Accessibility links

"Тарих әркімге бағасын береді". Қаңтар ісі: үш оқ, изолятордағы азап пен ауыр айып


2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысқан Қосай Маханбаев.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысқан Қосай Маханбаев.

Қаңтар оқиғасы 41 жастағы Қосай Маханбаевтың өмірін апай-топай етті. Алматыда наразылық өршіп тұрған сәтте оған оқ тиді, одан кейін қамауға алынып, абақтыда азаптауға ұшырады, ақырында ең жақын адамынан айырылды. Қаңтар оқиғасына қатысушы бір сәтте басына ауыр қасірет пен қайғы түскенін айтады. Сөйтсе де, 2022 жылдың қаңтарындағы сол бір күндері болған жағдай үшін өкінбейді.

"Тірілерді – сол жаққа, өлгендерді – оң жаққа". Бұл – Қосай Маханбаевтың жадына өшпестей болып жазылып қалған сөз. 2022 жылғы 5 қаңтарда оқ тиіп жараланып, аурухананың қабылдау бөлімінде қансырап жатып естігені. Сол күні Қазақстанның ірі қаласындағы жаппай наразылық тәртіпсіздікке ұласып, күш құрылымдары оқ атты.

ТЕСІП ӨТКЕН ҮШ ОҚ

Қосай Маханбаев қанды қаңтарға дейін саясатқа аса қызықпағанын айтады. Ешқандай митингіге шықпаған, қандай да бір ұйымдарға да мүше болмаған. Мамандығы дәрігер, қоғамдық тамақтану саласында кәсіппен айналысқан, отбасын асырап, өзін жалғыз өсірген анасына қамқор болып, тыныш қана тірлік кешіп жатқан. COVID-19 пандемиясынан кейін карантин салдарынан жұмысты тоқтатуға мәжбүр болған мыңдаған кәсіпкер секілді шығынға батып, оның орнын толтыруға талпынған.

Қазақстанның батысында сұйылтылған газ бағасының күрт өсуіне қарсы бейбіт митинг өтіп жатқанын білген, әлеуметтік желідегі жаңаөзендіктердің сөзін қадағалап отырған. 4 қаңтар күні Алматыда үйіне жақын маңдағы жанармай құю бекетінде Жаңаөзен халқын қолдап шыққан топты көріп, олардың не айтпағын тыңдамақ болған. Өздігін жиналған топ жаяу қаланың орталығына бармақ болғанда, Қосай Маханбаев та оларға ілескен.

Сол кеште Алматының алаңындағы митинг бейбіт жиын түрінде басталып, артынан наразылық білдірушілер мен полицияның қақтығысына ұласты. Арнайы жасақ қатты шу шығаратын арнаулы құралдарды пайдаланып, халықты алаңнан тықсырды. Маханбаев үйіне таң ата оралды.

2022 жылғы 5 қаңтарда Республика алаңында болған митинг кезіндегі полицияның арнайы жасағы. Наразылық акциясы қатысушылар мен полиция арасындағы қақтығысқа ұласты.
2022 жылғы 5 қаңтарда Республика алаңында болған митинг кезіндегі полицияның арнайы жасағы. Наразылық акциясы қатысушылар мен полиция арасындағы қақтығысқа ұласты.

Наразылық басталғанға дейін келісіп қойған іскерлік кездесуі бар еді, келесі күні түске қарай соған бармақ болды.

– Жалға көлік алуым керек болған. Түнде митингіні күштеп таратқанын көрдім. Сонымен бәрі бітті деп ойладым. Ойымда ештеңе жоқ, қалаға шықтым. Телефон ұстамады, интернет жоқ болды. Ал теледидар көрмейтін едім, – деп еске алды Қосай Маханбаев.

Кездесетін жері сауда үйінің жанында болатын, келсе жабық екен. Қаланы тұман басып, көшеде түндегі тәртіпсіздіктің ізі сайрап жатыр. Қоғамдық көлік жоқ. Маханбаев қаланың орталығында орналасқан Көк базардан кафеге азық-түлік сатып алып, содан кейін үйіне қайтпақшы болды. Жеңіл көлік мінген бейтаныс жігіт апарып тастамақ болған соң, Қосай келісе кетті. Кейбір көшелер жабық екен. Жолай қаланың жоғарғы жағына қарай кетіп бара жатқан бір топ адамды көрді. Жүргізуші солардың артынан жүріп, Республика алаңына барып тоқтады.

– Үйден шығар алдында анам екеуіміз шәй ішкен едік, әжетхана іздеп музей жаққа қарай бардым, сол жерде қоршау бар еді... Қайтадан жаяу адам жолына түскенімде автомат атылғанын естідім. Бір топ адам жоғарыға қарай жүгірді. Мен де жүгірдім. Көз алдымда бір жігіт құлап қалды. Ештеңе ойлап жатпастан орнынан тұрғызайын деп жанына жүгіріп бардым. Көтергенім сол еді, маған да оқ тиді. Есім ауып, омақаса құладым. Үш бірдей оқ тесіп өтті. Біреуі жамбасыма, екіншісі бөксеме тиді, бір миллиметр қиыс кеткенде, өлетін едім. Үшінші оқ өкшемді тесіп өтті. Есім кіресілі-шығасылы болды. Төрт адам көтеріп, сүйреп бара жатты, – деп еске алды Қосай.

2022 жылғы 5 қаңтарда Алматы әкімдігін наразы адамдар басып алып, өртеп жіберді.
2022 жылғы 5 қаңтарда Алматы әкімдігін наразы адамдар басып алып, өртеп жіберді.

Бірнеше ай өткеннен кейін тергеушілер Маханбаевқа мемлекеттік мұражай маңындағы бейнебақылау камерасы түсірген видеоны көрсетті. Бұл камера 5 қаңтар күні наразылық білдірушілер басып алып, өртеп жіберген президент резиденциясына қарама-қарсы бетте орналасқан. Қосай видеодағы адам өзі екеніне сенеді.

– Төрт жігіт біреуді сүйреп бара жатыр. Камера жақыннан түсіргенмен, беті көрінбейді. Шамасы, сол мен болармын. Сағат 15:48 екен, – деді ол.

"ӨЛТІРУГЕ АПАРА ЖАТЫРМЫЗ"

"Газель" көлігінің бортына салып алған Қосай Маханбаев пен басқа да жаралыларды ауруханаға алып келді. Қаладағы орталық клиникалық ауруханада үш-ақ күн жатты. 8 қаңтар күні кешке бетперде таққан, үстіндегі киімде басқа ешқандай белгісі жоқ қарулы адамдар палатаға баса-көктеп кіріп келді.

– Палатада теледидар бар еді, жаңалықтарда қалаға мыңдаған террорист басып кірді деген хабар таратып жатты. Мен әлгілерді сол террористер екен деп ойладым. Аты-жөнін айтқан жоқ. Бірден күш көрсетуден бастады. Медициналық төсектің жақтауын түсіре алмай, сындыра бастады. Мені екі жағымнан көтеріп, лақтырып жіберді. Құлап бара жатқанымда аяғым мен басымнан бірнеше соққы алып үлгердім. Дәлізге сүйреп шығарды. Біреуі қолымдағы таспиқты көріп қалды да: "Намаз оқисың ба? Киініп ал", – деді. Спорт киімімді, шұлығымды кидім. Осымен бәрі бітті, – деді ол.

Қосай Маханбаев аурухананың батыс жақ қанатында орналасқан травматология бөлімінен шығыс жағындағы лифтіге дейін еңбектеп зорға жеткенін айтады. 200 метрдей төрт аяқтап жүруге мәжбүр болған. Жеткенше тепкінің астына алған. Жанында өзі сияқты жаралы жандар сүйретіліп немесе еңбектеп бара жатқан. Лифтіге кіргеннен кейін, Қосай Маханбаевтың айтуынша, қарулы адам бірнеше рет бүйрегінен ұрып-соққан.

Далаға шыққанда автозакты көрген. Сол кезде ғана бетперде таққан адамдардың террористер емес, полицияның арнайы жасағы екенін түсінген. Көлікке мінгізген соң ұсталғандарға автомат кезеніп, террорист деп атап, бас көтермеуге бұйрық берген.

Полиция ауруханадан жаралыларды қалай әкетті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Жолда кептеліс болған жоқ. Көшеде көлік жоқ еді. Бірақ жол бойында автозак бірнеше рет тоқтап, ұзақ уақыт тұрды.

– Бізді тірі қалдыру керек пе, әлде өлтіріп тастау керек пе, соны кеңесіп жатқандай әсер болды, – деді Қосай. – 16 мың теңгедей ақшам бар еді, соны және екі телефонымды тартып алды. "Бұның саған керегі жоқ, сендерді өлтіруге апара жатырмыз", – деді.

Үш сағаттан кейін автозак қала шетіндегі изоляторға барып тоқтады.

– Тізім бойынша, біз 129 адам едік (қаладағы бірнеше ауруханадан жиналған – ред.). Бәрі жаралы. Тыржалаңаш шешіндіріп, бетонға жатқызды. Үстімізге шығып секірді. Содан кейін баспалдақпен жоғары көтерілуге мәжбүрледі. Біз еңбектеп жүрдік, олар ұрып жатты. Екінші қабатта екі жақта қаз-қатар болып тізіліп тұрған полицейлер арнайы дәлізге жеткенше бізді тепкілеп, автоматпен ұрып-соғып тұрды. Олар өте көп еді. Одан әрі қарай да ұрды. Сөйтіп төртінші қабатқа көтерілдік. Тағы бір жаралы азамат екеуіміз әрең жорғалап келе жатсақ: "Кім соңынан келсе, бітті дей беріңдер!" – деп бәс тігіп тұр. Екеуміз камераға бірдей жеттік. Келісіп алған түгіміз жоқ, солай болды, – деді Маханбаев.

Сұмдық мұнымен біткен жоқ. Қосайдың айтуынша, тергеу изоляторына әкелгендерді осылай он күн қатарынан ұрып-соққан. Ауруханадан алып шыққан басқа да жігіттермен бірге оны жылуы жоқ камераға апарып жатқызған. Аядай жерге 10 адамды тыққан. Бетон еденде жатуға тура келген, алғашқы бес күні матрас та бермеген. Төсенішті кейін ғана әкелген.

Бастапқыда қамалғандарға тамақ бермеген. Суды краннан ішкен.

– Камерада өз аяғымен жүріп-тұратын екі жігіт болды. Солар екі бос бөтелке тауып, біреуімен біз сияқты тұра алмайтындарға су әкеліп берді. Екінші бөтелкеге дәрет сындырдық, – деді Қосай.

Изоляторда жатқандарына төрт күн өткенде ғана тамақ әкелген.

– Бірінші рет екі адамға бір доширактан (тез дайын болатын кеспе – ред.) және он адамға бір бөлке нан берді. "Түрменің быламығы" дегенді естуім бар еді, сол быламықты көзіммен көрдім. Сылдыр су, езіліп кеткен бірнеше түйір күріш, бір тілім картоп. Бар болғаны сол.

Қосайдың айтуынша, ондаған жаралы жан медициналық көмектен қағылған. Жарақат алған жерлерін таңған тірі жан жоқ. Дәрі туралы айтпаса да болады.

– Көп адам уақытында медициналық көмек көрсетілмегеннен мүгедек болып қалды. 11 қаңтар күні бірінше рет менің жарамды таңды. Дәрігер бір менің өзіме үш скальпель жұмсады. Бәрі іріңдеп кеткен еді, – деп еске алды Қосай.

Бұл уақытта қамауға алынғандарды азаптау және медициналық көмек көрсетпегені жөніндегі әңгіме елге тарады. Ұсталғандардың туыстары тергеу изоляторындағыларды аяусыз ұрып жатыр деп айта бастағаннан кейін, 20 қаңтар күні жабық мекемеге комиссия барды, оның құрамында адвокат Абзал Құспан да болды (2023 жылы парламентке депутат болып кетті).

– Олар жағдайымызды сұрады. Бәрі "болады" деп жауап берді. Артық бірдеңе айтуға қорықты. Мен соңына таман кірдім. Кезегім келгенде олардың не үшін келгенін сұрадым. Әншейін келді деген аты үшін бе, әлде шынымен де не болғанын білгісі келе ме, соны анықтап алғым келді. Абзал Құспан тізе бүгіп, айтып беруімді сұрады. Мен ұрып-соғу мен басқа да қорлық көрсеткенін айтып бердім. Бастықтар қай батыр екенін көру үшін есіктен сығалап жүрді, сол кездегі бет-жүздері көз алдымда. Құспан шара қолданатындарын айтты, – деді Маханбаев.

Комиссия келіп кеткеннен кейін прокурор келіп, Қосай Маханбаевтан жауап алды. Ұсталушы азаптауға ұшырағаны туралы арыз жазып берді. Осыдан кейін оны камерадан шығарып, санитарлық бөлімге орналастырды. Қасында жатқан жігітке оқ тигендіктен ота жасап, нәжіске арналған тоспа қойған екен. Изоляторда оған ешқандай көмек көрсетілмеген. Резервуар жыртылып қалса да, жаңасын бермеген. Нәжіс киімінен шығып, еденге ағып жатқан.

– Менен өш алған түрлері екенін түсіндім. Аядай ғана жабық бөлменің ішінде уланып қалуға болатын еді. Мен жанымдағы жігітті ауруханаға апарсын деп дабыл қаға бастадым. "Тағы бір комиссия келеді, артық ештеңе айтпайсың, ал біз мынаны ауруханаға жібереміз. Келістік пе?" деді. Қиналып жатқан адамды ауруханаға жатқызу үшін келісуіме тура келді, – деді ол.

Қосай Маханбаевтың анасы жалдаған адвокат жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айып тағылған қорғауындағы азаматты босатуға қол жеткізген. 10 ақпан күні ол ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат берген соң абақтыдан босап шыққан.

"БАСЫН КЕСІП АЛУ КЕРЕК ЕДІ..."

Бостандыққа шыққан Маханбаев прокуратураға шағымданып, қамаудағы көрген азаптаудан бөлек, полиция қызметкерлеріне жаралыларды бере салған медицина қызметкерлерінің әрекетін, ауруханадан жаралыларды алып шыққан арнайы жасақтың қорлығын қоса тергеуді талап ете бастады. Оны Қаңтар кезінде ұсталған басқа да азаматтар қолдады. Бастапқыда қатары сирек болғанымен, біртіндеп ондаған адам қосылды.

Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендер прокуратураға келіп, арыз-шағымдары бойынша тергеу жүргізуді талап етті. Ортада – Қосай Маханбаев. Алматы, 20 мамыр, 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендер прокуратураға келіп, арыз-шағымдары бойынша тергеу жүргізуді талап етті. Ортада – Қосай Маханбаев. Алматы, 20 мамыр, 2022 жыл

2022 жылғы 1 маусымда прокуратураға Қосай Маханбаевпен бірге 200-ге жуық адам барды, олар – азаптауға ұшырағандар, олардың туыстары, жақынынан айырылған жандар. Сол күні-ақ оны ұстап, "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 15 күнге қамады. Сотта ешқандай да құқық бұзуға бармағанын, ешқандай акция ұйымдастырмағанын, ал прокуратураға азаптау жөніндегі шағымына назар аударту үшін барғанын мәлімдеді.

Әкімшілік қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін Маханбаев бостандыққа шыққан жоқ. Оған ешқайда кетпеу туралы қолхат шартын бұзды деген айып тағылып, уақытша оқшаулау орнынан тергеу изоляторына ауыстырды.

– Мені жуынатын жері жоқ, тар жерге орналастырды. Аллергиям, дерматитім бар. Үсті-басым түгел бөртіп кетсе де, бәрібір сол жерден шығармады. Мен де қайтпадым. Ашық кеткен кездері де болды. "Басын кесіп алу керек еді, сонда бәрі бітетін еді" дегенге дейін барды. Солай болды да. Түрмеге қамағаннан кейін прокуратураға бару да тыйылды, – деді Қосай.

Қосай Маханбаев (сол жақта) Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен басқа да азаматтармен бірге прокуратура қызметкерімен сөйлесіп тұр. Алматы, 6 мамыр, 2022 жыл
Қосай Маханбаев (сол жақта) Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен басқа да азаматтармен бірге прокуратура қызметкерімен сөйлесіп тұр. Алматы, 6 мамыр, 2022 жыл

Қыркүйек айында Маханбаевтың азаптау жөніндегі шағымы бойынша іс тоқтады. Тергеушілер азаптаған кімдер екенін анықтау мүмкін емес деп мәлімдеді. Істің жабылғаны туралы Маханбаевтың адвокаттары соңынан ғана білді.

Маханбаевпен бірге азаптау көргенін айтып шағынған жүзден астам адам да осыған ұқсас жауап алды, олардың арызы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтады.

"Құқық қорғаушылар тобының құжаттауына сәйкес, Қазақстан билігі ұсталғандарды ұрып-соққан, басына қап кигізіп, қызып тұрған үтік басқан, электрошокермен ұрып, ер адамдарға да, әйелдерге де сексуалдық зорлық көрсеткен. Билік қозғалған істің көпшілігін "қылмыс құрамы" болмауына байланысты деген желемен жауып тастаған", – деп мәлімдеді Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы.

Штаб пәтері Нью-Йоркте орналасқан құқық қорғау тобы мен елдегі және шетелдегі басқа да ұйымдар бірнеше рет Астананы қанды оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізуге шақырғанымен, ел билігі мұның бірін де қаперге алған жоқ.

"Қазақстан үкіметі бәріміздің Қанды қаңтар оқиғасын жылы жауып қойып, оның орнына президент уәде берген реформаларға назар аударғанымызды қалайды, – деді HRW зерттеушісі Мира Риттман 2024 жылғы 31 қаңтарда жарияланған мәлімдемесінде. – Алайда бұлай істеу өзінің және жақындарының құқығы бұзылғанын жариялап, кінәлілердің жауапқа тартылуын әлі де күтіп жүрген жандардың қасіретін жылы жауып қойғанмен тең болар еді. Ал олардың өмірін ойрандау әрекеті әлі де жалғасып жатыр".

АНА ҚАЗАСЫ

Қосай телефонынан анасымен бірге түскен суреттерін көрсетіп отыр. Түркияның көне ғимараттарының бірінің алдында ұлымен суретке түскен ана жымиып тұр. Тағы бір суретте екеуінің Сауд Арабиясына кіші қажылыққа барғаны бейнеленіпті.

Қосай Маханбаевтың анасымен бірге Түркияға барғанда түскен суреті. 1 наурыз, 2018 жыл.
Қосай Маханбаевтың анасымен бірге Түркияға барғанда түскен суреті. 1 наурыз, 2018 жыл.

Кейуана үшін жалғыз ұлы өмірінің мәні мен сәні еді.

Қосай Маханбаевтың ұсталып, қылмыстық қудалауға ұшырауы 73 жастағы анасын күйретіп кетті. Инфаркт ұстап, төсекке таңылып қалды.

– Бәрі жүйкеге ауыр тигеннен, – деді Қосай Маханбаев көмейіне өксік тығылып. Бұл туралы айту әлі де ауыр.

Қараша айында Маханбаевты изолятордан үйқамаққа ауыстырды. Бір аптадан кейін анасы дүние салды...

Телефонынан анасының соңғы суреттерін көрсетті. Төсек тартып жатқан науқас әйелге қарап, қаңтарға дейінгі суреттердегі жылы шырайлы жанды танымайсың.

Қосай Маханбаевтың тергеу изоляторынан үйқамаққа ауысқаннан кейін анасымен түскен суреті. Алматы, 4 қараша, 2022 жыл.
Қосай Маханбаевтың тергеу изоляторынан үйқамаққа ауысқаннан кейін анасымен түскен суреті. Алматы, 4 қараша, 2022 жыл.

Анасының қазасынан ес жия алмай отырған Маханбаев президент резиденциясына шабуыл жасады деген күдікке ілінгенін естіген.

– Айран-асыр болдым. [5 қаңтарда] мен жолдың қарама-қарсы бетінде болдым. Резиденцияға аттап басқан жоқпын, – деді Маханбаев сенімді түрде.

Қылмыстық кодекстің 269-бабының 3-тармағына сәйкес, Қосайға тағылып отырған айып бойынша ("Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу") 15 жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Маханбаевқа қарсы жаңа айыптаудан кейін әйелі ажырасуға арыз беріп, неке бұзылған.

ҮКІМ

Желіге салынған видеоға сүйенсек, президент резиденциясы мен Алматы әкімдігіне мыңдаған адам шабуыл жасаған. Бірнеше процесс аясында жиырмаға жуық адам жауапқа тартылды. Кейбіреуі өлген соң сотталды.

Қосайдың айтуынша, өзінің және тағы 10 айыпталушының үстінен қозғалған іс туралы тергеу изоляторына түскенге дейін білмеген, іс 2023 жылдың қыркүйек айында басталып, 2024-тің маусым айында аяқталған. Оған рақымшылық заңын қолданып, бір жыл тоғыз ай жаза кескен. Үкім жарияланатын күні сот ғимаратының алдында арнаулы жасақ кезекшілік етті, жанында автозактар тұрды.

Қосай Маханбаев өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

– Олар [резиденцияға] кіріп бара жатқан әлдебір адамның видеосын көрсетті. Бұрынғы әйелім: "Ол ылғи осындай аяқ киім киетін" деп, мені аяқ киімімнен танығанын айтты. Сотта да, тергеуде де мен деп куәлік етті. Сот-криминалистика сараптамасын жасаған маман видеодағы адам маған ұқсайтынын, бірақ нақты осы деп көрсету мүмкін емесін айтты.

Қосай Маханбаев (ортада) өзін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 15 күнге әкімшілік қамауға алған сот отырысында тұр. Алматы, 2 маусым, 2022 жыл. Осыдан кейін оны әкімшілік қамауға алынғандарды ұстау мекемесінен тергеу изоляторына ауыстырды.
Қосай Маханбаев (ортада) өзін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 15 күнге әкімшілік қамауға алған сот отырысында тұр. Алматы, 2 маусым, 2022 жыл. Осыдан кейін оны әкімшілік қамауға алынғандарды ұстау мекемесінен тергеу изоляторына ауыстырды.

Маханбаев сол күні басқа киім киіп жүргенін дәлелдей алмады. 5 қаңтар күні киіп жүрген аяқ киімі мен күртешесі жоғалып кеткен. Ауруханадан алып кеткенде сырт киімі мен бәтіңкесі сол жерде қалған. Содан кейін киімдерін көрмеген.

Қазан айында апелляция кезінде жазасы бір айға дейін қысқарып, Маханбаев бостандыққа шықты. Белгіленген жаза мерзімін толық өтеді.

Қазір ол өзіне келуге тырысып жүр. Түрмеге түскеннен кейін ісі жүрмей, бизнесінен айырылған. Үкімге сәйкес, зардап шеккендерге өтемақы төлеу қорына 62 мың теңге құюы керек.

– Ештеңені ұмытпаймын. Мұндайды ұмыту мүмкін емес. Егер сол кезге қайтып оралсақ, сонда істегенімді тағы да істер ме едім десеңіз, "иә" деп жауап берер едім.

Тәртіпсіздік өршіп тұрған уақытта ескертусіз оқ атуға бұйрық берген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтардан кейін бір ай өткенде Қаңтар оқиғасы елді күйзелткен нағыз қасірет болғанын айтты. Ресми дерек бойынша, 238 адам қазаға ұшырады. Оның ішінде кемінде алтауы қамауға алынғаннан кейінгі азаптаудан көз жұмған.

Бірнеше ай өткеннен кейін, Тоқаев жеті жыл мерзімге (Конституцияға осындай өзгертулер енгізілді, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың аты аталатын тұстың бәрі алынып тасталды) қайта сайланған кезектен тыс президент сайлауының алдында Қаңтар оқиғасын мемлекеттің беделіне нұқсан келтірген оқиға деп атап, одан сабақ алуға үндеді және "бұзақылар мен террористерді батыр санаудың қажеті жоқ" деп айтты. Бұл уақытта Астана Қаңтар оқиғасы арнаулы қызмет басшылары бұзақылар мен қылмыстық топтарды тарта отырып ұйымдастырған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болды деген ұстанымға тоқтаған болатын.

2024 жылдың қаңтар айында мемлекеттік басылымға берген сұхбатында Тоқаев тағы да Қаңтар оқиғасы халық көтерілісі болды деген пікір "қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін" айтылып жүр, бұл "бұзақыларды батырға балауға" әкеледі деп мәлімдеді.

Арада үш жыл өтті. Қаңтар оқиғасы автократияға қарсы ауқымды наразылық болды ма, әлде биліктің айналасында жүргендердің қолымен жасалған қойылым ба, бұл сұраққа кесімді жауап әлі күнге дейін жоқ.

– Қаңтар оқиғасы ұйымдастырылған, – деп біледі Қосай Маханбаев сенімді түрде. – Оны ұйымдастырушылар Тоқаевты кетірмек болды. Жағдайды, халықтың көңіл-күйін бағамдады. Экономика әлсіреп жатты. Олар осыны пайдаланып, халықты итермеледі. Ал жалпы, халық өздігінен шықты. Өйткені олар елде болып жатқан жағдайға келіспейтінін білдіргісі келді. Осы көпшіліктің ішіне арандатушыларды жіберді. Барлығы көз алдымда болды, бәріне куәмін.

Ол өзін қылмыскер не бұзақы деп санамайды:

– Мен қатысушымын. Екіншіден, жәбірленушімін. Маған оқ атты. Психологиялық және физикалық азапқа ұшырадым. Пандемия кезінде біткен жерім осы шығар деп ойлаған едім. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін одан бетер құрдымға кеттім. Үйқамақта отырғанда қарызға баттым. Жұрттың берген ақшасына тіршілік еттім. Одан кейін мені соттады. Қайғы-қасіретті бір кісідей тарттым. Бірақ сынған жоқпын. Тарих әркімге бағасын береді.

XS
SM
MD
LG