Accessibility links

"Әділ жазасын алған жоқ". Тұрғымбаев үкіміне құқық қорғаушылардың бағасы


Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Астана, 2 желтоқсан 2021 жыл.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Астана, 2 желтоқсан 2021 жыл.

8 тамызда Астана соты бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты кінәлі деп тапты. оған «билік өкілетін асыра пайдалану» бабымен айып тағылған. Тұрғымбаев бес жыл шартты жазаға кесілді. Сот экс-министрдің «шын жүректен өкінгені мен алғаш рет қылмыс жасағанын» есепке алғанын хабарлады. Тұрғымбаев Қаңтар оқиғасына байланысты істі болып, биыл сәуірде ұсталған «мемлекеттік құпия айтылады» деген себеппен іс жабық қаралды. Азаттық экс-министрге шыққан үкім туралы Қаңтар істерімен айналысқан құқық қорғаушылардан
пікір сұрады.

Евгений Жовтис, Адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі, құқық қорғаушы:

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис

– Қаңтар оқиғасымен байланысты лауазымды шенеуніктер үкімдері жайлы білетініміз аз. Есіңізде болса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің де, оның орынбасарларының да сот процесі жабық өтті, Ерлан Тұрғымбаевтың да процесі жабық өтіп отыр. Біз қандай баппен айып тағылғанын ғана білеміз. Бұл азамат қандай қылмыс жасады, ол қалай дәлелденді және неге бұндай шешім қабылданды деген сұраққа жауап жоқ. Тек болжап қана отыра аламыз. Халықаралық стандарттар тұрғысынан алғанда, әлдебір мемлекеттік құпия барына сілтеме жасап, бұл істі жабық қарағанына көңілім толмайды. Халық Қаңтарда не болғанын неге білмеуі керек? Мемлекет әлдебір құпияны жария еткісі келмей, оны қорғап отырғандықтан ба? Істе қандай да бір құпия құжаттар болса, аноним куәгерлер болса, нақты сол отырысты жабық өткізуге болар еді. Қалған процестерде адамдар Қаңтарда не болғанын білуге тиіс еді.

Тұрғымбаев кінәлі деп танылған 362-баптың 4-тармағында «Билік өкілетін асыра пайдалану» туралы айтылады. Төртінші тармақта «аса ауыр зардаптарға әкелген» деп көрсетілген. Үкімнен кейінге хабарламалардан білетініміз – бұл үкім келісім нәтижесі, Тұрғымбаевтың кінәсін мойындауының нәтижесі. Бірақ ол нені мойындады?

Жалпы белгілісі – ол қызмет бабын асыра пайдаланған. Білетініміз, кінәсін мойындау мен процессуалдық келісім процестің жабық және жедел режимде жүруіне түрткі болды. Ал Тұрғымбаев Қаңтар оқиғасында қызмет өкілетін қалай асыра пайдаланды? Оны тек болжай аламыз.

Бұл істе маған үкімнің мерзімі де, оның бес жыл не шартты жаза болғаны, лауазым иеленуге тыйым салынғаны да маңызды емес. Қаңтар кезінде арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдарының рөлі қандай болды? Біздің Қаңтар оқиғасы бойынша құқық қорғау органдарына көп сұрағымыз болды. Олар Қаңтар енді басталғанда не себепті мүлдем логикаға сыймайтын шешімдер қабылдағанын білгіміз келді. Екіншіден, бұл дүрбелеңде полиция, әсіресе полицияның басшылығы республикалық деңгейде, жергілікті деңгейде қандай рөл атқарды? Оны әлі білмей отырмыз. Сот процестері жабық өте бастағанда-ақ мұның тек құқықтық емес, саяси процестер екені түсінікті болды.

Маржан Аспандиярова, құқық қорғаушы, адвокат:

Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова
Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова

— Тұрғымбаевқа шыққан үкімге қатысты таңқалмадым, шок болмадым, ондай реакция болған жоқ. Өйткені бұл — белгілі жағдай. Билік өзіне керек адамдарды ешқашан сатпайды. Ешқашан оларға қатаң жаза қолданбайды. Әсіресе мына Назарбаевтың жиендеріне қатысты шыққан үкімдерден кейін ешнәрсеге таңқалудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өзі Тоқаевтың алдында айтқаны бар ғой, жемқорлыққа қатысты: егер ол ешқандай жаман ойы, ниеті болмаса ондай адамдар жазадан босатылуы керек дегендей. Сол сияқты мына күштік құрылымдағы, сот жүйесіндегі, ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі, жалпы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылымдарда ешқандай өзгеріс болмайды. Ешқандай концептуалды бір жаңару болмайды дегенді көрсетіп отыр.

Әйгерім Тілеужанның үкімімен салыстыруға келмейді. Сонда жұдырықтай қыз 18 минутта аэропортқа кіріп, осындай қатаң жаза алып отыр. Тұрғымбаевтың ісі бір белгілі шеңберде, белгілі бір шекарадан шықпай тергелген. Жалпы ол тергелді ме? Менде сондай күмән болып тұр. Меніңше мұндай істерде ешқандай құпия болмауы керек. Мұндай істер ашық, жария түрде өту керек: тергеу де, сот та. Керісінше бүкіл қазақ елі мұны көруге құқылы. Өйткені еліміздің ішкі істер министрлігін басқарып отырған адам Қаңтар кезінде, қаншама адамның өмірі үзілген кезде не істеді? Күштік құрылымдар неге ондай әрекетке барды? Ол кезде қандай жағдайлар болды? Осының бәрін біз білуге құқылымыз. Біз осыны ашық өтуін талап етуге де құқылымыз.

Бұл жерде ешқандай құпия қалған жоқ. Әуежай ашық-шашық қалса, облыстық, қалалық ішкі істер басқармалары ашық-шашық қаңырап қалса, қандай құпия қалды? Әскерилер өз бетімен кетсе... керісінше бұл істерді ашық, жария түрде өткізу керек еді.

Ғалым Ағелеуов, Liberty қорының президенті, құқық қорғаушы:

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов

— Жүйенің әділ болуы мүмкін емес. Оның тек мүддесі ғана бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – осы жүйенің өнімі және өз адамдарын қорғайды. Ол әділдік болсын десе, сот процестерін ашық өткізген болар еді.

Қаңтар істерінде ешқандай мемлекеттік құпия жоқ. Полиция қажет кезде әкімдіктерді бос қалдырып, оған барғандарды анықтап алып, кейін азаптау үшін әдейі кетіп қалды деп санаймын. Мұны ұйымдастырғандар жауапқа тартылған жоқ. Ал олардың бәрі –құқық қорғау органдарына қатысы бар тұлғалар.

Тұрғымбаевқа шыққан үкім Назарбаев пен Тоқаев арасында қандай да бір келісім барын көрсетеді. Сол себепті бұрынғы шенеуніктер мен лауазымды тұлғалар қорғалып, оларға шартты немесе тым аз жылға соттау сияқты үкімдер тағайындалып жатыр. Немесе Мәсімов тәрізді ұзақ жылға соттап жібергенімен, қоғамға оның жазаны қайда және қандай жағдайда өтеп жатқаны туралы ақпарат мүлдем бермейді. Мұның бәрі – элита деңгейінде жасалған келісімдердің нәтижесі.

Айна Шорманбаева, Халықаралық құқықтық бастама қорының жетекшісі:

Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева
Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева

— Мысалы, мен қазір Алматы облысында, Қошмамбет ауылында 23 Өзбекстан азаматын қорғап жатырмын. Онда [2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде] жаппай азаптау болған. Және оларға бұйрық Алматы облысына, басқа да облыстарға дәл сол министрден келген. Әрі оның ісі біздің іспен байланысты. Жаппай азаптау ісімен. Сонда оған шартты жаза болса, сонда біздің істе қалай болмақ?

Бұйрық бергені үшін, Қазақстан бойынша жүздеген адамдар өлтіріліп, оққа ұшып, он мыңдай адам заңсыз ұсталып, азапталғаны үшін бес жыл шартты жаза беру — бүкіл қоғамды қорлау. Өте әділетсіз жаза. Біз оны қабылдамаймыз! Біз бүгінге дейін БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне 11 шағым жібердік. Өйткені Қазақстанда әділдік таба алмадық. Қазір кезекте тағы 15 шағым тұр. Жыл аяғына дейін тағы 15 шағым жіберіледі. Сонда кем дегенде отыз шақты адам Қазақстанда әділдік тапқан жоқ. Олардың туыстары Қаңтар кезінде өлтірілген. Халықтың құқықтарын бұзған адамдар сотталған жоқ, әлі де әділ жазасын алған жоқ. Сондықтан билікке ешқандай сабақ болған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG