Accessibility links

Еуропа жетекшілері Украинаға көмек мәселесін талқылады


Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер. Париж, 17 ақпан, 2025 жыл.
Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер. Париж, 17 ақпан, 2025 жыл.

Еуропа одағының бірқатар елі мен институты жетекшілері, сондай-ақ НАТО-ның бас хатшысы 17 ақпанда Парижде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтататын, соның ішінде Украинаға қауіпсіздік кепілін беретін бейбіт келісімге Еуропа елдерінің қатысу мүмкіндігі жайын талқылады. Бұған дейін АҚШ Еуроодақ елдерінен әрқайсысы оған қандай үлес қоса алатыны туралы ақпарат сұраған.

Париждегі кездесу Франция президенті Эммануэль Макронның бастамасымен ұйымдастырылды. АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігінің кейінгі мәлімдемелері мен әрекеті Еуроодақтың бірқатар елінде АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Еуропаның мүдделерімен санаса ма және ол Ресеймен ЕО мен Украинаға қолайсыз болатын келісімге келмей ме деген алаң туғызды.

Кездесуге Франция, Германия, Италия, Испания, Ұлыбритания, Польша, Дания және Нидерланд жетекшілері, сондай-ақ Еурокомиссия мен Еурокеңес басшылары және НАТО-ның бас хатшысы қатысты. Кездесуден бұрын Эммануэль Макрон АҚШ президенті Дональд Трамппен телефонмен сөйлескен, не жайында әңгімелескені жайлы көпшілікке айтылмады.

Париждегі кездесу бірнеше сағатқа созылды. Қандай да бір шешім қабылданғаны туралы хабар жоқ. Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен журналистерге бұл кездесу бейресми пікір алмасу болғанын айтты, сөзінше, жетекшілер бір нәрсе туралы келіседі деген жоспар болмаған.

Еуропа жетекшілерінің бәрі Украинаны Ресей агрессиясына тойтарыс беруде қолдауды жалғастыру керек деп мәлімдеді.

Германия канцлері Олаф Шольц журналистерге сұхбатында АҚШ пен Еуроодақ, НАТО-ның барлық елі сияқты Украина үшін қауіпсіздік пен кепіл мәселесінде бірге әрекет етуі керек деді. Сонымен бірге ол Украинадағы бітімгерлік миссиясы мен оған Германияның қатысуы туралы айту әлі ерте деп мәлімдеді.

Бұған дейін Париждегі кездесуде Украинадағы бітімгерлік миссиясы жайлы талқылануы мүмкін деп хабарланған. Шольцтың сөзіне қарағанда, Париждегі саммитте мұндай миссия туралы шешім қабылданбаған. Канцлердің айтуынша, бітімгерлік миссиясы туралы сөздер оның ашуына тиеді, өйткені Украинадағы соғыс әлі аяқталған жоқ және бітімгерлер жіберу туралы қазір әңгіме де жоқ.

Шольц кездесуге қатысқандардың бәрі келіскен бірнеше ой туралы айтты. Бұл – Украинаның Еуроодаққа қосылу жолын жалғастыруға, өзінің егемендігі мен демократиясын қорғауға және мықты армияға ие болуға мүмкіндік. Шольцтың сөзінше, бұл принциптер келіссөздер тақырыбы болмауы керек. Дегенмен Шольц Украина шекарасының мызғымастығы туралы ештеңе деген жоқ.

Кездесуден кейін АҚШ пен Еуроодақтың бірлігі қажет екенін Польшаның премьер-министрі Дональд Туск та айтты. Оның сөзінше, кездесудегі тақырыптар арасында ЕО елдеріндегі қорғаныс саласына шығынды арттыру және оған байланысты бюджет ережелерін өзгерту талқыланған. Ол Украинаның тағдыры туралы шешімге Украина қатысуы керек деген ұстанымды қолдайтынын растады.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бейбіт келісім болса, Лондон өз әскерін Украинаға жібере алатынын растады. Алайда, оның сөзінше, АҚШ кепіл берсе ғана Ресей келешекте Украинаға қайта шабуыл жасамауы мүмкін. Дания премьер-министрі Ресей Еуропаның басқа елдеріне де қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.

18 ақпанда Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей өкілдері кездеседі, екі тарап оны Украинадағы бейбітшілік туралы келіссөздерге алғашқы қадам деп атады. Бұл жиынға Украина да, Еуроодақ та шақырылған жоқ, Трамп әкімшілігі өкілдерінің мәлімдемелері сияқты бұл да Еуропа елдерінде алаң туғызды. 17 ақпанда АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Украина қандай шарт бойынша бейбіт келісімге келуді өзі шешеді, мұны Киев үшін АҚШ істемейді деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG