Accessibility links

Грузия парламенті оппозициялық депутаттарды мандатынан айырды


Грузия парламенті
Грузия парламенті

Грузияда билік басында отырған "Грузин арманы" партиясының депутаттары 5 ақпанда парламенттің жалпы отырысында былтыр күзде оппозициядан сайланған 49 депутатты мандатынан айыруды бірауыздан қолдап дауыс берді.

Грузия Конституциясына сәйкес, ел парламентінде 150 депутат бар. 2024 жылғы 26 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін оппозициялық "Өзгерістер үшін коалициясы", "Қуатты Грузия" және "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының депутаттары сайлауды бұрмаланды деп, мандатынан бас тартатынын мәлімдеген. Дәл сол мәлімдемені 5 ақпанда парламенттегі көпшілік қанағаттандырды.

"Грузия үшін" деген төртінші оппозициялық партия былтырғы парламент сайлауы бұрмаланды деген бағалауға келісіп, парламент жұмысына бойкот жариялаған еді, бірақ мандаттан бас тартпаған. Сондықтан олардың депутат өкілетін тоқтату туралы мәселе дауысқа салынбады.

Қазір Грузия парламентіндегі депутат саны 101-ге дейін азайды. Бұл Конституцияға түзету енгізуге жеткіліксіз, бірақ парламентте 12 орынға ие "Грузия үшін" партиясы бойкот жариялайтын болса, кез келген заңды қабылдауға жеткілікті болмақ.

26 қазандағы парламент сайлауынан кейін Грузиядағы ірі оппозициялық күштер мен коммерциялық емес ұйымдардың мұрындық болуымен жаппай наразылық акциясы басталған. Грузия үкіметінің Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді тоқтата тұру жайлы шешімі елде даулы парламент сайлауынан соң болып жатқан наразылық отына май құйғандай әсер етті. Наразылық акциясына шыққан жұрт парламент сайлауын жаңадан өткізуді, Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді қайта бастауды талап етіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG