Ақтөбе соты "билігін асыра пайдаланды" деп айыпталған әскери қызметкердің бостандығын 2 жылға шектеді. Жергілікті "Диапазон" сайтының хабарлауынша, айыптауда Ақтаудағы "25744" әскери бөлімінің 42 жастағы взвод командирі қатардағы екі жауынгерге темекі тұқылын жеуге бұйрық берді делінген.
"Олар [сержанттың] заңсыз бұйрығына бағынып, темекі тұқылын жеген, біраз уақыттан кейін олардың бірі медициналық пунктте сэндвичтен уланғанын айтқан. Бір күннен кейін сержант жатын бөлмедегі жағдайға ашуланып, тағы да сол қатардағы екі жауынгерді шақырып, біреуін бірнеше рет тепкен", – деп жазды "Диапазон" сайты.
Сержант өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол "ешкімді темекі тұқылын жеуге мәжбүрлемедім, ұрмадым, тек ескерту жасадым" деп айтқан.
Сөзінше, бұл жағдайға қатысты куәлер болған. "Олар туралы әскери полиция өкіліне, тергеу кезінде де айттым, бірақ мұны елемеді", – деді әскери қызметкер.
Сотта жауап берген қатардағы жауынгердің бірі сержант оларды темекі тұқылын жеуге мәжбүрледі, оны ұрып-соқты деген айыпты қолдаған деп жазды "Диапазон" сайты. Ол әкесіне денесінде көгерген із көрінетін фото жіберіп, көмек сұраған. Ол айыпталушыны кешірмеген, сержантты заң бойынша жазалауды сұраған.
Екінші жәбірленуші "сотталушыға ешқандай шағым жоқ, сержанттың ұрғанын көрмедім, темекі тұқылын жеген жоқпыз, сэндвичтен уландым" деген.
Сот айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деп, бостандығын 2 жылға шектеуге үкім шығарды. Бұдан бөлек, ол жазасы аяқталғанға дейін жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.
21 қаңтарда әскери қызметтегі қауіпсіздік туралы брифингіде журналистердің бірі "әскерде әлімжеттік бар, осыны қашан мойындайсыздар?" деп сұрағанда, Қазақстан қарулы күштері кұрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – бас штаб басшысы Қуанышбек Үштаев "қазіргі кезде бір-екі әлімжеттік оқиғасы болған шығар, бірақ бүкіл қарулы күштерде түбегейлі әлімжеттік бар дегенге келіспеймін" деді.
"100 пайыз болса, соның 99 пайызында әскери қызметшілер өз қызметін толық орындап, ондай әрекетке бармайды. Профилактикалық жұмыстар бар, сарбаздардың ата-аналарымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. [Әлімжеттік туралы] қандай да бір ақпарат болса, бөлім командиріне, құзырлы органдарға хабарласуға болады", – деді Үштаев.
Биыл әскердегі сарбаз өлімі жиілеген тұста ePetition.kz порталында міндетті әскери қызметті алып тастау туралы петиция жарияланған. Қазақстанның қорғаныс министрлігі "бұл бастаманы елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру" деп атап, "елдің қорғаныс мәселесі петицияға негіз бола алмайды" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР