теңіз жануарлары өліп қалатын жағдай өте сирек кездеседі. Олар көбінесе ұшақпен әкеле жатқанда қырылады. Кей балықтар ұшуға, атмосфералық қысым мен климат ауыстыруға шыдамайды. Сатып алу туралы келіссөздер талай айға созылады. Сатып алмас бұрын сатушының сенімді екенін, балықтар ұсталған ортаны тексереді, балықтың денсаулығын да сол жерде тексереді, балықтардың бейімделу кезеңіне арнап ыдыс пен су дайындап океанариумда қабылдап алуды ұйымдастырады

Оларды қабырғасы бірнеше қабаттан тұратын арнайы жасалған контейнерлерге салып әкеледі. Тасымалдау кезінде жолға уақыт кетірмес үшін тікелей ұшатын, оның ішінде чартерлік рейстерді таңдайды. Бұған қоса, алыс жақтан балықтарды қыс кезінде әкелуге тырысады.

АСТАНАДА ТУҒАН АКУЛА

Қазір океанариумда тіршілік ететін екі мыңға жуық теңіз жәндігінің 250-ден аса түрі бар. Экспозициялық резервуарларда Оңтүстік Америка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның тұщы суларында тіршілік еткен балықтар бар. Пиранья деген ет қоректі жыртқыш балықтар, паку деген "вегетариан" балықтар да осында. Бұған қоса, теңіз және мұхит жағалауын мекендейтін теңіз жұлдызы, саяқ шаян, омар сияқты теңіз шаяндарының сирек кездесетін түрлері де бар. Тұңғиық өкілдері – атбалық, сиырбалық, жапонның жауынгер балығы, итбалық, актиния сияқты түрлері кездеседі. Тағы бір резервуарда тасбалық, қанатты балық, улы арыстан балық, жайра сияқты қауіпті мақлұқтар тіршілік етеді.

Келушілер көбінесе мұндағы 13 акуланы көруге ынтық. Салмағы мен тұрқы акулалардан қалыспайтын "губан" ("салпыерін") балығы, теңіз алабұғалары олармен бір кеңістікте жүзіп жүр.

Океанариумға жаңадан әкелінген теңіз жәндіктерін бұл жердегі тірлікке бейімдеуге арналған су құйылған ыдыс. Астана, маусым, 2018 жыл.
Океанариумға жаңадан әкелінген теңіз жәндіктерін бұл жердегі тірлікке бейімдеуге арналған су құйылған ыдыс. Астана, маусым, 2018 жыл.

Океанариумға келушілер қабылан-балықтар, мурена, мөңке балық, тасбалық, "клоун" балықтарды да тамашалағанды жақсы көреді. Елдің түрлі су айдындарынан әкелінген Балқаш жайыны, Каспий алабұғасы сияқты қазақтандық балықтар да тіршілік етеді. Таяз суда өмір сүретін балық түрлері де көп. Келушілер Оңтүстік Африканың қолтырауындары мен ішінде қызыл құлақ және салмағы 180 килограмға дейін жететін Азиядан әкелінген жасыл түсті тасбақаларды тамашалағанды жақсы көреді. Оларды "көжебалық" деп те атайды, өйткені кей елдерде олардың етінен көже пісіреді.

Акулалар – ең қымбат балықтар. Бағасы – коммерциялық құпия. Бірақ, инженердің сөзінше, 2003 жылы бір акуланы 3500 долларға сатып алған көрінеді. Акулалар жасанды ортада ұзақ өмір сүрмейді деп саналады, бірақ астаналық океанариумда 15 жылдан бері тіршілік кешіп келе жатқан акулалар бар. Еркіндіктегі акулалардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 30 жыл.

Жұбымен сатып алғанымен, балықтар жасанды ортада көбеймейтіні белгілі. Бірақ астаналық океанариумында ұзындығы 50-70 сантиметрге жететін мысық акулалар қабығы жоқ, көн тәрізді терісі бар жұмыртқа туған. Акулалар оларды торға немесе жартасқа жабысқақ лентамен жапсырып қояды. Океанариумшылар оларды жинап алып, арнайы аквариумға салып, жетілу үшін жағдай жасайды. Ал ұрықтан кішкентай акулаға айналған кезде оларды ортақ резервуарға жібереді.

AiLand океанариумында жаңадан іске қосуға дайындап жатқан павильон. Астана, маусым, 2018 жыл.
AiLand океанариумында жаңадан іске қосуға дайындап жатқан павильон. Астана, маусым, 2018 жыл.

- Кезінде бізде – түз даланың төсінде осындай ғажайып пайда болады дегенге ешкім сенбеген еді. Біз Самал ықшам ауданынан осы жерге дейін даламен, мұз болып қатқан өзеннің үстімен жүретінбіз, айнала көз тоқтатар бұдыр жоқ дала болатын, қатты жел ұшырып түсіретін, - деп еске алады Александр Колбасов. - Ал қазір океанариум астанамыздың жауһарына айналды. Бұл – қазақтың сайын даласында тұратын адамдардың су асты патшалығының тамаша әлемін өз көзіммен көрсем ғой деген арманының орындалғаны. Бұл – еліміздің мәдени феномені. Адамдар теңіз ғажайыбын көру үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді. Бізде тіпті кей романтикашыл жастар сүңгуір қызметін пайдаланып, некесін су астында қидырады.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG