Әзербайжан билігі Кремль бақылауындағы "Sputnik Әзербайжан" редакциясында қызметкер санын 40-тан бір адамға дейін қысқартуға шешім қабылдады. 13 ақпанда "Настоящее время" телеарнасы назар аударған бұл хабарды Әзербайжанның Caliber және Trend басылымдары дереккөздеріне сүйеніп жариялаған.
Басылымдардың мәліметінше, мұндай шешім Бакуде жұмыс істейтін шетел журналистері мен шетелдегі Әзербайжанның мемлекеттік басылымдарының жағдайын "теңестіру" үшін қабылданған.
"Бакудегі "Sputnik Әзербайжан" журналистерінің саны Ресейдегі Azertag мемлекеттік агенттігінің журналистері санымен тең болады. Яғни, бір тілшіге дейін қысқарады", – деп түсіндірген Trend сөйлескен дереккөз.
Ресейлік Sputnik агенттігінің Бакудегі филиалы жұмысын тоқтатады деп отыр.
Бұған қоса, BBC-дің Әзербайжан қызметінің жұмысы да өзгеретіні айтылды. Британдық корпорацияның осы қызметінде нақты қанша адам қысқаратыны әзірше белгісіз.
Ақпанның басында Әзербайжан билігі Мәскеуге Ресейдің "Россотрудничество" агенттігі қызметін ел аумағында тоқтататыны жайлы ресми нота жіберген. Әзербайжан сыртқы істер министрлігі "Бакудегі Ресейдің ақпараттық-мәдени орталығы – "Россотрудничество" өкілдігі саналатын "Орыс үйі" заңды тұлға ретінде тіркелмеген" деді.
Оның алдында Әзербайжан билігі бақылауындағы Baku.tv телеарнасы Әзербайжандағы "Орыс үйінің" жұмысы туралы репортаж жариялаған, онда өкілдік қызметкерлерін ұнамсыз әрекетпен, тіпті тыңшылықпен айналысқан деп айыптады. "Россотрудничество" басшысы Евгений Примаков "Орыс үйі" "тек білім, мәдениет, ғылым саласындағы қызметпен" айналысады деп мәлімдеді.
Репортаж Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатынан бірнеше апта өткенде эфирге шықты. Әзербайжан ұшақты байқаусызда Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі атты деп, апатқа Мәскеуді айыптай сөйледі.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына құлады. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып (үшеуі экипаж мүшесі), 29 адам зардап шекті. Қаза тапқандардың алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресейдің азаматтары.
ПІКІРЛЕР