Accessibility links

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы Ақтаудағы ұшақ апатын ашық тергеуге үндеді


Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы құлаған жерді күзетіп тұрған полиция. Маңғыстау облысы, 27 желтоқсан, 2024 жыл.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы құлаған жерді күзетіп тұрған полиция. Маңғыстау облысы, 27 желтоқсан, 2024 жыл.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Ақтау қаласы маңында болған ұшақ апатын мұқият, бейтарап және ашық тергеуге үндеді. 25 желтоқсанда Қазақстан аумағына құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer Е190 ұшағындағы 38 адам қаза тапты.

IATA үндеуі Ресей мен Әзербайжан үкіметтерінің қайғылы жағдай Украинаға қарсы соғыс жүргізіп жатқан Ресейдің әуе кеңістігінде болды деген деректі растаған мәлімдемелерінен кейін шықты.

"Азаматтық мақсаттағы ұшақтар әскери операциялардың әдейі немесе кездейсоқ нысанасы болмауы керек. Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының 8243-рейсі әскери операцияның құрбаны болуы мүмкін деген қатерге байланысты апат мұқият, ашық және бейтарап тергелуі керек. Мұны бірнеше ел үкіметі келтіріп отыр, оның ішінде Ресей мен Әзербайжан бар. Әлем Чикаго конвенциясындағы халықаралық міндеттерге сай, 30 күн ішінде талап етілген есептің жарияланғанын асыға күтеді", – деген IATA мәлімдемесінде.

Мұндай тергеу Чикаго конвенциясының ережелеріне сәйкес жүргізілуі керек, кейін апат болған сәттен бастап 30 күн ішінде аралық есеп жариялануға тиіс.

Қазақстан бұл конвенцияны 1992 жылы ратификациялады әрі халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі.

Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу жөніндегі комиссия осы құжат негізінде және ИКАО ұсыныстары бойынша, Әзербайжан мен Ресейдегі авиация саласының өкілдерімен кеңесіп, қара жәшіктерді Бразилиядағы авиация оқиғаларын тергеу орталығына (CENIPA) жіберуді ұйғарған. Embraer жолаушы ұшағы Бразилияда жасалады.

25 желтоқсанда Ақтау маңына құлаған ұшақта 62 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Олардың арасында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей азаматтары бар. Апаттан қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның азаматы.

26 желтоқсанда Батыс ақпарат агенттіктері бұл апаттың төркіні Ресейде деп хабарлады. Әуелі Euronews, кейінірек Reuters Әзербайжан билігіндегі дереккөздеріне сүйеніп, ұшақ апатына Ресейдің "жер-әуе" санатындағы әскери зымыраны себеп болған деген ақпарат таратты.

27 желтоқсанда ресейлік "Росавиация" мекемесі Azerbaijan Airlines ұшағы Грозныйға қонатын кезде қалаға дрондар шабуылдағанын растады. Украина дрондарының шабуылына байланысты қаладағы әуежай аспанында "Ковер" жоспары енгізіліп, қалың тұман болған деп айтылды. Ұшақты Грозныйға қондыруға екі рет талпыныс жасалған, бірақ сәтсіз болған, экипаж командиріне басқа әуежайларға қонуды ұсынған, бірақ ол Ақтауға ұшуды жөн көрген деді "Росавиация".

Ресейлік бұл мекеме бастапқыда "ұшаққа құстар соғылып, апат содан болуы мүмкін" деп хабарлаған еді. Авиация сарапшылары оған күмән келтірген.

Azerbaijan Airlines апатқа дейін ұшаққа "сырт жақтан физикалық және техникалық әсер" болған деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG