Accessibility links

Ұзатуға – 100, тойға 150 адамнан аспасын... Орталық Азия елдері ұлан-асыр той жасауға қалай тыйым салмақ?


Қырғызстанда ысырапқа жол бермеу туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Жоба авторлары отбасылық той-томалақ пен ас-жаназа сияқты салтты мемлекет реттесе деп отыр. Тәжікстан мен Өзбекстанда мұндай талап бірнеше жылдан бері бар. Олар қалай жұмыс істеп тұр? Жұмыс істей ме?

Той мен жаназаға – бір сиыр не бір жылқы

Қырғызстандағы заң жобасы парламент сайтында биыл 27 қаңтарда жарияланды. Той-томалақ пен ас-жаназа сияқты шараларды өткізу тәртібін реттейтін жоба қазір талқыланып жатыр.

Жоба бойынша, тойға 250 адамнан артық шақыруға болмайды деген шектеу заңда бектілімек. Мұнша адамға бір сиыр немесе бір жылқы сою жеткілікті дейді.

Құжат авторлары қыз ұзатуға бұдан да аз мейман шақыруды ұсынып отыр, 100 адамнан аспайтын тойға бір сиыр не бір жылқы союға болады. Егер қыз ұзату мен той бір күнде өтсе, 350 адам шақыруға болады, ал еттің мөлшері сол күйі қалады.

Тойдағы шұбырған кортежге де тыйым салынуы мүмкін. Заң жобасында күйеу жігіт пен қалыңдық бастаған топты алып жүретін көліктің саны үшеуден аспауы керек деп нақты көрсетілген.

Заң жобасы жаназаға келетін адам санына шектеу қоймайды, дегенмен қой-ешкі, жылқы немесе ірі қара мал союға тыйым салады. Егер заң жобасы қабылданатын болса, марқұмды еске алу дастарханын жерлегеннен кейін үш күннен соң ғана жаюға болады, мұндайда бір жылқы немесе бір сиырдан артық мал союға болмайды. "Үш күндігі", "жетісі", "қырқы", "жылы" сияқты шараларды өткізуге, құжат бойынша, тыйым жоқ.

"Тойға несие алма!" акциясы. Қырғызстан, 11 ақпан, 2019 жыл.
"Тойға несие алма!" акциясы. Қырғызстан, 11 ақпан, 2019 жыл.

Заң жобасының авторлары анықтама ретіндегі түсіндірме жазбада құжат азаматтардың әлеуметтік және экономикалық мүддесін қорғауға бағытталғанын, сондай-ақ салт-дәстүр, салтанатты жиын мен басқа да шараларды өткізу кезінде артық ысырапты шектеуді көздейтінін айтқан. Өйткені ысырап азаматтардың экономикалық жағдайына, отбасы бюджетіне және өмірдегі адамгершілік негіздеріне айтарлықтай зиян келтіріп отыр дейді олар.

"Заң жобасы ұлттық мәдениеттің шынайы құндылығынан алшақтауды жойғысы келеді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың негізсіз бәсеке мен бос мақтанның құралы болып, мал шашпаққа айналуын жоюды көздейді", – деді депутаттар.

Бірінші рет емес...

Қырғызстанда салтанатты той-жиынды шектеуге талпыныс бұрын да болған. 2022 жылы президент Садыр Жапаров жаназа кезінде мал союға тыйым салатын жарлық шығарған. Депутаттар ұсынып отырған қазіргі заң жобасы азаматтардың шығынын бақылау саясатының жалғасы болса керек.

Бұрынғы мемлекеттік хатшы, қоғам қайраткері Чолпонбек Абыкеев билік "жай ғана заң шығара салып", халықтың салт-дәстүрін өзгерте алмайды деп санайды.

"Халықтың әдет-ғұрпын Сталин де өзгерте де алмаған", – деді ол.

Абыкеев қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салу, қырқы мен жылын өткізу, ұл үйлендіріп, қыз ұзату, баласына бата алу – ел арасында ғасырлар бойы қалыптасып, дәстүрге айналған ғұрыптар деп санайды. Ол халық шамасы жеткен соң аста-төк той жасап, ас береді деп сенімді түрде айтып отыр.

"Дәстүр де өзгереді, уақыттың талабына бейімделеді. Халық қолында бар болғаннан кейін "түштөндүрүү" (күйеу жігіт немесе қалыңдықтың туыстарына сый-сияпат көрсету), қонақ шақыру, ескерткіш қою және тағы басқа ғұрыптар көбейеді. Жағдайы келмесе, бір ешкі сойып, бір қазан быламық пісіріп-ақ аттандырар еді. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып та заманның ыңғайына қарай пайда болады және жойылады. Халықтың қалауынсыз оған тыйым салып, тамырымен жойып жіберу мүмкін емес. Мұндай заң қабылдамас бұрын ауылдық жерден бастап жиын өткізіп, жергілікті халықпен бірге талқылап, олардың пікірін тыңдау керек", – деді қоғам қайраткері.

Тәртіп бұзғандарға 3000 доллар айыппұл

Жаназа мен той-томалақ кезіндегі шығынды шектеу туралы заң жобасымен бірге Әкімшілік кодекске де өзгертулер мен түзетулер енгізілмек. Заң талабын бұзғандарға айыппұл салынады. Ысырап туралы заңды бұзғаны үшін той не ас ұйымдастырушыға 300 мың сом (шамамен 3400 доллар) айыппұл салынуы мүмкін, ал той-томалақ пен ас-жаназа туралы заң талабына сай келмейтін шараны өткізген мейрамхана иесі 100 мың сом (1100 доллардан астам) айыппұл төлейтін болады.

Шаирбек Ташиев.
Шаирбек Ташиев.

Заң жобасы қабылданған жағдайда, оның орындалуын жергілікті шенеуніктер мен діни басқарма өкілдерінен тұратын арнайы комиссия қадағалайды.

Заң жобасының авторы Замирбек Мамасадықов пен Шаирбек Ташиев. Екіншісі Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы Қамчыбек Ташиевтің інісі болып келеді. Ағалы-інілі екеудің халықты аста-төк той мен жиын өткізуден тыю туралы пікірі үндеседі.

2025 жылдың басында арнаулы қызмет басшысының Жаңа жыл мерекесі қарсаңында корпоратив кештерін өткізу туралы айтқан пікірі жаппай сынға қалды. Ол "осы бір әдепсіз дәстүрді" тыюға шақырған. Әзірге ұсынысын тек мемлекеттік органдарға арнады.

Дегенмен, Шу облысындағы елді мекендердің бірінде ауыл халқы он жыл бұрын жаназаға мал соймаймыз деп келіскен.

"Ауылдан көп жыл бұрын көшіп кетсек те, туған-туыспен араласып тұрамыз. Жақында анам дүние салды. Ақтық сапарға шығарып салуға ниеттілер батасын жасап, топырақ салды да кетті. Мал сойған жоқпыз, тіпті шай бермедік. Кейбіреулер, әсіресе жасы келген кісілер мұнымызды түсінбей жатты. Бірақ біз жерлестерімізбен ортақ келісімді бұзбаймыз: кісі қайтқан күні дастархан жайылмауы керек. Қырқында дастархан жаямыз. Мал да сол кезде сойылады. Қырқына 100-ден астам ғана адам келді, онда да негізінен ауылдастар мен көршілер", – деді бұрынғы ауыл тұрғыны Айбек.

Мұндай келісім басқа да жерлерде кездеседі. Алайда, атышулы заң жобасының авторлары елде аста-төк той жасап, ас-жиын өткізу әлі де кең тараған деп санайды.

"Шағын" отбасылық той

Тәжікстан мен Өзбекстанда осыған ұқсас заң бар. Үйлену тойы, отбасылық қуаныш, мерейтой, ас беру шарасын өткізуге қойылатын шектеулер жөніндегі ережені Өзбекстан 2019 жылы қабылдаған, ал Тәжікстанда 2007 жылдан бар.

Өзбекстанда қонақ саны ғана емес, жиын-тойдың өтетін уақыты да қатаң қадағаланады: кез келген отбасылық жиын-той 23:00-ге дейін аяқталуы керек. Отбасылық той-томалаққа шақырылатын қонақ саны 200-ден аспауы керек, ал осындай той-жиындағы палауға 250 адамға дейін рұқсат.

Жаназамен байланысты шаралар үш күннен аспауы керек. Әйтсе де, заң жаназаға келетін адам санына шектеу қоймайды.

Кафе мен мейрамхана әкімдігі жоспарланып отырған шара жөнінде ішкі істер органына кемінде той-жиыннан екі күн бұрын жазбаша хабарлама жіберуге міндетті.

Құжатта той-томалақ кезінде ынсапсыздық пен ысырапқа "тыйым салынады", ал еске алу шараларында "артық-ауыс" ғұрыптар болмауы керек деп нақты жазылған.

Бұған қоса отбасының қуаныш тойын атап өту кезінде және одан кейін "ұлттық дәстүр мен адамгершілікке қайшы келетін, қосымша уақыт пен шығынды талап ететін әдет-ғұрып жасауға болмайды". Ауылдық кеңес басшылары отбасылық той-томалақтың "шағын және ысырапсыз" өтуін қадағалауға тиіс. Заң бұзылғаны үшін олар басымен жауап береді.

Құжатта кейінгі жылдары Өзбекстанда түрлі отбасылық іс-шаралар мен салтанатты той-жиын өткізу кезінде "атаққұмарлыққа, даңғазалыққа, өзін көрсетуге ұмтылу, басқалардың әлеуметтік жағдайына немқұрайлы қарау, сонымен бірге шектен тыс ысырапқа жол беріп, халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын көзге ілмеу" кездесетіні де айтылған.

Тәжікстанда "танзим" қалай жұмыс істейді?

Қырғызстандағы заң жобасы мен Өзбекстанның қолданыстағы заңы Тәжікстан 2007 жылы қабылдаған заңға қатты ұқсайды. Тәжікстанда бұл құжат "Салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен салтанатты жиындарды өткізу тәртібі туралы" заң деп аталады.

Ел ішінде оны "танзим" деп атайды, яғни "реттеу, тәртіпке келтіру" дегенді білдіреді.

Президент Эмомали Рахмон аста-төк жиын-тойға кететін шығынды ел халқының көпшілігінің қалтасы көтермейді деп мәлімдегеннен кейін қабылданған заңда қонақ саны, дастарханға қойылатын тағам түрлері мен жиынның ұзақтығы белгіленген. Онда үйлену тойына 150 адамнан артық шақыруға болмайтыны көрсетілген.

Жас жұбайларды шұбырған көлікпен алып жүруге де тыйым салынды: күйеу жігіт пен қалыңдықтың көлігін қосқанда төрт көліктен аспауы керек. Шаңырақ көтеру құрметіне екі-ақ шара өткізуге рұқсат бар, оның бірі той алдындағы таңғы палау (оши нахор) болса, екіншісі той салтанаты. Оның өзі үш сағаттан аспауы керек.

Заңда құда-құдағиларға сый-сияпат беру, мал сою, аста-төк дастархан жаю секілді оннан аса той кезіндегі дәстүр мен ғұрыпқа тыйым салынды. Заң шығарушылар сақтап қалған тойдан кейінгі ғұрыптардың өзінің ауқымы шектелген және оны 15 адамнан артық жиналмайтын шағын отбасылық басқосу ретінде ғана атап өтуге рұқсат бар.

Бастапқыда тәжікстандықтардың кейбіреуі "танзимді" мемлекеттің азаматтардың жеке ісіне араласуы деп санаса, халықтың көпшілігі түрлі отбасылық жиын-тойға, соның ішінде үйленумен байланысты ғұрыптарға кететін шығынды қысқартатын заңның қабылдануын құп көрді.

"Мұндай заң қабылданғанға дейін Тәжікстанда үйлену тойы аста-төк іс-шара болатын. 2005 жылы тұңғышымды үйлендіргенде 10 мың доллар жұмсадым. Баламды үйлендіру үшін бірнеше жыл Ресейде жұмыс істедім, өзімнен аяп, отбасымның аузынан жырып үнемдедім. Тапқан-таянғанымды тойға жинадым. Әртістерге, сыйлыққа кетті, тойға 300 адам шақырдым. Мұның бәрі қалтамды қақты. Бірақ амалым қайсы?! Көрші-қолаң мен туған-туыстан ұят қой. Өл-тіріл, қарызға бат, әйтеуір ойдағыдай өткізу керек. Бұрын сондай болатын", – деді Душанбе тұрғыны Фаррух Саломов.

"Танзимнен" кейін Фаррух кіші ұлын үйлендіріпті, айтуына қарағанда, кеткен шығын жер мен көктей.

"Қарызданған жоқпын, несие де алмадым. Тез арада жинап, тойды да жылдам өткізіп алдық. Артық шығын болған жоқ. Ешкімнен ұят демедік. "Танзимнен" кейін көп адам еркін тыныстап қалды", – деді ол.

18 жыл ішінде заң жобасына бірнеше рет толықтыру енгізілген. Барған сайын тыйым түрі көбейіп, заң бұзғандарға салынатын айыппұл артқан.

Дастархансыз, жоқтаусыз ас

Тәжікстан билігі дүниеге бала келгенде жасалатын әдет-ғұрыптарға шектеу қойды. Соның ішінде "акика" ғұрпы да тыйымға ілікті. Бұл бала туғаннан кейін бір аптадан соң жасалатын ғұрып: ұл туса – екі қой, қыз туса бір қой сойылады. Оның еті көрші-қолаң мен жоқ-жітікке таратылады.

Балаға ат қою, гахворабандон (бесікке салу), чиллагурезон (қырқынан шығару), муйсаргирон (қарын шашын алу) сияқты жаңа туған нәрестемен байланысты ғұрыптарды айтарлықтай шектеумен – шағын ғана дастархан жайып, мал соймай, әртіс шақырмай атап өтуге рұқсат. Ондайға кететін шығынның орнына ел билігі банктен балаға есепшот ашып, кейін білімі мен дамуына жұмсауға кеңес береді.

Жаназа, қаралы жиындар мен ас та қатаң шектеуге ұшырады. Заңда дәстүрлі жаназа ғұрыптарына шектеу қойылып, "жетісі", "жиырма күндігі", "жарты жылдығы" сияқты еске алу шараларына тыйым салынған. Ал "үш күндігін", "қырқы" мен "жылын" мал соймай, дастархан жаймай атап өтуге болады.

Бұған қоса қаралы жиындарда көпшілік алдында жоқтау айтуға да тыйым салынды, қатты айғайлап жылауға, басты жерге ұруға, киімді жыртуға, шаш жұлып, бет тырнауға, арнайы жоқтау айтатын әйел шақыруға рұқсат жоқ. Марқұмның туыстарына жылауға рұқсат, бірақ қатты айғайлап жылауға болмайды.

Заңның орындалуын арнайы комиссиялар және Тәжікстанның дін, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты реттеу комитеті деп аталатын мемлекеттік орган қадағалайды. Олар апта сайын әлеуметтік желіде заң бұзғандар мен оларға салынған айыппұл көлемі туралы есеп беріп отырады. Көп жағдайда оларға әлгіндей шараларға қатысқан қонақтардың ішінде жүргендер көмектесіп, "ақпарат" береді.

Заң бұзғандарға көп көлемде айыппұл салынады. Мысалы, дүниеге сәби келгенде және марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда атқарылатын салт-ғұрып тәртібін бұзған адамға – 8640 сомони (шамамен 800 доллар), ал лауазымды тұлғаға 25200 сомониге (2,2 мың доллардан астам) дейін айыппұл салынады. Үйлену тойын өткізу тәртібін бұзғандардың жазасы бұдан да ауыр: қарапайым адам – 15840 сомони (1400 доллардан астам), лауазымды тұлға 39600 сомониге дейін (3600 доллар) айыппұл төлейді. Әртістер мен мейрамхана иелеріне салынатын айыппұл 108 мың сомониге (9800 доллардан астам) дейін жетеді.

"Ел-жұрт не дейді?"

Әлеуметтанушы Нодира Исломова талай жыл тәжікстандықтар қандай жиын-той болса да, мейлі, үйлену тойы ма, сүндет той ма, сырнайлатып-кернейлетіп өткізу керек деген түсініктің жетегінде жүрді деп санайды.

"Тойға неғұрлым қатты шашылған сайын өзін соғұрлым жоғары сезінді. Осы жолда ештеңеден тайынбай, көп жылға созылатын қамыт киіп, несие ала бастады, қарызды өтегенге дейін бала-шағасымен аш-жалаңаш тіршілік ететін болды. Соның бәрі жалған намыс, "Ой, қандай керемет!" деген бір ауыз сөз үшін жасалды", – деді ол.

Әлеуметтанушының сөзінше, "сән-салтанаты келіскен той жасап, ел-жұрттың алдында ұятқа қалмау керек деген жалған намыстың жетегінде кету адамдардың дұрыс тамақтану, денсаулықты күту, аурудың алдын алу, балаларды оқыту сияқты өмірлік маңызы бар дүниелерден ақша үнемдеуіне әкеп соқты".

Душанбе тұрғыны, мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін Замира Худоерова да осындай ойда. "Тәжікстанда ел-жұрт не айтады деп жалтақтау көп, соның жетегімен ойдан шығарып алған, тәжік қоғамында ешқашан болмаған дәстүрлерді жасайды. Қандай да бір той-жиын өткізетін болса, ең алдымен "ел-жұрт не дейді?" деп қарайды. Тойды өткізу, күйеу жігітке немесе қалыңдыққа сыйлық беруге қатысты шешімді де сол көрші-қолаң мен ағайын-туыстың аузына қарап қабылдайды. Сондықтан "танзим" туралы заң қабылданғаны өте дұрыс болды, бұл артық шығынның алдын алып қана қоймай, ел азаматтарының адам құсап өмір сүруіне жол ашты", – деді ол.

Әйтсе де, елдегі кей азаматтар бұл заң шен-шекпенділер мен бай-манаптарға жүрмейтінін айтып отыр.

"Қазір де сырнайлатып-кернейлетіп той жасайтындар бар. Мысалы, үйлену тойын 150 адамнан бөліп шақырып, екі күн жасайды. Немесе туған күнін мейрамханада қыруар адам шақырып тойлайды", – деді аты-жөнін атамауды өтінген Душанбе тұрғыны.

Баспасөзде "танзим" тәртібін бұзғандар туралы ұдайы жазылады. 2017 жылы Кулябта той салтанатына аста-төк дастархан жайып, ысырапқа барғаны үшін тұтас бір отбасына айыппұл салынды. Билік өкілдері күйеу жігіттің үйіндегі дастарханға саламыз деп қойған таба нан мен алуаны тәркілеп, психиатриялық ауруханаға апарып берді.

2024 жылы үйінде қызын сән-салтанатпен ұзатқан Душанбе тұрғынына айыппұл салынды. Ол ұзату тойына көп адам шақырып, олардың бәріне сыйлық үлестірген екен. Қонақтар әлеуметтік желіге салтанаты келіскен тойда түсірілген фото мен видеоны көптеп жариялағаннан кейін той иелері "ұсталып қалған".

Дін, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты реттеу комитетіндегі дереккөздің айтуынша, "Салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен салтанатты жиындарды өткізу тәртібі туралы" заң қабылданғаннан кейін Тәжікстан халқы 30 млрд сомони, яғни 3 млрд доллардан астам қаржы үнемдеген.

(Азаттық Азия материалынан аударылды)

XS
SM
MD
LG