Accessibility links

Бишімбаев ісінен кейін Қазақстанда әйелдер отбасындағы әлімжеттікті жиі айта бастады


Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев сот залында отыр. Астана, 29 наурыз, 2024 жыл.
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев сот залында отыр. Астана, 29 наурыз, 2024 жыл.

Қазақстанда қазіргі және бұрынғы шенеуніктердің әйелдері отбасында қорлық көріп, зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын жиі айта бастады. Мұндай мәлімдемелер әйелін қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты мен ел президенті тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмысқа теңестіретін жаңа заңға қол қойғаннан кейін жасалып жатыр.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтің сот процесін елде және шетелде миллиондаған адам тікелей эфирден бақылады. Ауыр қылмыстың жантүршігерлік жай-жапсарын естіген жұрт есеңгіреп қалғандай күйде отырған кезде тағы бір әйел күйеуі өзін оңдырмай сабайтынын көпшілікке мәлімдеді.

Оның жұбайы ол кезде Қазақстанның шетелдегі дипломаты қызметінде жүрген. Салтанат Нүкенова сияқты Карина Мамаштың да беті-аузы соққыдан көгеріп, ісіп кеткен. Салтанаттан айырмашылығы, Карина тірі қалған. Ол күйеуін айыптап, Instagram әлеуметтік желісінде видеоүндеу жариялады.

Ол үндеуді жыныстық және басқадай зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балаларға көмектесетін NeMolchiKZ ұйымы да таратты.

"Мен [Қазақстанның] Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелімін, – дейді видеода Карина Мамаш. – Он жылдан бері зорлық-зомбылықтан көз ашпай келе жатқанымды мәлімдеймін. Күйеуімді дипломат мәртебесінен айырып, бүкіл істеген қиянаты үшін түрмеге отырғызғанын қалаймын".

13 мамырда Астана соты Қуандық Бишімбаевті әйелін азаптағаны және қатыгездікпен өлтіргені үшін айыпты деп танып, 24 жылға түрмеге қамауға үкім шығарды. Бұрынғы министрдің сот процесі Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық – негізінен әлеуметтік-экономикалық құбылыс деген аңызды сейілткендей болды.

Бишімбаевтың сот процесі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерді қорғауды көздейтін тарихи заң қабылдануына да түрткі болды.

Осы орайда Қазақстанның саяси және экономикалық элитасының өзге де өкілдері тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа (соның ішінде бұрынғы жасалғаны да бар) қатысты айыптауларға ілігуі мүмкін бе, бұрын осы мәселенің маңызын кемітіп көрсетуге тырысып келген жүйе енді оны қалай шешпекші деген жаңа сұрақтар туындайды.

"Мұндай жария айыптаулар сөзсіз көбейеді деп ойлаймын", – дейді Азаттыққа берген сұхбатында NeMolchiKZ қоғамдық ұйымының негізін қалаған Дина Смайылова.

Бұған қоса ол Бишімбаев қазіргі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметінде қызмет атқаратын шенеунік емес екеніне назар аударады.

Белсендінің өзі қазір шетелді паналауға мәжбүр: Қазақстанда оның үстінен "алаяқтық" және басқа қылмыстарға қатысы бар күдікті ретінде іс қозғалған. Смайылова өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Ол бұл істер өзі айналысатын құқық қорғау қызметімен және NeMolchiKZ ұйымының жұмысымен байланысты деп есептейді.

Бұған қоса, ол Азаттық тілшісімен әңгімеде бұрынғы министр Бишімбаевтың ісіне үкімет реакциясын осы оқиға Қазақстан қоғамында және шетелде үлкен резонанс тудырғанымен байланыстырады.

Оның сөзінше, "жүйе бір қолымен жазалап, екінші қолымен бүркемелейтінін" өткен жылдар тәжірибесі көрсеткен.

"ЕЛ АБЫРОЙЫ"

Карина Мамаш 6 мамырда жариялаған видеоүндеуіне Біріккен Араб Әмірліктеріндегі үйіне қонаққа келіп жатқан әпкесі екеуіне күйеуінің қатыгездікпен қол жұмсағаны себеп болғанын айтады.

Сол күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамаш шетелдегі дипломатиялық қызметінен елге қайтарылатынын және жұмыстан босатылатынын хабарлады. Бұған қоса министрлік Карина Мамаштың балаларымен бірге елге жетуін ұйымдастырған.

Қазір полиция бұл іске байланысты тергеу жүргізіп жатыр.

Карина Мамаш Nukte youtube-арнасына сұхбат беріп отыр
Карина Мамаш Nukte youtube-арнасына сұхбат беріп отыр

Саяси тақырыптарды қозғайтын Nukte youtube-арнасы 12 мамыр күні Карина Мамаштың сұхбатын жариялады. Карина өзін сабаған күйеуінің үстінен арыз-шағым айтқызбауды көздейтіндер "елдің абырой-беделіне нұқсан келеді" деп қысым жасағанын айтты.

"[БАӘ] консулды күтіп отырғанымызда өте жаман жағдайды бастан кештім", – деді Карина Мамаш.

Сұхбат беріп отырған келіншектің бет-жүзінде көгерген іздер бары байқалды.

"[СІМ қызметкерлері] мені ауруханаға апарғысы келмеді… Егер маған әлдебір жағдай бола қалса, оны жазатайым оқиға дер еді. Дымын білдірмей тастаушы еді деп ойлаймын, – дейді Карина Мамаш. – Салтанат [Нүкенова]? Мен де сондай жағдайға тап болар едім".

13 мамырдағы брифингіде СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров министрлік "Карина Мамашпен бірге екенін" және қазір қызметкерлері арасында тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Смадияровтың сөзінше, Қазақстан консулының бұл жағдайға реакциясы барабар болған.

Қазақстанның абырой-беделіне келсек, бұл тұрғыда Бишімбаевтың соты аралас реакция туғызды.

Бір жағынан, қоғамның негізгі бөлігі бұрынғы лауазымды шенеуніктің өз отбасы иелік ететін мейрамханада әйелін қатыгездікпен ұрып-соққаны түсірілген видеоларды көріп және ол өлімші халде жатқан жұбайына медициналық жедел жәрдем шақырудың орнына, сол күйі қалдырғанын естіп шошыды.

Екінші жағынан, Қазақстанның Жоғарғы соты тікелей трансляция жүргізіп ұпай жинады – сот процесін ел ішінде жұрт жаппай көруге мүмкіндік алды, бұған қоса, орыс тілінде өткен процеске өзге елдердегі орысша білетіндер де үлкен назар аударды.

Қазақстан билігі атышулы сот процесі өтіп жатқан шақта, 2017 жылы әкімшілік кодекске ауыстырылған екі құқық бұзу іс-әрекетін (ұрып-соғу мен денеге қасақана жеңіл жарақат түсіру) қайтадан қылмыстық кодекске көшірді. Ондай құқық бұзу әрекеттері әдетте отбасындағы зорлық-зомбылықпен тығыз байланысты болады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айда қол қойған жаңа заңға сәйкес, жұбайына қайта әлімжеттік жасау ісін енді полиция бұрынғыдай тараптардың "мәмілеге келуіне" байланысты жауып тастай алмайды.

ІІМ дерегінше, 2023 жылы полиция отбасындағы әлімжеттікке байланысты 100 мыңға жуық арыз-шағымды қараған, ал соттар 67 270 адамға әкімшілік шара қолданған.

Бірақ құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде Смайылованың NeMolchiKZ, халықаралық Equality Now және Human Rights Watch құқық қорғаушы ұйымдар алда әлі көп жұмыс барын айтады.

Олар жаңа заң әлі әйелді аңду-торудан, қорқытып-үркітуден, экономикалық және психологиялық қысымнан қорғай алмайды деп есептейді.

"СІЗ МЕНЕН АҚША БОПСАЛАП ТҰРСЫЗ!"

Жұрттың көбі Қуандық Бишімбаевқа сот кескен үкімді құптады, және де бұл оның Салтанат Нүкенованы бәленбай сағат бойы қорлағанына айқын айғақ-дәлелдер болғанына, оған дейін де талай сабаған шығар деген сөздерге ғана байланысты емес.

Көпшілік үшін экс-министр жазадан оңай сытылып кететін элитаның өкілі іспеттес еді: 2018 жылы мемлекет қаражатын талан-таражға салу және парақорлық қылмыстары үшін 10 жылға түрмеге қамалған ол, 2019 жылғы қазан айында қамаудан босап шыққаннан кейін бай бизнесмен ретінде шалқып өмір сүрді.

Бірінші рет сотталғанға дейін Бишімбаев ұлттық экономика министрі лауазымын атқарды. Оны осы қызметке тағайындаған сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бишімбаевқа ықыласы ерекше болған сияқты: он жылға сотталып, түрмеге қамалған соң бір жылдан сәл астам уақыт өткенде Назарбаев оған кешірім жасап, жаза мерзімін қысқартты.

Кейінгі бірнеше жылда әйелді кемсіту, қорлау, қорқытып-үркіту, зорлық-зомбылық жасау – қазақстандық шенеуніктер арасындағы елеулі проблемаға айналып отыр.

Өткен айда Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда қалалық полицияның бұрынғы басшысы Марат Күштібаев қызмет кабинетінде әйел зорлаған қылмысы үшін 11 жылға сотталды.

Одан кейін белгілі экономист Олжас Құдайбергеновке қатысы бар шым-шытырық іс көптің назарына ілінді. Құдайбергенов 2019 жылы президент Тоқаевтың кеңесшісі болып істеген.

2023 жылы қараша айында, Салтанат Нүкенова қаза тапқан соң бірнеше күн өткенде Құдайбергеновтің әйелі Мөлдір Қабылова Олжас екеуі некеде болған кезде және кейін екі бөлек кеткен соң да экономист оны мәжбүрлеп, қадағалауда ұстауға тырысқанын айтып, мәлімдеме жасады.

Олжас Құдайбергенов
Олжас Құдайбергенов

Қабылованың айтуынша, Құдайбергенов Лондонда оқитын Мөлдірдің және төрт баласының қай жерде жүргенін бақылап отыруға мүмкіндік беретін келісімге мәжбүрлеп қол қойғызған.

Баспасөз мәслихатында Қабылова 2022 жылы наурызда балаларын ұрлап әкетпекші болды деп күйеуін Ұлыбритания сотына бергенін айтты.

Бірақ сәуір айында Астана соты Олжас Құдайбергеновтің қайын атасының үстінен жазған арызын қанағаттандырып, Қабылованың әкесін ақша бопсалады деген айыппен жеті жылға бостандығынан айырды. Құдайбергеновтің сөзінше, қайын атасы "қызым арызынан бас тартсын десең, ақша төле" деп оған талап қойған.

Құдайбергенов өзіне әйелі таққан айыптарды жария түрде жоққа шығарды, ал Мөлдірдің әкесі мен ағасын алаяқ етіп көрсетті.

Ықпалы күшті, тіреуі мықты ер азаматтар алдағы уақытта да өздеріне тағылған айыптарды шыркөбелек айландырып, басқадай етіп көрсететін түрлі амалға баруы мүмкін дейді Азаттыққа Дина Смайылова.

"Біз бұл істің материалымен жіті танысып шықтық. Билік [Құдайбергеновтің] қолын бос қойып, әйелі мен оның отбасын қудалауға мүмкіндік берді", – дейді ол.

Сын айтушылар Смайылованың үстінен биліктің қылмыстық іс қозғап, соңынан шам алып түсуі әйелге қарсы зорлық-зомбылықты жоямыз деген үкіметтің сөзіне күмән туғызады дейді.

"НеМолчи.kz" жетекшісін неге соттамақ?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

2023 жылы желтоқсанда полиция NeMolchiKZ қоры басшысының үстінен алты қылмыстық іс қозғалғанын, олардың арасында жалған ақпарат тарату, біреудің жеке өміріне қол сұғу, аса ірі көлемде алаяқтық жасау сияқты қылмыстар барын хабарлады. Ұйымға көмек ақша аударған бірнеше адам өздерін құқық органдары жауап алуға шақыртқанын айтты.

"Біз кейінгі сегіз жыл бойы әйелдер мен балаларды қорғаумен айналысып келдік, – деді Смайылова Азаттыққа берген сұхбатында. – Осы уақыт ішінде біз үнемі мемлекеттік органдармен ынтымақтаса жұмыс істедік. Бірақ, маған айып тағылғаннан кейін, сол органдардың ешбірі, тіпті адам құқығы жөніндегі уәкіл де мені қорғап пікір білдірген жоқ. Бұл жүйе өзін қалай қорғауды жақсы біледі".

XS
SM
MD
LG