15 ақпанда Австрияның оңтүстігіндегі Филлах қаласында әлдебіреу көшедегі адамдарға пышақ ала жүгірді. 14 жастағы бала қаза тапты. 15 және 39 жас аралығындағы тағы бес адам жараланған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, олардың үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр, қалған екеуі жеңіл жараланған.
Шабуылға күдікті адам қамауға алынды. Полиция оның аты-жөнін атамады, бірақ күдікті Сириядан шыққан 23 жастағы ер адам, Австриядан пана сұраған деп хабарлады.
Австрияның ішкі істер министрі Герхард Карнер күдікті әлемнің көптеген елінде террористік деп танылған "Ислам мемлекеті" тобының жақтаушысы болған деп айтты. Карнердің сөзінше, "Ислам мемлекеті" тобы оны интернет арқылы қатарына тартқан. Австрия министрі күдікті бұған дейін полицияның көзіне түспеген деді.
Австрия полициясы бұл оқиғаны "радикал исламист жасаған теракт" деп бағалап отыр. Елдегі оңшыл партиялардың өкілдері көші-қон ережесін қатаңдатуды талап етті.
"Австриядағы еркін Сирия қауымдастығы" қозғалысы әлеуметтік желіде терактіні айыптайтын мәлімдеме жариялап, қаза тапқан жасөспірімнің туыстарына көңіл айтты.
Associated Press агенттігінің жазуынша, Австрияда исламистік терактілер сирек болады. 2020 жылы Австрияда бұрын "Ислам мемлекеті" тобына қосылғысы келген адам көшеде төрт адамды өлтірген, полиция күдіктіні қолға түсірмек болған кезде оған оқ атқан.
ПІКІРЛЕР